Бекбергенова Әсия

Рейтинг:

Ақ халатына дақ түсірмеген

      Адам жанының арашашысы болған ақ халаттыларға жүктелетін міндеттің қашанда салмағы ауыр болады. Өйткені, олар адам өміріне жауапты жандар. Антына адал әрбір ақ халаттының алдынан кездесетін қиындықтарға қарсы тұруы, сол қиындықты жеңе білуі де ерлікпен пара пар деген болар едім. Сырқаттанып, ем іздеп келген талай науқастың дертіне дауа, көңіліне медет болатын осы абзал жандар десе, олар күндіз-түні уақытпен санаспайды. Алдына үмітпен келген науқасының аяқтан тұрып кеткенінше отбасын да, өзін де екінші орынға ысырып қоятын алтын жүректі жандардың еңбегіне қалайша бас имейсің?! Алладан кейінгі жер бетіндегі адамның шын жанашыры болған жандардың әрбірінің еңбегі айтарлықтай өлшеусіз деген болар едім.
      Кез келген елдің ең басты байлығы ол халқының денсаулығы болып саналады. Сондықтан да, денсаулық сақтау саласының жағдайы қашанда Елбасының ерекше назарында болып келеді. Халқымыздың «Бірінші байлық – денсаулық», - деген дана сөзінің өзі осыған кепіл болғандай. Ақ халатына дақ түсірмей, көпшіліктің ықыласына ие болып, бүкіл саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған Әсия Мүсілімқызы көптің аузында «Алтын жүректі, мықты дәрігер» деген атқа ие.
      Иә, басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Сондайда алдымен Алладан, онан кейін ақ халаттылардан дертімізге дауа сұрайтынымыз бар. Талай жанды сырқатынан сауықтырып, ауруына ем дарытып, елдің алғысына бөленіп жүрген абзал жандар қашан да ел абыройы болып саналады. Өзінің біліктілігімен, білімімен мыңдаған жанға өмір сыйлаған сондай мамандарды ел ішінде «Алтын қолды дәрігер» деп, дәріптеп жатады. Көпшілік құрмет-қошеметке бөлеп, ілтипаттарын білдіріп жатады. Өз өмірін маңызды және пайдалы іске арнаған адам нағыз батыр десек, артық айтпаған да болар едім. Еңбек етпей, бақытты өмір сүру мүмкін емес те. Ал, жаның сүйетін іс өзгелерге пайдалы болса, одан асқан пенделік бақыт жоқ та шығар, бәлкім?! Батылдық, жан жылуы, өзгелерге жәрдем беру секілді істер жалпы дәрігерлерге тән ғана қасиет дер едім. Адам жанына араша түсетін дәрігер мамандығын таңдаудың өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді ғой. Сондай-ақ, бұл салаға үлкен жүректі адам ғана келеді. Себебі медицина тілі – қиын тіл. Жауапкершілікпен қоса мұнда ержүректілік керек. Ал осындай талаптары бар салаға расында да көптің жүрегі дауалай бермейтіні рас.
      Бекбергенова Әсия Мүсілімқызы 1960 жылғы 22 ақпанда Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. 1977 жылы Қармақшы ауданындағы №250 орта мектепті үздікке бітіріп, өзге қатарластары секілді арман жетегімен Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Аталмыш оқу орнын 1985 жылы «Балалар дәрігері» мамандығы бойынша ойдағыдай тәмамдайды. Білімді жас сол жылы, яғни, 1985 -1986 жылдары Қызылорда қалалық балалар ауруханасында «Балалар дәрігері» мамандығы бойынша интернатурадан өтті. Әсия Мүсілімқызы өзінің еңбек жолын 1977-1978 жылдары Қармақшы ПМК-83 мекемесінде 1-разрядты жұмысшы болып бастаған. 1986-1996 жылдары Қармақшы аудандық емханасында аймақтық балалар дәрігері болып, 1996-2003 жылдары Қармақшы аудандық орталық аурухананың балалар бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарды. Халықпен араласа жүріп, көптің көңілінен шыға білді. Әр науқасына, қаралушысына сыпайы сөйлеп, сабырмен қарайтын Әсия Мүсілімқызы 2003 жылдың тамыз айынан бастап аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің ана мен бала жөніндегі орынбасары қызметіне келді. Ана мен бала жағдайы қашанда тұғырдан түспейтін өзекті мәселелердің бірі болса, бұл жұмысына өте ықтияттылықпен қарап, қандай да бір аурулардың алдын алуда тынымсыз еңбек ете білді. Халықтың алдын ала дәрігерлік кеңес алып, дер уақытында ем-шарасы жасалынып, сауатты жұмыс жасаудың арқасында ана мен бала шығыны да орын алмады. Дәрігердің дәрісі бір ем болса, оның бетіне күлімдей қарап, биязы даусымен, сабырмен аурудың тарихын, оның пайда болуынан бастап шипалы қолдарымен сипай отырып, түсіндіруінің өзі-ақ ауырған жеріңді ұмыттырып, жаныңды жай таптырады емес пе?!
      Дәрігер атаулының табиғаты басқа мамандықтарға қарағанда тек адамның жаны мен тәні үшін жаралған ба дейсің кейде. Өйткені, олар алдына келген науқасты бірге туған жанашырындай оның қиналысына бірге күйзеліп, өзінің басындағы басқа жайлардың барлығын ысырып қойып, тек қана бойындағы барлық күш-жігерін емделушісінің дертінің дауасын табу үшін арпалысып кетеді. Бірақ, бұл әр ақ халаттының мінез-құлқына, білімі мен біліктілігіне байланысты болады. Адамды есіктен кіргенде бірден баурап алатын дәрігер қай кезде де халықтың жүрегінен орын алады. Ал көптің алғысын арқалау ол дәрігер үшін нағыз бақыт. Ондай абзал жандарды дәрігерлердің арасынан көптеп кездестіруге болады және солардың бірегейі осы Әсия Мүсілімқызы деуге негіз көп. Емделушілердің жағдайын ескере отырып, ішкі тәртіпті бір жүйеге келтіріп, бойындағы бар білгенін адам денсаулығына жұмсай білген зейінді, антына адал дәрігердің жүзі ылғи да жылы, мейірімге толы болып, келушілерін келген бойда жақсыға үміттендіріп, арқасынан қағып, «ертең-ақ жүгіріп кететін ауру ғой» деп күліп ғана қайтаратын. Көпшілік міне, Әсия Мүсілімқызының осындай қалпы үшін де жақсы көріп, құрметтейді. «Дәрігердің жақсысы – дертке дерт қос­пағаны», - дейді ғой дана халық. Расында, медицина қызметкерлері алдында ха­лықтың денсаулығын жақсарту, бала өлімін азайту, ауру-сырқаудың алдын алу секілді міндеттер тұрады. Себебі, ұлт сау­лығы бас­ты мәселе. Сондықтан, ем іздеп келген адамға кішіпейілділік танытып, жағымды әңгіме қозғаса дертін демде ұмытып кететіні мәлім ғой. Жылы сөйлеп, түзу жүрген маманның абыройы да биік болары анық. Адам жанын жара қылатын да, жазатын да сөз екенін естен шығармаған Әсия Мүсілімқызы талай жылдар бойы ақ халатына дақ түсірмеген жан.
      Білікті де тәжірибелі дәрігер 2012 жылдың ақпан айынан Қармақшы аудандық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері қызметін абыроймен атқарды. Ал, 2016 жылдың шілде айынан амбулаториялық емханалық қызметі бар Жалағаш аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарды. Еңбек жолында биік беделге ие, халықтың сүйікті дәрігеріне айналған, ақ халатты абзал жан 2016 жылы Қармақшы ауданының VI шақырылымының мәслихат депутаты болып сайланды. Қашанда елдің денсаулығының жақсы болуын қаузап жүретін ақ халатты жан үшін бұл жауапты қызметінде де біраз мәселелердің оңтайлы шешілуіне ықпал етті. Халықтың көкейінде жүрген сауалдарды билік өкілдеріне жеткізіп, шешілу жолдарын бірге қарастырды. Нәтижесін де халықпен бірге көрді. Әсия Мүсілімқызы 2019 жылы зейнеткерлік жасқа толуына байланысты Жалағаш аудандық ауруханасының бас дәрігері қызметінен құрметті зейнет демалысына шықты. 
      Өз саласында мол тәжірибесі бар білімді де білікті дәрігер талай жас мамандардың ұстазы да бола білді. Қатарларына жаңадан келіп қосылған талай жастың еңбекке араласып кетуіне мол септігін тигізді. Бұл ретте Әсия Мүсілімқызын жастардың жанашыры деуге де болады. «Жас келсе іске» деп, келген жаңа мамандарды ылғи да құшақ жая қарсы алып, өз тәжірибесін үйретуден жалықпады. Ардагер-дәрігер еңбек ету жолында бірнеше рет аудандық, облыстық әкімінің «Алғыс Хаттарымен» марапатталды. 1994 жылы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет Грамотасының» иегері атанды. Ал, 2015 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс Хатын» иеленді. Көпжылдық еңбегінің жемісі ретінде 2016 жылы «Тәлімгер», «Қазақтан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарын омырауына жарқырата тақты. Сонымен бірге, 2017 жылы 18 маусымда алған «Медицина саласының үздігі» медалі де омырауында жарқырап тұр. 
      Әсия Мүсілімқызы бүгінде ақ халатына дақ түсірмеген абзал жан ғана емес, отбасында ақ жаулықты ана, балаларына ардақтысы, немерелерінің қамқор әжесі. Отбасында екі ұл тәрбиелеген бақытты ана. Үлкен ұлы Бауыржан – қазіргі таңда Атырау қаласында мұнай саласында қызмет жасайды. Оның жары Сәулеш – Жосалы кентіндегі О.Шораяқұлы атындағы № 30 орта мектебінің математика пәнінің І санатты мұғалімі. Екінші ұлы Дәуіржан – Салық басқармасының бөлім басшысы қызметін абыроймен атқарып жүр. Оның жары Рауабану –Жосалы кентіндегі педагогикалық түзету кабинетінің І санатты психолог маманы. Екі ұлдан төрт ұл, төрт қыз, сегіз немере көріп отырған бақытты әже.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...