![]()
Абыройлы мамандық иесі
Адамның денсаулығы – қоғам байлығы. Әрбір адам өз денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керек. Дені сау адамның көңіл-күйі көтеріңкі болып, еңбекке әрқашан құлшына кіріседі. Халқымыз: «Дені саудың – жаны сау»,- деп орынды айтқан. Отанымыздың келешегі, көркеюі – салауатты өмір салтын сақтап қолдауда. Қараңғы үйге кіріп келіп шам жақсаңыз, шам үйді жарық қылады. Көп қызыл гүлдің ішінен бір ақ гүл көрсең, көзің соған түседі. Біздің де өмірімізді жарық қылатын, жан-жағымызға тамаша сәулесін шашатын, өмірдегі басты байлық – денсаулық. Денсаулық – бұл адамның еңбекке белсенді болуы, әрі ұзақ өмір сүруі, тәннің саулығын және рухани саулығын сезіну.
![]()
Біздің денсаулық туралы сөз қозғауымыздың себебі, бүгінгі кейіпкеріміз денсаулық сақтау саласында еңбек етіп, саналы ғұмырын салауатты өмір салтын сақтауға арнап келе жатқан, Ақтөбе облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері – Тәтімов Ерлан Асқарұлы туралы болмақ.
Ерлан Асқарұлы 1966 жылы 8 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. Тұмса табиғатында мәдениет пен әділдік, сұлулық пен өнер тұнып жатқан жасыл өлкеде балалығын өткізген ол 1982 жылы С.Сейфуллин атындағы орта мектепті бітірген соң Шымкент медицина училищесіне түсіп, 1985 жылы бітіріп шығады. Ибн Синадан бастау алған медицина саласында қаншама ғалымдар еңбек етіп, Әл-Фарабидің трактаттары, Қыш тақтайшаға жазылған рецепт, Папирустағы дәрігерлік энциклопедия, Көне Қытай медицинасы, Ежелгі Үндістан медицинасы бәрі-бәрі адамның денсаулығы, оны сақтау жолдары, ауырып ем іздеген жанға шипа беруге арналған. Ақ халатты абзал жандардың қатарында қызмет ету бала кезгі арманы болған Ерлан Асқарұлының алғашқы еңбек жолы 1985 жылы облыстық санитариялық эпидемиологиялық станциясының эпидемиолог дәрігерінің көмекшісі болудан басталды. Тұңғиығы терең, шырақ алып түссең де түбі көрінбейтін медицина саласын таңдап, қылдан да нәзік салада қызметін бастаған ол осы орталықта жұмыс жасап жүріп, 1986 -1988 жылдары аралығында Кеңес Әскері қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келді.
«Армия – өмір мектебі», - деген жалынды жас болып кетіп, өмір тәжірибесін көрген, арқа сүйеуге болатын үлкен азамат болып оралған Ерлан Асқарұлы білімін одан әрі жетілдірмек болып, 1988 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының «емдеу ісі» факультетіне оқуға түсті. Бірақ, әлемді уысында ұстаған саясат өз айтқанын орындатады емес пе, мызғымас деген алып империяның шеті сетінеп, одақ құрамындағы 15 республика өз тәуелсіздіктері үшін қам қылып жатты. Алып деген зауыттар мен фабрикалар жұмысын тоқтатып, күнделікті тұрмысқа қажетті, тұрғындардың керекті заттарын өтеген шағын дүкендер «шықпа жаным, шықпамен» отырған сол кездері Ерлан Асқарұлы оқуын 1996 жылы бітіріп шығады.
![]()
Тоқырау жылдарының суық желі саябырсып, тіршіліктің бойына қан жүгіріп жатқан сәтте жоғарғы оқу орнын бітіріп, білікті маман иесі атанған Ерлан Асқарұлы Ақтөбе қалалық ауруханасының базасында «травматолог» мамандығы бойынша интернатура өтіп, травматолог дәрігер болып қызметін жалғастырды. Заман дамыған сайын, аурулар да түрленіп, оларды емдеп жазудың, қолданылатыны емдік шаралардың да жаңарып отыратыны белгілі. Сондықтан, тек бір саламен ғана тоқталып қалмай, өзінің қабілетінің одан көп нәрсеге жететінін көрсетіп, 1998-2000 жылдар аралығында Алматы қаласында «нейрохирургия» мамандығы бойынша клиникалық ординатурада білім алған соң, дәрігерлік қызметін Шымкенттегі жедел медициналық көмек ауруханасында нейрохирург болып жалғастырды.
Адамның өміріндегі ең үлкен құндылықтардың бірі – денсаулық. Бізді ештеңе мазаламай, еш жеріміз ауырмай тұрғанда, дүниені төңкеруге, маңызды шаруалармен айналысуға дайынбыз. Ал ауру келсе, ештеңеге зауқымыз соқпайды, өмірдің мәні кеткендей болады. Шынында, денсаулықпен проблема болмағанда, бұл туралы ойланбаймыз. Ал қалай ауру келеді, бар шаруа шетке ысырылып, денсаулық ең бірінші орынға шығады. «Қай жерің ауырса – жаның сол жерде». Абай хакімнің даналығына жіті үңілсек, әлемді ең әуелі махаббат пен мейірім құтқаратынын аңғарар едік. «Әлемді сұлулық құтқарады», - дейді Ф.М.Достоевский. Осы сұлулықтың негізі де махаббат пен мейірімде жатыр. Мейірбандық болмаса жан сұлулығы жайында айтып та қажет емес. Сөйтіп, әлемді мейірім құтқарады десек, бұл арадағы әлеміміз – адамзат. Ал адамзатты түрлі пәле-жаладан, кесір-кесапаттан, әсіресе ауру-сырқаудан Алладан кейінгі басты қорғаушы құтқарушылардың бірегейі медицина екені аян.
![]()
Сонау бала кезімізден дәрігер бейнесі қиялымызда, көз алдымызда ақ желеңді абзал жан, адам жанының арашашысы болып елестейтін. Қазір де солай. Өз мамандығына ынта-шынтасымен берілген, антына адалдық пен алғыс арқалаған, халыққа қызмет етіп жүрген, өзіміз танитын немесе сырттай есіміне қанық тамаша дәрігерлерді ондап, жүздеп келтіруге болады. Жылма-жыл туып жатқан дәрігерлер туралы әндерде осынау жандардан таралатын шуақ, жақсылық шарапаты, өмір нұры асқақтата айтылады, шалқыта шырқалады.
Дәрігерлікпен қатар басшылық қызметін Ақтөбе облысының Әйтеке би аудандық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, одан кейінгі 2001 жылдары Әйтеке би аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалып, 2003 жылғы желтоқсаннан 2004 жылға дейін облыстық қан орталығының директоры, 2004 жылдан бастап 2012 жылға дейін №2 қалалық емхананың бас дәрігері, 2012 жылдың қаңтарынан бастап Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет атқарған Ерлан Асқарұлы 2012 жылдың шілдесінен бастап осы күнге дейін Ақтөбе облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері қызметін абыроймен атқарып келеді.
Жарықтың жылдамдығынан да тез дамып жатқан әлемдік медицинаның көшінен қалып қоймау үшін, дәрігерге үнемі өзін жетілдіріп, біліктілігін арттырып, жаңа технологияларды меңгеру керек болады. Дәрігерлік қызметіндегі біліктілігі бір бөлек, басшылық қызметте де ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп келе жатқан, қоғамдық денсаулық сақтау бойынша жоғары біліктілік санаты бар Ерлан Асқарұлына 2005 жылы «Денсаулық сақтау менеджері» квалификациясы берілді. Бұл да айтуға жеңіл болғанымен үлкен еңбек, тынымсыз ізденіспен келген іс еді. Кейіпкеріміз біліктілікті арттыру курстары бойынша 2013 жылы «Фтизиатрия» мамандығы бойынша қайта даярлаудан өтті.
Денсаулық сақтау саласы бойынша ғылыми жұмыстармен айналысып, санасында тербелген ойлары мен ұлылардың еңбектерін бір саралап, өзінің саласы бойынша зерттеулер жүргізген дәрігердің ғылыми жұмыстары республикалық ғылыми журналдарында бірнеше баспаға басылып, жарыққа шықты. Атап айтар болсақ, 2014 жылы Ақтөбе, Батыс Қазақстан медициналық журналында «Ақтөбе облыстық туберкулезге қарсы диспансері бойынша 2011-2013 жылдар кезіндегі госпитальдық өлім-жітімді талдау», «Академия здоровья» журналында «Ақтөбе облысының тұрғындарына туберкулезге қарсы көмек ұйымдастыруда қазіргі тәсілдер», 2016 жылы Алматы қаласынан жарық көрген республикалық фтизиопульмонологияның ғылыми практикалық журналында «Ақтөбе облысының тұрғындарына туберкулезге қарсы көмек ұйымдастыруда қазіргі тәсілдер және 2017 жылы «Академия здоровья» журналында «Ақтөбе облысында туберкулезді интегралды бақылау бағдарламасы орындалу барысы туралы» атты мақалалары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі, Қазақстан Республикасының Президентіне үміткер Н.Назарбаевтың сенім берілген адамы болған, жанұясында екі бала тәрбиелеп отырған Ерлан Асқарұлы еңбек еткен жылдары денсаулық сақтау және жергілікті әкімшілік тарапынан түрлі марапаттарға ие болды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»,- дейді қазақ даналығы, ел үшін еңбек еткен ердің еңбегінің еленгенін дәлелдейтін марапаттарына көз жүгіртсек:
✦ «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі;
✦ «Ақтөбе облысының дәрігерлері және провизорлары Ассоциациясы» атынан Пирогов атындағы медалі;
✦ «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалі;
✦ «Денсаулық ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі;
✦ «Қазақстан даңқы» ордені;
✦ «Авиценна» медалі;
✦ Қазақстан Республикасы Президенті мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және «Нұр Отан» республикалық саяси партиясының, Ақтөбе облысы әкімінің «Құрмет Грамоталары»;
✦ «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 60 жылдығы» мерекелік белгісі;
✦ «Үздік адамдар» энциклопедия қаһарманы «Құрмет» белгісі;
✦ «Армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов» медалі;
✦ Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс Хаты»;
✦ «Алтын қыран» төсбелгісі;
✦ «Үздік депутат» төсбелгісі;
✦ «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалі;
Иә, медицина – Әбу Әли ибн Синаның медеті. Авиценнаның шарапаты. Осынау медицина ықылым замандардан бері мейірімге, ізгілікке, жанашырлыққа негізделген. Адамға деген қамқоршылдық, риясыз жанашырлық болмаған жерде Гиппократ антымен асқақтатылған, шын мәнісіндегі толыққанды, мерейлі медицина да болады деп айта алмас едік. Сонымен біздің де, жалпы жұрттың да пайымында медицина мен мейірім егіз ұғым саналса, мұның өзі өмірдің өзінен туындап жатқан шынайы ақиқат екені де ешбір шүбәсіз.
Бүгінгі таңдағыдай, әлемді сарсаңға салған пандемия кезінде ақ халаттыларға деген сенім күшейіп, құрмет көрсетіліп келеді. Дәрігерлерге деген сенім жұлдызы қашан да биікте жарқырап, Алладан кейінгі адам жанының арашасы болған ақ халаттылардың абыройы асқақтай бермек! Міне, осындай елдің риясыз алғысына бөленген азаматтарымыздың бірі Ерлан Асқарұлы да өз ісінің білікті маманы, денсаулық сақтау саласының үздігі, медицина деп аталатын ғылым әлемінің ішіндегі, түн қараңғылығын сейілтіп жанған бір шырағы.