Бисембаев Болат Брәліұлы

Рейтинг:

Адамзатқа адал еңбек етуші

      «Медицина адамды,  ветеринария адамзатты емдейді», - деген сөз бар халық арасында. Адамзат баласының денсаулығы қоршаған ортасына байланысты өзгеріп отырады. Соның ішінде жан-жануарлар әлемінің саулығы адам денсаулығына тікелей әсер ететінін, түбегейлі байланысты екенін бүгінгі таңда әлемді жаулаған індет дәлел бола алады. Нақты қайдан, қалай таралғаны туралы түрлі қауесеттер де, тереңделген зерттеулер де аз емес. Осы тұста вирусологиямен қатар, әлем бойынша ветеринарияның да маңызы арта түскен сыңайлы. Сол себепті әлі де қарқыны басыла қоймаған індеттен адамзатты құтқару медицина мамандарының ғана емес,  ветеринар маманның біліктілігіне де байланысты болып тұр. 
       Біздің кейіпкеріміз – Бисембаев Болат Брәліұлы да осы саланың өкілі. Саналы ғұмырын ветеринарияға, мал шаруашылығына арнаған қарапайым азамат. Ол – 1955 жылы 10 қарашада Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, В.И.Ленин атындағы колхоздың К.Балғазин басқармасында дүниеге есігін ашты. Бала күнінен Тораңғұл ауылында ер жетіп, осы ауылда алғаш мектеп табалдырығын аттайды.Торанғұл, Жоса сай, Қызыл жар, Жамбыл ауылдарының аралары 5-7 км ара қашықтықта орналасқан.Іргелес орналасқан кішкентай ауылдың балаларына Ұлы Отан соғысының ардагері –Аманжолов Набиолла бастауыш мектепте 1-4 класқа дейін сабақ берген. Болат  кейін Андреевкадағы мектеп-интернаттың тәрбиеленушісі болып, 1971 жылға дейін сегіз сыныптық білім алды. Жазғы демалыс уақытында шөп шабу, қой тоғыту, қозыларға көк дәрі құю деген сынды тірліктерге ауыл балаларының көшін бастап, әрі қызыға, әрі қолғабыс тигізуге баратын. Осылайша, ойын баласы 13-14 жасынан бастап ауыл жұмысына араласты. 
       Көп балалы отбасында тәрбиеленген Болат жастайынан ата-анасына қамқоршы, қолғабыс бола білді. Әкесі Отан соғысына қатысқан, ұл-қыздары мақтанышпен еске алатын батыр тұлға болды. Жері үшін жан беруден тайынбаған оның ерлігі бар қазаққа үлгі, бауырлары мен жақындарына зор мақтаныш. Әкесі соғыстан 3 топтағы мүгедек боп оралғанымен, анасы екеуі колхоздың жұмысына белсене араласты. Анасы Алима тоғыз құрсақ көтерген, әке орнын жоқтатпай балаларына білім мен терең тәрбие бере білген көп балалы ана.  Әкенің бойындағы ерлік қасиет пен ананың сүтімен дарыған тәрбиенің жетегімен үш ұл, алты қызының барлығы жоғары оқу орындарына түсті. Олар: Шамсибану, Қуанышбай, Гүлзайда, Мәлік, Болат, Гүлбару, Гүлара, Гүлайым, Амангүл есімді бір әке мен бір анадан өмірге келген бауырмал бауырлар еді. Қара шаңыраққа ие бола алған жанашырларына тәлімді ұл, қыз еңбегін жегізе жүріп, әрқайсы бүгінде бір-бір үйдің түтінін түтетіп, тірегіне айналған абзал жандар болып қалыптасып кетті.
       Болат Брәліұлы мектепті бітірген соң ауылға келіп әрі үй шаруасына қарап, әрі мал шаруашылығына ден қойды. 1973 жылдан 1974 жылға дейін ауылдың қойын бақты, қажет жерінде трактор айдап та еңбектенді. 1974-1976 жылдары Совет армиясына қабылданып екі жыл азаматтық борышын өтеуге аттанады. Қазан қаласының Байкал округында борышын өтей жүріп жас жеткіншек ой-өресі мен арман-мақсаттары шыңдалып, елге еңселі азамат ретінде оралады. 1976 жылы әскерден оралған соң, бойдағы қызу қарқынын жоғалтпай колхоз атынан оқуға жіберіледі. Осы ордада білім ала жүріп өмірлік серігімен танысады. 1979 жылы 15 шілдеде отбасын құрады. Жұбайы  Роза да өзі оқыған Темір совхоз-техникумында бухгалтер мамандығында оқыды.  Бисембаева Роза Бақытқызы – 1959 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. Көздері ашық, көкіректері ояу екі жас отбасы тірлігімен қатар, әрі қарай білімдерін тереңдете оқуды жөн көрді.  Техникумнан кейін талапты Роза  Орал қаласындағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында оқуын жалғастырады. 1980 жылы Темір совхоз техникумының «Ветеринария» мамандығын игеріп шыққан Болат сол жылы Ленин атындағы колхоздың веттехнигі болып жұмысқа орналасады, кейін ферма меңгерушісінен бастап әр жылдарда түрлі лауазымдарды атқарды. 
       1983 жылы Орынбор ауыл шаруашылық институтына түсіп ветеринар мамандығын оқыды. 1983 жылы жұмыс бабымен тамыз айында отбасымен Қарғалы ауданы, Петропавловск ауылына көшіп келеді. Ол кезде совхоз «40 лет Каз ССР» деп аталды. Осы ауылда мал дәрігері, ветеринар болды. Бұл ауыл 5000 бас ірі қара сиыр, 280 жылқысы бар үлкен шаруашылықтың бірі болды. Ауылда асыл тұқымды қызыл сиырларға ерекше күтім жасалды. Сондай-ақ, ауылда 16000 гектар егістік, 400 гектар картоп, жүгері тағы да басқа өнімдер егілді. Егіннен бөлек, мал жайылымы жеткілікті болды.  Үлкен ұжымның арасына Болат ашық, көпшіл мінезімен бірден сіңісіп кетеді.  Көмекшілері ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты: Шаброва А.Г. мен Зоот селекционерлері Есенов Ж, Жубатыров Т. сынды еңбекқор азаматтармен бірге селекциялық жұмыстар жүргізді. Жыл он екі ай тыным таппай қой, жылқы, сиыр малдарында жиі кездесетін бурцуллез, топалан, қарасан, өкпе ауруларына қарсы дәрі егіп, тексеруге қан алып, ем-домын жасап шапқылап жүрді.
       Совхоздың бірде - бір малын өлтірмеу үшін сауыншылардың қасында жүріп білген көргендерімен бөлісіп үйретті. Ауыл маңындағы үш қыстақтың арасында қыстың күндері де  ат шана жегіп ауыл малдарының жағдайын білу үшін үй-үйді аралады. Болат Брәліұлы шаршау дегенді білмейтін. Талай бет қаратпайтын борандарда аттары өздері алып келетін жол тауып. Осылайша бар уақытында күндіз-түн демей еңбек еткен азамат ауыл халқы арасында ақкөңіл мінезімен көптің көңілінен шығып, таңдай қақтырып отырды. Ауыл тұрғындары Болат Бисембаевты төрт түліктің пірі деп құрмет тұтады.  Айтса айтқандай-ақ, аудандағы мал дәрігерлерінің ересегі елге танымал азамат. Осы аталған ауылдық округтің елді мекендеріндегі ауруға қарсы  алдын - алу шараларының ай сайынғы жоспарын мерзімінен бұрын орындап отырады. Мәселен, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына қарай мал басынан қан алу және алдын - ала егу шаралары жұмыстарын 108 пайызға орындап, ел дамуына өзіндік салмақты үлесін қосты.  
       Болат Брәліұлы көпті көрген, іс-тәжірибесі мол мамандардың бірі болды. Қызметін сүйіп атқарғаны соншалық, өзі тұратын ауылдың бірде - бір малы ауруға шалдықпайтын. Соның септігінен де ай сайынғы қорытындылар шыққан кезде көрсеткіштер үнемі жоғары болды. Үздік көрсеткіш көрсеткен сауыншылар мен фермерлерге сыйақылар беріліп отырды. Бұл шаруашылықтың одан әрі өрістеуіне жақсы ынталандыру бола білді. Осы тұста ветеринар дәрігерлердің еңбегін атап өтпеуге болмайды. Мал дәрігерінің жұмысы қаншалықты қиын болса да еңбегі көп көзге түсе бермейтін. Еңсесін еш түсірместен еңбек етуден талмады. Өз ісінің халыққа пайдасы тиіп жүргенін көргеннен, халықтың алғысын алғаннан асқан марапаттың жоқтығын Болат жақсы түсінетін. Ақтөбе облысы бойынша үздік деп танылған бас дәрігер Е.Булатов, мал дәрігерлері: З.Жалимбетов, П.А Каржавин, И.А Алещенко, С. Балабиев, С Акниязов сынды білікті, білімді, өз істерінің үздіктері саналған дәрігерлермен иық тірестіріп талай еңбектер атқарды. Бірде - бір бұзау мойнын қайырып алған оқиға болған-мыс. Болат Брәліұлы бар білімі мен тәжірибесін сол жерде көрсетіп аман алып қалған. Сол жердегі Қазақстанға еңбегі сіңген бас мал дәрігері  оның қолын алып, халатын сыйлаған екен.  Қазір көп қатарлас жұмыс істеген жолдастары өмірден өтсе де, таза еңбек адамдарының жанында жүріп Болат өзіне өмірлік сабақтар алып қала алды.
     «Жылқы ішінде жүйрік көп, қазанаты бір бөлек, Ел ішінде жігіт көп, азаматы бір бөлек», - демекші ес білгеннен бері мал шаруашылығына араласып, кейін жастық жалынын ветеринария саласына арнаған Болат Брәліұлы 2018 жылы зейнетке шықты. Десе де еңбектен қол үзбей Велиховка ауылдық округінің ветеринариялық пункт меңгерушісі болып қызмет етіп келеді.  1983 жылдан бері өзінің сүйікті мамандығын құрметтей жүріп мал баққан,  ағайыннан, ауыл халқынан алғыс алған жан. Ол өз сөзінде «Кім не десе ол десін ветеринарлар төрт түліктің амандығына, адамдардың саулығына қажет маманбыз.  Өз мамандығымды ұнатқандықтан өзгелерге еріп, ел аспай елде жүрмін. Қазір үкімет тарапынан көп көңіл бөлінуде. Бізде өзгелермен теңестік. Тек үлкейген сайын мазалайтыны ауылға маман келсе екен» - деп өзінің ішкі тебіренісін, жастарға сенім артқан зор тілек-арманы бар екенін білдірді. 
       Халық даналығында «Халық қазанын қайнаттым, қолымның кәне қарасы, Ер қазанын қайнаттым, етімнің кәне жарасы», - деген ғибраты мол тәмсіл сөз бар өмірін ветеринарияға арнаған Болат Брәліұлына қаратып айтылғандай. Бұл күнде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардақты әке бақытты отбасының тірегі, арқа сүйер азаматы. Жары Роза екеуінен білімді, ибалы, иманды ұрпақтар тарап өрбуде. Роза Бақытқызы отбасының берекесін кіргізе жүріп, жарының разылығын ала жүріп зейнетке шыққанша бухгалтер-экономист қызметінде болды, кейін зейнетке шықты. Жары халық адамы болған соң, бала тәрбиесі Розаның мойнында болды. «Бала – ата-ананың айнасы» - демекші, ұл-қыздары шетінен білімді, сауатты, саналы,иманды болып қалыптасты. Балаларының бойына діни сауатты да сіңіріп отырды. Роза өзі Ақтөбе орталық мешітінде әйелдерге арналған медресені тәмамдаған. Талапшыл, ізденімпаз және дін жолында сауат ашып жүрген жалынды жастарға араб тілінде құранға түсуді, оқуды үйретеді.  2018 жылы Қазан қаласындағы Ресей Ислам институтына «Теология» факультетіне  оқуға қабылданып, қашықтан оқу нысанында тәмамдап шығады. Қазіргі күнде сол оқу ордасының «Теология» факультетінің 2 курс магистранты. Бүгінгі таңда Ақтөбе облысының дін істері жөніндегі басқармасының «Аңсар» кеңес беру және сауықтыру орталығында теолог-кеңесші маман ретінде қызмет атқаруда. 
       Еңбекқор әке мен парасатты ананың тұңғыштары Кенжина Ботагөз Болатқызы – 1981 жылы 14 қаңтарда дүниеге келді. Ветеринария саласына бармағанмен, әкенің елге тигізген көмегін көре жүріп, Марат Оспанов атындағы Ақтөбе медициналық институтына түседі. Оны үздік  тәмамдап, «қыз мұраты – кету» - демекші, өмірлік серігін тауып тұрмысқа шығады. Күйеу баласы  Кенжин Нұрмұхаммед Ибрагимұлы – Қ.Жұбанов атындағы университеттің дене шынықтыру факультетін бітірді. Отбасылық шағын дәріхана бизнестері бар. Ботагөз балабақшада медицина қызметкері болып жұмыс жасайды. Үш баласы бар.  Ернар – 9 сынып, Ануар – 6 сынып, кішісі Омар – балабақшада. Үлкен ұлы  Бисембаев Нұрлан Болатұлы – Алматы кеден академиясына түсіп, «Кеден ісі» факультетінде оқыған. Отбасын құрған, жұбайы – Бисембаева Айкен де Кеден колледжін тәмамдады. Екеуі 500 мың тг грант ұтып алып, оған қой, қозылар сатып алып көбейтіп жатыр. Нұрлан әке жолымен ветеринарлық істі жалғастыру мақсатында колледжге оқуға түсіп, қазіргі таңда ветеринарлық дәрігер болып жұмыс жасайды. Олардың екі ұлы Батыр – 5  сыныпта, Сабыр – 2 сыныпта оқиды. Өздерінің шағын монша бизнесі бар. Кенже ұлы Бисембаев Ерлан Болатұлы – 1987 жылы 9 қарашада дүниеге келген. Отбасылы. Ерлан да әке жолымен кетіп, Назарбаев ветеринарлық колледжін тәмамдады. Ветеринар дәрігер болып қызмет етеді. Ерлан – қарашаңыраққа ие болып қалған кенже бала. Келіні Бисембаева Балмекен Бегалықызы – 1993 жылы 1 қарашада дүние есігін ашқан. Ә.Молдағұлова атындағы колледжді бағдарламашы мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі таңда отбасылық ветеринарияда жұмыс істейді. Ветеранирияның құжаттамалық жағына жауапты бағдарламашы. Бүгінде бала күтіміне байланысты демалыста. Олардың төрт баласы бар. Нұрахмед – 1 сынып, Мұхаммед – мектепке дейінгі даярлық тобында, Мәриям – балабақшада, Ахмад – 1 жаста. 
       Осылайша өзі, екі ұлы, келіні, яғни, үлкен отбасының 4 мүшесі бір ветеранирияда жұмыс жасап, бір терінің пұшпағын илеп жүрген жайлары бар. Береке бірлігі жарасқан тату отбасы бүгінде Петропавловск ауылында тұрады.  Жан-жағы, көршілері, ағайын, құда-жекжатпен ауыз біршілікте, жарасымды, татулықта өмір сүріп жатқан үлгілі отбасы. Бүгінде үш баладан тараған ұрпақ жылдан - жылға көбейіп, толысу үстінде. Өзі де көпбалалы дәрігерлер отбасында тоғыз ағайынды болып өсті. Жұбайы да көпбалалы, жеті ағайынды, қарапайым отбасында тәрбиеленген. Бұл күнде осындай жақсы тәрбие беріп, бағыт сілтеген ата-аналары жандарында болмағанымен, солардан сіңірген тәрбиені, ақыл-парасатты үйретер немере-жиендері баршылық. Әулет болып ауыл шаруашылығының, мал жануары амандығының қамында жүрген Болат Брәліұлының елге сіңірген еңбегі өлшеусіз. 
       Сөз басында айтылған «Медицина адамды,  ветеринария адамзатты емдейді», - деген қағиданы берік ұстанатын әулеттің әлі де осы салада атқарар еңбектері, елге берер кеңестері қыруар, тигізер көмектері көбеймесе, кеміген емес. «Малым жанымның садағасы, Жаным арымның садағасы», - деп жүрген әрбір қазақтың қорасындағы малдың саулығына бей-жай қарамайтын, ветеринария саласындағы ерен еңбегі мен толассыз төккен тері  арқылы алты алаштың ғана емес, адамзаттың денсаулығына көп септігін тигізіп жүрген Болат Брәліұлы барлық мақтау мен марапатқа лайықты жан.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...