Қабышова Нұргүл Рысбекқызы

Рейтинг:

Денсаулық сақтау саласының ардагері, жоғары санатты дәрігер, және «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі және «ҚР Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалінің иегері

Абай елінің абзал дәрігері 

      Адамның өмір жолы – тағдырдың ұлы кітабы. Сол кітаптың әрбір беті еңбекпен, адалдықпен, парасатпен жазылса ғана шынайы құндылыққа айналады. Осындай ғибратты ғұмыр иесі – Хакім Абай, данышпан Шәкәрім, ғұлама жазушы Мұхтар туған қасиетті Абай елінде туған абзал дәрігер, іскер басшы, халықтың құрметіне бөленген, «ҚР Конституциясына 10 жыл» және «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерінің иегері Қабышова Нұргүл Рысбекқызы туралы қалам тербемекпіз. Тіпті, Нұргүлдің сары қымызымен алты Алашқа танымал болған қасиетті Саржал елінің тумасы екенін неге айтпасқа!
      Ардың жүгін ақ халатына ілген Нұргүл Рысбекқызы – білім мен еңбекті биік қойған, елге өнеге болған әулеттің өкілі. Әкесі Ақшекин Рысбек – халқына адал қызмет еткен ұстаздардың ұстазы, «Халық ағарту ісінің үздігі», «Халық мұғалімі» атақтарының иегері. Аяулы анасы 
      Күлзабира Қасенова – отбасына тірек, ұрпағына үлгі болған асыл жан, 40 жыл бойы білім беру саласында еңбек еткен ұлағатты ұстаз. Алты баланың ортаншысы болған Нұргүл білім мен өнерге, ізгілік пен еңбекке баулынған киелі отбасында өсіп-жетілді.
      Жалпы, Ақшекиндер әулеті – Тәуелсіз еліміздің әр саласында тер төгіп, елдің өркендеуіне үлес қосқан еңбекқор әулет. Жанұяның ең үлкені – Семей, нағыз еңбек майталманы болды. Апайы Айгүл – жоғары санатты дәрігер-неврапатолог. Бауыры Нұрлан ұзақ жылдар облыстық мемлекеттік қызметте, сіңілісі Толқын – ата-ана жолын қуған білікті ұстаз, сіңілісі Әлия өз ісінің маманы, технолог. 
      Нұргүл Рысбекқызы Саржал орта мектебін «Алтын белгімен» тәмамдап, үлкен арманның жетегінде Семей медицина институтына түседі. Жастайынан мейірімділік пен жауапкершілікті серік еткен ол 1983 жылы институтты ойдағыдай аяқтап, терапевт мамандығын алып шығады. Еңбек жолын Семей қаласының орталық ауруханасында бастап, көп ұзамай туған топырағы – Абай ауданына оралады. Ақбұлақ ауылдық амбулаториясында учаскелік дәрігер болып еңбек ете жүріп, талай жанның жүрегіне мейірім шуағын себе білді.
      1994 жылы Абай селолық дәрігерлік амбулаториясына бас дәрігер болып тағайындалған Нұргүл Рысбекқызы бұл қызметті 25 жыл бойы абыроймен атқарады. Халықтың денсаулығы үшін күн-түн демей еңбек еткен ол тек дәрігер ғана емес, елдің қамқоршысы, ауылдың рухани тірегіне айналды.
      Бас дәрігердің міндеті – тек науқасты емдеу емес, ұжымды ұйымдастыру, жаңа бастамаларды жүзеге асыру, халықтың сенімін ақтау. Нұргүл Рысбекқызы осының барлығын парасатпен, біліммен, біліктілікпен үйлестіре білді. Оның арқасында ауылдық медицина саласы жаңа деңгейге көтеріліп, талай жас дәрігер тәрбиеленді.
      2019 жылы зейнетке шыққанша осы ауылда 25 жыл бойы ешқайда қозғалмай, халықпен бірге араласып, дәрігерлік қызметін адал атқарып, іскер басшы, білікті ұйымдастырушы ретінде танымал тұлға болып қалыптасты. 
      Әрине, өмір бір орнында тұрмайды. Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары медицина саласы да өзгерістерге ұшырап, түрлі реформаларды бастан кешті. Айлар бойы жалақы төленбей, ескі көлікпен, жанар-жағармайсыз, орынсыз қысқартулармен жұмыс істеуге тура келген күндер болды. Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан, халықтың денсаулығы әрқашан бірінші орында тұрды. Алға қойылған міндеттер мүлтіксіз атқарылды. 
      Ауыл тұрмысының ерекшелігіне сай медицина қызметкерлерінің жұмысы сағатпен өлшенбейді. Жұмыстан тыс уақытта да шұғыл шақыртулар болып, оларды отбасы шаруаларымен қатар алып жүруіне тура келетін. Алыстағы мал отарларында босана алмай қиналған аналармен бірге жан ауыртты, сырқаттанған баланы бауырына басты, науқастың жан күйзелісін бірге көтерді. 
      Сөйтіп, халықтың сеніміне ие болды, ауыл тіршілігіне белсене араласты. Сайлау науқаны кезінде округтік сайлау учаскесінің төрағасы ретінде де қызмет атқарды. Халықтың мұң-мұқтажын ашық айтып, оларды шешуге күш салды. 
      Дәрігерлік білімін үнемі жетілдіре отырып, практикалық тәжірибесі жинақталып, еңбегі ескеріліп, жоғары санаттағы дәрігер дәрежесіне ие болды. Саналы ғұмырын халық денсаулығын жақсартуға арнаған Нұргүл Рысбекқызы ұзақ жылғы мінсіз қызметі үшін түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ: 
      •    1997 жылы Абай ауданының медицина бірлестігінің Мақтау грамотасы; 
      •    2001 жылы Облыс әкімінің Құрмет грамотасы; 
      •    2003 жылы Абай ауданының медицина бірлестігінің Құрмет грамотасы; 
      •    2005 жылы «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалі; 
      •    2007 жылы Абай ауданының медицина бірлестігінің Мақтау грамотасы; 
      •    2009 жылы «Денсаулық сақтау саласының үздік маманы» номинациясының иегері; 
      •    2010 жылы Кеңгірбай би ауылдық округінің әкімінің Мақтау грамотасы; 
      •    2011 жылы Облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасы; 
      •    2013 жылы Абай ауданының әкімінің Мақтау грамотасы; 
      •    2018 жылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі; 
      •    2022 жылы Кеңгірбай би ауылдық округінің әкімдігі «Үздік отбасы» номинациясының иегері; 
      •    2024 жылы Кеңгірбай би ауылдық округінің әкімдігі «Ақ халатты абзал жан» номинациясының иегері атанды. 
      Зейнетке шықса да, Нұргүл Рысбекқызының аты Абай өңірінде әлі күнге дейін ыстық ықыласпен аталады. Өйткені ол – тек дәрігер емес, адам жанының арашашысы, халықтың шын жанашыры, Гиппократ антына адал болған нағыз абзал жан. 
      Нұргүл Рысбекқызы – адал жар, ардақты ана, немерелерінің сүйікті әжесі, отбасының ұйытқысы бола білді. Жолдасы – Саржал ауылының тумасы, ауылға сыйлы, еңбегімен елге танылған Тілеубековтер әулетінің үлкені Қабышев Қабдыманат еді. 
      Әкесі – Қабыкен, анасы – Тұрсынжамал совхоз экономикасын көтеруге зор үлес қосқан, сегіз баланы өсіріп, тәрбиелеген өнегелі, ұлағатты отбасы болатын. Өкінішке орай, жолдасы 57 жасында өмірден ерте озды. Мал дәрігері мамандығы бойынша қызмет атқарып, еліне сыйлы, өз ісінің хас шебері болған жан еді. Екі ұл тәрбиелеп өсірді. 
      Үлкені – Қуаныш, жоғары білімді заңгер. Қазақ Гуманитарлық Заң Университетінің түлегі, ұзақ жылдар бойы қылмыстық-атқару жүйесінде майор шенінде абыройлы қызмет атқарды. 
      ҚР ІІМ-нің «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған. 
      Жары – Лаура, жоғары білімді маман, педагог-психолог. Қазбек, Айзере және Назгүл есімді ұл-қыз тәрбиелеуде. 
      Кенже ұлы Артур жоғары білімді маман, Қазақ Гуманитарлық Заң Университетін тәмамдап, қылмыстық атқару жүйесінде майор шенінде қызмет атқарды. «Қылмыстық атқару комитет жүйе ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Жары-Лаура. Жоғары білімді, білікті ұстаз, бастауыш сынып мұғалімі. Қыздары Әйгерім, Айғаным және Ибраһим есімді ұл тәрбиелеуде. 
      Екі ұлы анасына қолғанат болып, әулет туын қатар ұстап келеді. 
      Нұргүл Рысбекқызы өмірден өз орнын тауып, мамандығын сүйіп, адал қызмет жасап, ұрпақ қызығын тамашалап отырған бақытты ана. 
      Тағылым арқаны адалдық пен мейірімнің, білім мен еңбекқорлықтың тінімен өрілген абзал ананың аяулы қызы, елге шипа сыйлаған ақ халатты дәрігер, халықтың құрметіне бөленген ардақты тұлға, ақ халатымен ардақталған, жүрек жылуымен жанды емдеген, ұрпаққа үлгі болған асыл есім Нұргүл Рысбекқызының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

8 ноября 2026 17:05
Стецова Виталина Витальевна
Дедушка, спасибо за большую работу и за большие возможности для детей! Спасибо за воспитание, и за лучшее детство!  Мы...
18 октября 2026 10:18
Зинаида
Сара Жаманбайқызы! Сіздей өнерді жүрегімен сүйіп, кейінгі ұрпаққа насихаттап жүрген жанның еңбегі қашанда бағалы....
14 октября 2026 19:09
Алёна
Самый лучший врач в городе Шымкент...