Камалбаев Амангелді

Рейтинг:

Жанұя дәрігері

      Шерхан Мұртазаның «Дәрігердің үшінші қаруы»,- деген әңгімесі бар. Бұл шығармаға сонау Әбу Әли Ибн Сина дәуірінен тамыр тартатын «Дәрігердің үш қаруы бар: қандауыр, шөп және сөз», – деген қанатты қағида түрткі болған екен. Арқаның ақ бораны ұйтқып тұрған қаһарлы қыстың бір күнінде ауық-ауық кассаға келіп: «Көктоғайға самолет қашан ұшады?» – деп сұрайтын Әшім деген дәрігер Сырға деген келіншекті шынайы көңілімен, ыстық ықыласымен емдейді. Әңгіме соңында Әшім дәрігер сол дәріні тауып, Көктоғайына қуанышпен ұшып кеткені баяндалады.
      Иә, дәрігер адам жанының арашашысы деп бекер айтылмаса керек-ті. Ал отбасылық дәрігер дегеніміз – әмбебап дәрігер.Ол педиатр, терапевт, акушер-гинеколог, хирург секілді барлық медициналық қызметті атқара алады. Мәселен, кез - келген отбасы өзінің қалауы бойынша белгілі бір отбасылық дәрігерді таңдайды. Дәрігер сол отбасының барлық мүшелерінің денсаулығын қадағалап, қажет кезінде медициналық көмек көрсетіп, емдейді. Ауру түрлерін зерттеп, медициналық көмек көрсетеді. Күрделі жағдай болса, тиісті медициналық орталықтарға тексертеді. Бұндай медициналық қызмет түрі дамыған елдерде жүйелі жолға қойылған. Отбасылық дәрігерлер қызметін жүзеге асыру бұрыннан бері қолға алынған. Әңгіме арқауы болып отырған Амангелді Сапарбайұлы бүгінде жұбайымен бірге отбасылық дәрігерлер. 
      Камалбаев Амангелді Сапарбайұлы 1973 жылы қазан айының 17 жұлдызында Қарақалпақстан Республикасы Әмудария ауданы, Қытай ауыл советі, XXII партсеьзд колхозында дүниеге келді. 1980 жылы Н.Г.Чернишевский атындағы орта мектепке 1-сыныпқа барып, сол мектептен 1990 жылы 11-сыныпты бітіріп шықты. Еңбек жолын 1990 жылы XXII партсъезд колхозында тракторист болып бастады. Қандай жұмысқа болса да ебі бар Амангелдінің арманы медицина саласының маман болу болатын. Мектепті ойдағыдай бітірген ол 1991 жылы Нөкіс медициналық училищесіне емдеу ісі бойынша оқуға түсіп, оны 1994 жылы бітіріп шықты. Сол жылы тамыз айында Әмудария аудандық орталық ауруханасына фельдшер прозектор болып жұмысқа орналасты. Ал 1995 жылы аудандық ауруханаға қарасты Хорезм ауылдық амбулаториясына амбулаториялық фельдшер болып ауысты. 1997 жылы аудандық ауруханаға қарасты Өзбекстан ауыл аймақтық ауруханасына медициналық статист болып жұмыс істеді. Жан-жақты тәжірибе жинақтап, аға дәрігерлерден тәлім алған Амангелді өз саласында әжептәуір белестерді бағындырды. Аз уақытта жеткен жетістіктері де болды. Алайда, ақ халаттың киесін түсініп, оның иесі болудың қандай жауапкершілік жүктейтінін де білді. Жатпай-тұрмай білімін жетілдіріп, жаңалықтарға құлақ түре жүріп, мезгіл сайын біліктілігін арттырып отырды. 2005 жылы маусым айында Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Қаракөл ауылына көшіп келген ол сол жылы желтоқсан айында Қандыағаш қаласына жұмыс іздеп келіп, Мұғалжар ауданының орталық ауруханасына рентген лаборант болып жұмысқа орналасады. Аталмыш ауруханада 2018 жылдың қараша айына дейін жұмыс жасайды. Ал 2018 жылдың желтоқсан айында Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласынан жеке «Нұр-Шипа» медициналық орталығын ашып, 2019 жылдың ақпан айында алғашқы медициналық қызмет көрсету саласы бойынша мемлекеттік лицензиясын алып өзінің жеке кәсібін бастады. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында бір айлық «Бастау Бизнес» курсын, «Іскерлік байланыс» жобасының бір айлық курсын оқып алып, қолға алған кәсібін жалғастырды. 2020 жылдың наурыз айында қалааралық такси қызметін ашып, ел игілігі жолындағы жұмыстарын жүргізді. 13 адамды жұмыспен қамтып, ел алғысын арқалап күні бүгінге дейін абыроймен қызмет етіп жүр.
      Амангелдінің жұбайы – жалпы тәжірибелі дәрігер. «Нұр-Шипа» медициналық орталығында жалпы тәжірибелі дәрігер қызметі көрсетіледі. Сонымен қатар, ересектер мен балалар неврологиясы, ультрадыбыстық диагностика, ерлерге және әйелдерге медициналық массаж жасау қызметі, ерлерге және әйелдерге физиотерапиялық емдеу қызметі, ем-шара және күндізгі стационар қызметі, оксигенотерапия қызметі, кислородты коктейль қызметі, галотерапия (тұзды шахта) қызметі, вакуумды-банкалы массаж қызметі көрсетіледі. 
      Халық саулығын түзетіп, аурудың алдын алу – ақ халатты абзал жандардың негізгі міндеті. Олардың еңбектерінің жоғары дәрежеде бағалануы, үлкен марапатқа кенелуі қызметіне деген қызығушылықтарын арттырып қана қоймай, күш-қуат, қайрат-жігер беретіні сөзсіз. Рас, адам ауырмайынша денсаулықтың қадірін түсінбейді. Көп жағдайда науқастардың өзі сырқатының себептерін жасырып, дәрігерге ашығын айтпай жататыны бар. Науқасым қалай болады екен деген қорқыныш болса, біреулерінің емделіп, қаралуға уақыты болмайды. Тынымсыз тіршілікте кім - кімге болмасын уақыт алтыннан қымбат. Ал жанұялық дәрігер уақытыңмен де санасады, ауруыңды емдеп, жазылып кетуіңе де жәрдемші бола алады. Жанұялық дәрігер аты айқындап тұрғандай ол баланы да сүндеттейді, сынықты да салады, әйелді де босандырады. Аспандап кеткен қан қысымыңды да әп-сәтте түсіріп береді. Терапевт те, хирург те, окулист те, лор да, психолог та, нарколог та, гинеколог та бір өзі. Қысқасы, бір өзі бір аурухана деуге болады. Тіпті, кішігірім операцияны қиналмай жасай береді. Иә, инемен құдық қазғандай, адам өміріне жауапты маман болу – оңай емес. Ақ халатты жан әрқашан антына адал, ісіне тиянақты болуы шарт. Уақытпен, ауа-райымен санаспай жұмыс жасағанда ғана халық игілігі жолындағы мақсат-мүддесіне жетеді. Шер-ағаның әңгімесіндегі Әшімдей өз емделушілеріне жылы сөзбен дем беріп, жүректеріне үміт сәулесін жағып жүрген Амангелді Сапарбайұлы – бүгінде жұбайымен бірге төрт ұл өсіріп отырған ата-ана. Барлығы да жоғарғы оқу орнында оқиды. Білімді де білікті дәрігер, өз саласын жетік меңгерген азаматтың осындай жарасымды тіршілік баянына береке тілейміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости