Ташев Ибрагим Ақжолұлы

Рейтинг:
Мейірімділік пен ізгілік жаршысы

      Әлемдегі ең маңызды да мерейлі мамандықтардың бірі – дәрігер. Ақ халатты абзал жан деген теңеу де осының айғағы. Науқастанып, жаныңыз қиналғанда дертке шипа беретін де   осы мейірбан адамдар. Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан нәрестеден  бастап, еңкейген қартқа дейін ақ халатты дәрігерлер қызметіне жүгінетіні рас. Олардың еңбегін қажетсінбейтін жан бұл өмірде кемде-кем. Өз істерінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді. Дәл осындай ақ ниетті ардақты азаматтың бірі, медицина ғылымдарының докторы, профессор,  жоғары санатты хирург, онколог, балалар хирургі, денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушысы, «Қазақстан Республикасы денсаулық ісінің үздігі», «Алтын дәрігер», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері –Ташев Ибрагим Ақжолұлы.
      Күнделікті үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға  ем-шаралар көрсетуден бөлек,  аурухананың өзге де күйкі тірлігіне қарамастан кейіпкеріміз әрқашан жайдары мінез танытып жүруден жалыққан емес. «Гиппократ» антын қабылдап, сабырлылық пен салмақтылықты серік еткен азаматты адам жанының инженері десек   артық айтқанымыз емес. Өзінің сүйікті мамандығына нағыз берілген жан адам денсаулығының сақшысы қызметін абыроймен атқарып жүр.
      Ол – 1960 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында, жұмысшылар жанұясында дүниеге келді. Қазақылықтың қаймағы алынбаған өңір тумасы жастайынан халқына адал еңбек етуді мұрат тұтып өсті. Мұның басты себебі «Баланың бас ұстазы – ата-ана» - дегендей, еңбекқор ата-анасының көз алдындағы үлгісі мен тәрбиесінің ықпалы болатын. Асқар таудай әкесі мен аяулы анасы қажырлы еңбегімен, қиындықтарға шыдамдылығымен, темірдей төзімділігімен халықтың ұлылығын айшықтай түскен азаматтар қатарынан болатын. Өздерінің қолы жоғары білім алуға жетпегендіктен өз бауыр еті балаларының тиісті білім алып, үлкен азамат болуын қолдаған. Сол үшін де барлығын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп тәрбиелеп, білім алуларына барлық жағдайды жасауға тырысқан еді. Осындай үкіметтің жұмысын бала-шаға тәрбиесімен ұштастыра білген, тек еңбегіне сенген, ала жіптен аттамай, алдамшы дүниелерден адалдықты биік қойып, адал еңбекпен нәпақасын айырған еңбекқор жандардың тәлім-тәрбиесін сезініп, көзі қанықты болып өскен бала Ибрагим орта мектепте ата-анасының беделі мен абыройына ешқашан нұқсан келтірген емес. Макаренко атындағы орта мектептің табалдырығын аттасымен білімге құштарлығымен, жаңашылдықты бойына қабылдауға әзірлігімен, мектептің қоғамдық өміріндегі жұмыстарға белсенді араласуымен ұстаздар қауымының көңілінен шығып, үнемі мақтау естіп жүретін. Қатарластарынан оза шауып барлық жақта озаттығын байқатып, үздік үлгерім көрсететін. Мектеп қабырғасындағы білімге құштарлығы, қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі, тапсырылған міндетке асқан жауапкершілік танытып, мүлтіксіз орындауға дағдылануы, әрбір іске мұқияттылығы кейінгі өмірінде үлкен көмекші болып, қазіргі жетістіктеріне жол ашқан қасиеттерге айналып, болашағының іргетасын нық қалауға сеп болды.
      Осылайша, озат шәкірт атанып, тұлғалық және адами қасиеттерін жан-жақты дамыта отырып, аталмыш мектепті үздік тәмамдап шығады. Жердің сәні – егін, ердің сәні – білім, заман – білімдінікі екенін түйсіне білген жасөспірім Ибрагим жоғары білім алуды мақсат тұтып, еліне қызмет етуді қарастырып, халыққа аса қажетті мамандық иесі атануды көздейді. Дертіне дауа іздеп, шартарапты шарлап кетуге дайын жандардың жанына жалау, ауруына шипа табар адам жанының арашашысы болуды жастайынан армандап, мұрат тұтатындықтан қызығынан қиындығы басым мамандықты саналы түрде таңдап, 1979 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтына емтихан тапсырады. Орта мектеп қабырғасында үздік оқығандығының арқасында білім дәрежесі жоғары екендігін дәлелдеп, жоғары оқу орнының студенті атану бақыты бұйырады. Жалпы, дәрігер мамандығын екінің бірінің таңдауға батылы бара бермейді. Себебі, білікті дәрігер болу үшін тек жоғары оқу орнын бітіру аздық етеді. Сезімталдық, үлкен жауапкершілік, ұқыптылық әрі күн сайын жаңа нәрсені білуге, үйренуге асық болу арқылы бұл мамандықты меңгеріп, шыңына шығуға мүмкіндік бар. Шалғайда жатқан ауылдан тек өзінің қарым-қабілетіне және бойындағы біліміне ғана сеніп келген жас жігіт көпке бұйыра бермейтін бақтың өз басына қонғанын бағалап, мұнда да білімділігі мен ыждаһаттылығын танытып, пәндер бойынша үздік үлгерімге оқып, өзін тек жақсы жағынан көрсетуге ұмтылды. Оқу ордасында өткізген әрбір сәтін алдағы өміріне, еңбек жолына қажетті ілім-білімді жинақтауға жұмсауға тырысып, студенттік шақтың бел ортасында жүрді. Қиындықтан қашпады, керісінше, олар арқылы жігерін жанып, алға бұрынғыдан өршелене ұмтыла түсті.Оқу озаты ғана болып қоймай, қосымша тапсырылатын қоғамдық тапсырмаларды да еркін орындап, белсенділігін танытып, ұйымдастырушылық қабілеттен де құр алақан еместігін байқатты.Негізі жоғары оқу орнында озат студент атану әрбір адамның қолынан келе бермесі анық. Асқан дәлдік пен мұқияттылықты екі есе талап ететін медицина саласының студенттері үшін барлық пәндерден үздік үлгерім көрсету бір-екі адамның ғана қайталайтын жетістігі іспеттес. Осындай үздік үлгерімі мен қоғамдық белсенділігі арқасында «Лениндік стипендия» иегері атанды.Соншама жылдар жақсы оқығандығының нәтижесінде, 1985 жылы институтты үздік аяқтап шығысымен, Мәскеу қаласындағы КСРО Медицина академиясының Ленин және Еңбек Қызыл ту орденді Педиатрия ғылыми-зерттеу институтына «Балалар хирургиясы» мамандығы бойынша клиникалық ординатураға түседі. Мұнда да тынымсыз іздене жүріп, мамандығының ұңғыл-шұңғылына көзі қанығып, құпиясына бойлай берді. 1987 жылы Семей мемлекеттік медицина институтының «Балалар хирургиясы» кафедрасына жұмысқа жіберіліп, аймақтағы балаларға хирургиялық көмек көрсету деңгейін жетілдіру бағытында сүбелі еңбек етті. Мамандығын шыңдаумен пара-пар ғылыми зерттеу жұмыстарына белсенді араласып, 1989 жылы «Балалардағы ректоуретральды фистулалардын хирургиялық емдеу және оның анатомо-функциональді нәтижелері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болып, мерейі өсе түсті. 
      Семей қаласында жемісті еңбек етіп жүргенінде 1991 жылы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Түркістан Мемлекеттік (қазіргі Халықаралық Қазақ-Түрік) университетінің ашылуына байланысты осы өңірдің тумасы әрі білікті маман ретінде медицина факультетінің доценті қызметіне шақырылады. Алғашында хирургиялық аурулардың күтімі бойынша курс ұйымдастырып, дәріс жүргізеді. Кейінірек ол курсты «Хирургиялық аурулар» кафедрасына айналдырады. Университеттің аталмыш кафедрасы Кентау - Түркістан аймағының хирургиялық қызмет сапасын арттыру бағытында қажырлы еңбек етіп, әдістемелік-тәжірибелік орталыққа айналды.
      1995 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы аттестациялық комиссиясы Ибрагим Ақжолұлына медицина доценті ғылыми атағын берді және сол жылы ол хирургия мамандығы бойынша жоғары санатқа ие болды. Жеткен жетістігінде тоқтап қалуды місе тұтпайтын азамат ізденістік жұмыстарын жалғастырып, 1996 жылы А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығына «Хирургия» мамандығы бойынша докторантураға түсіп, білімін жетілдіре жүріп, нәтижесінде 1998 жылы «Бауырдың диффузды ауруларын хирургиялық жолмен емдеу» тақырыбында докторлық диссертация жазып, оны сәтті қорғап шығып, медицина ғылымдарының докторы дәрежесіне ие болады. Диссертациялық жұмыста ұсынылған бауыр ауруларын емдеудің заманауи - аз инвазивті тәсілдері клиникалық тәжірибеге ендіріліп, декомпенсациядағы науқастарды бауыр трансплантациясына сатылы түрде дайындау жолдарын ұсынды. 
      Білікті де білгір маманның ғылыми дәрежесі жоғарылаған сайын сұранысқа бұрынғыдан да қатты ие болып, 1999 жылы Қазақстан медицина институтына (казіргі Қазақстан-Ресей медицина университеті) жұмысқа шақырылады. Осы білім ордасында 2012 жылға дейін «Жалпы хирургия» кафедрасын басқарды. 2003 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы аттестациялық комиссиясы білікті оқытушыға медицина профессоры ғылыми атағын берді. 2000-2006 жылдар аралығында негізгі жұмысымен қатар университет ректорының клиникалық жұмыстары бойынша проректоры қызметін атқарып, оқу орнының клиникалық мамандар дайындаудағы беделін асқақтата білді. Осы жылдары мыңдаған мамандар дайындап, отанымыздың медицина саласының заманауи дамуына ерен үлесін қосты.
      2012 жылы Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми медицина орталығының хирургия бөлімінің жетекшісі қызметіне шақырылады. Мұнда Орталық және Солтүстік Қазақстан өңірінің хирургиялық көмек көрсету деңгейін әлемдік дәрежеге көтеруде сүбелі еңбек етеді. Лапароскопиялық, торако-абдоминальдық, эндокриндік хирургия, онкология мен трансплантология салаларын дамыту жолында қажырлы еңбек етті. Сөзге сараң, іске мығым, қашанда жаңалыққа жаны құмар азамат бүгінде медицинадағы ең соңғы технологияның бірі – лапораскопияны да жетік меңгеріп алған. Яғни, адам ағзасындағы өт жолдарына денені кеспей, монитордан көріп тұру арқылы ота жасай береді. Бұл жөнінде де оның есімі жақсы аталады.
      Кәсіби қызметі барысында Ибрагим ағамыз беделді оқу орындары мен емханаларда үнемі біліктілігін жетілдіріп отырады. Олардың қатарында Германия, Оңтүстік Корея, Ресей, Белорусь мемлекеттері және еліміздің жетекші клиникалары мен оқу орындары бар. Тек ағартушылық салада ғана қызмет етпей, дүниедегі ең ізгі мамандық делінетін дәрігерлікті жанымен қалап алғанынан кейін, сырқат жанға жәрдемі тиіп, оның сауығып кетуін алғы кезекке міндет етіп қойғанынан кейін, бәрін де үлкен жауапкершілікпен, әрі сапалы атқаруға тырысып, 13 000-ға жуық күрделі операциялар жасаған. Осындай сәттерде өзіне артылатын айрықша сенім, үлкен үмітті толығымен ақтап шықты. Кез-келген отаның оңайы болмайтынын біле тұра осы қиын салаға маманданғандықтан  оташылық жұмысында үздік нәтижелерге ие болған. Ғалым ретінде 120-дан астам ғылыми-тәжірибелік еңбектері және оншақты студенттер мен дәрігерлерге арналған әдістемелік құралдары жарық көрген. 20-дан астам жаңалықтар мен өнертапқыштық патенттердің авторы. 
      2017 жылдың ақпан айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан) Денсаулық сактау басқармасының шақыруымен ҚР Тұңғыш Президенті Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Туған жер» үндеуін жүзеге асыру мақсатында, ең алғаш (әзірше жалғыз) ғылым докторы, профессор болып, Астананы, беделді де мансапты жұмыс орнын тастап, туған Сарыағаш өңіріне қайта оралып, орталық аудандық ауруханасының тізгінін қолға алды. Бұл ұсыныс бар еңбегiн туған жерiне арнасам деген арманына жақындатты. Бір жарым жыл ішінде аталмыш емдеу орнын облыстың алдыңғы қатарлы ұжымына айналдыра білді. Бұл мамандық өте үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап етеді. Себебі, денсаулық адам  өміріндегі ең қымбат байлығы болғандықтан, оның кері кетуіне түрткі болған дәрігер   қателігін ешкім де кешіре қоймас. Бұл мамандыққа келген соң, кез - келген жанға қол ұшын созуға дайын болу керексің. Ең бірінші кезекте алдыңа келген науқастың көңілін табу керек. Сосын жанын қинаған ауруды дөп басу – ең қиын шаруа. Әсіресе, дертіне шипа іздеп келген адам – бала болса, тіптен қиын. Өйткені, ол өзінің дәл қай жері ауырып тұрғанын нақты айта алмайды. Сол себепті  дәрігермен қоса психолог болуға да тура келеді. Әрине, өз ісінің маманы осы айтқан дүниелерді оңай іске асыра алды. 
      Бүгінгі таңда, Шымкент қаласының республикалық мәртебе алып, емдеу мекемелерінің бөлінуіне байланысты, 2018 жылдың шілде айынан бері қалалық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты №3-ші қалалық аурухананың басшылығына келіп, ұжымның атқарып жатқан қызметтерін республикалық деңгейге жеткізу бағытында жемісті қызмет етіп келеді.
      Барлық саналы ғұмырын игі іске арнап, адам жанына араша түсуімен қатар медицина саласы үшін білікті мамандарды тәрбиелеп, даярлауға жұмсап келе жатқан атпал азаматтың елеулі еңбегі ескерусіз қалған емес. Ол кісі көптеген аудандық, облыстық, республикалық деңгейлердегі «Алғыс Хаттар» мен «Құрмет Грамоталарынан» бөлек кәсіби қызметтегі шоқтығы биік марапаттардың да иегері. Атап айтсақ, 2006 жылы  «Қазақстан Республикасы денсаулық ісінің үздігі» төсбелгісі кеудесінде жарқыраған. «Ұлттық Медициналық Ассоциация» республикалық қоғамдық бірлестігінің ең жоғары дәрежелі марапаты – «Алтын Дәрігер» төсбелгісімен марапатталған.Сонымен қатар, «Ерен еңбегі үшін» медалінің де иегері болып табылады. 
      «Ауырып жазылған жан – олжа, жоғалып табылған мал – олжа» демекші, адам үшін ең басты орында тұратыны әрине, денсаулық. Осы «олжаны» бізге сыйлайтын, оны ауырлықтан шығарып алып беретін медицина қызметкерлерінің бірі де бірегейі, адам денсаулығының сақшысы, өзінің ақ адал еңбегімен көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүрген Ибрагим Ақжолұлының қаншама жанның өміріне арашашы, дертіне дауа табушы бола беретіндігіне әрқашан сенім артамыз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости