![]()
Білікті дәрігер, көреген басшы, көрнекті қоғам белсендісі
«Қазақстан Республикасының Президентінің сайлауы аясында жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатысқаныңыз үшін, Сізге, алғысымды білдірімін. Сайлау қорытындысын Елбасы саясатының лайықты жалғасы және сабақтастық, әділдік, өрлеу қағидаларына негізделген дамудың жаңа бағытын қолдау деп қабылдаймын. Алдымызда тұрған ауқымды міндеттерді абыроймен атқарамыз деп сенемін. Сізге, зор денсаулық, табыс және сәттілік тілеймін!» - деп жазылған «Алғыс хатты» Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алған Өтеғұлова Роза Қайырқұлқызы 1962 жылдың 12 мамырында Өзбекстан Республикасы, Қарақалпақстан автономды республикасының Хожелі қаласында дүниеге келді. Биіктігі аласармайтын асқар тау әкесі Өтеғұлұлы Қайырқұл мен анасы Сәрсенқызы Айсұлу мейірім-махаббатқа толы құндағында бойжетті. Өтеғұлұлы Қайырқұл - қарапайым, шыншыл, тік мінезді, ағайын-тумасын айналасына жинап, оларға қиын күндерінде қамқор бола білген адам. Мектепте үздік оқып, кооператив техникумын бітірген, экспедитор, қойма менгерушісі, қойма басшысы қызметін атқарған әкесінен Розаға қалған қасиет кітап оқу болатын. Әр кітапты мағыналы әріптеп түсініп, жан дүниеңмен оқы деп әрдайым айтып отырады екен. Мамандық таңдауда жанұядағы әр баланың мінез құлқына қарай саған осы мамандық сай келеді деп ақылын айтып отыратын болған. Ал, анасы Айсұлу - «Алтын алқа» иегері, жесірлік басына жастай келсе де мойымаған, қиыншылықтан қорықпаған, балаларын жылатпай, аш қалдырмай өсіріп-жетілдіріп, қатарға қосқан «Батыр Ана», Айсұлу деген атына сай сұлу әйел.
Бүгінде Алладан кейінгі адам жанының арашасы болып, басы ауырып, балтыры сыздап, алдына келгендерге шипалы қолымен ем жасап жүрген алтын қолды дәрігер Роза - 1979 жылы Хожелі қаласында 10 жылдық мектепті бітірді. Кітап оқытып, рухани жан-дүниесін кеңітіп, көкірегінің көзін ашқан әке үмітін ақтап, сенімінен шығу үшін 1982 жылы Алматы Мемлекеттік Медицина Инситутына барып түседі. Мінезі мен қабілет қарымына қарап бағыттаған әке үміті далаға кетпеді, өзінің де еті тірі, медицинаға деген қызығушылығы басым Роза 1988 жылы институт бітірген соң, интернатура жалғастырып, практикадан Шымкент қаласындағы темір жол ауруханасында өттізді.
Біліктілік пен тәжірибені ұштастыра білген Розаның алғашқы еңбек жолы 1989 жылы Шымкент темір жол ауруханасында «балалар дәрігері» болудан бастады. Ересектерге қарағанда, балалармен жұмыс жасау қиын әрі күрделі. Бірақ, өз мамандығын сүйгені соншалықты, алдына келген сәбидің жанарына жас үйіртпеуге тырысатын. Араға жыл салып көңілі қалаған жігіті Усенбеков Сапаралымен бас қосқан Роза үшін - ердің абыройы, азаматтың ақ жағалы болуы, жанұя бірінші орында тұрды. Әке тәрбиесін көрген, анадан өнеге алған қыздың одан бөлек бірдеңе ойлауы артық еді. Жолдасы Сапаралы 1989 жылы Алматы Темір жол институтын бітіріп, жолдама бойынша Өзбекстанға, Ташкент қаласына Темір жол Депосына жұмысқа орналасқандықтан, 1990 жылдан - 2003 жылдар аралығында Өзбекстанда «балалар дәрігері» қызметін атқарды.
Өткен ғасырдың аяғында ұстасқан сеңнің көбесі сөгіліп, әр ел өзінің Тәуелсіздігін алып жатқанда, Роза шекара сыртында қала берді. Елдегі жоқшылық, тұрмыс қиындаған сол шақтары тіршіліктің нәрін үзбеген жолдасының жанында болып, балалары есейген соң, солардың болашағын ойлап, 2003 жылы Қазақстанға оралып, Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе ауылына келіп орналасты. Білікті маманға қай жерден де орын бар, оның үстіне мамандар жетіспей жатқан шақта көктен іздегені жерден табылған Роза Қызылтөбе ауылындағы дәрігерлік амбулаториясына балалар дәрігері болып өз қызметін қайта жалғастырды. Өзге елдегідей балаларының болашағына алаңдаушылық жоқ, жүрегі тыныш тапқан Роза оқып-тоқығаны, бар күш-жігерін жұмысына, шипа іздеп келген жандарды емдеуге арнады. Кеш болды деп уақытпен санаспады, мұқтаж жандарға көмек көрсете біліп, қолынан келгенін жасап, ұжымдастары арасында да беделі көтеріліп, қызметте «аға дәрігер» лауазымына көтерілді. Бұл дәрігердің жұмысын басшылық пен ауыл халқы бағалағаны еді.
2007 жылы Мұнайлы ауданы, Дәулет ауылына дәрігерлік амбулаторияның «Бас дәрігері» қызметіне тағайындалған соң, медициналық мекемеде жұмысын тіптен жандандыра түсті. Басшыға тән ұйымдастырушылық, дәрігерге тән біліктілігі бойынан көрініс тауып, қай жерге барса да алғысқа бөленген Роза Қайырқұлқызы 2009 жылы Мұнайлы ауданы, орталық аудандық ауруханасы директоры орынбасары , 2012 жылдан жалпы тәжірибелі дәрігер және аға дәрігері, 2019 жылдан бастап амбулатория менгерушісі лауазымында қызмет атқарып келеді.
«Көп істің шала білгірі болғанша, Бір істің дана білгірі бол» - деп аталарымыз бекер айтып кетпеген. Олар өз басынан, тәжірибесінен өткен сөздерді ұрпақ санасына сіңіріп отырған. Жаңа заманның жылдам дамуына орай өзінің біліктілігін арттырып отыратын дәрігер, 2005-2006 жылдары «Жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығына қайтадан жоғары біліктілік санаттағы «Жалпы тәжірибелі дәрігер», «Денсаулық сақтау менеджменті» дайындау курстарынан, тәжірибеден өтіп келеді.
Мұнайлы ауданы Егемендік алғаннан кейінгі Елбасы Н Ә Назарбаевтың ашып берген бірінші ауданы, тұңғыш Президенттің қолтаңбасы қалған іргелі де берекелі аудан. Аудан ашылған кезде 47000 тұрғыны болған. Жан-жақтан қандас бауырларымыз ата-мекеніне оралуына байланысты, аудан ай сайын өсіп отырды. Роза Қайырқұлқызы ауруханаға өзі басшылық еткен кездері келелі істер тындырды. Оралмандарды жаңа ортаға бейімдеуде көптеген қиыншылықтар болды. Заңы мен талабы басқа елден келген қандастарды қоғамдық жұмыстарға тартып, жергілікті халықпен етене араласуы үшін үлкен жұмыстар атқара білді. Осы сәттерде ана және бала өлімін азайтуда ат салысып, еңбек етті. Ауданның алдын ала егу жұмыстарын жолға қойды. Білікті, қолынан іс келетін мамандарды жұмысқа тартты. Туберкулез ауруын азайту мәселелерімен жұмыстанды. Қазіргі таңда аудан қалқы 170 000 жетті.
Тұрғындар арасында көп кездесулер өткізіп, «Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» - деген девизбен салауатты өмір салтын насихаттады, алдын ала өтетін скрининг пайдасын фактілермен дәлелдеп отырды. Мектептерде жас өспірім қыздарға жастай тұрмыс құру, ерте жүктіліктің денсаулыққа әкелетін зиянын түсіндіру жұмыстарымен айналысты. Жас өспірім организміне темекі, арақ, есірткі зиянды екенін насихаттай отырып, жастарды спортқа, дене шынықтыру, дұрыс тамақтануға шақырып отырды.
Роза басшылық қызметпен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, тұрғындардың денсаулығымен қатар, әлеуметтік, тұрмыс жағдайларын жақсартуда да біраз еңбектенді. 2007 «Nur Otan» партиясы мүшелігіне өткен Роза - 2007-2011 жылдар аралығында Мұнайлы ауданы маслихаты бірінші шақырылым депутаты, 2009 жылдан «Nur Otan» партиясы Мұнайлы ауданы орталық ауруханасы «Ақ бота» бастауыш партия ұйымы төрайымы қызметтерін абыройлы атқарды. Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап Мұнайлы ауданы қоғамдық кеңесінің, 2017 жылдан Дәулет ауылы 4 орта мектебі жанынан ашылған қоғамдық кеңесінің, 2018 жылдан Атамекен ҰКП (Ұлттық кәсіпкерлік палатасы) жанындағы «Іскер әйелдер» кеңесі, 2020 жыл Мұнайлы ауданы «Ардақты аналар» кеңесінің мүшесі бола жүріп, түрлі шешімдер қабылдап, ел игілігіне қызмет етер шаралардың жүзеге асырылуына қозғаушы болды. Мұнайлы ауданы «Nur Otan» партиясының филиалдары жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрайымы қызметін өз деңгейінде жалғастырып келеді.
Адамдық қасиеттер алдыңғы қатарда көрінетін, әділдік пен тәртіпке, шыншылдыққа негізделген қоғамдық кеңестің жұмыстарын атқаруда елдің ішінде болу, қарапайым тілмен сөйлесу, шыншыл болу, жастарға үлгі болу, Қазақ елін, Отанды сүю, жастарды патриотизмге баулу, жас мамандарды жетілдіру, жетім - жесірге қамқор болу, жанұяны қалыптастыруды насихаттау, мүгедектерге қол ұшын созу секілді елеулі істер атқарды.
Жетістіктері мен марапаттары:
- Маңғыстау облысының қалыптасуына және дамуына қосқан үлесі үшін - «Маңғыстау облысына 35 жыл» естелік төсбелгісі;
- 2014 жылы Маңғыстау облысында жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан елеулі үлесі үшін - «Алғыс хат»;
- 2015 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен «Қазақстан - 2050» стратегиялық бағдарламасының жүзеге асыруына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан екі мәрте «Алғыс хаты»;
- 2016 жылы Мұнайлы ауданының денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі мен мінсіз адал еңбегі үшін аудан әкімінің «Алғыс хаты»;
- 2017 жылы Ақтөбе қаласында өткізілген «Практические вопросы иммунизации. Профилактика отказов от профилактических привовок» аймақтық семинарынан сертификат;
- 2017 жылы Маңғыстау облысының «Үздік ауыл дәрігері»;
- «2017 жылдың кәсібі бойынша үздігі» байқауына қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің «Алғыс хаты»;
- 2018 жылы Ақтау қаласында өткізілген «Деструктивті діни ағымдарға бейім және зардап шеккен тұлғаларға кеңес беру жұмыстарын жүргізетін мамандарға арналған семинар-тренингтен» өткендігін растайтын сертификат;
- 2018 жылы бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосқан үлесі үшін Бесқұдық ауылдық округінің БЖСМ ұжымы атынан «Алғыс хат»;
- 2019 жылы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Маңғыстау облысы әкімінің «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хат»;
- Мұнайлы ауданының «Жыл адамы – 2018» ауданға еңбегі сіңген лайықты азаматтарды марапттау іс-шарасынан «Жыл дәрігері» аталымының иегері;
- ҚР халқының денсаулығын сақтау ісіне сіңірген айрықша еңбегі үшін «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» омырау белгісі;
- ҚР-ындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан үлесі үшін «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медальі;
Адами қасиеттерді жоғары бағалап, үнемі әділ болуға үгіттеп жүретін жолдас Сапаралы екеуі 1 ұл, 1 қыз өсіріп соларды тәрбиелеп, ақыл-кеңесі мол ата-әже атанып отыр. Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнап, ауылдың емес, аудан тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, ел ішіндегі науқас жандардың азаюына сеп болып, халықтың тұрмыс жағдайын реттеуге қоғамдық кеңес сапында жүріп, көп жұмыстар атқарған Өтеғұлова Розаның өнегелі өмірі кейінгі жастарға үлгі.