Камалбаев Амангелді

Рейтинг:

Сүйікті ісімен кәсіп бастаған жан

      Біреуді емдеп, жанына араша түсу үшін асқан табандылық пен батылдық, мықты жүрек керек. Болмаса өлім мен өмір арасында жанталасқан адамның жанын түсіну – тым қиын да жауапты жұмыс.
      Үзілген үмітті қайта жалғап, сан түрлі қиындықпен бетпе-бет келсе де, қажымайтын, талмайтын, ешқашан сынбайтын, ол әрине – ақ халатты абзал жандар.
      Осы бір аса жауапты саланы жүрек қалауымен таңдағандардың бірі Камалбаев Амангелді Сапарбайұлы. Ол 1973 жылы 17 қазанда Қарақалпақстан Республикасы, Әмудария ауданы, Қытай ауыл советі, XXII-партсъезд колхозында дүниеге келген. 
      1980 жылы Н.Г.Чернышевский атындағы орта мектепте 1 сыныпқа барып, 1990 жылы 11 сыныпты толық бітіріп шығады.
      Мектеп табалдырығында жүрген кездері Амангелді ұстаздарының ең сүйікті, белсенді, үздік оқушыларының қатарында болады. Себебі, мектепте ұйымдастырылатын әрбір сайыстар мен жарыстардың басы-қасында жүріп, мектептің атын шығаруға барын салатын. Ол сонысымен де көзге түсе білді. 
      Амангелдінің қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пен биология ең сүйікті пәндері болғандықтан, бұл сабақтардан мүлде қалмауға тырысатын. Жаратылыстану бағытындағы сабақтардан химияны ғана ұнататын. Көбіне қызығушылығы адамның, өсімдіктер мен жануарлардың, жалпы жаратылыс иелеріне ерекше қызығушылық танытып, оған таңданыспен қарайтын. Әсіресе, биология сабағында гүлдерді микроскоппен қарағанда жасуша клеткаларының өте ұсақ болғанымен, оның құрылысының тым күрделі екеніне таңғалатын. Жіпшумақтарының клетка қабықшаларында тор тәрізді орналасқанына қайран қап, өсімдіктер физиологиясының даму тарихына зерттеу де жүргізетін.
      Амангелдінің осыншама ізденісі мен қызығушылығына қарап, ұстаздары оның дәрігер болатынын іштей сезген де еді. Бұдан соң ол жәндіктерге тәжірибе жүргізіп көріп, көкейде жүрген сұрақтарына жауап табатын. Ұстазына зерттеу жүргізгеннен соң, сабақ айтқанда да беріліп, оны жіліктеп тұрып түсіндіріп беретін. Сыныптастары да Амангелдінің бұл пәнге ерекше ынтасын білгесін, оның айтатын түсінігі басқаларға қарағанда нақты дәлелмен түсінік беріліп, олардың қызығушылығын оята білгендіктен де көбіне оның сабақ айтқанын асыға күтіп, тіпті Амангелді тақтаға шықсыншы деп, өздері сұрайтын кездері де жиі болатын. Оны сыныптастары шыбынның ызыңы ғана естілетіндей тыныштықта отырып, бар зейінін салып тыңдайтын. 
      Амангелді – мектептің бетке ұстар түлектерінің бірі болды. Бойындағы ілімге деген құштарлық пен ізденіс өзге де достарының бір саланы жетік меңгеруге, ықыласын бөлуге, көбірек ізденуге махаббаттарын оятты. 
      Бала қиялына жиі ерік беретін. Ол өзін ақ халат киіп, науқастарды емдеп болып, олардың шат-шадыман қуанышты жүздерін көріп, өзін ең бақытты адам сезінген кездері жиі болатын.
      Алайда, Амангелдіні оқу бітірген жылдары бойын еліне деген сағынышы мен сүйіспеншілігі кернеп, жырақта жүргендіктен үнемі аңсары отанына оралуды ойлаумен өтетін. 
      «Отан – оттан да ыстық»,- демекші әр адамға жат жерде жүргеннен асқан қиындық жоқ шығар, бәлкім... Ел мен жер үшін қасық қаны қалғанша күрескен ата-бабаңның кіндік қаны тамған, сайын даласында асыр сап ойнап, жылқы мініп, қымыз ішіп, ұлы даланың қасиетін сезініп, өз жеріңде жүргенге не жетсін?!..
      Амангелді оқу бітірген жылы елге оралуды мақсат етіп қойғанымен, онысы бірден жүзеге аспады. Бірақ, ол түбінде қайтып келетінін, қандас бауырларының арасында арқа-жарқа боп әңгіме айтып, сағаттап сыр шертетін күндердің жай сағым емес екеніне сене білді. 
      1990 жылы алтын ұясын тәмамдаған соң, XXII-партсъезд колхозында тракторист болып, алғашқы еңбек жолын бастайды. Қара жұмысшы ретінде көрінгенімен, сол жылдары ауылда трактористер әжептеуір беделі бар, сұранысқа ие мамандар еді.
      Шындығында, ауылдың тепсе темір үзетін жігіттеріне ғылым қуудан сол кездері мал бағу, сол арқылы жан бағу маңыздырақ болды. Тұрғындар үшін бұл – қалыпты нәрсе. Бастысы, ешкімнен тілемсектеніп, қол жаймайсың. Ішер адал асың бар, киетін киімің мен басыңда баспанаң болса, қалғандары уақыт өте жасауға болатын дүние еді. 
      Сайып келгенде, оқу-білім бірінші орында тұруы керек қой. Десе де, жоғары білімі бар небір сауатты деуге келмейтін диплом иегерлерінің қасында, Абайдың: «Есектің артын жусаң да, мал тап»,- дегені еріксіз еске түседі.
      «Қара жұмысшы демесең, нағыз еңбек – ауыл тұрғындарынікі ғой. Таңсәрімен тұрып, малын өріске жіберіп, тезек теріп, отын жағып, нан жауып, айран ұйытатын апа-әжелеріміздің именіп жүріп көрген игіліктерінің қасында, көлеңкеде отырып, істейтін біздің жұмысты ауыр, шаршадым деп айтуға мүлде келмейді. Ауыл қарттарының жер жыртып, егін егетін, жеміс шығарып, оны қалаға сататын бала кездегі тәтті естеліктер әлі күнге дейін көз алдымнан кетер емес. Біз де бір адамдай қиын-қыстау кезеңді көріп өстік. Бірақ, дәл сондай күндерді бастан өткергеніме қуанамын. Олай болмағанда, қазір бұлай тебіреніп, еске алып отыратындай қымбат сәттерім болмас па еді, кім білсін», - дейді ол жымиып.
      Қарапайымдылық пен қажырлықты өн бойына ұштастырып, қиындықтарға мойымай, қасқайып қарсы тұра білетін ауылдың тұрмысын көрген жандар расында, ерекше ғой. Бірде бар, бірде жоқ байлыққа, жалған атақ пен мансапқа қызықпайтын, өзгемен жарыспайтын, жасандылық танытпайтын жасампаздықтары үшін де көпке сүйкімді, сонысымен де өнеге.      Ептілік те, қырмызылық та, сыпайылық пен шынайылық та – бәрі-бәрі соларда. Міне, Амангелді де дәл осындай қарапайым отбасында дүниеге келген ауыл баласы. Арманы асқақ, мақсаты айқын, талғамы биік, өресі кең, зерек боп өскен ол қайтсем де «Медицина саласында қызмет етемін. Түбінде дәрігер боламын»,- деген бала күнгі арманын орындауға барын салады. Сөйтіп, бір жылдан соң, 1991 жылы Нөкіс медициналық училищесіне «емдеу ісі» бойынша оқуға тапсырып, 1994 жылы үздік аяқтап шығады. 
      Сол жылы тамыз айында Әмудария аудандық орталық ауруханасына фельдшер-прозектор болып қызметке орналасады. Ал 1995 жылы аудандық ауруханаға қарасты Хорезм аудандық амбулаториясына амбулаториялық фельдшер болып ауысады. 
      Амангелді өз міндетін барынша артық атқарып дәрігер басшылардың көзіне түседі. Себебі, ол реаниматологтің, терапевтің де міндеттерін атқара беретін. Пациенттерді жылы қарсы алып, диагноз қойып, бейінді мамандарға жолдама беріп, ем тағайындайтын. Тіпті жұмысқа жарамсыздық парақтарын, рецепттерді жазып беріп, мекемеге келген пациенттерді медицина ұйымына алып баратын. 
      Бала күнгі арманының орындалып жатқанына, өз ісін жаңылмай тапқанына қуанған ол жұмысына күнделікті ерте барып, кеш қайтса да шаршау дегенді білмейтін.
      Амангелді сонымен қатар санитарлық-гигиеналық нормалар мен зертханалық жұмыс уақытын бақылайтын. Біліктілігін арттыру мақсатында бірнеше мәрте аттестациядан өтіп, емтихандарды сәтті тапсырып шығады.
      Конференцияларға, кәсіби медициналық қауымдастықтардан қалмауға тырысады. Мекемедегі ішкі еңбек ережелерін, еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы, өндірістік санитариядан бөлек, зерттеулер сапасын бақылаумен, анализдердің нақтылығы мен сенімділігіне мұқият болу сынды өзіне жүктелген міндеттерді толықтай орындай біледі.
      Қарапайым ғана фельдшер маманының жалғыз өзі осыншама міндетті бір өзінің атқаруы – оңай шаруа емес. Сөйте тұра, жауапкершілікті сезініп, науқастардың тезірек емделуі үшін қолынан келгенше көмек беруге асығатыны – әріптестері мен басшылықтың назарын өзіне еріксіз аудартады.
      Амангелдінің табандылығы мен іскерлігі көптің тамсана қарайтындай, «бәрекелді» деп айтуға тұрарлықтай еді. 1997 жылы аудандық ауруханаға қарасты Өзбекстан ауыл-аймақтық ауруханасына медициналық статист болып ауысады. Жан-жақты тәжірибе жинақтаған ол аға дәрігерлердің қасында жүріп, біраз жетістіктерге қол жеткізеді. 
      Өлім мен өмір арасындағы жанға үміт отын жағып, бұл мамандықтың киесін түсіну үшін де адам жанына араша түсе алуым керек деген үлкен жауапкершілікті жүрекпен қалап, сезіне алуы керек. Бұл ретте, Амангелді өзінің білімін жетілдіруден, көп ізденуден жалықпайтыны көңіл қуантады. Ол – жастайынан медицина өкілдерінің мойнына артылар жүктің өлшеусіз екеніне толықтай көзі жетіп, саналы түрде келген жан. 
      «Медицина саласы – ең ауыр, күрделі мамандық. Бұл салада қызмет ету үшін, алдымен ержүректілік керек. Оны таңдауға екінің бірінің жүрегі дауалай бермейді. Оның үстіне, біздің мамандық бойынша алатын оқулықтардың қазақ тіліндегілері саусақпен санарлық деуге болады. Сол себепті біз төл тілімізге тәржімалап, санамызға алдымен өзімізге жеңіл, ұғынықты болуын бірінші орынға қойдық. Сонда ғана әрбір пациенттің дертін қарапайым тілде түсіндіріп, қажетті ем-домдарын жасауға мүмкіндігіміз де жоғары болатынын қаперде ұстадық. Әр саланың қиындығы мен қызығы қатар жүретіндіктен түрлі ауыртпалықты көріп жүріп шыңдалдық. Қанатымыздың бекуіне осы фельдшерліктен бастаған еңбек жолым екенін мақтанышпен айтамын», - дейді ол.
      Иә, расында күн-түн демей, науқастардың денсаулығы үшін қолдан келгеннің барын жасап, онымен бірге қиналыста, арпалыста жүретін мамандық иелері тек құрметке ғана лайық.
      Жылдар өтіп, тәжірибе жинақтаған өз ісінің білгірі бала күннен бері «отаныма қайтып, еңбек етемін» деген арманын орындау үшін 2005 жылдың маусым айында Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Қаракөл ауылына көшіп келеді. Аудан орталығы Қандағаш қаласынан жұмыс іздестіріп, Мұғалжар ауданының орталық ауруханасына рентген-лаборант болып жұмысқа орналасады. Аталмыш ауруханада 2018 жылдың қарашасына дейін еңбек етеді.
      Дәл осы жылдың желтоқсанынан бастап, Қандағаш қаласынан «Нұр-Шипа» медициналық орталығын ашып, 2019 жылдың ақпан айында алғашқы медициналық қызмет көрсету саласы бойынша мемлекеттік лицензиясын алып, өз кәсібін бастайды. 
      Амангелді Сапарбайұлы сүйікті ісін кәсіпке айналдыра білген маман. Ол Атамекен кәсіпкерлер палатасында бір айлық «Бизнес бастау», «Іскерлік байланыс» жобаларын оқып, қолға алған кәсібін жүргізе бастайды. 
      Ісі өрге домалап, 2020 жылдың наурыз айында қалааралық такси қызметін ашады. Бүгінде ол 14 адамды жұмыспен қамтып, елдің алғысын алып жүрген азамат. 
      Антына адал Амангелдінің жұбайы Нұрсұлу Жайлханқызы да осы саланы таңдаған жан. Ол балалар мен ересектер невропотологі және жалпы тәжірибелік дәрігері болып қызмет етеді. Төрт бала тәрбиелеп отырған ата-ананың балалары қазір жоғарғы оқу орындарында студент. Амангелді мен жары Нұрсұлу медицина саласындағы кәсіптерін бірге жалғастырып, қала тұрғындарына ультрадыбыстық диагностика, ерлер мен әйелдерге медициналық массаж жасау, физиотерапиялық ем-дом, күндізгі стационер қызметі, оксигенотерапия мен кислородты коктейль, галотерапия, вакуумды-банкалы массаж, ересектер мен балалар неврологиясы бойынша қызмет көрсетеді.
Осынау мәртебелі мамандықты меңгеріп, осы жолда сапалы қызмет көрсетіп жүрген ерлізайыпты білікті дәрігерлердің сүйікті ісі арқылы кәсіп бастағаны еліміздің көптеген дәрігерлеріне үлгі. 
      Халыққа қызмет көрсетіп, пайдалы болудың жолында өмірлік мақсат қойған және оны адами борышы санаған дәрігерлер отбасының тынымсыз қызметіне толағай табыстар тілей отыра, дендеріне саулық, бастарына амандық, отбасына бақ-береке тілейміз. 
      Амангелді Сапарбайұлындай елімізде құдай сақтасын емес, құдай берген дәрігерлердің көп екендігіне сенгіміз келеді, сонымен қатар, адамдардың ағзасын емдеу және оңалту жолында қиын да, жауапкершілігі мол еңбектеріңіздің еселі болып, жемісті болсын дейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...