![]()
Алтын қолды дәрігер
Алладан кейінгі адам жанының арашасы, алтын қолды хирург Адаев Аманжол Шүңгүлұлы - 1943 жылдың 5 қаңтарында Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық станциясында қарапайым теміржолшы жанұясында дүниеге келді. Ақ халат киіп абзал жандардың қатарында адам емдеп, алғыс арқалауды алдына мақсат етіп қойған жас - 1960 жылы № 484 (№54) қазіргі Жансен Кереев атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, 1960-1962 жылдары Шұбарқұдық локомотив депосында және АТП-да жүргізуші болып жұмыс жасады.
Дәрігерлік дейтін жауапкершілігі мол саланы таңдап, қалайда арманына жетуге ұмтылған Аманжол 1968 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен кейін, жолдамамен Темір аудандық ауруханасында хирург болып қызмет істеп, дәрігерлік саладағы алғашқы еңбек жолын бастады. Ол кездері де күзеуде қалған кедейдің жамаулы үйінде, ауылдық жерлердегі жағдай да мәз емес еді. Бір іске жұмылдырылып, колхоз бен совхоздың ортақ қазанына қол салынған жылдары мектеп бітірген түлектердің бірен-сараны болмаса, көбісі ауылда әр түрлі шаруашылықтың тізгінін ұстап қалатын. Қарпайым жұмысшы болып еңбек етсе де, қажырлығы мен алға ұмтыла білген қабылет-қарымының арқасында, көптің қолы жете бермейтін хирург - дәрігер мамандығын бітірген Аманжолдың алдында болашақтың есігі ашылған еді. Облыс орталығынан шалғай орналасқан Темір ауданына келгенде де жатсынбай, адал емдеу жолында берген антында тұрып, ем іздеп жандардың тәні мен қоса жанын да емдеді.
Ер жігіт үшін Отан алдындағы борышын өтеу, екінші орынға ығыстырылмайтын міндет. Әкеден әділдік пен адами қасиеттерді бойына сіңіріп, анадан Отанды сүюді үйренген Аманжол әскер қатарына шақырылып, 1968-1970 жылдар аралығында (ТУРКВО) Түрікменстанның Байрам-Али қаласында әскери - дәрігер болып міндетін атқарды. Жанарынан от ұшқындап тұрған жас, әскери даярлықта да командирлердің көзіне түсе біліп, өзіне тапсырылған жұмыстарды асқан жауапкершілікпен орындап отырды. Өзгелердей емес, әскерге дейін игерген дәрігерлік мамандығын қолданып, әскери жаттығулар кезінде тиісті санитралық-гигиеналық және сапалы медициналық қызметтер көрсетті. Әрдайым ақ сөйлеп, адал іс атқаратын Аманжол әскери оқу-жаттығу жұмыстары кезінде көрсеткен жылдам іс-қимылдары, алғашқы көмек, ұтымды ойларымен командирлері мен басшылықтар арасында жақсы көзқарас қалыптастырып, түрлі жетістіктерге жеткені үшін «За воинскую доблесть» медалімен және бригада командирінің сағатымен марапатталып, 1969 жылы сол жерде «Ленфильм» түсірген «Белое солнце пустыни» кинофильмі әртістеріне медициналық қызмет ұйымдастырды.
![]()
Тары болып табалдырығын аттап, таудай болып түлеп ұшқан мектеп оқушыларындай, әскерге балаң көңілмен кетіп, батылдығы мен ержүректлігін дәлелдеп, әскери іс-қимылдарды бұйрықты бұлжытпай орындап, жауапкершілікті сезінген жас – елге, өмірге деген көзқарасы қалыптасқан, сабырлы да, байыпты азамат болып оралды. Мамандық бойынша берілген анты бар, ауыл түгілі ірі станциялардың өзінде дәрігерлердің жетіспей жатқан кезде әскерден сақадай-сай келген білікті де тәжірибелі Аманжол- Қазақстан Республикасының ең ірі станцияларының бірі және халықаралық «ТРАСЕКА» жолының бөлігінде, тоғыз жолдың торабында орналасқан Қандыағаш тораптық ауруханасына 1970 жылы хирург-дәрігер болып орналасады.
Еңбек – адамның шырайын шығарып, берекесін кіргізеді. Қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін мінезі ашық, жігітке тән мәрттігі мен әділдігі басым Аманжол тораптық ауруханада жүріп, балтыры сыздап, басы ауырып, дертіне дауа, жанына шипа іздеп келген жандарға көмек қолын созып, ем-домын жасап, тәжірибе жинақтады. Хирург – жауапкершілігі мол мамандық. Ота жасалатын жұмыр жүректі пенденің көзіндегі уайым мен дірілді сылып тастап, жылы сөздерімен өмірге деген ерекше құлшыныс пен үміт отын білу – аурудың жаны мен тәнін бірге емтейтін білікті дәрігердің ғана қолынан келетін іс. Аманжол да осындай мәртебелі төбенің мәре сызығынан көрініп, талай жанның алғыс сөздерін алып жатты.
Сөзі жанға дауа, қолы шипалы Аманжол Шүңгүлұлы қызметте өсіп, 1971 жылы аурухананың бас дәрігерлігіне көтеріліп, көршілес қонған қоныстар Никель-Тау, Донское, Просторное, Бақай, Тоқмансай, № 313, Ізімбет, Аққемір, Темір жалпы ұзындығы 300 км темір жол бойындағы бекеттерде, елді мекендерде тұратын теміржолшыларға, темір жол құрылысшыларына және олардың жанұяларына сапалы медициналық қызмет ұйымдастырды. Сонымен қатар, сан тораптан ағып келіп жатқан жолаушыларға қызмет ететін теміржол вокзалында фельдшерлік пункттер мен Қандыағаш локоматив, вагон деполарында тәулік бойы теміржолшыларға қызмет көрсетуді қадағалады.
Ақтөбе-Сексеуіл, Никель-Тау-Қандыағаш бағыттарында екінші теміржол желілерін салу кезінде ПМС-210, СМП-16, ПМС-157 құрылысшылар базасында фельдшерлік пункттер ашылып сапалы медициналық көмек ұйымдастырып, емдеу ісіне мұқтаж саланың қай-қайсысында да бас дәрігерлік қолтаңбасы мен адамдық қасиеттерге толы өнегелі істер қалдырды. Өлшеусіз еткен еңбек еткен жанның шығар биігі – биік мінбер мен дастарханның төрі, елдің алғысы, басшылықтың марапаттары. Теміржолшыларға, теміржол құрылысшыларына және олардың жанұяларына сапалы медициналық қызмет көрсетудегі жоғары жетістіктері үшін Аманжол Шүңгүлұлы «Қазақ ССР-на еңбегі сіңген дәрігер», «Денсаулық сақтаудың үздігі», «Санитарлық қорғау үздігі», «Н.И.Пирогов» медалі, КСРО Темір жол Министрлігінің «Темір жол саласында социалистік жарыстың үздігі», министрдің арнаулы қол сағатының және «Кұрметті темір жолшы» марапатының иегері.
Сонымен қатар, өзі басшылық еткен жылдары Қандыағаш темір жол тораптық аурухана ұжымы ҚСРО Темір жол министрлігінің «Құрмет грамоталарымен», ақшалай силықтарымен, дипломдарымен бірнеше рет марапатталды. Қазақстан компартиясы мен Министрлер кеңесінің, ҚР бақылау комитетінің, ҚР қызыл крест қоғамының, Ұлы Отан соғысының 40 жылдық жеңісі мерекесін ұйымдастыру орталық комитетінің дипломымен, Батыс Қазақстан темір жол басқармасы мен кәсіподақ басқармасының бірнеше рет ауыспалы Қызыл Туының иегері атанды. Аурухана
![]()
ұжымы КСРО теміржол министрлігі бас санитарлық дәрігерлік басқармасының ақшалай сыйлығына бес мәрте ие болды. Ауруханаға бас дәрігерлік еткен жылдары, денсаулық сақтау саласын алға жылжытып, жаңа заман талабына сай аппараттармен жарақтандырумен қатар, қызметкерлердің біліктілігін көтеріп отырды. Дәрігерлік – жас кезінде алған 5 немесе 9 жылдық біліммен шектеліп қалмайды. Заман өзгерген сайын ауру да түрлене түсіп, өндірістік ошақтар мен қоршаған ортаның бүлінуінен пайда болған жан аурулардың алдын алу үшін үнемі өзінің жан-жақтылығын дамытып, кәсіби біліктілігін арттырып, ізденіс үстінде жүреді. Дәрігермін деп шектеліп қалмай, қоғамдық іс-шараларға да белсене қатысып, облыстық емес, республикалық деңгейде болып жатқан қайырымдылық шараларына қатысып, ұжымды да игілігі мол істерге тарта білді. Солардың бірін атап өтер болсақ, Чернобыль атом станциясы апаты кезінде аурухана ұжымы алған сыйлықтарының бөлігін арнаулы фондқа аударып отырды.
Мақаламыздың әрін кіргізіп, маңыздылығын арттырып, арқау болып отырған Аманжол Шүңгүлұлы – Қазақстан Республикасы компартиясының 17-съезінің делегаты, халықаралық Н.И.Пирогов атындағы хирургия ұйымының мүшесі, қалалық, аудандық, облыстық кеңестің депутаты, «ҚР ерен еңбегі үшін», «ҚР егемендігіне 10 жыл», «ҚР егемендігіне 20 жыл», «ҚР егемендігіне 25 жыл», «Астанаға 20 жыл» «ҚР конституциясына 25 жыл» медалдарының иегері. «Мұғалжар ауданының құрметті азаматы» жоғарғы дәрежелі бас дәрігер-хирург, Қазақстан Республикасы дәрігерлері мен провизорларының I-II-III, ҚР хирургтар қоғамының I-съездерінің делегаты.
Өткенді айтсақ өкпеге түскен дақтай болып алдымыздан шыға беретін, 1990-2000 жылдардағы тоқыраудан айналып кете алмаймыз. Бір қазаннан ас ішкен 15 республика өз еншісін алып, өз тұсауын өзі кесіп жатқан сол жылдары көзі жыпылықтаған жетім баладай болған ел тұрғындары түгілі, іргесі мызғымас деген фабрика мен зауыттардың да түтіні өшіп, есігіне айқастыра шеге қағылған жылдары, тұрмыс жүдеу болды. Бюджетке арқа сүйеген мұғалімдер мен дәрігерлердің де қалтасының түбі көрініп, жұмысшылар 5-6 айлап жалақысын ала алмаған кездері, нәпақа үшін біреу ауыл жағалап, қорасындағы қойын түгендеп кетсе, енді бүреулері ала дорбасын арқалап базар кезді. Бұл да айтып келмейтін тағдырдың үлкен сынағы болатын. Аш ішек болса да елдің көңіліне басу айтып, сабырлыққа шақырған нәрсе – тәуелсіздік болатын.
Осындай, бір-біріне әзер сүйеніп, қыстан көтерем шыққан сиырдың тірсегіндей әрең тұрған теміржолға қарасты барлық ауруханалардың да есігі экономиканың құлдырауы себепті 1996жылы ҚР Үкіметінің қаулысы бойынша тарс етіп жабылды. Аманжол Адаевтың ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Қандыағаш темір жол ауруханасы сақталып, ЖММ «ШАПАҒАТ» ауруханасы болып қайта құрылып жүзден астам қызметкерлер жұмыс орнын сақтап қалды. Шағын отбасының нәпақа табуы қиын болып тұрған сол кездері, үлкен аурухананы қаз-қалпында, қызметкерлерімен қоса сақтап қалу, үлкен ерлік еді.
Тұрмыстың бешпенті қырық жамау болса да, қараның емес халықтың қамын ойлаған Аманжол бір біліктілігі мен қарым-қабілетін, жігері мен қайсарлығын жұмысқа салып, өтпелі дауылдан аурухананың кемесін аман алып қалу үшін аянып қалмады. Қолынан келген шараларды жасап, іргелі аурухананың шаңырағын шайқалтпай ұстады. Осы жылдары аурухана өз қаражатынан күйі төмен отбасыларындағы 30 балаларға тегін сүттік тағамдарды бөліп отырды.
Осылайша, талай қиындықтарды басынан өткізіп, сабырлылық пен табандылық таныта білген аурухана ұжымдары мен аурухана 2000 жылдардан кейін еңсесін қайта тіктеп, бүгінгі күнге дейін тұрғындарға қызмет етіп келеді. Аурухана 2003 жылдан бастап, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ВОЗ), «Health Promoting Hospitalis», «Емдеуге бейімді аурухана», «Салауатты аурухана» бағдарламасымен аясында жұмыс істеп келеді. Басшылық және дәрігерлік еңбек жолында мол тәжірибе жинақтаған Аманжол Шүңгүлұлы дүниежүзілік ұйымның халықаралық конференциялар жұмысына қатысып келеді. Әрдайым өзін жан-жақты жетілдіріп, кәсіби біліктіліктерін арттыруды бірінші орынға қоя білген басшы өзінің ғана емес, қарамағындағы қызметкерлерден де осыны талап етеді. Нәтижесінде, ауруханада жұмыс істейтін қызметкерлердің методикалық әдістемелік еңбектері республикалық және де Ресей Федерациясының медициналық ғылыми конференцияларының жинақтарымен медициналық басылымдарына енді.
Қазіргі таңда Аманжолдың басшылығымен энурезді (балалар шыжыңын) емдеу, темекі мен ішімдікке бейімділікті емдеу, тырысқақ ауруының алғашқы белгілерін анықтау және емдеу, өт жолы тас ауруларын емдеу, асқазан жараларын отасыз емдеу тәсілдерін қолданысқа енгізілді. Ол - басшылық ететін ЖММ «ШАПАҒАТ» ауруханасы 2005 жылы «Шағын кәсіпкерлікті дамыту» номинациясы бойынша облыс әкімінің «Үздік медициналық мекеме» І-ші дәрежелі дипломының иегері атынды. Бұл аурухана ұжымының еңбектеріне берілген марапат, ең үлкен мәртебе еді.
2007 жылы «Жыл адамы» атанған Аманжол Шүңгүлұлы 2007 жылдан бастап ауданның 42 мектеп пен білім ордаларындағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың оқушыларына жазғы демалыс кезінде сапалы сауықтыру қызметін көрсетіп, балалардың өмір сүру сапасын жақсартып, салауатты өмір салтына баулып келеді. Сонымен қатар, ерекшелеп атап өтер бір жайт, ЖММ «ШАПАҒАТ» ауруханасының ұжымы Ел басының жеке кәсіпкерлікті қолдау саясаты арқасында мемлекеттіқ тапсырыс көлемінде халыққа кепілдендірілген сапалы тегін медициналық көмекті бәсекелестік жағдайда заман талабына сай көрсетіп, халықтың өмір сүру сапасын арттырып, демографиялық ахуалын жылдан жылға жақсартуға өз үлестерін қосып келеді.
Кіндік қаны ауылда тамып, балалықтың бал ізі атаның шаңырағында қалса да, бүгінде ауданның, облыстың денсаулық сақтау салысының дамуына өз үлесін қосып келе жатқан білікті де, білімді дәрігер 2011-2012 жылдар аралығында Нью – Йорк, Вашингтон, Токио сынды әлемнің медицинасы озық дамыған мемлекеттері мен қалаларында «Емдеу мекемелерін тиімді басқару» атты іскерлік бағдарламалар бойынша білімін жетілдіріп, ұдайы түрде іскерлік тәжірибелер алмасып отырады. Өз ісінің шеберлері жиналған аурухананы «Европа бизнес ассамблеясының» (Е.В.А) халықаралық Сократ комитетінің шешімімен ЖММ «ШАПАҒАТ» «EUROPEAN Quelity AWARD» «Европалық сапа қызметі» халықаралық марапатына және лицензиясына ие болды. Лицензия 2011 жылы өткізілген «Оксфорд» лидерлер саммитінде бас дәрігер Аманжол Адаевқа тапсырылып, басшылық ететін клиникасы XXI-ғасыр лидерлері реестріне енгізіліп, айды аспанға бір-ақ шығарды.
Денсаулық сақтау саласында, емдеу ісі методика тәсілдері бойынша республикалық деңгейде ғана емес, халықаралық, әлемдік деңгейде алдыңғы қатарлы оқу орындарымен, ауруханалармен іскерлік тәжірибе алмасып отыруды дәстүрге айналдырған Аманжол Шүңгүлұлы түрлі халықаралық деңгейдегі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ, 2012 жылы ЕВРОПА ҒЫЛЫМИ ӨНДІРІСТІК ПАЛАТАСЫ медицина әлемінің жұлдыздары профессорлар Л.Рошаль, Л.Бокерия тағы басқалармен қатар Аманжол Шүңгүлұлына да «Diploma di Merito» дипломы мен «Европа» алтын медалымен марапатталды. 2012 жылы Австрияның Вена қаласының ХОФБУРГ (Австрия императорларының резиденциясы) сарайында Е.В.А. шешімімен жаңа жылдық церемонияда А.Адаевқа медицинаға және фармацияға сіңірген еңбегі үшін халықаралық «Сократ» наградасы табыс етілді. Ұлттық бизнес одағына қатысушылар елдерінің 2016 жылы XXXII-экономикалық рейтингттер бойынша марапаттау рәсімінде ЖММ «ШАПАҒАТ» ауруханасы «Leader of the branch 2016», «Сапа көшбасшысы 2016» сертификатына және «Алтын белгісіне» ие болды. 2017 жылы аурухана Швейцарияның халықаралық «SlQS
INTERNATIONAL GUALITY SERTIFICATE» сертификатын иеленді.
Басшылық еткен ауруханасын толағай жетістіктерге жеткізіп, қызметкерлерінің біліктілігін арттырып денсаулық сапасын жақсартып келе жатқан Аманжол Адаев «Атамұра корпорациясы» ЖШС-ның полиграф комбинаты басылымының шыққан үш томдық «Қазақстан теміржолшылар медицинасының тарихы» жинақтарының редакциялық алқа мүшесі және «Мұғалжар ауданы энциклопедиясы» кеңес мүшесі. Мұғалжар ауданының құрметті азаматы, Мұғалжар аудандық қажылар қауымдастығының төрағасы, аудандық билер кеңесінің төрағасы, Облыс Прокурорының аудандағы қоғамдық көмекшісі.
2016 жылдан «Оксфорд ЕВА» академиялық одақ мүшесі және «Құрметті профессоры» құрамына еніп, 2017 жылы «Қауымдастырылған менеджмент профессоры» академиялық атағы иеленген Аманжол Шүңгүлұлы ауданның ғана емес, облыстың, республиканың медицинасына соңғы өзгерістер мен тың емдеу әдістерін алып келіп, ауруды емдеуді жаңа заманға сай түрлендіріп, озық техниканы қолданып келеді. Басшы ретінде ұжымда қызметкерлері алдында беделді, жеке өмірінде үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсете алатын адами асыл қасиеттері басым, түйінді мәселелерде сабырлық танытып, ақылы мен парасатына құлақ қоятын дәрігер бүгінгі қазақ қоғамына көптеп керек-ақ. Бірнеше тілді еркін меңгеріп, қамыққан жанды көңілін демеп, мұқтаж жанға көмек қолын созатын жомарт жүректі азаматтың өткені жастарға үлгі. Атқарған істері мен денсаулық саласына енгізген жаңалықтары мен әдістері тұрғындардың, ұлттың саулығын арттырып, салауатты ұрпақ тәрбиелеуде әлі де талай өз септігін тигізері айдан анық. Қарадан туып, халықтың қамын ойлаған Аманжол Шүңгүлұлы сияқты ізгі ниетті жандар, алтын қолды дәрігерлердің қатары көп болғай.