Жақсыгелдіқызы Гүлжан

Рейтинг:
Ана мен сәбидің қамқоршысы

      Дүниежүзі бойынша бұрын - соңды болмаған, кең көлемде таралып, өлім қаупін төндіру деңгейі өте жоғары болған жұқпалы инфекцияның таралуы – жер бетіндегі барлық адамзатты алаңдатып отыр. Өткен жылғы карантиндік режим кезінде отандық медицинамыздың қазіргі таңдағы жағдайының қандай екеніне көз жеткіздік. Осындай қысылтаяң шақта біздің дәрігерлеріміз өздерінің білімдері мен ерік - жігерінің арқасында қарсы егілетін вакцинасы табылмаған аталмыш жұқпалы вирусқа қарсы қаншама қиындықтарға төтеп бере білгенінің куәсі болғанымыз рас. Әлем халқын дүр сілкіндірген пандемия медицина мамандарының қадірін баршамызға түсіндіріп бергендей. Осы ретте саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына сүбелі үлес қосып келе жатқан «Айнұр» медицина орталығының негізін қалаушылардың бірі, акушер-гинеколог және УДЗ дәрігері – Абдурахманова Гүлжан Жақсыгелдіқызы жайында сөз етпекпіз. Гүлжан Жақсыгелдіқызы 1971 жылы 2 желтоқсанда Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Бостандық ауданының Абай ауылында дүние есігін ашқан. Асқар тау әкесі Бимурзаев Жақсыгелді ағамыз – сол Абай ауылының төрағасы, аяулы анасы Орынбаева Ұлбике – мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет жасаған ұлағатты ұстаз. Қарапайым қазақ отбасында, құт қонып, кие мен қасиет дарыған үлкен әулеттің қарашаңырағында өмірге келіп, ата-анасы мен бауырларының ортасында еш алаңсыз, уайымсыз бойжетеді. 
      Қазақтың бас ақыны Абай атамыз өзінің қара сөзінде: «...Адам баласы өмірге екі түрлі мінезбен келеді. Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп, екіншісі – көрсем, білсем, үйренсем деп келеді», - деп айтқан екен. Әкесінің ерке қызы болған Гүлжан Жақсыгелдіқызы қаршадай кезінен-ақ өзін қоршап тұрған табиғаттағы тылсым жайттарға назар салып, әр түрлі жанды - жансыз дүниелердің құпиясын сезінуге деген ынта-ықыласы ерекше болады. Барлық балаларының бір-бір мамандықты жоғары дәрежеде меңгерген мықты кәсіби маман болуын, өмірден өз орындарын таба білетін толыққанды азамат болып қалыптасып шығуын бар жан-жүрегімен қалайтын көзі ашық, көкірегі ояу ата-ана №33 Амангелді атындағы орта мектептің табалдырығын 
      Гүлжанға 1977 жылы аттатады. Жастайынан көрген нәрсесінің құпиясын ашып, барлық дүниенің сырын ұғынып алуға бейіл болған бала Гүлжан мектеп ішінде немесе аудан, облыс көлемінде жиі-жиі өтіп жататын білім бәйгелері мен спорт додаларының барлығынан дерлік топ жарып келіп жүрді. Әсіресе, биология, химия және математика пәндері бойынша өткізілетін пәндік олимпиадалар мен қоғамдық-мәдени шараларға белсене араласады. Мектеп бойынша ең үлгілі шәкірттердің алдыңғы сапынан көрініп, мектеп мақтанышына айналып үлгерген оқушы қыз сегізінші сынып оқып жүрген кезінде Дүниежүзілік «Артек» пионер лагеріне Бостандық ауданы бойынша бірінші болып жолдама алады. Бұл дегеніміз – Гүлжанның тек қана мектеп емес, аудан көлеміндегі ең үздік оқушы болғанын аңғартады. Еліктің лағындай сүйкімді қыз бүтіндей Абай ауылының мақтанышы атанып, ауыл тұрғындарының алғысына бөленді. 1987 жылы Амангелді атындағы №33 алтын ұя мектебін қатарының алды, ұстаздарының мақтанышы болып, ата - анасының абыройын асқақтатып «Алтын белгімен» бітірген соң, болашақ мамандығын дұрыс таңдау мақсатында ата-анасымен, ұстаздарымен ақылдаса келе өзінің жүрек қалауына мойынұсынып, дәрігер мамандығын алу үшін риясыз көңіл мен аппақ арманның соңына еріп, Ташкент қаласына жол тартады. 1988 жылы Ташкент медицина мемлекеттік институтына құжаттарын тапсырып, емтихан сынақтарының барлығынан ойдағыдай өтіп, жоғары оқу орнына студент болып қабылданды. Институт табалдырығын аттай салысымен бар күш-қайраты мен зейінін сабақтарын тыңғылықты орындауға салады. Медицина секілді адам өміріне жауапты болатын өте күрделі саланы меңгеру жолында нәзік жанды қыз бала ауыр қиыншылықтар мен мехнатты оқуға шыдас беріп, үлкен профессор ұстаздарының лекция дәріс-терін жібермей тыңдауға тырысқан. Өз саласының нағыз шебер маманы болуы үшін күн-түн демей еңбек етіп, талай ұйқысыз түндерін өткізіп, өне бойындағы жастық энергиясын еш аяп қалмастан сарқа жұмсайды. Өз мамандығы бойынша жүргізілетін барлық сабақтардан болатын сынақтарды үздік бағаға тапсырған Гүлжан ұстаздарының жылы лебізі мен үлкен сеніміне ие болды. Үздік үлгерімі үшін 1995 жылы «акушер-гинеколог» мамандығы бойынша бір жылдық интернатураға жолдама алады. Жеті жылға таяу уақытын сарп еткен оқуын абыроймен тәмамдап, 1996 жылы қанша уақыт төгілген терінің өтеуі мен қайтарымындай болған дипломын қолына алады.
      Оқуын аяқтай салысымен, акушер-гинеколог мамандығын жоғары дәрежеде меңгерген маман ретінде өзінің жанына жақын әрі ыңғайлы жұмыс орнын іздестіре бастайды. Іздегенге сұраған дегендей, бірден Ташкент қаласындағы №26 қалалық емханаға өз мамандығы бойынша жұмысқа қабылданады. Жаңа жұмыс орнындағы әріптестерімен тығыз әрі жылы қарым-қатынас орнатып, өзінің мамандығын кәсіби деңгейде меңгерген мықты маман ретінде бой көрсете біледі. Емхана басшылығы да жас маман бойындағы сарқылмас жігер мен қайраттың бар екендігін аңғарып, маңызды тапсырмалар мен міндеттемелерді жүктеп отырады. Жұмыс барысында жаңа бастамалар мен креативті идеяларды әріптестерінің талқысына қойып, ойға алынған және жасалуы тиіс жаңа жобаларды жүзеге асыруда асқан білгірлік пен мол тәжірибесі бар кәсібилігімен танылады. Жас болғанына қарамастан, аз уақыт ішінде үлкен ұжымдағы әріптестерінің құрметі мен сыйластығына бөленіп үлгереді. 
      Ташкент қаласындағы аталмыш қалалық емханада 1996 жылдан 2005 жылға дейін он жылға таяу уақыт табан аудармастан бойына біткен күш-қайратын өлшеусіз жұмсап қызмет қылады. Осы уақыттар аралығында жолдасы екеуі тарихи отандарына қайту турасындағы ойға келеді. Сонымен, тәуекел түбі жел қайық деп, аталары мен әжелерінің жаны байыз тапқан туған өлкелеріне қоныс аударып, Алматы қаласына келіп тұрақтайды. 2006-2008 жылдар аралығында Алматы қаласындағы акушер-гинекология ғылыми зерттеу институтының клиникалық ординатурасында оқиды. Содан соң, Алматы қаласындағы №15, №3, №31 емханаларда акушер-гинеколог, УЗИ дәрігері және әйелдер кеңесінің бөлім меңгерушісі сияқты қызметтерді абыроймен атқарды. Атқарған қызметтерінің барлығында өне бойына әкесінің қаны мен анасының сүті арқылы дарыған темірдей төзім мен салқын сабырдың арқасында жұмыс барысында жиі орын алып тұратын қиыншылықтар мен келеңсіздіктерге лайықты түрде төтеп бере алды. Өз жұмысы мен мамандығына жан-жүрегімен берілген жан қиын сәттерде сынып кетпей, ана мен сәбидің өміріне төнген қауіпке қарсы күресе білді. Адамның басқа адамға шамасының жеткенінше көмек қолын созуының артында үлкен мейірбан жүректің тұрғанын аңғару мүлде қиын емес секілді. Жан баласына қиянат қылып, адам баласының ақысын жеп көрмеген, ардың ала жібін аттамайтын Гүлжан Жақсыгелдіқызы әр күн сайын кемінде бір жақсылық жасауды өзіне меже етіп қойған жан десек те болады. Осындай ер көңілді жанның шарапаты тиген талай науқас жандар Гүлжан Жақсыгелдіқызына өздерінің ақ баталары мен ақжарма тілектерін айтып, сырттай тілеуқор болып жүретіні анық.
      2016 жылы арқасүйер азаматы Қалыбек Абдуразакұлының көмегімен «Айнур» жеке медициналық орталығының жұмысын бастайды. Гүлжан Жақсыгелдіқызы осы орталықтың күрделі жұмысын күн - түн демей басы-қасында жүріп, көптеген бастамаларға мұрындық бола білді. Нәзік жанды әйел адамның осындай ер азамат арқалайтын жүк пен жауапкершілікті еш қорықпастан арқалауы – нағыз ерлікке пара-пар. Бүгінде медициналық орталық орасан зор күш жұмсалудың арқасында сапалы қызмет көрсету жұмыстарын бір ретке қойып, талай науқас жандардың дертіне шипа табуына септігін тигізіп келе жатыр. Орталық Алматы қаласы Қарасай ауданының «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Қазіргі таңда орталықта диагностика және ем шаралары жүргізіледі. Гүлжан Жақсыгелдіқызы өз мамандығы бойынша орталықта бас дәрігер, акушер-гинеколог және УЗИ дәрігері қызметін атқарып келеді. Жұмыс барысында көптеген отбасының шаңырағын шаттыққа бөлеп, бала көтере алмай жүрген аналардың емделіп, нәрестелі болу бақытына себепкер болған жан. Сонымен қатар, әйел организіміндегі әр түрлі қабыну аурулары, қатерлі ісік ауруларының алдын алып, гармональдық өзгерістерді емдеу жұмыстарын жүргізеді. УЗИ бойынша барлық ішкі ағза ауруларына диагностика жасайды.
      Осы уақытқа дейін «Айнур» медициналық орталығында қаншама аналар өздерінің сәбилерімен аман-есен көрісу бақытына ие болды! Гүлжан Жақсыгелдіқызының өміріндегі ең үлкен қуанышы, ең үлкен бақыты – осы аналар мен сәбилер денінің саулығы. Қазіргі таңда жаны жайсаң жан өзінің қарашаңырағында азаматы мен перзенттерінің жанында басы аман, бауыры бүтін берекелі тіршілік кешіп жатқан жайы бар. Тұңғышы Алибек Қазақ-Британ техникалық университетінің магистратурасын аяқтап, докторантурасында оқып жатыр. Алибек пен аяулы жары Мадина – ата-анасына Алинур есімді немере сыйлаған бақытты шаңырақ иелері. Екінші ұлы Абдували – Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің магистранты. Кенже қызы Айнура – мектеп оқушысы.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости