Қалиева Лира

Рейтинг:
Ананы сәбиіне қауыштырған абзал жан

      Дәл қазіргі уақытта адамзат тарихында бұрын соңды болып көрмеген вирустық инфекцияның бүкіл әлем бойынша таралып кетуінің салдарынан өлім қаупін тудыру деңгейі өте жоғары болған пандемия қарсаңында отырмыз. Республикамыз бойынша карантиндік режим тура бір жыл көлеміне дейін созылып, отандық медицинамыз бен ауызбіршілігі мол қайырымды халқымыздың бірігіп зор күш жұмсауының нәтижесінде көптеген облыстар мен аудандар вирустың таралу қаупі төмендеген жасыл деңгейдегі аймақтар ретінде көрсетіліп отыр. Осындай миллиондаған отандастарымыздың өмірі қыл үстінде тұрған сәтте әзиз басын халық үшін бәйгеге тіккен ақ халатты абзал жандардың ерлік ісі тарих беттерінде өшпес әріптермен жазылып қалды деген сенімдеміз. 
      Сондай ақ жүректі абзал жандардан құралған ізгілік армиясының алдыңғы шептегі жауынгеріндей болып қызмет жасап жүрген жан, дәрігер, акушер-гинеколог – Қалиева Лира Каббасовна.
      Ол – 1954 жылы наурыз айының он алтыншы жұлдызында Алматы облысында дүниеге келген. Алайда, тағдыр атты арбаның дөңгелегі мүлде ойламаған жаққа қарай бұрылып, қаршадай ғана қыз Батыс Қазақстан облысының Қосшағыл ауылында тұратын мейірімді ата-әжесінің қолында тәрбиеленеді. Бала күнінен бастап мейірім мен қамқорлықтың ағыл-тегіл құйылып келіп тұратын арнасындай болған ата-әжесінің жылулық кетпестей болып көрінетін жұмсақ алақаны мен құт дарып, кие қонған қарашаңырағында бақытқа толы балдәурен шағын өткізеді. Ер жете сала оқу мен сызуға аса зор қызығушылығы оянып, атасының оқитын жыр-дастандар мен ертегілер толы әдемі, том-том кітаптарын оқып, зердесіне түйіп өсті. Сүйікті немелерінің оқуға деген ынта-ықыласының аса зор екенін байқаған ата-әжесі бүлдіршін Лираны Құлсары ауданы орталығындағы өте жоғары деңгейде орта білім беретін алдыңғы қатарлы орта мектепке қолынан жетектеп алып барады. 
      Арманшыл қыз жастайынан аппақ халат киіп, инесінің ұшымен науқас жандарға шипа дарытатын дәрігер болуды армандап, болашағына үлкен жоспарлар жасап, жеткізбестей көрінген асқақ армандарына ақырын-ақырын, нық сеніммен қадам баса бастайды. 1970 жылы орта мектепті тәмамдап, арман болған Алматы қаласына келіп, С.Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға қабылданады. Осылайша қызығы мен шыжығы таусылмайтын ашқұрсақ жүретін студенттік шақтың балдай тәтті сәттері басталып кете барады. Институт табалдырығын имене аттаған Лиза курстастарының арасында ең мықты деген санаулы студенттер қатарына жылдам қосылып, өзін жан-жақты дамытып қана қоймай, институтішілік мәдени, спорттық шараларға белсене атсалысып, белсенді жастармен бірге түрлі іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуді қолға алады. 
      Институт басшылығы да осындай белсенді білім алушыларға ерекше жағдай жасайды. Жатақханадағы ең жақсы деген бөлмелерден орын беріп, белгілі мөлшерде шәкіртақы тағайындайды. 
      Сонау бала кезінен бастап дәрігер болсам деген арманы оны хирургия саласына қызықтырып, ана бен баланың денсаулығын қорғайтын акушер-гинеколог болуды алдына мақсат етіп қояды. Осындай үлкен мақсат-межеге жету жолында аянбай еңбек етіп, неше жыл бойы тоқтаусыз ізденіс пен толассыз тәжірибе жинақтаудың соңына шындап түседі. Бұл қарекеті далаға текке кетпей, алты жыл бойы төккен терінің жемісін жейтін сәтке де таяп барады. 1976 жылы институттағы жоғары білімін тәмамдап, әбден ауыр сынақтарды еңсеріп өткен кәсіби маман ретінде дәрігерлік дипломын қолына ұстап, туған өлкесі Атырау қаласына мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, өз ісіне білек сыбана кіріседі.
      Институтты тәмамдаған жылы бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау облысының Ембі ауданына жолдама алып, тағы сол жерде өте танымал, жасы үлкен дәрігерлерден тәлім алып, қабілетін шыңдаған үстіне шыңдай түседі. Аталмыш аудандағы аудандық аурухана ұжымы аса қабілетті де талапты жас маманды құшақ жайып қарсы алып, өз тәжірибелерімен бөліседі. Бұл сәттер –жас дәрігер Лизаның есінде ерекше сағындыратын жып-жылы естеліктерге толы кездер болып есте қалды.
      Тәжірибесі толысқан, қабілеті ұштала түскен жас дәрігер 1977-1980 жылдар аралығында өзі орта мектепті бітірген Құлсары қаласындағы аудандық ауруханаға акушер-гинеколог болып жұмысқа орналасады. Аталған ауруханада қызмет жасап жүріп, өзіне тілектес, қамқор жандардың аялы алақаны мен жандары ашып айтқан ақыл-кеңестерінен күш алып, жүктелген міндеттерді тиянақты орындауға кірісті. Ұжымдағы барлық дәрігерлермен жақын әрі тығыз қарым-қатынас орнатып, гинекология саласының қыр-сырын жетік меңгереді.
      1980 жылы Алматы қаласына қайтып оралып, қалалық онкологиялық диспансерге онкогинеколог болып жұмысқа орналасады. Бұл қызметінде де жемісті қызмет етіп, жастық шағындағы күш-қуатын қайта тапқандай болып, жаңа ұжымда жаңа тыныспен қызу жұмысқа кіріседі. Маман ретінде жаңа тәжірибелермен таныс болып, күрделі операцияларға өте мықты гинеколог дәрігерлермен бірге қатынаса бастайды. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қоса, үлкен сүйіспеншілікпен қарайтын Лира Каббасовна акушер-гинеколог ретінде үлкен табыстарға қол жеткізу үшін қолынан келген барлық амалын жасауға дайын қайсар жан екендігін ұжым қызметкерлерінің алдында талай мәрте дәлелдеп берген болатын. Дегенмен де, ана мен сәбидің өміріне араша түсіп, қорғаштайтын мамандық кейде оның жүйкесіне өте ауыр салмақ түсіріп, тауы шағылған күндері де көп болды. Алайда, тауы қанша шағылып, нәзік сымдай жүйкесі үзілуге шақ қалған сәттерінде мойымай, жігері құм болмай, кездескен әрбір келеңсіздіктер мен қиыншылықтарға лайықты түрде шыдас берді.
      Лиза Каббасовна 1983-2005 жылдар аралығында Ұлттық туберкулез орталығында кіші ғылыми қызметтер міндетінен бастап, бөлім меңгерушісі лауызымына дейін жоғарылады. Жас адамның сүріп өткен ғұмырына тең келетін соншама уақыт ішінде аталмыш медициналық орталықта аянбай қызмет қылып, қаншама жүкті аналардың сәбилерімен аман-есен қауышуына септігін тигізді. Осындай аласапыран, қауырт уақыт пен қарбаласып жатқан заманда өз мүддесі мен бас пайдасын бір шетке ысырып қойып, дәрігерлік қызметін алаңсыз, бар жан-тәнімен берілген күйі тоқтаусыз жалғастыра берді.
      1992 жылы «Әйелдердің жыныс органдарында болатын туберкулез» тақырыбында диссертация қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты атағына ие болады. Мұнымен ғана тоқтап қалмай, 2005 жылы «Әйелдердің жыныс органдарында болатын туберкулезді емдеу
дің консервативтік және хирургиялық жолы, диагностикалық әдіс-тәсілдерінің оптимизациясы» тақырыбында диссертация қорғап, ғылым докторы атағын иеленеді. Бұл – Лира Каббасовнаның көп жылдардағы еткен еңбегінің жемісі. 
      Одан кейінгі он жылға таяу уақытын шәкірттер тәрбиелеуге, олардың ғылыми диссертациялар мен ғылыми еңбектер жазуына жәрдем беріп, жетекшілік етеді. Өзі де барынша ғылыми дүниелер жазуға бекініп, жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен біліміне сүйене отырып, тоқсанға жуық ғылыми мақала, сонымен қатар, «Әйелдердің жыныс органдарында болатын туберкелез ауруына жасалатын рентгенодиагностика» тақырыбында үлкен монография, методикалық ақыл-кеңестер және «Гинекология» атты ғылыми оқулық жазып шығады.
      Лиза Каббасовна он жылдай уақытын басы бүтін үлкен ғылым жасау мен ғылым жолына енді-енді қадам басып келе жатқан жас ғалымдарды баулуға жұмсады. Көптеген шәкірттердің ғылыми диссертация қорғауына қолынан келгенше жәрдемін беріп, жас ғалымдардың ғылымдағы жолдарын барынша жеңілдетіп, олардың шын мәнісіндегі ғалым, акушер-гинеколог мамандығының хас шеберлері болып шығуларына қатаң тәртіп пен арнайы жоспарлар дайындау арқылы қол жеткізуге өз әлінше қарекет қылып жатқан жайы бар. 
      2006 жылдың қараша айынан бастап, Алматы қаласында орналасқан С.Д.Асфендияров атындағы КазНМУ-дың №2 акушер-гинекология кафедрасында доцент, 2008 жылы кафедра меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Осы қызметтерде жүріп, кафедра жұмысын жаңаша форматта жүргізуді қолға алып, барынша ұжым ішіндегі ауызбіршілік пен кадрлардың дұрыс таңдалуын, студенттердің білім деңгейін көтеру мақсатында көптеген идеялар жасалынып, дамудың даңғыл жолына түсуге мейлінше заманауи технологиялар акцент беру жұмыстары жасалынуда. 
      2017 жылы жылы С.Д.Асфендияров атындағы университеттегі қызметін аяқтап, «Керуен-Медикус» медициналық орталығында гинекология бойынша директордың орынбасары қызметіне орналасқан болатын. Лиза Каббасова осы қызметінде жүріп, тәжірибелі әрі біршама танымал маман ретінде республиканың түкпір-түкпірінде орналасқан ауруханаларды аралап, жас акушер-гинекологтармен жүздесу арқылы тәжірибе алмасып, отандық гинекология саласының қарыштап дамуына аз да болса өзінің үлесін қоспақ ниетпен көптеген ғылыми конференциялар мен жаңашыл бастамалардың басы-қасында болып, жақсы қырларынан танылғанының арқасында дәрігерлер қауымы арасында үлкен құрмет пен ризашылыққа ие болды.Жасаған еңбегінің лайықты жемісін жеп, ҚР-ның Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсау-лық сақтау ісінің үздігі» Грамотасымен және де түрлі медициналық ұйымдардың «Алғыс Хаттарымен» марапатталған болатын. Қазіргі таңда екі перзенті Рабиға мен Фариза өзінің жолын қуып, С.Д.Асфендияров атындағы КазНМУ-ды «Қызыл дипломмен» бітіріп, Рабиға – докторантураны, Фариза – магистратураны үздік бағамен аяқтап жатыр. Гинекология сынды ана мен бала тағдырына жауапты мамандықтың ауыр жүгін арқалап келе жатқан нәзік жанды әйел затына таңғалмасқа амалың қалмайды. Тек қана іштей ризашылық пен алғысыңды ғана айта алатындайсың. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – мейірбан жүректі, дара кейіпкерімізге дәйім мінберлі сатылар мен толағай табыстар тілейміз. Ел болашағын өркендету жолында қашан да аянбай еңбек ете беріңіз. Саналы ғұмырыңыз үлгі мен өнегеге толы болғай!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости