Белгібаев Ернұр

Рейтинг:

Ақ халатты абзал азамат

      Ет пен сүйектен жаратылған әрбір жұмыр басты пенденің жаны қиналған сәтінде іздейтіні, жүгінетіні – дәрігер. Сондықтан да ақ халатты абзал жандарды адам жанының арашашысы деп бекер айтпайды. Дәрігер деген кең ұғым және қастерлі мамандық деуге болады. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Медицина саласының ауыр жүгін арқалау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Оған мықты жүрек, біліктілік пен аса шыдамдылық керек. Сондай үлкен талапты қажет ететін жауапты мамандықты жоғары деңгейде меңгеру оңай емес екенін мойындауымыз керек. Бұл саланың маңыздылығы сол – дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Сол себепті дәрігерлер үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс болады.       Бүкіл болмысымен бір салаға қойып кететін адамдар болады. Оларға сол сүйген ісінен артық жан рахаты да болмаса керек-ті. Болашақтағы барлық ғұмырын жүрегі қалаған мамандыққа арнап, бойындағы жігері мен қайратын, білімі мен біліктілігін бір салаға жұмсап келе жатқан Ернұр Бақытжанұлы елдің құрметіне бөленген ерекше азамат. 
      Белгібаев Ернұр Бақытжанұлы 1987 жылы 19 ақпанда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылында дүниеге келген. Әкесі Белгібай Бақытжан Имансарыұлы ағайын-туысқа сыйлы, өз ортасының беделді азаматы. Ал анасы Тұрғанбаева Сырғаш Арыстанбекқызы көркіне ақылы сай, иманжүзді, сабырлы да ақжарқын жан. «Ағасы бардың жағасы бар» дегендей, Ернұрдың Ержан және Ербол есімді арқасүйер ағалары бар. Қашанда бір-біріне ақылшы болып жүретін ағайындылардың өзара татулығына сырт көз сүйсініп қарайды. Үш ер баланың ішінде Динара әпкелерінің орны, тіпті, бөлек. 
      Иә, осындай бақытты отбасында ер жеткен Ернұр Бақытжанұлы 1993 жылы Ж.Жабаев атындағы орта мектептің 1 - сынып табалдырығын аттады. 1994 жылы 2-сыныптан бастап ОҚО, Отырар ауданында Ж.Жабаев атындағы орта мектепте оқыды. 1997 жылы 5 - сыныпты Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қарағайлы ауылында оқыды. 2004 жылы Р.Сәрсенбин атындағы орта мектептен 11- сыныпты үздікке аяқтап шықты. Ақ халатты абзал азамат болсам деген арманшыл жас түлек 2004 - 2007 жылдары Алматы медицина колледжін ойдағыдай тәмамдады. Білімге құштар жас 2007 - 2014 жылдары Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да «жалпы хирург» мамандығы бойынша білім алды. Б.О.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығында, 2015 - 2018 жылдары Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да «менеджмент» мамандығы бойынша екінші жоғарғы білім алып, 2018 - 2020 жылдары А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік универсиетінде «денсаулық саласындағы менеджмент» магистрі атанды.
      Ерінбей еңбек етіп, науқастарға қолынан келген көмегін беріп, ақ халатты абзал жан деген атқа лайықты қызмет етіп келе жатқан Ернұрдың біліктілігі жоғары. Иә, байқайтын болсақ, өз мамандығын жоғары деңгейде меңгерген азаматты жұртшылық «алтын қолды дәрігер» деп жоғары марапаттап жатады емес пе?! Қу жанын шүберекке түйіп, дерті дендеп, «енді адам болмаспын-ау» деп, үмітін үзген жандардың да, сөніп бара жатқан үміт сәулесін қайта жарқырататын осы ақ халаттылар ғой. Расында, білікті дәрігердің қай-қайсысы болмасын өз антына адал болады. Сондықтан да олар әрқашан абырой биігінде жүреді. Ернұр – уақытпен санасуды білмейтін маман. 
      Ернұр алғашқы еңбек жолын 2007 - 2010 жылдары №4 Балалар санаториясында бастады. Сонан соң, 2010 - 2012 жылдары №5 қосалқы станциясында қызмет етті. 2014 - 2018 жылдары қалалық паллиативтік көмек орталығында (Хоспис), 2018 - 2019 жылдары «Керуен-Медикус» көпсалалы клиникасында уролог - дәрігер болып абыройлы қызмет етті. 2019 жылдың сәуір айынан бүгінгі күнге дейін А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында уролог, трансплантолог дәрігер, 2020 жылдың қыркүйек айынан бүгінгі күнге дейін Алматы қаласындағы №5 қалалық клиникалық ауруханасында уролог болып қызмет етіп келеді.
      Білімді маман Ернұр Бақытжанұлы дәрiгерлiк бiлiктiлiгiмен қоса қай жерде жұмыс iстесе де ұйымдастырушылық қабiлетiнiң зор екенiн көрсете бiлдi. Мамандығына жан дүниесімен берілген алтын жүректі дәрігер үшін «ақ халатты абзал жан» деген елдің құрметті атағы ең биік әрі қасиетті ұғым болып саналады. Иә, дәрігер болуды арман ететіндер өте көп. Алайда, екінің бірі өз ісінің майталманы бола алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Сондай-ақ, олардың адам өміріне жауапкершілігі, құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек керектігі, ақ халатты кір шалдырмау керектігі де бекер айтылмайды. Қанша сын айтылса да, халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны ақиқат. Бірақ, осынша жылдық тәжірибесінде сынға қалған кезі болмапты. Әріптестерінің алдында беделі бар, ұжымының да мақтанышы.
      Қазақта «Асылдың сынығы, текті атаның тұяғы» деген әдемі тіркес бар. Бұл сөз Ернұр Бақытжанұлына да арнап айтылғандай. Себебі, кейіпкеріміздің аталары есімі ел аузында, еңбегі ел есінде сақталып қалған айбынды тұлғалар. Арғы атасы Айтбай (Айтмұхамет) 
      Белгібайұлы сол кездердегі Орта Азиядағы ең белді Бұхара медресесінде оқып, араб, парсы тілдерін үйреніп, Ташкент, Түркістан қалаларында, Балтакөл, Ақынтоғай ауылдарында ұстаздық еткен, Молда Мұса, Майлықожа, Мәделі, Шәді Төре, Қызыл жырау, Құлыншақ сияқты ақындармен бірге жүріп, өзі де өлеңдер, дастандар жазған атақты ақын, жырау. Туған жер, таршылық заман туралы «Үш мұңлық», «Қоқаннан қашқан Нарбота», «Тазша бала», «Қызылқұм», «Шәуілдір», «Туған жермен қоштасу», тағы басқа өлеңдерін жазып, 1926 жылы «Арманда Айтбай» деген көлемді және «Қажымұқан», «Сейтқасым батыр», «Темірбек батыр» дастандарын жазып, 1943 жылы Жамбыл бастаған республикалық ақындар айтысына қатысқан. 
      Ернұр Белгібаевтың атасы Имансары Айтбайұлы да ел тұрмысын өлеңге қосқан от тілді ақын болса, есімін ауылдағы молда Құран ашып қойған Өмірзақ Айтбайұлы – ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Халықаралық Қазақ тілі қоғамының президенті, Түркістан қаласының және Отырар ауданының «Құрметті азаматы». «Ат тұяғын тай басар» деген, осындай ел мүддесін көздеген атақты түлғалардың ізін басып келе жатқан Ернұр Белгібаевтың ел қызметінен тыс кетуге құқы жоқ та еді.
      Халықтың құрметіне бөлену – елге ерінбей еңбек еткен адамға ғана тән нәрсе емес пе?! Бұл жерде, ең алдымен айналаға адамгершілік қасиет әсер ететіні ақиқат. Өйткені, адал еңбек ету – қажеттіліктен тумайды, ол үлкен азаматтық жауапкершіліктен туындайды. Ел сенімін ақтаудың қаншалықты маңыздылығын, қолынан осындай іс келетін азаматтардың мойнына алған жауапкершілік жүгінен аңғаруға болады.
      - Мен – мамандығыма жан дүниеммен берілген адаммын. Мен үшін «ақ халатты абзал жан» деген елдің құрметті атағы ең биік, қасиетті ұғым болып саналады. Күнделікті қызмет барысындағы қиындықтар мен шаршағанымыз халық денсаулығының жанында түк те емес деуге болады. Бастысы – халықтың аман-сау болуы мен елдің тыныштығы. Хирургия бұл – медицинаның ота жасау арқылы емделетін ауруларды зерттеумен, алдын алумен, диагностикасын қоюмен, емдеумен, ота жасау тәсілдері мен әдістерін, техникасын іздестіретін клиникалық саласы. Аса сақтықпен, яғни, «инемен құдық қазғандай», «майдан қыл суырғандай» қиын жұмыс деуге болады. Еңбегіміз еш кетпей, отамыз сәтті шықса, біз үшін қуаныш – сол. Әр адам өз денсаулығын күтіп, алдын ала тексеру шараларынан өтіп, дәрігердің айтқанын жасаса, біз үшін үлкен қолдау, бізге зор көмек болар еді», - дейді Ернұр Бақытжанұлы.
      Өз ісінің маманы Ернұрдың марапаттары да жетерлік. Ол «Алматы қаласының үздік медбикесі - 2009» «Жеңіске деген ерік-жігері үшін» номинациясының жеңімпазы, 2009 жылы Алматы қаласы әкімінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталды. 2015 жылы Медеу ауданы әкімінің дипломын иеленді. 
      Отбасылы. Шаңырағының шаттығын келтіріп, шырайын кіргізіп отырған жары Айнұр Өркенқызы екеуі отбасында Аиша және Ердан есімді ұл-қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр. 
      Адал еңбегінің арқасында елдің алғысына бөленіп, берекелі де бақытты, мерейлі отбасының отағасы болып отырған Ернұрдың мамандық таңдаудан да, жар таңдаудан да жолы болған азамат. Адам үшін бұдан артық бақыт жоқ шығар, сірә?! Мамандығын мақтаныш етіп, отбасын құт мекен санайтын жанға, расында, қызыға қарайсың. Үнемі ізденіс үстінде жүретін сергек те талапшыл дәрігердің абыройлы қызметіне табыс тілейміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...