Мырзағалиева Нұржамал

Рейтинг:
Ақ халатты абзал жан

Ежелгі ғасырлардан бері дәрігерлік қызмет асыл әрі адамгершілікті ту еткен кәсіп болып саналады. Қандай қиын сәттер мен ауыр жағдайларда да дәрігерлер мен мейірбикелер өз ісіне мұқият қарап, адам жанының арашашысы бола білген. Дәуір мен өркениет алмасып келсе де, дәрігерлердің Гиппократ антына адалдығы сол күйінде қалып отыр. Осындай жауапкершілік жүгін арқалап, медицина саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан Нұржамал Жұмағалиқызы жайлы жазудың өзі – бір ғанибет! Ия, адам жанына араша түсетін дәрігер мамандығын таңдау – үлкен жауапкершілікті талап ететіні белгілі. Тек бір адамның ғана емес, бүкіл адамзаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін олардың еңбегі өлшеусіз. Мамандығына адалынан берілген Нұржамал алдына барсаң күлімдеп қарсы алып, ине салып, дәрі ішкізбей-ақ, сырқатыңды мейірім тұнған көзімен, жылы сөзімен сауықтырып, шығарып салатын дәрігерлердің  бірінен. Ол – бүкіл болмысымен дәрігер деген атқа нағыз лайықты жан.

  Мырзағалиева Нұржамал Жұмағалиқызы 1968 жылы 7 сәуірде Қарағанды облысы, Сары Шаған станциясында дүниеге келген. 1975-1985 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы  №411 орта мектебін бітірген. Мектепті ойдағыдай аяқтаған жас түлек, 1993 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің «Емдеу ісі» мамандығы бойынша дәрігер біліктілігін алып шықты. 1993 жылы Қызылорда қалалық ауруханасында интернатурадан өтіп, 1994 жылы №2 қалалық емханада учаскелік дәрігер-терапевт қызметін атқарып, кейіннен профилактикалық бөлімшесінің меңгерушісі қызметіне кірісті. Білікті маман 1998-1999 жылдар аралығында облыстық денсаулық басқармасының маркетинг және ақпараттандыруды реформалау бөлімінің бас маманы қызметінде болды. Ал 1999-2002 жылдар аралығында №4 Қызылорда қалалық емханасының бас дәрігерінің орынбасары болып қызмет атқарды. Өз ісіне тиянақтылықпен қарайтын, жаңалықтарға жаны құмар, ізденімпаз дәрігер 2002-2003 жылдар аралығында «Денсаулық» мемлекеттік кәсіпорнының бас маман-дәрігер сарапшысы болып қызметі жоғарылады. 2003-2005 жылдар аралығында осы кәсіпорынның емдеу сапасын бағалау және талдау бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Еңбек биігін бағындыруда 2005-2014 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы №2 қалалық емхананың медициналық бөлімі бойынша бас дәрігердің орынбасары болса, 2014-2015 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің амбулаториялық-емханалық медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің бас сарапшысы қызметін атқарды. Бұл дәрігерді шыңдап, тосын оқиғаларда тосылып қалмайтындай тәжірибе берді. Осылайша 2015-2017 жылдар аралығында Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасында емдеу және профилактика жөніндегі орынбасары болып, 2017 жылдан бастап қазіргі күнге дейін Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметін абыроймен атқарып келеді. 

    Байқап қарасақ, өз мамандығын жан дүниесімен қалап таңдаған, оған еш өкінбейтін, елге қызмет ету, елдің ыстық ықыласына бөлену – менің азаматтық борышым деп білетін жандар аз, шыны керек. Ал Нұржамалдай өмірінің барлық сәтін медицина саласына арнаған ақ халатты абзал жанның тынымсыз еңбегіне сүйсініп, көңіл толады.

  -Бала күнімнен дәрігер болуды армандайтын едім, сол арманыма жетіп, денсаулық сақтау саласында қалтқысыз қызмет етіп келемін. Міндетіміз – науқастарды дертінен тезірек айықтырып, аман-есен отбасына қосу. Сондықтан да, бұл – ең жауапты мамандық. Халық денсаулығын жақсарту, қолжетімді медицинамен қамтамасыз ету үшін еңбек етіп, мамандығымды мақтаныш тұтамын. Сырқаты меңдеп, жаны қиналған адамға кез - келген уақытта көмек қолын созу – тек дәрігердің ғана міндеті емес, әрбіріміздің адамгершілік парызымыз деп түсінемін. Ақ халаттылар өзінің кәсіби міндетінен, қызметтік жауапкершілігінен бөлек, мойнындағы адамгершілік парызы барын да ұмытпауы тиіс деп айтар едім.  Себебі, біздер – адам өміріне жауапты тұлғамыз. Сол үшін ажалға араша болып, аурумен арпалысқа түскен сын сағаттарда мүмкіндігінше қателеспеуге тиіспіз. Ал ол үшін дәрігер білімді, білікті болуы керек. Біз тек теориялық тұрғыдан ғана осылай айтамыз. Ал осыны адамдық түйсікке салып көрсек, меніңше, адам жанын емдеумен айналысатын кез - келген кәсіби маманның басына жиған білімінен гөрі, жүрегіне құйған мейірімі маңызды. Өйткені, жүректе мейірімнің сәулесі болмаса, қандай кәсіп істесең де оның берекесі болмайды. Қызметіне қарай дәрігерлер халықтың жүрегінде мейірбан жанның бейнесінде қалып қоятыны рас. Ендеше, біз жұртшылықтың жүрегінде күлімдеп тұратын мейірбан бейнені өшіріп алмауымыз керек.  Біз ант қабылдадық. Ант – үлкен аманат. Аманатқа қиянат қылуға қақымыз жоқ. Халық денсаулығын жақсарту жолындағы таңдаған мамандығымды мен  әрдайым мақтан етемін. Басшылық қызметке келген 2017 жылдан 2020 жылдар аралығында Сырдария ауруханасында 5 бөлім аштым. Бұл – заманауи талаптарға сай жаңа үлгіде жабдықталған қабылдау, гинекология, екінші деңгейдегі перзентхана, оңалту, паллиативтік бөлімдері.  Сонымен қатар,емханада амбулаториялық деңгейдегі оңалту – қалпына келтіру, жедел жәрдем, алдын алу және скрининг бөлімдері халыққа қызмет атқаруда. Соңғы үш жылда облыстық бюджеттен қаражат тартылып, цифрлық рентген, жылжымалы флюорографиялық автокөлік, монитор, ЭКГ аппараты, мониторлар, СИПАП, ИВЛ, отоакустикалық система, төрт санитариялық автокөлік тағы да басқа құрал- жабдықтармен жабдықталған,– дейді Нұржамал Жұмағалиқызы. 

   Денсаулық саласының қыр-сырын жетік меңгерген абзал жан 2008, 2011 және 2016 жылдары Қызылорда облысы әкімінің «Құрмет Грамотасын» алған. Өз мамандығын шексіз жақсы көретін дәрігердің марапаттары мақтан тұтарлық. Иә, марапат бұл – оның маңдай терімен келген жемістері. 2012 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін жарқырата омырауына тақты. Алтын жүректі дәрігер қандай да мақтауға лайықты.  2014-2015 жылдары Денсаулық Сақтау Министрлігінің «Алғыс Хатымен» және барлық еңбек қызметінде бірнеше рет Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының грамоталарына ие болған. Ол 2018 жылы Астана қаласында өткен «Қазақстан ауыл әйелдері І Форумының» делегаты болып, Форум аясында сөз сөйледі. Жұмысына тиянақты, қоғам өмірінен тыс қалмай, ылғи де белсенділік танытып жүретін ол бүгінде «РБ Тереңөзек» бастауыш партия ұйымының төрайымы.

   2020 жылы Сырдария аудандық ауруханасында 2 жаңадан бөлімше ашылды. Атап айтқанда, амбулаториялық медициналық оңалту және  қалпына келтіру емі бөлімшесі, 10 төсек орындық күндізгі аурухана, статистика және цифрландыру бөлімі. Бүгінгі күні өңірлік жоспарды негізге алып, Сырдария аудандық ауруханасы 36247 тұрғынға медициналық қызмет көрсетіп отыр. Мекеме құрамында 110 төсек орындығы  аудандық аурухана, ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана, 10 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет бар. Денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында дәрігерлер тапшылығын төмендету мақсатында 8 дәрігер алынды. Атап айтқанда, эпидемиолог, акушер-гинеколог, тәжірибелі дәрігер, хирург, реабилитолог, терапевт. Пәтерге қажеттілік білдірген жас мамандарға аудан әкімшілігі қызметтік пәтер бөліп, дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 10 мың тұрғынға шаққанда, 22,6 % құрап отырғаны да көңілге демеу береді. Дәрігерлер арасында санаттылық көрсеткіші бар 71,9%-ды құрап, яғни, былтырғы жылмен салыстырғанда  50%-ға көтерілгенін байқауға болады. Ал орта буын қызметкерлер санаттылығы өткен жылмен салыстырғанда 30 %-ға жоғарылаған. Аудан бойынша барлығы 21 жалпы тәжірибелі аймақ жалпы тәжірибелі дәрігерлермен  жүз пайызға қамтамасыз етілген. Аурухананың техникалық базасын нығайту мақсатында   «Сарыарқа Авто Пром» ЖШС-і демеушілігімен А.Тоқмағамбетов дәрігерлік амбулаториясы 1 мамандандырылған автокөлікпен қамтамасыз етілді. Пандемия уақытында гуманитарлық көмекпен, 73 медициналық бұйымдар мен қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, 7 ИВЛ аппараты, 32 оттегі концентраторы, 31 пульсоксиметр, 2 тепловизор, 1 аристон алынды. Цифрлы Қазақстан бағдарламасына сәйкес Сырдария аудандық аурухана 2017 жылдан бастап Кешенді медициналық ақпараттық жүйесімен жұмыс атқарып отыр. Барлық елді мекендер толығымен КМАЖ бағдарламасымен жұмыс жасайды. 

     Расында, халықтың құрметіне бөлену – елге ерінбей еңбек еткен адамға ғана тән нәрсе емес пе? Бұл жерде, ең алдымен, айналаға адамгершілік қасиет әсер ететіні – ақиқат. Өйткені, адал еңбек ету – қажеттіліктен тумайды, ол үлкен азаматтық жауапкершіліктен туындайды. Ел сенімін ақтаудың қаншалықты маңыздылығын қолынан іс келетін жандардың мойнына алған жауапкершілік жүгінен аңғаруға болады. Демек, Нұржамал Жұмағалиқызын өңірдегі денсаулық саласында абырой-беделмен адал еңбек етіп жүрген жандардың бірі де бірегейі деуге болады. Мамандығын мақтаныш еткен жан үшін бұдан артық бақыт жоқ шығар, сірә?

      Тәні ауырған науқасқа да, жаны күйзелген адамға да бір ауыз жылы сөздің өзі ем емес пе?! Алайда, сол бір ауыз жылы сөзді айтуға да жылы жүрек керек. Дәрігердің жүрегіндегі сол жылу жанарынан мейірім шуағындай төгіліп тұруы тиіс. Сонда ғана сырқат адам сауығады және ол дертіне дауа дарытқан шипагер жанның келесі науқасқа жұмсайтын қуатын еселеп кетеді. 

      Жоғары санатты дәрігер отбасында 2 ұл тәрбиелеп, өсіріп отыр. Азаматұлы Арлан – 1996 жылы туылған, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің резиденті. Азаматұлы Қабылан – 2000 жылы туылған, ҚР Қорғаныс министрлігі Әуе қорғаныс күштері жоғары институтының 4 - курс студенті.

     Өмірі мән-мағыналы өрнектермен өрілген Нұржамал – өте бақытты жан. Дәрігер үшін еңбектің өтемі де, бағасы да оның саладағы абыройлы еңбегінің нәтижесі, жемісі – халықтан алған алғаусыз алғысы мен емделушілердің шын пейілді ризашылығында.

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости