Жұмағұлова Шаршаған

Рейтинг:

Денсаулық сақтау саласының ардагері, Бейнеу ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» ордені, «Еңбек ардагері» медалі, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі және «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалінің иегері

Ардың жүгін арқалаған дәрігер

      Мамандықтың бәрі жақсы, бәрі де қоғамға қажет. Десек те, солардың арасында қалың жұртшылық қадірлеп, құрмет тұтатын сыйлы мамандықтар да болады. Басты байлық – денсаулық дейміз, алайда сол денсаулықтан айырылып, еміне шипа іздегенде пенденің бар сенері әрі сүйенері ол денсаулық сақшысы болмақ. Қиналған жанға қол ұшын беріп, жабыққанның көңілін жұбату, сауығып кетсем-ау деген үміт отын лаулатып, сенім үдесінен шығу да оңай шаруа емес.
      Сондай міндет биігінен көріне білген, ақ халатты абзал жан деген атқа лайықты Шаршаған Жұмағұлова 1941 жылдың 13 шілдесінде Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Тұщықұдық ауылдық әкімшілігінде дүниеге келген. Ата-анасы өз еліне сыйлы да қадірлі жандар болды.
      Шаршаған Жұмағұлованың бойындағы қайтпас қайсарлық пен өжеттілік әке қанымен келген болса, бірсөзділігі мен табандылығы, жібектей мінезі, сабырлылығы мен басқаға қамқор пейілі анасының сүтімен дарыған деуге болады. Тағы бір табиғат берген ерекше қасиеті орта таңдамайтын қарапайымдылығы деуге болады. Жүрегі мейірімге толы, өзін ғана емес, өзгелердің қамын ойлап тұратын жанашырлығы бір бөлек. Әркез қолынан келген көмегін аянып қалмайтын, үлкен-кішіге бірдей ізеттілігі басқаларға үлгі боларлықтай. Өз саласына деген адалдығы мен жұмысына шынайы берілгендігі оның талай жылғы тынымсыз еңбегінен байқалады.
      Балалығы сонау бір жылдардағы Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі қиын жылдарымен сәйкес келсе де, еңбекке ерте араласып өскен Шаршаған Жұмағұлова 1949-1959 жылдары Тұщықұдық ауылдық мектебінде білім алып, 1959-1962 жылдары Гурьев медициналық училищесін бітіріп шығады. Одан әрі өзінің алғашқы еңбек жолын 1962 жылы Маңғыстау облысының, Шайыр (сол жылы ата-анасы жұмыс бабымен Шайыр ауылына көшкен еді) ауылында акушер-дәрігер болумен бастайды. Осылайша ауыл тіршілігіне араласып кете барған кейіпкеріміз 1962-1981 жылдар аралығында үзбей мамандығы бойынша Манғыстау облысының бірнеше ауылды жерлерінде қызмет атқарды. Бірнеше рет үлкен қалаларға барып білімін жетілдіру курстарынан өтіп, белгілі дәрежедегі білікті маман атағын алады.
      Сол кездері техниканың кемдігі, жердің шалғайлығы, ауа-райының қатаңдығы жас маманды қайнаған болаттай шынықтырып шығарды. Өйткені сол жылдардағы дәрігерлер алыстағы малшыларға көмек көрсетуде қыста трактор, түйе-шанамен, жазда салт көлікпен де қамтылған кездері болды.
      Тал бойындағы табиғат берген нәзіктік қалпымен, биязылығымен, жүзінен төгіліп тұратын мейірімділігімен, басқаларға деген ыстық ілтипатымен, адам жанын түсіне білетін қарапайымдылығымен, балажандылығымен, адамгершілік асыл қасиетімен өз ортасында дараланып тұрады. Оның қазақылығы, қанында бар тектілігі, ата-анасынан алған тамаша тәлімді тәрбиесі, көп сөзден іске бейімділігі, уәдесіне беріктігі басқаларды өзіне тәнті етеді. Шаршап-шалдығуды білмейтін білікті маман уақытпен де санаспайды. Адам тағдыры тұрған жерде өзінің тыныс-тіршілігін ысырып қойып еңбектенуге бар. Үнемі білімін көтеріп, біліктілігін арттырып жүреді. Қашан көрсең де қарбалас жұмыспен жүреді. Солай бола тұрса да өзін іздеп келген, үміт артып келген жандарды, науқастарды қабылдауға да уақыт табады. Күлімдеп қарсы алып, барынша ақыл-кеңесін айтып, қажетті ем-шарасына дейін жазып беріп, алдына келген адамын жайлы аурасымен шығарып салып жатады. «Адамды сөз емдейді» дейді ғой қазақта. Шаршаған Жұмағұлова тек алтын қолды дәрігер ғана емес, ол адам жанын дұрыс түсіне білетін дипломсыз нағыз психолог та.
      «Атқарған жұмысымның қиындығы мен қуанышы қатар жүрді. Қиындығы – кез келген уақытта ажалмен айқасуға тура келсе, қуанышы – адамның жанына араша түсу, сәби өмірін құтқару, адамдардың ыстық ықыласына бөлену. Еңбектегі күндеріңнің бәрін қағазға жазу мүмкін емес, есімде қатты сақталған бір күндік жұмысымнан мысал келтірейін.
      Бұл 1978 жылы желтоқсан айында бүкіл облыс көлемін дүрліктірген «Тоғыз күн, тоғыз түн» - оқиғасы еді. Сол жылы желтоқсан айында түнгі сағат 22:00-дер шамасында да орталықтан (Ақжігіт ауылынан) 120 шақырым жерде орналасқан «Матай» деген жылқы ауылдан шақыру келіп түсті. Мен сол бойда кеңшардың «УРАЛ» автокөлігімен, сенімді жүргізушімен жолға шықтым, ол кезде күн ашық болатын. Біз таңғы сағат 04:00 шамасында аталған жылқы ауылға да жеттік-ау. Босанатын әйелдің алғашқы босануы болатын және қаны аздық (анемия), жүрек талмасымен есепте тұратын, жанында фельдшер Сарсенов Қаби бар екен, қолда бар көмегін берген, әлі күні жете қоймаған екен. Содан бар жағдайын жасап, таңға жақын аман-есен босандырып алдық, сол жерде 3-4 сағаттай болып, күтіп, демалдырып, қасына фельдшер Қабекеңді қалдырып, кундізгі сағат 11:00 шамасында орталыққа кері жолға шықтық. Біз жолға шыға қар жауып, жел күшейіп, боран басталып кетті. Жер де аппақ, аспан да аппақ, әйтеуір жүргізушінің мықтылығымын, ауыл осы тұс болар деген жобамен түнде сағат 01:00 шамасында ауылға келіп жеттік-ау. Бізді шақырған күні жылқы ауыл рациямен (Жалғыз байланыс құралы болатын) аудан орталығы Бейнеуге де хабар берген екен.
      Ол жақтан шыққан көмек, біздің кері қайтар кезіміздегі боранға тап келген, жолда адасқан. Келесі күні аудан, облыс үлкен әбігер, себебі кеше аудан орталығынан шыққан дәрігерлер ауылға жетпеген. Содан олар тоғыз күн дегенде табылды, қатты қиналған, бірақ аман».
      Міне, осы оқиғадан соң кейіпкеріміздің дәрігерлік беделі бір көтеліп қалады. Осы бір оқиға жайлы 1980 жылы орталықтан тілшілер келіп, аурухана перзентханасын пайдаланып кино журнал түсіріліп, «Советский Союз» журналында көлемді мақала жарық көреді. Кейін, облыс орталығына шақырып, Баймаханбетова Сұлушаш жүргізушілік ететін «Үлгілі отбасы» телебағдарламасына түсіріп, дәрігер мерейін үстем етеді.
      Иә. Талай қиындық көрсе де, мамандығына деген махаббаты мен адалдығын көрсете білген Шаршаған Жұмағұлова медицина саласында еңбек етіп, ана мен бала денсаулығын қалпына келтірумен қатар ауылдың, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты. Аудандық халық депутаттығына бірнеше мәрте сайланып, ауылды көркейту жолында еңбек етсе, 1981-1991 жылдары аралығында «Маңғыстау» кеңшарының «Ақжігіт» ауылына, ауылдық кеңестің төрайымы болып сайланып, игі істердің бастамашысы бола білді.
      «Бұл қызмет орнында да жауапкершіліктің, тынымсыз еңбектенуімнің арқасында еңбегім алға басты. 1985 жылы жұмысыма жақсы баға беріліп, оның ішінде «азаматтардың әскери есебін жолға қою» (ауылда жастарды әскер қатарына шақыру, әскерден келген жастарды жұмыспен қамту т.б.), «ауылдағы тәртіп мәселесі» (ол кездері тәртіп деген ұғымға ауылдағы отбасы мәселелері де жататын еді-ау, жарықтық.
      Мысалы, жас отбасылар жағдайы, келін мен ене мәселесі, жұбайы мен жарының арасындағы келіспеушілік т.б., «ауылдағы қоғамдық ұйымдардың жұмысы» жөнінде алға шығып, жоғарыдан жақсы баға алып, соның арқасында алғашқылардың бірі болып, жұмысыма пайдалануға жеңіл автокөлік «Москвич» жүргізушісімен (штатымен) орталықтан бөлінді.
      Ауылымда өзім ұйытқы болып ашқан «Ақсақалдар кеңесі», «Әйелдер кеңесі» деген қоғамдық ұйымдардың жұмысы жақсы бағаланып, арнайы кітапша ретінде жасалып, бүкіл облысымыздың ауылдық кенестеріне таратылды», – деп, қоғамдық қызметіндегі жасаған жұмыстары туралы айтып өткен Шаршаған Жұмағұлова 1991 жылы өз өтініші бойынша ауылдық кеңес қызметінен босап, өзінің мамандығына ауысып, медицина саласында еңбек жолын жалғастырады.
      «Оның бір себебі ауылымызда акушерка-гинеколог мамандығына тұрақты адам табылмауы, келген адамдардың өзі уақытша іс-сапар ретінде келіп кетіп жүруі түрткі болды», - деп, себебін айтып өткен кейіпкеріміз осы қызметте үзбей он бес жыл еңбек етіп, халық денсаулығын жақсартуда жар құлағы жастыққа тимей әрекет етіп, 2005 жылы құрметті зейнет демалысына шығады.
      Шаршаған Жұмағұлова көптеген жастарға тәлімгер болды, ақыл-кеңес беріп отырды, сағатпен санаспай, аянбай еңбек етті, талай перзенттің өміріне төнген ажалға арашашы болды. Әр мемлекеттің басты байлығы адам емес пе? Тәжірибелі маман жергілікті аналар мен нәрестелердің денсаулығына байланысты мәселелерге көңіл бөліп отырады. Өңірдегі қыз-келіншектер бала өмірге әкелгенде жас арақашықтығына көп көңіл бөлмей жатады. Яғни, ананың ағзасы толықтай қалыптасып үлгермей жатып, екінші баласын көтеріп қоятын жағдайлар жиі кездеседі. Оның өзі баланың денсаулығына әсер етері сөзсіз. Өмірге бала әкелетін жастағы аналардың көпшілігі қан аздығына шалдығатыны рас. Аналардың денсаулығының нашарлығынан ағзалары жан-жақты жетілмеген, аурушаң, әлсіз сәбилер дүниеге келетіні жасырын емес. Сондықтан да, Шаршаған Жұмағұлова жоғарыдағы айтып өткен сырқаты бар әйелдерді жүктілікке қалай дайындау керектігін үйретіп, тәжірибелі дәрігер ретінде кеңесін айтады. Иә, ана мен бала денсаулығы медицина саласының ең өзекті әрі көкейтесті мәселесі екені анық. Ұлт байлығы десе де артық емес. Халқымыздың баянды болашағы, еліміздің ертеңгі жарқын күні бұл ана мен бала денсаулығының қандай болмағына тікелей байланысты.
      Әрбір емханада денсаулығы нашар, босануға болмайтын әйелдердің тізімі болады. Бұл тізім әр тоқсан сайын жаңартылып отырады. Жүкті әйелдердің жағдайларына талдау жасалынып, босанғанға дейінгі кезеңде генетикалық ауруларға және туа біткен даму ақауларына да тескеру жүргізіледі. Ал, бұл өз кезегінде өлім-жітімнің алдын алуға және дер кезінде шешім қабылдауға зор мүмкіндік береді. Міне, осындай игі істермен өзінің өмірін байланыстырған Шаршаған Жұмағұлова қандай марапатқа да лайықты дәрігер болды.
      «Айта кетерлігі, осыншама жылғы дәрігерлік еңбек жолында алдымнан бала мен ана өлімі кездеспепті, бұл жағдай маған Алланың берген айрықша сыйы, үлкен абыройы ма деп ойлаймын, соған қазір шүкіршілік етемін. Менің бұл мазасыз өткізген түндерім мен күндерім, халықтың да, мемлекетіміздің де назарынан тыс қалған жоқ. Халық менен алғысы мен ықыласын, көрсетер жақсылығын аяған жоқ, мені олар «аналардың анасы – ауылымыздың анасы» деп дәріптеп көкке көтеріп жатыр, содан артық сыйлық болар ма, оларға көп-көп рахметімді айтамын, жағдайым келсе әлі де көмегімді (жинақтаған тәжірибе, алған білім) мен де көрсетуге дайынмын.
      Қазір де ауылдағы аналар ансамблінің басқарушысы, аналар кеңесінің төрайымы болып қоғамдық жұмыстарға қатысып жүрмін, ауылымызда екі орта мектеп, екі балабақша, бір аурухана және тағы басқа мекемелер бар, соларға мереке қарсаңдарында кездесуге шақырту алып, барып тұрамын, көрген-білгендерімді, жинақтаған тәжірибемізбен ой бөлісіп, өткен өмірімізден сыр шертеміз, сөйтіп жастарға шама-шарқымызша тәрбие беруге тырысамыз», – деген Шаршаған Жұмағұлованың еңбегі бағаланып, облыстық денсаулық сақтау бөлімі мен облыстық кәсіподақтың Мақтау грамоталарына ие болды, бағалы сыйлықтармен, Алғыс хаттармен марапатталды. Атап айтар болсақ:
  •       1976 жылы «Құрмет белгісі» ордені;
  •       ҚазССР Денсаулық сақтау министрі Төремұрат Шырмановтың Алғыс хаты;
  •       1981 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісі;
  •       Бірнеше мәрте «Коммунистік еңбектің екпіндісі» төсбелгілері;
  •       2021 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі;
  •       «Маңғыстау облысына 40, 45 жыл» мерекелік медальдары;
  •       «Бейнеу ауданының Құрметті азаматы» атағы;
  •       «Еңбек ардагері» медалі;
  •       «Бейнеу ауданына - 50 жыл» мерекелік төсбелгісі;
  •       Аудандық деңгейдегі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысқан Шаршаған Жұмағұлованың отбасы «Ұлағатты отбасы» аталымының Жеңімпазы атанды;
      Сонымен қатар, Республикалық, облыстық, аудандық денгейдегі бірнеше мақтау грамоталарымен, дипломдарымен марапатталды;
      Сондай-ақ, мерейін үстем еткен мақтау қағаздарымен қатар, Шаршаған Жұмағұлованың өнегелі өмірі, халық денсаулығын жақсартудағы есіл еңбегі 2008 жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың редакциялығымен шыққан «Маңғыстау энциклопедиясына», Маңғыстаулық азамат Ордалы Қосайдың (2008 ж) «Ұлағат ұясы» кітабына, «Қазақстан әйелдері» журналына, Жазушылар одағының мүшесі Мырзағали Іңірбаевтың «Зия» кітабына, 2015 жылғы Қазақстан ауыл шаруашылығы энциклопедиясына өмірбаяны енгізілді.
      «Жолдасым Жумажанов Бақыт (1939-2023 ж.ж.) екі мамандықтың дәмін татқан, олай дейтін себебім бірінші мамандығы фармацевт (Орал медучилищесін бітірген) ауылда дәріханада біраз жыл еңбек етті, кейін сырттай Атырау мұғалімдер институтының тарих факультетін бітіріп, қалған еңбек жолын ауылда мектеп қабырғасында ұрпақ тәрбиесіне арнады. Жолдасымның адамгершілігі мен сүйіспеншілігі мені әрдайым қолдап келді. Ол кісі мені түрлі курстардан, семинар, жиналыстардан қалдырмады, білімімді жетілдіруге кейде өзі бас болып отыратын.
      Екеуміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік, бала тәрбиесіне өз ата-анам мен ата-енемнің көмегі көп болды, сол кісілердің арқасында балаға көп алаңдамай, қызметімізді адал атқардық деп ойлаймын.
      Үлкен қызым Жұмажанова Алия 1965 жылы дүниеге келді, қазір Ақтау қаласында тұрады, өзім сияқты медицина саласын таңдап, Қарағанды қаласында медициналық институтты бітіріп, дәрігер-эпидемиолог болып қызмет атқаруда, отбасылы, бір қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп отыр. Қазақстан денсаулық сақтау саласының үздігі.
      Одан кейінгі ұлым Өришанов Жандос 1968 жылы дүниеге келді, отбасылы, үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп, қыздарын қияға, ұлын ұяға қондырып отыр. Көп жылдардан бері Қаражанбас кен орнында жүргізуші болып еңбек етуде. Өзіміз осы баламыздың қолында ауылда бірге тұрамыз.
      Ортаншы қызы Жұмажанова Гүлбану 1971 жылы дүниеге келді, отбасылы, бір ұл тәрбиелеп өсіруде. Ақтау қаласында тұрады, кәсіпкер.
      Кенже ұлым Абилханов Жанболат 1973 жылы дүниеге келген, отбасылы, бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіруде. Аудан орталығы Бейнеуде тұрады, «Meebusch» ЖШС-де еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі инженері болып қызмет етуде.
      Қазір сол балаларымыздан 6 немере, 3 жиен немере сүйіп отырмыз, ата-әже болып, ата-енелеріміздің жолын қуып келеміз. Немерелерімнің арты оқушы, студент, алды отбасылы болып, шөбере сүйгізіп, қуанышқа бөлеуде. Балаларым өздерінің сүйген мамандықтары бойынша елге қызмет етуде. Немерем Арайгүл Жандосқызы Ақтөбе медициналық академияда эндокринолог мамандығы бойынша резидентурада. Жанболаттың баласы, немерем Нұрсейіт биыл Астанадағы медициналық университетке грантқа түсіп, І курста білім алуда. Бекболат пен келінім Гүлжанаттан Айбибі есімді шөберем бар. Шөберемнің қолынан май жалап отырған бақытты әжемін», – дейді, сөзінің соңын отбасы туралы мәліметпен аяқтаған Шаршаған Жұмағұлова.
      Шаршаған Жұмағұлова бір әулеттің анасы ғана емес, дүйім бір ауылдың, бір ауданның өсіп-өркендеуі, демографиясы және ана мен бала денсаулығын жақсарту жолында саналы ғұмырын сарп еткен мақтаулы дәрігер. Ол туралы таратып жазсақ та артықтық етпейді. Оның өмірі бізге өнеге.
      Осы бір жерден кейіпкеріміздің біз білмейтін сырлары мен қырларын, еңбек ету барысындағы кездескен жағдайлары және оны шешу жолындағы шешім қабылдаудағы өжеттілігі, ұйымдастырушылық қабілеті және адами асыл қасиеттері туралы Шаршаған Жұмағұлованың ұлы Жанболаттың балаларына арнап қалдырған жазбасына назар аударсақ.
      «Балаларыма әжелері туралы біліп жүрсін деген оймен және де әжелерінің өмір жолы, елге сіңірген еңбегі тағылым болсын деп жазушы болмасам да, есімде қалған естеліктермен бөлісейін.
      Біз туған анамызды апа деп, ал үлкен әжемізді мама, атамызды кәке деп өстік, себебі бізді тәрбиелеп өсірген сол кәкеміз бен мамамыз (сендерше айтқанда атамыз бен әжеміз) болды.
      Біз балалары ес білген кезімізде әжелерің Ақжігіт ауылдық ауруханасында акушер еді. Оған дейін анамыз Шайыр, Тұщықұдық, Тұрыш ауылдарында қызмет атқарған екен. Әжелерің Шайыр ауылында қызмет атқарған жылдары әлі тұрмысқа шықпаған жас кезі, айтуы бойынша сол жылдары есте айырықша қалғаны 40 жасқа толған Боранова Мандала деген келіншекті өте қиын жағдайда аман-есен босандырып алған, қызының аты Алтынгүл еді деп отыратын және де ауылда басқа дәрігердің болмауынан Шайыр ауылынан 7 шақырымдай жердегі Шеңгел деген ауылда бауыры ауыратын бір келіншектің ішінен су алып тұрады екен, Шетпедегі аудандық аурухананың бас дәрігері Байназаров Шәкенбай деген кісі бір рет келіп көрсетіп беріп кетті, содан бастап өзім акушер болсам да инструменттерімді қолтығыма қысып алып айына бір-екі рет жаяу Шеңгелге барып тұратынмын деген, кейін аталарыңа тұрмысқа шығып, Тұщықұдыққа кетерде сол келіншек жылап қалып еді деп отыратын, енді мені кім қарап тұрады деп.
      Әжелерің Сам өңірінің алғашқы акушері болғандықтан, осы өңірдегі көптеген жергілікті тұрғындардың әсіресе ауыл аналарының ыстық ықыласына бөленіп, олардың шынайы ризашылық алғысын арқалап өткеніне куәміз, әжелеріңнің сол бір кездері кіндік шеше болмаған Сам өңірінде бірде бір жанұя болмаған десем артық айтқандығым емес.
      Осы қызмет атқарған жылдарында анамыздың неше түрлі қызықты да қиыншылығы мол жолдардан жүріп өткендігінің куәсі болдық.
      Бала күнімізде әжелерің үйге ит асыратпайтын, көрші сыныптас балалардың иттерін ойнатып жүретінбіз, мұны әжелеріңнің қаталдығы деп жүрген біздер кейін кішкене ақыл кіргесін білдік, итіміз қабаған болса үйге ауруханадан шақыртушы келе алмай қалады деген қауіптен туындағанын, ол кезде қазіргідей емес телефонның ауылда бір үйде бар, бір үйде жоқ кезі, көбіне түнде үйге ауруханаға шақыртушылар (вызов) жиі аяқтай келетін.
      Ол кездері үйдегі сырқы есіктің іштен ілдіретін ілмешегін де салмай жататынбыз (анамыз келген адам түнде далада күтіп қалады дейтін), түнде келген адамдар үйді айнала терезе есікті қаққылап жүретін, ал үлкен әжелер не аталар тастай қараңғыда аяқ киімімен жатын бөлмеге дейін кіріп:
      - Әй Шаршаған, Шаршаған бол, тұр, келінім толғатып жатыр, - деп айқайлап оятып алатыны, содан шешеміз апыл-ғұпыл киіне сала, солармен бірге ауылдың келесі шетінде орналасқан ауруханаға жаяу жөнелетін, ал біз балалары жылы көрпемізге оранып алып тәтті ұйқымызды жалғастыра беретінбіз, таңертеңгілік не түскі аста анамыз күліп отыратын бәленше түгенше деген кісілер ғой, келіндері толғатып, шүкір аман-есен босандырып, тағы бір бөпеге кіндік шеше болдым деп отыратын, кейде сол кеткеннен үйге бір екі күннен кейін де келетін күндері болды, алыстағы мал ауылдардан шақырту келген күндері. Әжелерің күн-түн демей қысы-жазы жайлаудағы не қыстаулардағы малшы ауылдардан келген көліктермен алыс-жақындығына қарамай көмекке асығатын. (Кеңес Одағының кезінде біздің Ақжігіт ауылы орналасқан мемлекеттік кеңестік шаруашылығымыз (совхоз) төрт түлік мал өсірумен айналысатын, сол малдың өнімін әсіресе қаракөл қойының елтірісін (туғанына үш-төрт күн болған қаракөл қойдың қозысының терісі, өте бағалы шикізат саналатын) сонымен қатар сүт, ет, жүн, тері және т.б. шикізаттарды мемлекетке өткізетін, сол кездері ауылдағы ең басты жұмысшылар, қазіргі тілмен айтқанда басты оператор, тапсырыс беруші (Заказчик) алыстағы малшылар (қойшы, түйеші, жылқышылар) болатын, қалған ауыл тұрғындары осы малшылар қауымына қызмет жасаушылар еді, мысалы: мұғалім малшының баласын оқытады, дәрігер малшыны емдейді, электрик тоғын тартып береді, жүргізуші жем-шөбін тасып береді, құрылысшы малшының үйін, қорасын салады дегендей, ауылдағы бар қызмет малшылардың жағдайын жасауға жұмылдырылатын).
      Әжелерің тек ауыл тұрғындарының ықыласына бөленіп қана қоймай, анда-мұнда өткен танымайтын көк атты жолаушылардың да алғысын алған кездері аз емес, себебі ауылымыз ұлы жолдың бойына орналасқандықтан келім-кетім жолаушылар да аз емес болатын, сондай бір оқиға 1988 жылдары болу керек, жазда үйге бір қызыл түсті жеңіл көлік келгені есімімде, шешемізді шақыртты машинаға, содан не керек сол машинада жолаушы өзбек келіншегін босандырып, нәрестесін үйге орап әкелген. Жолаушылар ерлі-зайыпты Өзбектер бала-шағасымен Ресейден елдеріне кетіп бара жатқан беттері екен, жолда келіншегі толғатып, жандары қысылғасын көмек сұрап ауылға бұрылған, жұрт дәрігердің үйі деп біздің үйге жөн сілтеп жіберген екен, содан әлгі жолаушылар қашан нәрестелері жолға жарамды болғанша біздің үйде жатқаны есімізде. Осындай көмекке зәру жандардың ыстық ықыласына бөленіп, олардың шын ниеттен шыққан алғысын арқалау, әжелеріңді және отбасы, әулетімізді бәле-жаладан сақтап келе ме деп ойлаймын.
      Бірде 85-86 жылдары болуы керек, 5-6 оқитын кезім, жазда біздің үйдің артындағы ауылдың малдары су ішетін құдыққа бір топ аққу ұшып келген, солардың бәрі әрі-бері ұшқан сайын жоғары кернеулі тоқ желілеріне соғып, құлап, ұстағанын әркім алып кетті, солардың біреуін мен де құлап жатқан жерінен үйге әкелдім, үйде нағашы кәкем былай-былай қарап, байғұс-ай мынау енді мал болмайды, сендердің жазықтарың жоқ қой, өлсе адал өлсін деп бауыздап берген, оны Күлән апаларың екеуміз қауырсындарынан тазартып, сарайдағы газ пешке асып тастағанбыз, кешке шешеміз жұмыстан келгесін, мынау ненің иісі шығып жатқан демей ме, біз мәз, баламыз ғой аққу асып жатырмыз дейміз жамырап, шошып кеткен анамыз, жүгіріп барып құстың етін қазанымен далаға төңкеріп тастады да, бізді ұлы айқайдың астына алғаны есімде, о заман да бұ заман аққудың етін жеген адам көрдіңдер ме деп, дін жолын ұстаған кәкеміздің, балдардың кінәсі жоқ, былай да арам өлетін құс еді дегені де араша болмады, міне бұл да анамыздың махаббаттың, адалдықтың символы – құс біткеннің төресі аққуға деген құрметі, түсінген жанға көп нәрседен хабар берер тәрбиесі еді.
      Бірде 2000 жылдардың ортасында болу керек, біздің үйге Өтелген жиен ағаларыңның қайын атасы Жүсіп құдамыз бір баланы жетектеп әкелген анасымен бірге, осылай да осылай, мына кісі осы ауылдағы әйелі қайтыс болған Түкең деген кісіге екінші рет тұрмысқа шыққан қарақалпақ келіншек, мына бала өзімен еріп келген екі баласының үлкені Руслан, осы балаға үйдегі Түкеңнің ер жеткен үлкен балалары қысастық жасап, күн көрсетпейтін көрінеді, бала далаға түнеп жүр, обал болды, сендер қол бала қылып қолдарыңа алсаңдар, әйтеуір Сіздің үйде тамағы тоқ, тыныш жатар жері болады ғо, анасы міне осы баланы орналастыратын жер болса болды деп жылап отыр деп, содан анасының ризашылығымен Руслан біздің үйде қалды, әкем ауыл мектебімен сөйлесіп, оқуға берді, сабаққа бұрын 1-2 жыл бармай қол үзіп қалған екен, 1989 жылғы туылған ауыл балалармен сыныптас болып оқуын жалғастырып кетті, сабағы да, тәртібі де жақсы оқушы атанып, орта мектепті ойдағыдай бітіріп шықты. Ата-анамыз енді Бейнеудегі колледж басшысы Насухаев М. сөйлесіп баланы сонда оқытуды ойластырып жүргенде шешесі бұрынғы күйеуін жолықтырып, қайта қосылып, үйге келіп Русланды алып кеткен, қазір Қарақалпақстанда тұрып жатыр деп ұзын құлақтардан естіп қаламыз арасында. Ата-анамыз әлі де Русланды ойлап қояды арасында, қайда жүр екен, аман-есен бе екен деп, үйде кезінде Русланға аталған малдары бар еді деп. Бұл да ата-әжелеріңнің Қазақтың жетім көрсең жебей жүр деген ұстанымымен тәрбиеленіп, бойларына мықтап сіңіргендігінің көрінісі деп ойлаймын балаларым.
      Сендер де алдағы өмірлеріңде ата-әжелерің сияқты адамгершілік пен адалдықты ту етіп, елге адал қызмет етулеріңді тілеймін», – дейді, кейіпкеріміздің ұлы Жанболат оның өмірінен сыр шерте отырып, оның өнегелі ғұмырын таратып айтып.
      Иә, қалай айтсақ та, қалай жазсақ та, бүгінгі кейіпкеріміздің болмыс бейнесі мен оның атқарған есіл еңбегін бір мақалаға сыйдыра алмасамыз анық. Десек те, осы бір жазбамыз арқылы ел құрметтеген, ел сыйлаған, ардың жүгін ақ халатына ілген дәрігер Шаршаған Жұмағұлованың еңбегін өскелең ұрпаққа сәл де болса жеткізіп, өнегелі өмірі туралы тамшы ой қалдыра білсек, біздің мақсатымыздың іске асқаны деп білеміз.
      Өмір жолын денсаулықпен байланыстырып, талай қыз-келіншектерге ана бақытын сыйлаған асыл да абыройлы жан көптің алғысына бөлене берсін деген тілектеміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
18 января 2025 18:19
Жанболат

Анам туралы жазбаларыңа көп рахмет!!!

Последние комментарии

19 января 2025 19:21
Баян
Роза - удивительная, позитивная, обоятельная женщина! По жизни ставит цель и смело идет к ней! Очень много мечтала...
18 января 2025 18:19
Жанболат
Анам туралы жазбаларыңа көп рахмет!!!...
16 декабря 2024 23:39
Роза
Менің Әкем.❤️Аллаға шүкір.Ата анам жүз жасасын!...