![]()
Абзал істің айғағы
Ғылым мен білім дамыған жерден күшті мәдениет, ең қуатты ілім пайда болады. Ол – күш пен адам өмірін жеңілдету мен қоса жаңартады. Ғасырлардан бері келе жатқан дерт пен дауа дейтін ұғым бар. Жанның да тәннің де дауасын табар ғылымның қазынасын игерген ғалым адам. Адам өмірі үшін оның денсаулығынан асқан байлық жоқ. Сол байлықты қорып, бақылап, сақтап тұратын жандар абзал жандар. Дүниеге қайта алып келетін қайрат қолдар.
![]()
Ендеше, адам өмірін жақсартуға, дертіне шипа беріп, адам жүрегін түсініп, оған дер кезінде көмек қолын соза алған, шипалы ғылымды игерген бірегей тұлға – Бектұрғанов Әли Мыңжанұлы.
Өскен өлкенің, тұмса табиғаттың, дархан даланың перзентіне берер тәлімі көп. Туған жерінің асқақ, сұлу болмысын бойына ерте кезден дарыта білген дарынды, адал перзенті Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл кентінде 1953 жылы 16 қарашада, теміржолшылар отбасында дүниеге келген.
Өмір есігін ашқан әрбір адам баласының тәрбие мен тағлым алар ортасы –отбасындағы асқар таудай әкесі, тоғыз ай тоғыз күн құрсағында көтерген ардақты анасы, қамқор да қорған болар бірге туған бауырлары. Көпбалалы отбасының ортаншысы болып дүниеге келген бала Әли – 1960 жылы Сексеуіл кентіндегі №423 мектебіне оқуға түсіп, білім жолындағы алғашқы сәтті қадамын жасайды. Зейінді, зерек болып өскен бала бойында дарын мен таланттың, оқуға деген құлшынысы пен құштарлығының өзгелерге қарағанда озық болғаны мәлім. Көп ішінде қара үзіп, тек алдыңғы қатарда жүрер, алдыңғы орыннан көрінген білімді Әли 1970 жылы 10 жылдық қазақ мектебін аяқтайды.
«Жүйрікте де жүйрік көп, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт көп, азаматы бір бөлек» -демекші, жігіттің жеті өнерін бойына дарытқан білім ошағының түлегі бір жыл өткен соң Отан алдындағы, ел мен ұлт алдындағы борышы мен ақ адал міндетін өтеп келу үшін, әскер қатарына алынып – Украина мемлекетіне сапар шегеді. Көшпенді батыр бабаның батыл ұрпағы үшін намысты қолдан жібермеу, өз есеңді басқаның қолында ұстатып қоймай тектілік таныту қанға сіңген қасиет. Қанына сіңген тектілік пен тегеурінділікті дәлелдей алған айбынды сарбаз, әскер қатарынан сержант шенін алып оралады.
![]()
Әскерде азаматтық борышын адал өтеп жүрген жауынгер сарбаз Коммунистік партия қатарына алынып, КПСС мүшесі болып абыроймен елге қайтып, артқан үмітті ақтайды.
Хакім Абай даралап кеткен «толық адам» тұлғасын жасап шығару үшін толассыз еңбек керек. «Тамшының тасты жарар қуаты күштілігінде емес, оның тынымсыздығында» - деп, айтылған даналыққа сүйенсек, толық адамға жету үшін толассыз тамып тұрар мөлдір тамшыдай тынымсыз еңбек пен ізденіс керек. Сол білім мен таусылмас мол қазынаға толы ізденіс жолына түскен абзал жан – 1974 жылы Ақтөбе мемлекеттік институтына құжаттарын тапсырып, оқуға түседі. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап»,-деп дана Абай жырлап кеткендей, ақыл мен жүрегіңді бір жерде тоғыстыра отырып, тек өз күшің мен еңбегіңе сенер азамат болып шығу басты мұрат. Арманы асқақ, мұраты айқын жан, жоғары оқу ошағында сапалы білім алып, 6 жылдан кейін институтты бітіріп, дипломын қолға ұстайды.
«Ұшар биікке қанатын қомдап қыран да шығады, өрмелеп жыланда шығады»,-деп дара Абай айтқандай сол асқақ та құзар шыңға, қайратты қырандай қанатын қомдап шығу басты міндет. Қоғам мен ұлт алдындағы адал да айқын мақсатына жету үшін сан түрлі баспалдақтардан өткен абзал тұлға еңбек жолын Маңғыстау облысынан бастайды. Мұнда ол – хирург-оташы мамандығы бойынша жұмысқа орналасады.
Адам өміріне жауапты болу, қателікті кешпес қажырлы жұмыс. Тиянақты да ұқыпты, алға қойған ісіңе мұқият мән беріп, талабын орындай алмасаң, басқаның тағдырына балта шабуың да мүмкін жағдай. Білім мен ғылымды игеріп келген сауатты маман үшін, әрине бірінші ретте тынымсыз еңбек ете отырып, сол тәжірибе мен біліктілікке қанық болу. Сол жолда қайраты мен қайтпас жігерін көрсете білген талантты жан, бір жылдық клиникалық субординатурадан өтіп, облыстық ауруханадан тәжірибе жинап, Маңғыстау облысының Ералы аудандық Мұнайшылар ордасы, Жетібай кентіндегі аудандық ауруханаға хирург-оташы мамандығы бойынша жұмысқа орналасады.
Адам жан-дүниесі терең де тұңғиық. Сол шыңырау тұңғиыққа тек білімді, тәжірибелі жандардың ғана түсініп, жауапты бола алатыны айдан анық. Науқастардың көп бөлігі мұнайшылар болғандықтан, түрлі дене жарақаттары көп кездескен. Дененің ашық және жабық, химиялық және термикалық, биологиялық жарақат түрлері, артериялық, веналық, копилярлық, паренхимиялық қансырау, түрлі жағдайдағы сүйектердің ісінуі жиі орын алғандықтан, оларға дер кезінде медициналық көмек көрсетіп, дене жарақаты ауыр науқастарға ота жасап жүрген кездері жиі кездесіп тұруы қалыпты жағдайға айналған.
![]()
Міне, сапалы білім алған білікті маманның саналы жұмысы. Жанына дауа іздеп, дертіне ем табатын қайырымды жандардың жұмысы оңайға соғар іс емесі айқын. Қызмет орнында, ол – сынықты да салады, науқастың жоғарылап кеткен қан қысымын да уақытында түсіреді, керек болса бар талабы мен мұңын бөлісіп, жан-жақты жәрдемін бөлісуге әзір тұрар жасампаз тұлға. Адам жақсылығы не нәрсемен өлшенетіні жайлы сауалға көп адам мүдіруі де кәміл. Әрине, адам жақсылығы өзіңнен артылғанды өзгеге де қия білу, қажет болса бар қамқорлығыңды беріп, сол өзгенің тілеуін тілей алу. Бар адамзат жаратылысының тілеуін тілеп, жақсы да салауатты өмір кешуін қадағалап, сол жолда аянбай еңбек етіп жүрген адамдардың еткен көмегі зор.
Асқан шеберлікке жете білген маман – 1992 жылы Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орнында медсанчасть ашылып, тәжірибелі әрі бірінші біліктілік санатты дәрігер-оташы ретінде жұмысқа шақырылып, Әли Мыңжанұлы алдымен хирург-оташы болып, кейінірек хирург-оташылықпен қатар аурухана бас дәрігерінің емдеу жөніндегі бірінші орынбасары қызметін де атқарады.
Еңбекқор тұлға үшін арынды өзеннің асау ағысы да, даланың долы дауылы да кедергі бола алмасы ақиқат. Үлкен жолға апарар көпірдің алтын арқау жібін ұстаған парасатты жанның, өзін тынымсыз жетілдіріп, дамытып отыруы да міндетті қағида. Осы қағиданы шамшырақ қылып ұстай білген абзал адам, мұнайшылардың дені шетелдік азаматтар болғандықтан, талапқа сай білімін жетілдіру қажеттілігі туындайды. Мұнай мен газ өнімдерін игеру мамандығы бойынша Ақтау қаласындағы академик Шахмардан Есенов атындағы «мұнайгаз» мамандығын даярлау институтында 1993-1995 жылдар аралығында білім алып, инженер-мұнайшы мамандығы бойынша дипломды иеленіп, екінші мамандықты да игереді.
![]()
Кейінірек Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орынындағы медициналық аурухананың бас дәрігері болып тағайындалады. Жетістікке жету жолы мен белесін әр адам әр қилы түсініп, әр түрлі анықтама беретіні мәлім. Тұщыны да, тәттіні де татып, жақсыны да, жаманды да көріп, ақ пен қараның арасын ажыратып, бақыттың тұрақтылығын мұқият қадағалау болса керек. Тырнақты мен азулының, жарық пен қараңғының алмасып отырар тіршілікте қай-қайсысына да есең мен ақыңды жібермей алып отыру оңай қанжығаға байланар олжа емес. Сондықтан, өмірдің қағидалары күрделі. Сол күрделі, сан-салалы толғамы көп сапарды өз дәрежесінде атқарып шыққан Әли Мыңжанұлының еңбегі – үлкен ерлік. Әрі ерлік жолында жанын да, тәнін де аямай қайрат пен қажыр көрсетіп жүрген ардақты тұлға, он жыл бойы бас дәрігер болып жауапты да білікті басшылық қызмет атқарды.
«Өмір деген – жәрмеңке, келдің екен көріп кет. Өмір деген – жәрмеңке, алдың екен көріп кет»,-деп абыз да дана Әбіш Кекілбаев айтқандай, жәрмеңке секілді қысқа, шолақ дүниеде, көріп, қызықтап, аларыңды алып, береріңді де беріп кетуің шарт. Бойында бар қасиеті мен талантын, білімі мен білігін бәйгеге қосып жүрген абзал азамат қазіргі кезде медицина саласынан қол үзбей, Батыс Қазақстан облысы, Ақсай қаласындағы ШЖҚ «Бөрілі аудандық ауруханада» МКК-де жоғары біліктілік санатты кәсіби дәрігер қызметін атқаруда. Талай жылғы тәжірибесі бар дарынды маман Әли Бектұрғанов жыл сайынғы медициналық тексеруден өткізетін комиссия төрағасы.
«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» - демекші, әрбір адамның игілікті ісін айту борыш қана емес өскелең ұрпақ жолына шырағын түсірер нұр, бағыт-бағдарын сілтеп тұрар адастырмас темірқазық. Бар еңбегі мен ерлігін халқы мен ұлты үшін арнаған, ел болашағы мен келешегі үшін қайратын сарп еткен дара тұлғаны қалай мақтап, мадақтасаң да лайықты. Қоғамы мен жұртынан лайықты марапатын ала білген жанға – «1995 жылы Қазақстан мұнайына жүз жыл» мерекелік медалы тағайындалса, 2007 жылы «Қарашығанақ» газ жобасына 10 жыл төсбелгісін төсіне тағады. 2016 жылы «Қазақстан Республикасына – 25 жыл» медалы және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағындағы ерекше жетістіктерімен, «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі» үшін белгісі иегері атанады. 2017 жылы «Алтын дәрігер» төсбелгісін иеленіп, осы жылы «Ақсай қаласына – 50 жыл» мерекелік медалын иемденеді. Туған жеріне сыйлы, өскен өлкесіне адал перзент бола білген біртуар тұлға «Ақсай қаласының құрметті азаматы». 2019 жылы «Қазақстан мұнайына 120 жыл» мерекелік мадалімен марапатталды.Өзінің кәсіптік жұмысына қоса қоғамдық жұмыстарға да уақыт тауып араласып жүрген азамат. Бөрлі аудандық акимат жанындағы қоғ
![]()
амдық кеңестің төрағасы. Бөрлі аудандық ауруханасының кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін атқарып келеді.
Өмір дейтін ақ, қара жолақта адаспай жүріп, анық басуың үшін көп жанашыр жандардың ықпалы зор. Салиқалы жар, адал жұбайы бола білген жасампаз жанның шаңырағының отанасы – Айна Сәрсенқызы. Шаңырақ құрғанына ширек ғасырдан астам уақыт болған ерлі - зайыпты жандар үлгі боларлық өнегелі жол қалыптастырған біртуар тұлғалар. Бес баланы тәрбиелеген, мәпелеп қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген ардақты ата-ана. Он бір немересі бар ақ сақалды әке мен ақ жаулықты ана. Балаларының бәрі де жоғары білімді мамандар иесі. Төрт қызы шаңырақтарын құрып, балаларын тәрбиелеп жатқан ата-ана.Ұлы Мухамед –Уфа қаласының мұнайшылар дайындайтын университетін тәмамдап, мамандығы бойынша Қарашығанақ газ - кен орнында инженер болып қызмет жасайды. Келіні Лаура – мұғалім. Екі немересі Дария мен Ұланның қызығын көріп отырған жан ұя.
Жасампаз жандар өмірі қартаймас құндылықтарға ие екені мәлім. Бақытты жандардың ерлігі, халқына қызмет жасаған абзал ісінде.