![]()
Қос тағдырдың арашашысы
Құрсағындағы сәбиін тоғыз ай, он күн көтеріп, бөбегімен қауышуға асығатын аналар қауымы перзентін аман-есен босану үшін білікті акушер мамандарын іздейтіні жасырын емес.
Ана мен баланың өміріне, яғни, қос тағдырға жауапкершілік алатын бұл сала мамандарының жұмысы әлдеқайда күрделі. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін мұндай жұмыста алдымен табандылық керек. Осы ретте, бойында қажырлық пен еңбекқорлық, мейірбандылық пен қамқорлық сынды асыл қасиеттері бар, тәжірибелі маман, білікті дәрігер, демографиямыздың жандануы жолында барын салып, аналардан тек алғыс алып жүрген азамат Ғани Қалдыбаев жайында сөз қозғасақ дейміз.
Ол 1974 жылы киелі Түркістан облысына қарасты шырайлы Шардарада дүниеге келген. Бала күннен бері қиялға қанат бітіре білетін ол мектепте «кім болам?..» деген тақырыпта ой толғау жазуға тапсырма берілсе, бірден «Дәрігер боламын. Гиппократ антын бұзбайтын, сөзіне берік, іске епті, мықты маман болуды армандаймын»,- деп жазатын.
![]()
Кешкілік ауыл балалары доп теуіп, асық атуға жиналса, Ғани ойыннан гөрі, ой қуалағанды, жалғыз қалып, армандағанды ұнататын. Ол бала күнінде анасынан: «Ғани, балам, сен осы күніңде уақытыңды текке өткізбей, өміріңді қалай өзгерткің келсе, соның бәрін ақ параққа жазып, көп арманда, ол міндетті түрде орындалады. Өйткені, баланың тілегі қабыл, ниеттерің ақ, жүректерің таза, пейілдерің кең», - деген сөзін құлағына сіңіріп өсті.
Содан болар, оның түсінігі мен танымы өз замандастарына қарағанда әлдеқайда жүйрік тұлпардай алда еді. Жалындап, көзінде от ойнап, жұлқынып, бұлқынып тұратын Ғани үшін мүмкін емес нәрсе жоқ.
Ата-анасының қолында өсіп, солардың тәлімін алған ауыл баласы бір сәтке де қара жұмыс істеу мен кітап оқу сынды істерді ерекше құлшыныспен істейтін.
Ғани кішіпейіл бала болып өсті. Оның батыл да өжет болып өсуіне көп үлес қосқан аяулы анасы Чимирова Спакүл Дильбарханқызы. Ол отыз жыл бойы Шардара қазақ орта мектебінде бала тәрбиесіне жауапты болған абыройлы ұстаз. Мектептегі қауырт жұмыстарға қарамастан, ұл-қыздарының тәрбиесіне жіті көңіл бөлген жанашыр да мейірбан ана.
Сонымен қатар ол – қыздарының қылықты да ұятты, ұлының намысты да, табысты болып, бағытынан жаңылмай, өз мұраттарына жетулері үшін қай кезде де тіреу бола білген жан. Анасы Ғаниға ерекше көңіл бөлетін. Себебі, ол отбасындағы жалғыз ұл. Оның әпке-қарындастарына қамқор боп өсуі үшін тәрбиелік, тағылымы мол ғибратты әңгімелерді жиі айтып беретін. Баласының мысы басылмасын деп, басынан ешқашан сипамайтын, керісінше, «бәрекелді, азамат» деген жігер мен рух беретін жалынды сөздерімен Ғаниды ылғи әр істі тындырған соң, арқасынан қағатын. Сол кезден-ақ өзінің тепсе темір үзетін жасқа жетсе, тіпті мықты жігіт болатынына қуанып, еңсесін тік ұстап, анасы мен бауырларына ерекше қамқорлық пен мейірімділік та
![]()
нытатын. Ғаниды осы бір қасиеті үшін де оның туыстары мен көршілері, ұстаздары мен сыныптас достары ерекше құрметтейтін.
Мектеп табалдырығында жүргенде оның сүйікті пәні – химия, биология еді. Ол сабақ айтқанда, сыныптастары жым-жырт бола қалатын. Өйткені, Ғани адам анатомиясы туралы үнемі мектеп оқулығынан, берілген тапсырмадан тыс мағлұматтар жинап, кітапхана мен жеке мұрағаттарда сағаттап уақытын өткізіп, кітап оқумен көз майын тауысатын. Оны сыныптастары «алғыр» деп атап кеткен еді. Биологиядағы өсімдіктер мен жануарлардың, жалпы тірі ағзалардың жаратылысы жайлы көп ізденіп, құдды, мұғалімнің оқушыларға түсіндіріп тұрғанындай, жіліктеп тұрып, айтып беретін. Тынымсыз құлшынысымен, оқу мен білімге деген құштарлығын көрген Ғанидың ұстаздары мектебіміздің бетке ұстар азаматы болады деп үнемі мақтап отыратын. Мектепте қалалық, облыстық, тіпті республикалық олимпиадаларға биология пәні бойынша қатысып, жүлделі орындармен оралатын.
Мектеп жасында жүріп-ақ, «Пионер» және «Комсомол» ұйымдарының жетекшісі қызметін атқарады. Шығармашылық жұмысқа жаны жақын ол жас тілші ретінде аудандық газетке мақалаларын жариялап тұруды әдетіне айналдырады.
Алтын ұясын үздік бітірген соң, 1991 жылы арман қуып Алматы шаһарына келеді. Кезіндегі анасы айтқан сөздер жадында жатталып қалғандықтан, бала арманын орындамақ болып, С.М.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетіне оқуға тапсырады. Аталмыш білім ордасынан 1997 жылы «акушер-гинеколог» маманы болып дипломын алып шығады.
![]()
Оқуын бітірісімен сол сала бойынша қызметтік жұмысын тауып, еңбек жолын бастайды. Жүкті әйелдерге медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетумен қатар, гинекологиялық науқастарға тегін дәрі-дәрмек беру, амбулаториялық-емханалық көмекті жеделдету, қан тобы мен резус тиістілігін анықтау, септикалық асқынулардың алдын алу, босандыру сырқатнамасынан көшірме мен сауалнама жүргізу деректерін толтыру, босанғаннан кейінгі тексерулер сынды мойнына жүктелген зіл батпан жүкті тиісінше атқарып келеді.
Ақ ниетпен, кіршіксіз көңілмен бұл салаға келгеннен кейін шығар, оның бүгінде сол арманы орындалды. Онда да екі бірдей адамның тағдырына жауап беретін жауапты маман. Сын сағатындағы қиындықтарды артқа тастап, әйел затына медициналық қолдаудан бөлек, психологиялық тұрғыда да сөзбен дем беріп, қиналғанында жанына медет пен қуат бере білетін абзал жан десек артық айтқандығымыз емес.
Ғани Қалдыбаев қазіргі таңда 115 орынға есептеп салынған Алматы облысы, Қарасай аудандық перзентханасында бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. Бұл жердегі білікті мамандарға сенім артқан әйелдер қауымы лек-легімен толассыз, қаралып жатады.
Медицина саласында жиырма үш жыл тынымсыз еңбек етіп келе жатқан Ғани Қалдыбаевтың бұл сала да жеткен жетістіктері де жоқ емес. Айталық, 2002-2003 жылдары «Әйелдер кеңес орнының» меңгерушісі, 2009 жылы перзентхана бөлімінің меңгерушісі, 2011 жылы ана мен бала қорғау ісі жөніндегі директордың орынбасары, ал 2016 жылы Перзентхана бөлімінің меңгерушісі қызметін күні бүгінге дейін абыроймен атқарып келеді.
Дәрігер Ғани Қалдыбаевтың ауыз толтырып айтарлықтай зор жетістіктерінің бірі ретінде оның 2017 жылы «Алтын дәрігер» төсбелгісімен марапатталып, 2018 жылы «Медицина саласының үздігі» атанады. Ал 2019 жылы «Медицина ғылымының магистрі» атағына иеленеді.
Жақсы жаңалығын ести сала, бір не бірнеше мәрте әке атанған ерлер қауымы, бөркін аспанға атып, Ғани қызмет ететін перзентханаға құшақ-құшақ гүлдерін арқалап, дәрігерлерге ақ тілегін айтып, ерекше алғысы мен ілтипатын білдіріп жататынына сан мәрте куә болып та жүрміз.
Шындығында бұл қуаныштың артында тоғыз ай он күнгі үкілеген үміт жатыр. Сол үміттің отын сөндірмей, әйел затының «ана» болу бақытын сездіруге және ана мен баланың денсаулығының мықты болуына барын салатын босану бөлімшесіндегі акушер-гинеколог мамандардың еңбегі орасан зор. Соның ішінде, Ғани Қалдыбаев бұл салада
![]()
ер азаматтардың аз болса да бар екенін дәлелдеп, өзінің тәжірибелі, білікті маман екенін сан мәрте дәлелдеп-ақ келеді.
«Үйде үш баламыз. Анам ұстаздық жолға бақандай отыз жылын арнады. Содан болар, мен де, әпкем мен қарындасым да анамыздың мақтанышы болуға барымызды салып, сабақтан қалмай, жақсы оқыдық. Әпкем Гүльмира Қалдыбайқызы – фармацевт-провизор. Дәріханада мамандығы бойынша жұмыс істейді. Ал қарындасым Қалдыбаева Алия Қалдыбайқызы менің жолымды қуып акушер-гинекологияны таңдады. Жоғарғы санатты дәрігер. Бір анадан тараған үш бауыр да осы медицина саласын айналып өте алмадық. Менің дәрігер болуымды анам қалады. Әрі өзімнің мектеп табалдырығынан химия-биология сабағын сүйіп оқығаным бар, бірден медицина саласында қызмет етемін деп нық шешкен болатынмын. Сәйкесінше, акушерлік жұмыстың қиындығы шаш етектен. Жұмыс уақытының біткеніне қарамай, жүкті, енді босанған аналардың жағдайын әлсін-әлсін сұрап, ана мен баланың тағдырына ерекше алаңдаушылық білдіреміз», - дейді ол.
Расында, денсаулық деген – адамның жаны мен тәнінің саулығы. Дені сау адам ғана қоғамда өз миссиясын орындап, өзгелерге пайдалы бола алады. Ғани Қалдыбаев барлық күш-жігерін жүкті әйелдердің аман-есен балаларын бауырына басуына, мейірлене, құшырлана иіскеп, аналық махаббатын беруге, оны сезінуге ықпал ететін адам. Осы бір жұмысынан тек құрметке ғана ие болып жүрген ол еткен еңбегінің арқасында десек артық айтқандығымыз емес.
Таңдаған саласына жанын беруге дайын дәрігерлер үшін «ақ халатты абзал жан» деген халықтың берген құрметті атағынан артық баға жоқ шығар, сірә?..
Бүгінде құдай қосқан жан-жарымен төрт ұл бала тәрбиелеп отырған дәрігер, жұмыспен қатар, отбасына да көңіл бөлуді ұмытқан емес. Балалары әкесінің мамандығына құрметпен қарап, сыныптастарына әкеміз дәрігер деп мақтанышпен айтып жүреді.
Антына адал, абыройлы жан қазіргі таңда Алматы облысы әкімі мен Қаскелең қаласы әкімдерінің, сонымен қатар, облыстық кәсіподақ комитеті мен қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының «Алғыс Хаттарына» ие болып, жауапкершілігі мол жұмысын жүрекпен сезініп істеп келеді.
Өз ісінің білгірі ғана емес, шебер ұйымдастырушылық қасиеті де ұжымдастарының да арасында беделін арттырды. Оған әріптестері тіпті «бүгінгінің жоғарғы дәрежелі акушер-гинекологы» деп баға берген.
«Мақсатым қос тағдырдың өміріне араша түсу», - деп білетін Ғани Қалдыбаев үшін халықтың алғысы мен батасынан асқан марапат та, атақ та жоқ. Оның үстіне ол үшін осы бір ауыз сөз жанына қуат беріп, мұратына жеткенін білдіртеді.
Қателесуге болмайтын осынау аса бір қиын да жауапты мамандықта ана мен баланың тағдыры үшін «шыр-пыр» болып, сын сағатында қолынан келгеннің бәрін жасауға тырысатын абзал жанның жемісті еңбек жолындағы істері еленіп, тек «ең үздік дәрігер» деген ғана мәртебелі марапатты ала берсін демекпіз!