Науашева Анна Аманғалиқызы

Рейтинг:
СӘБИЛЕРГЕ ШАТ КҮЛКІ СЫЙЛАҒАН

      Балтырың сыздап бара қалсаң, ем-домын жасауға ұмтылатын дәрігерлер туралы, бүгінгі заманда аман-сау қалу үшін алдына жиі баратын жандар туралы жазудың өзі бір мәртебе. «Гиппократ» антына адалдық таныту үшін, күндіз-түні өз міндетін атқарып, алдына ем іздеп келген жанның тәні мен қоса жанын да емдеу – ақ халатты абзал жандардың бірден-бір борышы. Осындай, бр елдің емес, әлемнің назарын өзіне аударып, шарасыздық күйге түсіріп жатқан кеселдің алдын - алу үшін барын салып, еңбек етіп келе жатқан, Алладан кейінгі адам жанының арашасы болған алтын қол, алтын жүректі жандар туралы айтпақшымыз. 
      «Сенің табаныңа кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» - деп, сәбиінің амандығы үшін тілегі таңдайынан түспеген ата-аналардың алғысын алып, кұлімкөз бүлдіршіндердің езуіне күлкі үйіріп, жанына шипа жасап жүрген, 40 жыл бойы мол тәжірибе жинақтаған балалар дәрігері болып келе жатқан Науашева Анна Аманғалиқызы құрметтеуге лайықты жан. Шаңырақтың шаттығына айналған балаларды емдеп, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қосып келе жатқан Анна Аманғалиқызы 1958 жылдың тамыз айының 22 жұлдызында көршілес Астрахан облысы, Карабалинск ауданы, «Речно» селосында дүниеге келді. Тәлімі мен тәрбиесін аямай, өнегеліліктің үлгісін көрсеткен ата-анасы Аманғали мен Зарихан байырға колхозшылар еді. Ұжымдаса тіршілік етудің үрдісі ауыл тіршілігін жолға салып тұрған кез, егіс даласына ертемен кетіп, кешке келеді. Отбасындағы сегіз баланың үлкені болғасын, бала болса да үйдің ішкі шаруалары Аннаның мойнына жүктелетін. Қазіргідей шекара бөлінісі жоқ, қазақ елімен қойы қоралас жатқан жері балалығын өткізген ол еңбекқор, адал, қайырымды жандар балаларына қазақи тәрбие мен ата - баба дәстүрін сіңіріп өсіруге тырысқан ата-анасына деген құрметі ерекше болды. 
      Ата-анасы жұмыс барысында орыс тілін көп қолданып, Анна мектепте орысша оқығанымен үйде негізінен бәрі ана тілінде сөйлеп, қазақша журналдар оқып, теледидардан ұлттық бағдарламаларды тамашалап өсті. Әулеттің әрін кіргізіп, еңбексүйгіш болып өскен берекелі шаңырақтың  ұл – қыздары жоғары білім алып, сан алуан мамандық  иелері атанды. Бүгінгі күні бәрі де отбасылы, жан – жақта  тұрғанымен өзара хабарласып, мерейлі сәттерде жиналып бас қосады.      Астрахан медицина институтының педиатрия факультетін ойдағыдай аяқтап, 1981 жылы жолдамамамен Атырау қаласындағы Теміржол ауруханасында балалар дәрігері болып алғашқы еңбек жолын бастады. Буыны қата қоймаған балаға ем-дом жасау әрине оңай іс емес, оның үстіне қызметтік жауапкершілік өз алдына. Жоғарғы оқу орынында оқып келгенін іс жүзінде қолданған Аннаның сол кездің өзінде-ақ жап – жас қыздың қайсарлығы мен білімдарлығы байқалып тұрды. Шалғай жатқан ауылдар түгілі сол кездері қала орталығында да білікті мамандар мен дәрігерлер жетіспеуші еді. Жаспын демеді оқығаны мен көргенін дертке қуат етіп, дәрігерлер жетіспеушілігінен уақытының көптігін емдеу мекемесінде өткізіп жүрді. Бірақ, бұл өз ісінің білікті маманы болуды қолға алып, уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген жас маман үшін үлкен өмір мектебі болды. 
      Осылайша, өз тегершігінде айналған уақыттың жетегінде жүріп, дәрігерлік салада қызмет етіп, тәжірибесін шыңдаған Анна Аманғалиқызы еңбек жолында учаскелік дәрігерден, бөлім меңгерушісіне дейін көтеріліп, ұжымда білікті маман атанды. Теміржол емханасының меңгеруші қызметінде де біраз іс атқарды. Еліміз Тәуелсіздігін алған жылдарда медицина саласындағы қайта құрулар мен жаңғырту жұмыстарына белсене араласып, өз үлесін қосты. Осы бір өткен туралы айтсақ аттап өте алмайтын асудай болған тоқырау жылдары жалақы алмаса да, дәрігерлердің Гиппократ антына адал болып, өзіне жүктелген міндет пен тапсырмаларды бұлжытпай орындап, ем іздеп келгендерден көмегін аямады. 
      Табалдырықтан аттаған 21 ғасыр өзімен бірге нарықтық заманның қамшысын қолына іліп, жеке кәсіпкерліктің көзін ашты. Ауылшаруашылығы, және сауда  саласымен қатар дамыған жеке медицинаның да сапасы, қызмет көрсетуі артты. 2010 жылы сәуір айында өз мамандығына деген шынайы сезім Аннаны жеке кабинет ашып, тұрғындарға жаңаша  қызмет көрсету жұмысына алып келді. Бұл кезде ол әбден ысылған, тәжірибе жинақтап, балалар дәрігері ретінде жұртқа танылған маман еді. Өзінің біліктілігін арттырып, сала саңлағы атанаған дәрігер Мәскеу облысының Иваново, Санкт - Петербург, Ташкент қалаларында санаттылықты көтеретін курстар оқып, Алматы, Ақтөбе қалаларында біліктілігін жетілдіріп, әлденеше рет ТМД елдерінің балалар дәрігерлері конференцияларына да қатысты. Сонымен қатар, медицина саласында беті ашылмай, бүркеулі жатқан, өз саласының кемшілік тұстарын толтыру мақсатында зерттеулер жүргізіп, жергілікті баспасөз беттеріне балалар денсаулығы бағытында кеңестік мақалалар да жазды. 
      Қолына алған қандай істің де қиыншылығына қарамай, қаншама күрделі болса да табандылық таныта отырып жеңіп шығатын қайсар да қажырлы Анна Аманғалиқызы Атырау қалалық  № 3 емханада учаскелік дәрігер бола жүріп, заман өзгерістеріне  орай мамандығын жеке кәсіпте жаңашаландыра білді. Өзгелерге ұқсамайтын, ем алушыға мол мүмкіндіктер мен жағдай жасайтын өзгерістерінің бірі – көп қабатты үйдің пәтерін оңтайландырып ашқан «Нәресте» кабинетінде он алты жасқа дейінгі балаларды қабылдауы еді. Қаралуға тапсырыс телефон  арқылы алынады. Сөйтіп, қабылдауға уақыты белгіленіп, әр қаралушы кезекке тұрып уақыт жоғалтпай белгіленген сағатымен келіп тексеріледі. Кезекке тұрудың машақаты көп бүгінде, бұл кішкентай сәбилер үшін де, олардың ата - аналары үшінде бұл өте тиімді болатын.
      Кабинетте бала денсаулығын тексеруге қолайлы жағдайдың барлығын жасап, заман талабына сай жабдықтармен толықтырып, әр балаға ерекше мән беріп, ем-домында мейіріммен, махаббатпен жүргізе білді.  Қажет жағдайда арнаулы бөлмеден процедуралық ем де ала алады. Осында қаралып жүрген балалардың мәліметтері компьютерде базалық жинақталып, тіркеледі. Жоғары категориялы балалар дәрігері Анна Аманғалиқызын қай уақытта да балалар денсаулығына қатысты мәселелердің бәрі толғандырады. Әсіресе, қан аздық, жүйке жүйесі, рахит, вирустық инфекция ауруларының аз еместігін айтып, мұндай ауруларды болдырмау  үшін болашақ ана болатын қыздарымызды отбасылық өмірге алдын - ала даярлау қажеттігін сөз етеді.
      Сонымен қатар, бір перзентке зар болып, сәбидің жұпар иісін аңсап жүрген ерлі-зайыптылар мен жаңа отау құруға ниеттенген жастардың тексерулерден өтуіне жағдай жасаған Анна Аманғалиқызы: «Тұқым қуалаушылық пен әр түрлі ауруға бейімшілдікті анықтайтын бағдарламалы бірнеше зертханалар жұмыс істейді. Олай болса, ерлі -зайыптылық өмірге қадам басарда жарық дүниеге келетін үшінші жанның да болашағына жауапкершілікпен қарайтын саналы көзқарасты қалыптастыруымыз керек! Дені сау ата - ана өмірге дені сау нәресте әкеліп, ұрпақтың денсаулығы мықты болып жетілетіні ежелден аян. Мұны ата - бабаларымыз жақсы білген, енді соны қазіргі заманда да ұстану қажеттігі ел болашағының қамы» -деп, қоғамның өзекті мәселесіне айналып келе жатқан аурулардың да ем-домы бар екенін айтады. 
      Жүк  ауырын  көтерген   қара  нардай,  қай   салаға барса да  қолына  алған ісінің бойына қан жүгіртіп, өз ісінің шебері болып қана қоймай қолынан келген ем-домын халықтан аямай қызмет көрсетіп келе жатқан Анна Аманғалиқызы өз кабинетінде жас аналарды сәбиімен қабылдау кезінде Анна Аманғалиқызы оларға пайдалы кеңестер беріп, қажетті кітапшалар мен парақшалар таратып отыруды әдетке айналдырған. Бұл – бұлттан кейінгі шыққан күн сәулесіндей, бала денсаулығынан бейхабар, бала күтімін қалай жасау керектігі туралы жазылған парақшалар арқылы ата-аналардың салауаттылықы ұстанып, медициналық сауаттылығын арттыру еді. 
      Кезінде «Денсаулық автопойызымен» елді - мекендерді аралап, ауыл, село тұрғындарына көмегімізді де беріп   жүрдік. Бұл өмірде адамдар алғысынан артық қандай марапат бар. Мен балалар дәрігері мамандығыммен елімнің болашағына мол үлес қосып келе жатқанымды мақтаныш етемін – деген бала денсаулығының бағбаны Анна Науашева ортада қызметімен қадірлі жан. Денсаулық сақтау саласында қызмет ете жүріп, бала өмірімен біте қайнасқан дәрігердің сала бойынша және жергілікті әкімшілік, билік тарапынан алған «Мақтау Қағаздары» мен «Құрмет Грамоталары» баршылық. Ішінде, негізгілерін атап өтер болсақ, 2010 жылы Төтенше жағдайлар министрлігі атынан «Алғыс Хат» еншілесе, 2018 жылы Атырау облысының әкімі атынан «Алғыс Хатпен марапатталып,   2020 жылы 
      «Денсаулық сақтау  ісінің үздігі» төсбелгісі кеудесіне тағынды. 
       Самарқау тартқан сәби жүзіне күлкі үйіріліп, жанарынан жалын отын ұшқындатқан балалар дәрігері  Анна Аманғалиқызы, құрылыс саласында еңбек етіп жүрген, парасатты, шаруақор, жан дүниесі жомарт жан, өмірлік жары Ораз Қаламқалиевті өзінің пірі тұтады. Отбасының арқа сүйер азаматы, тамырын тереңге жіберген шайқалмас алып бәйтерегі Ораз екеуінің Асхат, Фархат есімді ат жалын тартып мінген, айбынды да, абыройлы ұлдары бар. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» - демекші, әкенің адалдығы мен еңбекқорлығын бойына сіңіріп өскен қос перзенті, әкесінің жолын қуған құрылысшы-инженерлер. Үлкені Асхат пен бойынан имандылық пен ибалық көрініп тұрған келіні Самалдан өрбіген Аяна, Азат немерелерінің бал тіліне тамсанып, қызыққа бөленуде.Бала дәрігері болу үшін адам бойында мейірбандылық, шынайылық, кіршіксіз тазалық қасиеттері керек, өз мамандығын бар болмысымен қалау және бар. Себебі, бала жаны бәрін сезіп тұрады. Жоғары категориялы балалар дәрігері Анна Науашева міне, осындай сәбилер сенімінен табылған құрметті жан.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости