Дәрігер – өмір тірегі
Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Дәрігер – адам жанының арашашысы. Бұл ақиқатқа ешкімнің дауы жоқ.Табан астынан ауыра қалсаң, ең алдымен, дәрігерге жүгінесің. Ақ халатты абзал жанның аялы алақанына, оның жүрек жылуына риза боп, сырқатыңнан әп-сәтте-ақ айығып кете барасың. Осындай бүгінгі күннің батырлары арамызда жүр. Елімізде адам мен аурудың арасына араша түсіп жүрген ақ халатты абзал жандар аз емес. Олар түрлі деңгейдегі медицина мекемелерінде, республиканың түкпір-түкпірінде қызмет атқаруда.«Еңбек – адамның көркі, адам – заманының көркі» - дегендей, бар өмірін денсаулық сақтау саласына арнап, адам жанының арашасы болып ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, халықтың жылы ықыласы мен алғысына бөленіп, заманының көркі болып жүрген дәрігерлер өте көп. Солардың бірі – ине-пышақ емінің шебері, «Шипа - МЕД» орталығының директоры, әйгілі профессор, ине-пышақ әдісінің негізін салушы Ши Хан Аинаның шәкірті – Құрманбек Аймолда.
Ол – 1977 жылдың қараша айының 24-жұлдызында Қытай Халық Республикасындағы Үрімші қаласында дүниеге келіп, сонда оқып, ержетіп өскен. Ата-бабасы кезіндегі көптеген қандастарымыз секілді солақай саясаттың кесірінен тағдыр тауқыметімен жат елге қоныс аударуға мәжбүр болған. Соған қарамастан жат жерде жүрсе де Құрманбектің ата-анасы, туған-туыстары ұлттық дәстүрін көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпақтарына бұзылмай жетуіне күш салатын. Болашақтың жарқын болуы ұрпақ қолында деп түсінгендіктен бала тәрбиелеудегі басты міндеттің бірі – мейлінше салт-дәстүрден ауытқымау деп білетін. Сол себепті «Қызың жақсы болсын десең – қылықтымен ауыл бол, Ұлың жақсы болсын десең – біліктімен ауыл бол» - деген, ұстанымды басшылыққа алатын. Алыстағы қандастарымыз ата-баба өсиетін берік ұстанып, қыз бала ес біліп етек жеңін жинай бастаған кезден-ақ текті, тәрбиелі, иманды, адамгершілігі жоғары, өнерлі ортамен қарым-қатынас жасап, оларға жақын болуға икемдейтін. Қазақ қызын әрқашан да сыпайылыққа, инабаттылыққа, қисық мінез кеселді сөзден аулақ болуға тәрбиелеген. Ұлын батылдық пен батырлыққа, турашылдық пен шыншылдыққа, имандылық пен даналыққа бағыттап тәрбиелеген.
![]()
Маңдайға жазылған тағдыр теперішімен жат елде туып, өссе де жүрген жеріндегі өлшеусіз білім кенін қазуға және ата-анасы бойына сіңіруге тырысқан ұлтының қымбат та құнды дәстүрлерін сақтауға тырысқан бала Құрманбек мектеп табалдырығын аттаған сәттен жақсы оқып, ұстаздары берген әрбір ақпараттың құндылығын түйсініп, зейінділікпен жадына тоқуға ұмтылды. Тумысынан бойында бар табиғи зеректігіне бейне бір сусаған жандай білімге ұмтылысы мен ынталылығы қосылып, орта мектеп бағдарламасын еркін игеріп кетті. Ғылым-білім әлеміне бастаған сапарында осы беймәлім жолда қараңғыда түртінектеген жанның қолына шырақ ұстатқандай көкірек көзінің ашылуына себепкер болған ұстаздарын қатты құрмет тұтатын. Айтқандарын екі етпей орындап, асқан жауаптылық танытатын. Оқуда озат үлгерім көрсетуімен қатар қоғамдық жұмыстарға да атсалысудан шет қалған емес. Осылайша, алғырлығымен оқуын жақсы оқып, іс-шараларға белсене араласуымен ұстаздарын қуантып, ата-анасын марқайта жүріп, тарыдай болып кірген баланы таудай қылып шығарған алтын ұя мектебіне деген қимастықпен орта мектепті жоғары дәрежеде аяқтап шығады.
Мектепті бітірісімен «Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті», - деген ұлы ғұлама Аристотельдің нақыл сөзін басшылыққа алған жасөспірім Құрманбек білім мен кәсіп игеру болашағының жарқын болуына бірден-бір кепіл екендігін түйсіне отырып, жоғары білім алуды көздейді. Өзінің бала күнінен бергі армандаған мамандығы – адам жанының арашашысы ақ халатты абзал жанға айналу болғандықтан, таңдауы медицина саласына түседі. Нағыз білімі мен білігіне сүйенген жастардың ғана жүрегі дауалап, емтихан тапсыруға әрбірінің дәттері шыдай бермейтін Бейжің қаласындағы Қытай медицина институтына қабылданғанда өзінің де, баласы үшін үйде тақымын қысып отырған ата-анасының да төбелері көкке бір елі жетпей қалғандай сезімде еді. Әрқашан қатарластарының алды болып жүретін жасөспірімнің аялаған арманы алдамай, бағы жанып жоғары оқу орнының студенті атанады. Оқу ордасындағы алғашқы күнінен бастап ғылым-білім гранитін кеміруге барлық күш-жігерін сала кірісіп кетті. Үнемі ізденуден жалықпайтын зерек жігіт «Жетістікке жетудің үш ережесі: өзгелерден артық білу, өзгелерден көп еңбектену, өзгелер күткеннен азға үміт ету»,- деген Уильям Шекспирдің керемет нақылын жадында ұстайтын. Жоғары оқу орнында үздік үлгерім көрсету кез-келген жанның қолынан келе бермесі анық. Әрбір ісінің артында адам тағдыры тұратындықтан дәрігерлік мамандық нағыз дәлдікті, мұқияттылықты талап ететіні, басқалардан қарағанда екі есе ыждаһаттылық таныту керектігін ұшқыр ойлы, жауапкершілік сезімі ерекше дамыған жас Құрманбек жан-тәнімен сезіне білді. Өзінің жүрек қалаған мамандығын таңдаған ол медицинаның қыр-сырын үйренуде ұстаздарының ізінен қалмай, ұзақты күн кітапханаларда отырып, білімін шыңдай жүріп, жоғары білімді дәрігер мамандығын алып шығады. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, жақсы ұстаздың алдынан өткен шәкірт өзін әрқашан бақытты сезінетіндіктен мамандығының қыр-сырына бойлай ену бақытын бұйыртқан ұстаздарына алғысы шексіз болатын.
Жоғары білім ордасынан түлеп ұшысымен соншама жылдар бойына жинаған білімін іс жүзінде дәлелдеу үшін еңбек жолын бастап та кетеді. Әуелден мақсаткер бозбала қызметін тиянақты атқаруға талаптанып, жұмысына белсене кіріседі. Өзіне артылған сенім үдесінен шығу үшін жастық жігерін жалаулатып, ар-намысын жани түседі. Әрбір істі бастамас бұрын ой елегінен өткізіп, таразылауды өмірлік ұстанымы етеді. Өзіне жүктелген міндетті атқарудағы тындырымдылығы мен ізденімпаздығымен дараланып тұратын білікті маман жұмысқа енді орналасқан балаң күнінен-ақ өзін тындырымдылығымен, жауаптылығымен таныта біліп, қызметін жоғары деңгейде атқарып, жауапты жұмысты өз дәрежесінде жүргізеді. Үлкен мен кішіге, адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып, шексіз алғыс сезіміне бөленіп жүрген азаматқа сәті түсіп, тарихи Отанына оралу бақыты бұйырады. Жырақта жүріп, «елім, жерім» деп еңіреген есіл жүректің аласұруына құлақ асып, 2006 жылы туған отанға оралған елін сүйген арда азамат сирек кездесетін білікті маман болғандықтан атамекенге оралған соң да жұмыссыз қалмады. Алғашында ардагерлер пансионатында дәрігер болып, ине терапиясының маманы қызметін атқарады. Білімі мен біліктілігі жоғары, ар-ожданы таза, ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалаған ақ халатты адам жанының арашашысы, білікті де тәжірбиелі маман атанды. Өзі сүйіп таңдаған салада көптеген жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан маманның тәжірибесі терең болатыны айтпаса да түсінікті. Оның үстіне ақжарқын келбетімен, ақкөңіл, кеңпейілділігімен адам жанын баурап алатын, науқасты ауруынан айықтыру үшін бар жағдайды жасап келе жатқан жайы бар.
Заман ағымын тамыршыдай тап басып болжап отыратын сұңғыла іскер азамат негізгі қызметіне қосымша Алматы қаласында «Шипа –Мед» халықаралық қытай медицина орталығын ашып, жұмысын сәтті жүргізіп келеді. Дәстүрлі медицинаның белгілі және дамыған саласы, бес мың жылдық тарихы бар қытай медицинасының дәстүрлі емін алу үшін енді шетел асудың қажеті жоқ. Қытай медицина орталығы ем-дом жасаудың жаңа бағыты бойынша ем жүргізеді. Ерекшелігі сол – ине-пышақ емі. Шипалы әдіс қозғалыс, буын жүйесіне пайдасы зор. Бұл әдісті Қазақстан бойынша санаулы ғана маман меңгерген. Бұл орталықтағы ине-пышақ емінің шебері – «Шипа - МЕД» орталығының директоры, профессор, ине-пышақ әдісінің негізін салушы Ши Хан Аинаның шәкірті болып табылатын Құрманбек мырзаның өзі. «Ине-пышақ» бұл ине терапиясының дамыған, күшейтілген түрі. Онымен бел, омыртқа мен буын ауруларын емдеуге болады. Айта кетейік, Үрімші мен Пекинде жоғары білім алған «Шипа-Мед» орталығының директоры Құрманбек ағамыз осы әдіспен үш жарым мың науқасты аяққа тұрғызған. Сонымен бірге, білікті дәрігер ине терапиясының бүкіләлемдік ассоциациясының және ине-пышақ академиясының мүшесі, тамыр соғысы терапевті және дәстүрлі Шығыс медицинасының жетекші маманы да болып табылады.
![]()
Қазіргі таңда Құрманбек Аймолдаұлы басқаратын орталықта Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы және еліміздің біліктілігі жоғары мамандары жұмыс жасайды. «Шипа –Мед» орталығы науқастарды емдеу, реабилитациялық курстан өткізу, остеохондроз, протрузия, артрит, артроз, коксартроз, омыртқааралық грыжа, псориаз, витилиго, дерматит, жүрек аурулары, асқазан, өт жолдары ауруларын, жыныс-несеп жолдары ауруларын, бас ауруларын, бас сақинасы, ұйқысыздық, бас айналу секілді дерттерді емдейді, сонымен қатар балалардың церебралды сал аурулары және инфаркт пен инсульттан кейінгі медициналық оңалту ем шаралары жүргізіледі.Орталықта 12 жылдың ішінде 10 000 астам адамға көмек көрсетіліп, тиімділігі көпке танымал болған соң 2018 жылы бұрынғы «Көктөбе» шипажай базасында кәсіби мамандарынан құралған заманауи үлгідегі «Шипа-МЕД» медицина орталығының екінші филиалы ашылды. Бүгінде «Шипа-Мед» ұжымында 22 маман қызмет етуде. Оның 5-еуі жоғары санатты дәрігер, 15-і орта білімді маман және 2-еуі кіші медицина қызметкері.
«ШИПА-МЕД» орталығының бір ерекшелігі мұндағы білікті мамандар алдымен аурудың салдарына ден қояды. Емдеу нүктелеріне жасалатын массаж, алтын инемен емдеу, физиоемдеу, хиджама, стоунтерапия, тұз алу, фитотерапия – «Шипа -Мед» орталығының негізгі емдеу тәсілдері. Сондай-ақ, бұл орталықта емделушілер үшін күндізгі стационардан бөлек, жатып ем алу да қарастырылған. Ұжымның біліктілік деңгейін арттырып, сапалы қызмет ұсынуды дәстүрге айналдырған орталық жыл сайын Бейжің және Шанхай қаласынан білікті дәрігерлерді шақырып, тәжірибе алмасып отырады.
Бүгінде орталықта Шанхай қаласының үздік дәрігерлерінің бірі, тамыр диагностикасын жетік меңгерген доктор Джу Дай Фу ұлт саулығын жақсартуға аянбай қызмет етіп жүр. Сонымен қатар орталықта көп жылдан бері ресейлік дәрігер-реабилитолог Тимур Миркалимов, Мәскеу шығыс медицинасынан біліктілігін арттырған жоғары санатты дәрігер Нұржай Дашимов және денсаулық сақтауды ұйымдастырушы жоғары санатты дәрігер Гүлбарам Шалабаева табысты қызмет етуде. Алдағы уақытта Бейжің қаласынан жаңа әдіс бойынша емдейтін мамандарды шақырту жоспарланып отыр.
Бүгінгі күні емі жоқ аурудың азайып, адамның өмір сүру жасының ұлғайып келе жатқандығы да осындай дәрігерлеріміздің арқасында екендігін мойындап қана қоймай, талай жанды дертінен құлан-таза айықтырып, екінші өмір сыйлап жүрген оларға жұрт алғысы шексіз. Сол себептен де ауруына ем таппай сабылғандар Құрманбектей білікті дәрігердің қарауында ем алып сауығып жатады. Барлық шипа іздеген жандарға көмек қолын созып, түн демей, күн демей емдеріне шипа тауып отырады. Ертелі-кеш ел мен халықтың денсаулығын қорғап, тынымсыз еңбек етіп, жанға дауа қылып, жүрекке жылу құйып жүрген азаматтың өлшеусіз еңбегінің бағаланып, ел алғысына бөлене беруіне тілектеспіз.