Ибрагимова Алтын

Рейтинг:
Жаны жайсаң ел анасы 

      Көне тарих беттерін ашып парақтап көрген адамға дәл мұндай ақиқат небір көмусіз жатқан қазынаның қайнар көзін көрсетіп берері анық. Әсіресе, соның ішінде қазақ деген қаймана жұрттың үш ғасырға жуық шовинистік саясаттың у қосылған дәрісін ішіп, небір нәубет пен рухани катастрофаларға сан мәрте ұшырағанын оңай аңғаруға болады. Осындай жеті ағайынды жұтты көрген маңдайының соры бес елі болған ел менен жұрт сонау Гималай тауын асып көшеді. Сол уақыттарда бірнеше мың қазақ отбасы көршілес ала шапанды өзбек ағайындардың жеріне бас сауғалап кеткені белгілі. Біздің бүгінгі кейіпкерімізде сондай зарлы көшпен бірге кеткен бір қазақ отбасының бүгінгі күнімізге аман-сау жеткен үрім-бұтағы десек те болады. Кір жуып, кіндік кескен туған жеріне тағдыр айдап қайта оралып, соның бір қиырына туын тіккен қандас, отандасымыз дәрігер-терапевт, «Ақ ниет» шипажайының басшысы, бүгінгі күні жеке кәсіпкер болып отырған ардақты жан – Ибрагимова Алтын Жақсыбайқызының өмір жолына, туып өскен жері, отбасы мен осы күнге дейін атқарған үлкен-үлкен қызметтері турасында өзіміздің ойымыздағы дүниелерімізді сіздермен бөліссек деген ойымыз бар.
      Ол – 1967 жылы ақпан айының 7-ші жұлдызында Өзбекстан Республикасы, Беруни қаласында дәрігер отбасында дүниеге келеді. Шыр етіп өмір есігін ашқан сәттен бастап асқар тау әкесі мен ақкөңіл шешесінің мейірімді алақандарында үлкен жылулық пен қамқорлықтың ыстық лебізін сезініп өседі. Күнделікті тұрмыс-тіршілігінен қаймағы бұзылмаған қазақы салт пен сананың исі бұрқырап мұрыныңа келетін қазақ ауылының күллі киелі ғажап феномендерін өне бойына мысқалдап құйып, ала жіпті аттамас адамгершілікті мінез-құлқына дарытып ержетеді. Көршілес топ балаға қосылып күн демей, түн демей доп соңында жүгіріп, қара кешке дейін асық ойнап, ойынға әбден құмарын қандырып алаңсыз балдәурен балалық шағының қызықтарына тоймай өседі.
      Жастайынан көкірегі қазыналы жыр мен ертегіні жатқа соғатын, ауылдағы ата-әжелерінің арқасында жүріп, солардың хикмет пен ғибратқа, өнегеге толы әңгімелерін жастайынан жүрек атты құмырасына құйып өскен қуыршақтай ғана сүйкімді қыз балаға жақындап кеткен адамдардың мейірімі түсіп кете баратын. Осындай алтынға бергісіз жаймашуақ күндерді бастан еш алаңсыз өткізіп, ертеден қара кешке дейін тіршілігі бір толастап көрмеген қарапайым ауыл қазақтарының күнделікті өмірдегі ырым-тыйымдарын, салт-дәстүрін адами болмысына сіңіріп, жеміс ағашындай бүр жарып өскен қыз келе-келе ес кіріп, етек жапқан соң үйдегі бітпейтін тіршілікте шешесіне қолғабыс етіп, үлкендердің жылы-жылы лебіздерін естіген сайын мерейі өсіп, көңілі марқайып, барлық жасаған дүниесі қыз балаға тән ұқыптылықпен жасайтын болып бой түзеді. Тілі былдырлап шығып, тәй-тәй басқан шағынан бастап, кейін ойын баласы атанған уақытында да білуге аса құлшынысты, құштарлығы зор болып өскен бала әліппе ашып, сөмкесін арқалап мектепке баруға асығады.       Кішкентай ғана қаршадай перзентінің бойындағы оқу мен сызуға деген таудай талабы мен зор талпынысын біраздан бері байқап жүрген ата-ана, қыздарын қолынан жетектеп барып киелі білім ордасындағы ұлағатты ұстаздарының қолына апарып табыстайды. 1974 жылы Беруни қаласындағы № 65 С.Рахимов атындағы орта мектепке оқушы болып қабылданады. Мектеп табалдырығын қорқасоқтап аттаған бүлдіршін бала уақыт өте келе мұғалімдері мен сыныптастарына бойын үйрете бастайды. 
      Алғаш рет үлкен толқыныспен әліппесін ашып, алғаш рет қаламын қолына алып дәптеріне жаза бастаған сәттен бастап, үлкен білім алуға құлшынысы күн сайын арта түседі. Әп дегеннен сыныптастарынан оқшау озып шығып, ұстаздарының берген тапсырмаларын өте ықтиятты, әрі ұқыпты түрде орындап, өзінің өне бойындағы табиғат ана тарту еткен есте сақтау қабілеті мен айтылған дүниені табан астында тез қабылдап алатын ерекшелігі оның гуманитарлық салада биік белестерді бағындыруға немесе үлкен ғылым жасау жолына түсуіне күмәнсіз мол мүмкіндіктер ашатын еді. Сыныптастары мен мектеп мұғалімдері осындай сирек кездесетін қабілеттер мен оның жібектей жұмсақ мінезіне қызығы қарап, көп үміт күтетін еді. Үй ішіндегі тіршіліктен бөлек, ән айтуға, үлкен ауыл қарияларының айтқан қиссалары мен батырлық, ғашықтық дастандарын майшам түбінде таңға атқанға дейін бас көтермей тыңдап, аудан орталығындағы үлкен кітапханада қолына түскен кітаптар мен араға ай салып келіп тұратын мерзімді басылымдарды жібермей оқыды. Сәмбі ағаштай иіліп тұрған көргенді үйдің баласын көрген көз бен естіген құлақ шын сүйсініп, бәрекелді десіп отыратын. Осылайша, мектептің орта сыныбынан жоғары сыныбына үздік бағамен өтіп, болашаққа таңдайтын мамандығы жайында ойлана бастаған арманшыл қыз дәрігерлікті жаны сүйетінін аңғарып, қарапайым халықтың алғысы мен батасына бөленіп жүретін жауапты мамандықты толық меңгеруді алдына мақсат-мұрат етіп қойды.
      Мектеп қабырғасының жоғарғы сыныптарын үздік аяқтап, 1990 жылы И.Павлов атындағы Самарқанд медициналық институтына «дәрігер-терапевт» мамандығы бойынша емтихан тапсырып, одан жоғары балл жинағаннан кейін студент болып қабылданады. Институт табалдырығын аттаған күннен бастап өз курстастарының арасында алғырлығымен, мамандықты жан аямай оқып меңгеруге деген ерекше ынтасымен үлкен профессорлардың көзіне түседі. Оқумен қатар үлкен ғылым қалыптастыруға аса құмар болып, ғалым ұстаздарының жанында көп уақыт жүріп, дәрістерін жібермей тыңдады. 
      Мол тәжірибе мен зор білім жинау жолында кездесетін небір қиындықтар мен бітпестей көрінетін мехнаттарға сүйегіне сіңісті болған болат төзім мен салқын сабырдың арқасында төтеп беріп, алға қойған мақсаттан бір елі болсын табан аударып кері шегінбей әр қадамын нық сеніммен басады. Университетте аса жауапкершілігі мол ауыр мамандықтың бірінде оқып жүргеніне қарамастан барлық интеллектуалдық және спорттық шараларға белсене қатысып, өзін басқа қырынан көрсетуге ұмтылыс жасайды. 
      Қаншама қиындықтар мен кедергілердің көп жолыққанына қарамастан медицина саласының ең бір қиын әрі күрделі бағыты бойынша жұмыс жасайтын дәрігер-терапевт мамандығы тұп-тура алты жыл бойы тоқтаусыз оқып, өзі арман еткен ең биік асулардың бірін өзі қалағандай өте жақсы деген бағамен бітіріп шығады.
      Университеттегі алты жылдық ауыр еңбегінен соң, өзінің сүйікті мамандығы бойынша жұмыс жасауға деген аса зор құлшынысының әсерінен өзіне лайықты жұмыс іздей бастайды. 2006 жылы сәті түсіп Беруни қаласындағы Орталық ауруханада жансақтау бөлімінде анестезиолог-реанимолог болып жұмысқа орналасады. Аталмыш жұмыс орнына орналаса салысымен жаңа ұжымда өзінің кәсіби маман ретіндегі барлық мүмкіндігін барынша дәлелдеп көрсетуге тырысып бағады. 
      Жаңа қызмет орнындағы дәрігерлер ұжымы жаңадан келген жас маманды жылы қабылдап, барынша тығыз байланыс орнатуға бейім болады. Олай болатын себебі, жүзі үнемі күліп тұратын мейірімді қыз бала әрдайым хәл сұрасып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден ешқашан жаңылып көрген емес. Кездескен, сөйлесіп жүз көріскен жандардың барлығын өзіне қарай тартып тұратын өзгеше бір жылуы бар екендігі үнемі сезіліп, ылғи анық байқалып тұратын еді. Сөйтіп жүрген кезінде, аяқ астынан өзі бала күнінен арман еткен тарихи отаны Қазақстандағы атамекеніне қайтуға мүмкіндік туады. Бұл жағдай оның өмірін мүлдем басқа арнаға бұрып, оның жұмысы мен қалыптасқан дағдысынан бөлек бір ғажайып әлемге қолынан жетектеп әкетіп бара жатқан бір тылсым әрі құдіретті бір күшті сезінгендей болады. Отанымен көрісетін күн оған ерекше бір шабыт сыйлаған еді.
      2006 жылы Қазақстанға қайта оралып, талай жылдардан бері үлкен арман-мақсаттарының бірі болған азаматтық алу мәселесі оңтайлы шешіліп, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш қаласына отбасымен бірге қоныс аударады. Дәл осы жылы Сарыағаш қаласы жедел жәрдем станциясында дәрігер болып өз мамандығы бойынша қызметке орналасады. Тарихи отанына қайтып оралып, жаңа қызмет орнына өзінің жаны қалаған жақсы жұмысына орналасуы, жас маман ретінде өзінің еңбек жолын өз отанында жалғастырғаны іштей қатты қуантып, жұмысын жылдам қарқынмен жалғастыруға аса үлкен шабытпен кірісті. 
      Жаңа ұжымда еңбек жолын енді бастаған жас маман болғанына қарамастан өз мамандығын өте жоғары деңгейде оқып бітірген мықты дәрігер-терапевт екендігін көп уақыт өтпей жатып-ақ дәлелдеген болатын. Аталмыш жедел жәрдем станциясында қызмет атқарып жүріп, жұмыс барысында күтпеген жерден жолыққан қауіпті жағдайлар мен ситуацияларда өзін тәжірибелі мықты маман ретінде таныта білді. Жедел жәрдем беретін станциядағы дәрігерлер ұжымы арасына ерекше құрмет пен сыйластыққа ие болады. Алтын Жақсыбайқызы қандай қызмет атқарып, қандай ұжыммен бірге жұмыс жасаса да, әкесінің таза қаны мен шешесінің ақ сүті арқылы, ғылым тілімен айтқанда генетикалық код арқылы өн бойына берілген, сүйегіне сіңісті болып, қанына араласып кеткен асыл қасиеттерін жоғалтып алмай, өзінің ары мен намысының, ұяты мен иманының анық шығатын үніне мұқият құлақ түріп, қандай жағдаймен бетпе-бет келсе де өзінің адами принциптері мен өмірлік қағидаларынан айныған емес.
      Алтын Жақсыбайқызы – 2012 жылы жедел жәрдем станциясындағы алты жылдық ауыр қызметінен кейін, «Айша Бибі» шипажайына дәрігер-терапевт болып қызметке орналасады. Осы шипажайындағы қызметі оның жанына шыныменде шипа дарытып, өмір сүруге және отандық медицинаға азда болса үлесін тигізуге құлшынысын арттырған берекелі орын болды. Бұл жердегі де қызметін абыройлы атқарып, қолынан келгенше дертіне дауа іздеп келген науқас жандарға барын салып, ем-домын жасап, шипажайға келген жасы егде тартқан қариялардың ақжарма тілегі мен ақ батасын алған еді.
      Дәл осы шипажайда да тура алты жыл қызмет жасап, 2018 жылы тамыз айында жеке кәсіпкерлік ісімен шұғылдануды қолға алып, жеке меншік «Ақ ниет» шипажайын ашып, ең алғашқы демалушыларды қабылдай бастайды. Шипажай бизнесін бастау идеясы оған дәрігер-терапевт болып қызмет жасап жүрген уақытында келген болатын. Содан бастап азғантай кішігірім қадамдардан бастап, жанындағы жанашыр жандардың қолдау танытумен осындай алып, ғимаратты тұрғызып, қаншама адамдарды жұмыспен қамтыды. Әуелден-ақ барлық тірі жан иесінің қажетіне жарап, шамасы жеткенше қызмет қылуды өзіне абыройлы міндет, әрі мақсат-мұрат етіп алған жан өзі ашқан шипажайда науқас жан мен емдеушілерге барынша барлық жақсы жағдайды жасап беруге тырысқан еді. Бүгінгі таңда шипажайдың жай-күйі бастапқы уақыттармен салыстырғанда көп ілгерілеп, соңғы технологиялық үлгіде аппараттармен жабдықталған. 
      Қазіргі таңда «Ақ ниет» шипажайы орналасқан аймағының табиғат сұлулығы мен жайлылығы, қызмет көрсету базасының сапалылығымен республика бойынша көш бастап тұрған демалыс орындарының қатарында келе жатыр. Жанына тыныштық пен жайлылық іздеген жандай еліміздің түкпір-түкпірінен ағылып келіп, таза ауамен тыныстап, таза суға шомылып, керемет тұмса табиғаттың сұлулығына көз суарып шипажай басшылығы мен ұжымына шексіз алғыстарын айтып, рахметтерін жаудырып, риза болып аттанысып жатады. Бұл дегеніміз, жиырма жылға таяу дәрігер-терапевт болып қызмет жасаған ақ халатты абзал жанның және өз бизнесінің тасын өрге домалатып отырған жеке кәсіпкер атанған жанның, өмірдің қай саласы болмасын еркін тыныстап, кәсіптің тетігін таба алатын шеберлігінің дәлелі десек те артық айтқанымыз болмас деген пікірдеміз.
      Шипажайдың барлық жауапкершілігін бүгінде Алтын Жақсыбайқызының қорған тұтып арқасүйер өмірлік серігі, ер азаматы Марат Жұмағалиұлы өз қолына алған. Ер азаматының беделі мен абыройын көтеруді мақсат тұтқан нәзік болмыспен жаратылған әйел адам үшін ерлікке пара-пар келетін ақылды шешім. Апайымыздың өзі бүгінгі күні үлкен бизнес басшыларының бірі болуымен, үлкен бір әулеттің алақанына салып әлпештеп отырған үлгілі келіні, отағасының сүйікті жары, қазіргі күнде екеуіде отбасылы болып, немере сүйдіріп отырған Серғазы мен Шынар есімді қос бірдей перзенттің, тәрбиелі ұл-қыздардың анасы. Міне, кейіпкеріміз осындай бір емес бірнеше миссияны қатар орындап келе жатқан аяулы да, абзал жан!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...