Білікті дәрігер
Дүниедегі ең маңызды да мерейлі мамандықтардың бірі – дәрігер. Ақ халатты абзал жан деген теңеу де осының айғағы. Науқастанып жан қиналғанда дертке шипа беретін де осы абзал жандар. Саналы ғұмырын медицина саласына арнаған сондай азаматтардың бірі – Дәурен Бақытбекұлы. Алтын қолды, кең жүректі дәрігерді өз өңірінде білмейтін адам кемде-кем деуге болады. Білімді әрі білікті, тәжірибелі маманға ұқсағысы келетін жас мамандар өте көп. Өз ісіне адал, жұмысына берілген. Талапшыл, бірақ мейірімді. Сонысымен еңбек жолын енді бастаған ізбасар әріптестеріне үлгі.
Дәрігердің қызметіне жүгінбейтін адам кемде кем деуге болады. Өз ісінің нағыз шебері
![]()
бола білетін ақ халатты жан талай науқастың жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді. Күнделікті үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға ем-шаралар көрсетуден бөлек, орталықтың өзге де күйкі тірлігіне қарамастан Дәурен Бақытбекұлы әрқашан жайдарлы мінез танытып жүруден жалыққан емес. «Гиппократ» антын қабылдап, сабырлылық пен салмақтылықты серік еткен білікті дәрігер науқастарына өзіне қарағандай қарайды. Өзінің сүйікті мамандығына нағыз берілген азамат.
Жұмаханов Дәурен Бақытбекұлы Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз қаласында дүниеге келген. Туа біткен қасиеті адамдарға үнемі қамқор болып, мейірімін төгіп тұрады. Кімге болмасын жаны ашып, өзінің қолынан келгенін аянып қалмайтын Дәурен мектептегі кезінен-ақ өзінің болашақта кім және қайда білім алатынын ойлайтын. Сонда ол болашақта адам жанының арашашысы болсам, науқастарға көмектессем деп арман ететін. Үлкен арманға жету жолында талай еңбектенудің жататыны да сөзсіз. Ол мектептің мақтанышы боларлықтай үлгілі шәкірт болды. Сыныптастарының арасында ұйымдастырушылық, көшбасшылық, табандылық, еңбекқорлық қасиетімен ерекшеленіп тұратын. Ұстаздары да осындай шәкіртімен мақтанып, үміт күтетін. Ата-анадан кейінгі тілеуқор әрине ұстаз десек, Дәуреннің ұстаздары нағыз тәжірибесі мол, өз саласының озықтары, ұстаздардың ұстазы еді. Тәртіп пен білім мықты қалыптасқанда болашақтан да мол үміт күтуге болады. Өзінің алтын ұя мектебін аяқтағанда, ол ұстаздарына алғысын білдіріп, олардың үмітін ақтап, мықты маман иесі болатынын айтқан-ды. Жас түлектің арман-мақсатының орындалуына тілектес болған ұстаздары оның ақ халатты дәрігер боларына сенген де еді. Қолына құжаттарын алып, арман жетегімен Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға келді. Жолы болып, үлкен қара шаңыраққа оқуға түсіп, үмітін үкілеген жандардың мерейін бір асырды. Өзінің жүрегі қалаған оқуына қолы жетіп тағы қуанды. Жан-жақтан келген армандастар, құрдастардың жаңа таныстықтары басталды. Студенттік шақ деген мектепте білім алғандай ұзақ емес, көзді ашып-жұмғанша өте шығады екен. Күндіз-түні кітаптан бас алмай, білімдерін шыңдай жүріп, шаршау дегенді бір сәтке де білмейтін жастар әсем қаланың түнгі көрінісін тамашалаудан да бір қапы қалған емес. Жастық жалынмен оқуға да, қыдыруға да, тіпті соңғы курстарда бірін-бірі тапқан жастар жарасып, отбасын құрып та үлгеретін. Осылайша қызыққа толы
![]()
студенттік күндерді де артқа тастап, қолына дипломын алған әрбір жас маман өз жолдамаларымен жан-жаққа тарады.
Рас, медицина жауапкершілігі мол, жүгі ауыр салалардың бірінен саналады. Сондықтан кез-келген адам біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты жоғары деңгейде меңгеріп шығуы оңай емес екендігін білуі керек. Бұл саланың маңыздылығы сол, дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Дәрігер деген үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі де керек. Ал мұның бәрін жан жүрегімен қалап қабылдағанда ғана нағыз дәрігер бола алады.
Дәурен Бақытбекұлы өзінің алғашқы еңбек жолын 2007-2009 жылдары «Балбұлақ» атындағы балаларға арналған республикалық оңалту орталығында (ДЦП-мен ауыратын балаларға арналған) бастады. Рас, жас маман үшін бұл салада тәжірибе жинау маңызды еді. Орталықтағы аға буын мамандар орталарына жаңадан келіп қосылған жас маманды қуана қарсы алып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтып, жұмыс істеп кетуіне көп көмек берді. Өзінің зеректігімен, алғырлығымен айтылғандарды жадына тоқып, көзбен көргендерін ойына сақтап, жұмысына шын беріліп, талмай-қажымай еңбек етті. Ол 2009-2018 жылдары Астана қаласындағы ұлттық ана мен бала ғылыми орталығында, одан кейін ұлттық нейрохирургия орталығында, республикалық диагностика орталығында, ұлттық кардиохирургия орталығында да абыройлы қызмет етті. Иә, ол қай ортада, қай жерде қызмет етсе де өзінің парасаттылығымен танылып, ұстамды әрі ақ пейіл қалпынан танбады. Уақытпен санасуды білмейтін білікті маман үнемі біліктілігін арттырып, білімін шыңдаумен келеді. Қажет деп тапқан тың материалдарды қалайда тауып оқиды. Өзінің тәжірибесінде пайдалана біледі. Өзінің азды-көпті еткен өмірлік тәжірибесін кеше келген жас мамандарға да үйретіп отырады. Ұлы ұстаздардан ілім алған ақ халатты дәрігердің өзі де бүгінде ұстаздар қатарынан табылады. Дәурен Бақытбекұлы 2013-2014 жылдары Қазақстан үшін өте маңызды «клиникалық нейрофизилогия» мамандығы бойынша «Болашақ» бағдарламасы бойынша Австриядағы «Грац Медицина университетінде» сынақ мерзімінен өтті. Оның үстіне өздігімен Швецияда, Францияда оқып, білімін жетілдіріп келді. 2016 жылдан бастап өз алдына жекеменшік «Neurolab» деп атау беріп, замануи үлгідегі медицина орталығының негізін қалады. Өзі орталық директоры болса да адами қарапайым мінезімен, адал әрі әділдігімен көпті тәнті етумен келеді.
![]()
Бұл орталық Орталық Азия үшін бірегей мекеме болып табылады. Бүгінгі таңда осы аталмыш орталығы ұжымында жоғары санатты мамандар қатары өте көп. Бес жылдың ішінде келушілердің саны артуына және сұранысына орай 1 кабинеттен өсіп келеді. Айта кету керек орталықтың басқа қалаларында яғни, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында үш филиалы ашылды. Алдағы уақытта әр облыстан орталық филиалдарын аша түсу жоспарда бар. Орталық бірнеше бағытта жұмыс жасайды. Емдеу бағыты – инновациялық «Транскраниалды Магниттік Стимуляция, ТМС» нерв жүйесі ауруларын және ем тәсілін қолданады. Бұл тәсіл 1985 жылы Ұлыбритания, Бирмингем қаласында ойлап табылған екен. Одан кейін бүкіл әлемге таралды. Алғашқы аппарат Нұр-Сұлтан қаласында «Neurolab» медицина орталығында 2017 жылы орнатылды. Аталмыш аппарат Паркинсон ауруы, инсульт салдары, аутизм, сөйлеу және психика дамуының тежелуі және тағы да басқа ауруларды емдеуге арналған.
Жұмаханов Дәуреннің ғылыми жетістігінің өзі айтарлықтай. Ол Лондон университеттік колледжінің (UCL) ғылыми жобасының координаторы болып таңдалды. Жобасының мақсаты – нерв-бұлшық ет генетикалық ауруларды Қазақстан халқының арасында зерттеу болатын. Клиникада жас мамандарға магистерлік жұмыстарды қорғауға мүмкіншіліктер берілген. Мысалы: осы клиникада жас маман 2021 жылы өзінің магистерлік жұмысын «ТМС емде қолдану» тақырыбы бойынша қорғады.
Дәрігер жай атақ не жай мамандық емес. Ол жан-жақты өзіндік қиындықтары бар салалардың бірі. Алдымен емделушімен жақсы қарым-қатынас орнатып, дұрыс сөйлесе білу маңызды. Жылы сөздің өзі адам жанын емдейтін сиқырлы дүние ғой. Білікті маман мұны жақсы біледі. Өзіне тура жолыққысы келген науқасын сөзсіз қабылдайды. Адамды телміртіп, күттіріп қою оның табиғатына жат. Десек те әр нәрсе өз уақытымен. Кейде уақытқа да уақыт керек болып жатады. Қат-қабат тірлік бір минутқа да кідіртпейді. Дәрігер үшін сол бір минуттың өзі аса маңызды. Бірі түсінсе, басқасы түсінбей жататын кездер болады. Бірақ әрнәрсенің бағыт-бағдарын жақсы білетін Дәурен Бақытбекұлы алыс-тан ат терлетіп келген әрбір жанды қабылдауға, оларға титтей де болса көмегін тигізуге ниетті. Шынайылық, кеңдік деген осы болар?! «Ұлық болсаң, кішік бол» қағидасын ұстанатын абырой биігіндегі азамат міне, осындай!