Ақ желеңді абзал жан Әр мамандықтың өз қызығы мен шыжығы бары анық. Қызығынан гөрі қиындығы басым, жауапкершілігі мол сондай мамандықтың бірі – дәрігер мамандығы. Олар адамның ең басты құндылығы – денсаулық үшін аянбай тер төгіп, еңбек етеді. Өмір мен өлім арасында жатқан талай жанға қайта жарық сәуле сыйлап, бақытқа бөлейді. Сол сепбепті де осы сала мамандарын «Адам жаны
![]()
ның арашашысы», «Ақ желеңді абзал жан» деп жатады. Қалай атасақ та, артық етпес. Дәрігерлерді құрметтеу – әр азаматтың борышындай. Өйткені, басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, осы жандардың көмегіне жүгінеміз. Ақ желеңді абзал жандар талай жылдардан бері мыңдаған жанның өмірін ұзартуға септігін тигізуде. Ажалдан арашалаушы медицина мамандарын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Адам өмірі үшін күрестің алғы шебінде жүріп, Гиппократ антына адалдығынан таймай, уақытпен санаспай еңбек етіп, дертке шалдыққан талай жандарды сауықтырып, алғысына бөленген медицина саласы қызметкерлері жетерлік. Науқастарға шарапат шуағын шашып, біліктілігін белсенділікпен ұштастырып жүрген талапты жас дәрігерлердің бірі – Умбеталиева Лаззат Алековна.
Ол 1985 жылдың қаңтар айының бірінші жұлдызында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан), Мақтаарал ауданы, Мырзакент ауылында еңбекқор жандардың отбасында дүниеге келген. Бала тәрбиесіне асқан жауаптылықпен қарайтын әке мен ананың перзенті жастайынан үлкенді де, кішіні де сыйлай білетін әдептілігімен, ата-анасынан алған тәрбиесінің тәлімін көрсетіп, үлкендердің айтқанын екі етпейтін тілалғыштығымен, айтылған сөзді қағып алатын табиғи алғырлығымен, көпбалалы отбасында өскендіктен, мейірбан бауырмалдығымен көзге түсетін. Жас күнінен шаруаға пысық, оқуда алғыр, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін әдептілігімен елді сүйсіндіретін. Орта мектеп табалдырығын аттаған сәтінен білім-ғылымның беймәлім әлеміне қадам басқан мақтаулы бала ынталылығы мен зеректігінің арқасында озат оқушыға айналды. Мектеп қабырғасында жүрген шағында озат оқуымен, үлгілі тәртібімен, құймақұлақ алғырлығымен көзге түсті. Зерделі зейінділігінің арқасында барлық пәндерден жақсы нәтиже көрсететін. Ұстаздарының тапсырмасын екі етпей, қоғамдық жұмыстарды да ойдағыдай атқаратын. Білмегенін сұраудан арланбай, әрқашан білімін толықтыруға ынталылығымен ерекшеленетін. Оған қоса, әрбір іске асқан жауапкершілікпен қарап, уақытында орындауға тырысып, мұқияттылығын байқатқан оқушы Лаззат ұстаздарының алғысын арқалап, ата-анасын үнемі қуантып жүретін. Жан-жақтылығын байқатып, келешек өміріне қажетті білім қорын жадына тоқи жүріп алтын ұя мектебінен үлкен өмірге қанат қағар күн де келіп жетті. Ардақты ата-анасы білім қуған адамның бұл өмірде қалағанына қолы жетіп, ұшпаққа шығатынын қыздарының құлағына құйып отыратындықтан әрі өзі де білім кенін қазғылауды сүйетіндіктен, білім алуды жалғастыруды жөн деп санайды. Қай қыз бала болсын, ең әуелі, шешесіне еліктейді ғой. Мамандық таңдауда анасының өмір жолы, еңбек тәжірибесі, адами қасиеттері балаң Лаззатқа үлгі-өнеге ретінде басшылыққа алар жол болды. «Болмасаң да, ұқсап бақ» -демекші, өмірлік ұстанымы – жобалаушы инженер әкесі Алек пен балалар дәрігері ретінде қызмет жасайтын анасы
Кутимова Ултуар Анарбековна сияқты адал, еңбекқор, елге сыйлы маман болуға ұмтылуды жөн санады. Аяулы анасының ізін қуып, таңдауы мамандық атаулының ішіндегі ең күрделісіне түседі. Адам жанының арашашысына айналуды мақсат тұтады. Үлкен жауапкершілік пен білімді талап ететін осынау мамандықты екінің бірі таңдай бермейді. Бұл мамандықтың иесі атану үшін асқан білім, үлке
![]()
н төзім қажет екені анық. Қиындықтарды бұрынғыдан да екі есе алға ұмтылуға қамшылайтын себеп ретінде қабылдауға үйренген жасөспірім қыз сол жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан Медициналық академиясына емтихан тапсырады. Білімі мен білігі құр кетпей, ата-анасы мен ұстаздарының артқан үмітін ақтап, сол білім ордасына оқуға қабылданады. Жоғары оқу орнындағы студенттік жылдары еліміздің өз алдына мемлекет болып қалыптасуға қадам басқан ауыр кезеңдеріне тұспа-тұс келсе де қайсар қыз мұнда да өжеттігін танытты. Бала шақтан үстіне ақ халат киіп, дәрігер болсам деген арманына қолы жеткенін бағалаған балауса Лаззат асқан жауаптылықты талап ететін мамандықты жанына серік етуді мақсат тұтқасын мұқият қырағылығын бұрынғыдан да арттыра түсті. Тек теориялық тұсын алып қана қоймай, тәжірибелік сабақтардың маңызы жоғарылығын жан-тәнімен сезе білді. Осылайша, келешек кәсібіне қажетті білімді бойына сіңіре жүріп, аталмыш білім мекемесінде алты жылын барынша пайдалы өткізді. Содан кейін бір жыл интернатурада оқып бітіріп, терапевт дәрігер біліктілігіне ие болып, академияны жақсы деңгейде тәмамдап шықты.
Жоғары оқу ордасынан түлеп ұшысымен кәсіби білімін еңбекпен сынап көруге бекінген ару еңбек ортасына араласып, қызмет жолын бастап та кетеді. №2
Шымкент қалалық поликлиникасына учаскелік терапевт ретінде жұмысқа қабылданады. Жас маман болып келген дәрігерді мұндағы ұжым жылы қарсы алып, қолдарынан келгенше көмектерін аямайды. Бұл ретте жас маман болып келгенде бағыт-бағдар беріп, ерекше ықылас танытқан, өзінің білгенін үйретіп, әрдайым оның білікті дәрігер ретінде қалыптасуына көмек көрсетіп жүретін тәжірибелі ұжымдастарына алғысы шексіз болатын. Осындай өз ісінің майталмандарының арқасында көп нәрсені үйреніп, өзінің ісін мүдірмей алып кете алды. Қай жерде жұмыс істесе де өзін жауапкершілік сезімі жоғары, еңбектің кез-келген түрінен қашпайтын, адал да еңбекқор қызметкер ретінде көрсететіндіктен, ұжымдастары арасында да, дәрігерлік қызметке жүгінушілер арасында да қадірі артып, құрметке ие бола білді.
Осылайша, бала күнінен аялаған арманы – ақ желеңді адам жанының арашашысы болу мақсатын сәтті іске асырып жүргенінде қыз баласының осы дүниедегі асыл мұратын жүзеге асырар уақыты жетіп, тұрмысқа шығады. Содан соң, 2011 жылы отбасымен Маңғыстау облысына көшуге тура келеді. Ақтау қаласына келіп орналасқаннан кейін дәрігерлік мансабымен айналысуды қолға алып, кәсібін ары қарай жалғастырады. Алғашында «Медикер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде терапевт дәрігер қызметін атқарады. Білікті маман үнемі сұраныста болатындықтан кейінірек «Open Clinic» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмыс істеуге шақырту алып, сонда ауысады.
Жалпы, медицина саласы – жауапкершілігі мол, жүгі ауыр салалардың бірі. Сондықтан кез- келген адам біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты жоғары деңгейде меңгеру оңай емес екендігін мойындайды. Бұл саланың маңыздылығы сол – дәрігерлердің жұмыс барысында ешқашан қателеспеуі қажет. Сол себепті дәрігерлер үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, үлкен ізденіс үстінде болуы, емдік шараларды жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Осы мақсатта Лаззат Алековна 2014 жылы Ресей Федерациясының Нижний Новгород қаласына барып, біліктілігін арттырады. Жай арттырып қана қоймай, жаңа бір бағытты - озонотерапияны оқып, меңгеріп, озонотерапевт біліктілігіне ие болып қайтады.
2015 жылы Ақтау қаласындағы «Акерке» медициналық орталығына маман ретінде шақырту алады. Онда үш жылдай қызмет атқарып, еңбекқорлығымен көзге түскендіктен, орталық директоры Дуйсипова Сара Шажаевна тәулік бойы жұмыс істейтін бөлімге меңгеруші қызметіне ауысуға ұсыныс білдіреді. Тапсырылған істі мұқияттылықпен абыройлы атқара білетін абзал азамат қызметін мүлтіксіз атқаруымен ұжымдастары мен науқастарға сыйлы бола білді. Дәрігер ретінде алдына келген жандарға әрдайым жылы қабақ танытып, олардың жанына батқан дертті сезінуге ұмтылды. Дәрігерден көмек сұраған әр жанның орнына өзін қойып, оның қаншалықты көмекке зәру екенін түсініп, оларға мейірім танытып, қолынан келген ем-домды жасап, тез арада ауруынан айығуына көмектесіп отырды.
Дәрігер мамандығын таңдағандарға үлкен жүрек керек. Ақ халатты киіп алу – шарт емес. Әрбір дәрігер маман ретінде өзін адам өмірінің арашашысы екенін білуге тиіс. «Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» дегендей, ауру жанға батқанда міндетті түрде ақ халаттылардың көмегіне жүгінеміз. Олардан қамқорлықты сезінеміз, нық сеніммен, үмітпен қараймыз. Осы сәтте білікті дәрігердің алдыңнан шығып, жылы қабақ танытып, ем жасауы – жанға шипа болары сөзсіз. Лаззат Алековна – осындай ақ халатты абзал жандардың қатарынан. Сондықтан, көп ұзамай аталмыш орталықтың директорының орынбасары қызметіне жоғарылатылады. Жас та болса бас болып, үлкен жетістіктерге жеткені үшін білгір дәрігер ұстаздары ретінде балалар дәрігері өз анасы Кутимова Ултуар Анарбековнаны, ревматолог дәрігер Дусипова Сара Шажаевнаны, көпжылдық тәжірибесі бар провизор Тулеева Куляш Алиевнаны мақ
![]()
тан тұтып, басын иіп отырады.
Осындай білікті жандардан тәжірибе алып, кәсібилілік деңгейі жоғарылай түскен Лаззат ару 2020 жылдың ақпан айында «CosmoMed» жеке клиникасын ашты. Мұнда беттің контурлы пластикасы және оны түзету бойынша қызметтер көрсетіледі. Мұнымен тоқталып қалмастан, еңбекқор азамат 2021 жылдың сәуір айында «Гепатология және онкология» клиникасын ашуды жоспарлап отыр.
Жетістігінің сыры ретінде мамандығына берілген жан Лаззат өз ісін айрықша жақсы көретіндігін айтады. Себебі, қандай мамандықтың иесі болмаңыз, ең алдымен, ісіңізді жақсы көруіңіз керек. Жанға дәру болар бір ауыз сөз бен жылы шырай танытуы арқылы дәрігер көңіл көкжиегін жұпар ауа боп тазартады. Өмірге ғашық жандарды бұлтты жарған найзағайдай ақ жауынға бастап, көгершін көңілді жайма шуақ күнге жетелейді. Жайдары күнге жету – жер бетіндегі барша адамның ғазал арманы емес пе? Ал, ғазал армандарды мәпелеу – ақ халат киген жандардың үлесіне тиген тірлік деуге болады. Жаны дертті жанды жайдары күнге жетелеу – науқасты ауыр ой құшағынан аршып алудан басталады. Дертті жанның жан көгін жарқыратуға, арман асқарын аласартпауға тырысу, адам бойындағы үміт шынарын құлатпауға барын салудың өзі аласапыран дүниеде оңай жұмыс емес. Дәрігердің барлығы осындай ауыр жүкті арқалайды. Жүрегіндегі арда арманы үшін талмай еңбек етеді. Қызметін табысты жүргізіп отырған аяулы ару – жеке өмірінде де бақытын тапқан жан. Өмірлік қосағы – мамандығы бойынша продюсер. Екеуінің жарасымды жұбынан дүниеге келген үш перзентті тәрбиелеп өсіруде. 12 жасар үлкен ұлы Әлібек атасының ізін қуып сәулет өнерін таңдауды мақсат тұтуда. 5 жасар қызы Аружан болса тіс дәрігері болуды қалайды. Жасқа толмаған кіші ұлдары Шонжарды жоғары білікті нейрохирург болса деген тілектері бар.
Өз біліктілігін үнемі шыңдап, еліміздің ертеңі үшін, ел халқының мықты денсаулықтары үшін қызмет атқарып, халықтың құрметіне бөленіп жүрген Лаззат Алековнаның барлық істеріне шыдамдылық тілей отырып, ақ халатындай адал, абыройлы болуына тілектеспіз.