«Ақталған әке үміті...»
«Абай хакімнің даналығына жіті үңілсек, әлемді ең әуелі махаббат пен мейірім құтқаратынын аңғарар едік. «Әлемді сұлулық құтқарады», - дейді Ф.Достоевский. Осы сұлулықтың негізі де махаббат пен мейірімде жатыр. Мейірбандық болмаса жан сұлулығы жайында айтып та қажет емес. Сөйтіп, әлемді мейірім құтқарады десек, бұл арадағы әлеміміз – адамзат. Ал адамзатты түрлі бәле-батырлардан, кесір-кесапаттан, әсіресе ауру-сырқаудан Алладан кейінгі басты қорғаушы құтқарушылардың бірегейі медицина екені аян», - дейді қаламы қарымды журналист Қорғанбек Аманжол. Рас, медицина ғасырдан көп жасап келе жатқан сала. Ал осы бір нәзік салада еңбек етіп келе жатқан ақ халатты жандардың еңбегі бағалануға тұрарлық іс. Халықтың дәрігерлерге деген сенімін арттырып, қарым-қатынасын нығайта түскен, оларға деген құрмет беделін көтере түскен ол бүгінгі таңда – жас талғамайтын пандемияның кең етек алуы. Осы бір тажал қарманып жатқан кезде пандемияның тырнағына ілініп кетпеуімізге сеп болған, тамағымыз қышып, жөтелсек алдына жүгіріп баратын осы бір дәрігерлер туралы жазғанды жөн көрдік.
![]()
Алматы қаласындағы «Тау Сұңқар» клиникасының дәрігер-онкологы, химиотерапевт, химиотерапия бөлімінің меңгерушісі Джуматаев Данияр Максадович 1987 жылы 8 қаңтарда Жамбыл облысы, Тараз қаласында дүниеге келді. Мектеп табалдырығын 1993 жылы тасын түртсең тарихы сөйлейтін, мың екі мың жылдық тарихы тереңде жатқан Тараз қаласындағы Ж.Жабаев атындағы №5 мектеп-гимназиясында аттап, білім нәрімен сусындап өсті. Бала кезінен алғыр, үлкеннің сөзін екі айтқызбай орындайтын тілалғыш бала мектеп қабырғасында жүріп, барлық сабақты жақсы оқумен қатар, спортпен да жақсы шұғылданды. Атап айтар болсақ, спорттық үйірмеге барып, жаттығып жүретін ағасы Даниярды 8 жасында дзюдо күресіне апарып, бала бойында мен мұндалап тұрған қабілеттің көзін ашуына мұрындық болды. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын жас, ағасы артқан үмітті ақтау үшін аянбады. Сабақтан тыс уақыттары жаттығу залына келіп, уақытпен санаспай, бар ынта-жігерімен кіріп кетіп, дайындық жүргізді. Жаттықтырушылар да, жанарынан от ұшқындап тұрған, қимылы ширақ, әдіс тәсілдерді тез үйреніп алатын дарынды жасты белін буып, дайындап, жарыстарға қатыстырды.
Үздіксіз дайындық, ағасының ғана емес, сыныптастарының, жаттықтырушыларының үміті мен еңбегін ақтау үшін, кілем торында барын салып күрескен Данияр кіл мықтылар қатысқан түрлі спорттық додаларда, қарсыласынан күйі мен қайраты, айласы басым түсіп жеңімпаз атанды. Міне, жас та болса мектептің мерейін өсіріп, намысты қолдан бермеген спортшы осылай өз жақсы жақтарынан көрсете білумен қатар, күресте «Спорт шеберіне үміткер» атағын иеленді. Осылай, өзінің сүйікті спортын арманымен жалғастырып, болашақ Тәуелсіз Қазақстанның көк туын аспанда желбіретемін деп жүрген жастың ойы басқа арнаға бұрылып, мақсаты өзгеріп шыға келді. Бұл туралы, кейіпкеріміздің өз аузынан естісек.
![]()
- «Адамның таңдағаны емес, жаратқанның жазғаны болады» деген, арманымды басқа арнаға бұрған мына бір оқиға еді. Мектеп армандардың қанат алатын шағы гой. Мен де спорт саласында жетістіктерге жеткен соң, оның үстіне өзімнің де бейімімен бар спортқа барғым келді. Жетістіктерім де бар... Бірақ барлығы менің ойлағанымдай болмады. 2003 жылдың жаз айында ата-анама аяқ астынан қарулы шабуыл жасалды. Ата-анам кәсіпкерлікпен айналысатын еді. Анама төрт жерден оқ тиді, бір оқ қолындағы сүйегін сындырып өтті, ал әкеме үш оқ атылды, оның бәрі ішкі ағзаларын зақымдады. Үлкен көлемді ота жасалды. Дәрігерлер тірі қалуы 10-15% деген еді. Аллаһтың қалауымен ота сәтті өтіп, аман қалды. Сол кезде ауруханада жатқан көптеген жағдайы жоқ науқастардың дәрігерлерден көмек алалмай жатқанын көріп: «Осындай жағдайы жоқ науқастарға қолынан келгенше көмек берсін», - деп әкем. - «Мені дәрігер қыламын!», - деп шешім қабылдаған екен. - Әкемнің үміті мені де алдаған жоқ. Міне, сол кезден бастап, спортты қойып, білімге кірістім. Еңбегіме қарай, грантқа түстім, - дейді Данияр Максадович. - Өзінің дәрігерлікті таңдағанына өкінбейтінін, әке бағытының дұрыс болғанын, мақтанышпен айтып, осылайша, 2010 жылы С.Ж.Асфендиаров атындағы Ұлттық медицина университетін «дәрігер-педиатор» мамандығы бойынша бітірген ол 2011 жылы осы университетте «Жалпы медицина дәрігері» бойынша интернатура өтіп, 2011-2013 жылдар аралығында КазНИИОиР-да онкология, балалар онкологиясы бойынша резидентура оқып, дәрігерлік саласындағы алғашқы еңбек жолын Алматы қаласындағы Педиатрия және балалалар хирургиясы ғылыми орталығында «Балалар онкологы, дәрігер-хирург» болып бастады.
- «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан»,- деп өскелең ұрпақтың өнегелі өмірінің жарқын болашағы үшін жанын аямай, бойындағы бар білімі мен білігін сарп етіп, тоқығаны мен білгенін шәкірттерге жалықпай үйретумен қатар, 2004-2013 жылдары Алматы қаласындағы іргелі Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының балалар онкологиясы бөлімшесінің меңгерушісі болып басшылық қызметте болған медицина ғылымының кандидаты, балалар дәрігері, жоғары категориялы балалар онкологы Жумадуллаев Бахрам Маликайдарович өз саласының үздігі ғана емес, басшылық қызметте емдеу ордасының көшін алға сүйрей білген маман. 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Алматы қаласындағы Педиатрия және балалалар хирургиясы ғылыми орталығының №1 балалар онкология бөлімшесінің меңгерушісі болып атқарып жатыр және менің алғаш еңбек жолымда осы сала бойынша көш бастаушы, бағыт-бағдар беруші ұстазым ретінде атап өтуді жөн көрдім, - дейді Данияр Максадович, өзінің алғашқы ұстазы туралы жылы лебізін білдіріп.
Ұстазы үшін алғысын айтып, алдына келген шәкіртінен ыстық жан жоқ болса, дәрігер үшін ризашылығын білдірген емделушісінен артық құрмет жоқ. Дәрігер – адамның тәнін ғана емес, жанын да емдей алады. Нағыз дәрігер емделушінің жанын түсініп, мейірім танытатын жан. Адамға көмектесу – дәрігердің басты парызы. Оның жанын да, тәнін де емдей алуың керек. Науқас адам, ең алдымен дәрігерден жылы сөз бен жан мейірімін күтеді. Ақ халатты азбал жанның емінен бұрын қамқорлығына мұқтаж. Дәрігердің үш қаруы бар. Ол – сөз, өсімдік және пышақ. Оның ішінде сөз – дәрігердің бірінші қаруы. Адамға сөзбен сенім сыйлау – бұл өмірдегі ең құдіретті құбылыс. Дәрігердің жылы сөзі мен мейірімді мінезі кез келген дерттің емі. Оның үстіне періштедей көңілді перзенттердің дәрігері атанған Данияр Максадович аз ғана уақыттың ішінде тәжірибе жинап үлгерді. Ғылым дамыған сайын медицинаның да түрленетіні секілді, өзгерген, дамыған медицинаның тілін түсініп, құрал - жабдықтарын меңгеру мақсатында кәсіби білімін көтеріп, біліктілігін үздіксіз арттырып отырды. Біліктілікті арттыру курстарына қатысумен қатар, өзі да сала бойынша ізденіп, түпсіз терең медицина саласының әлеміне тереңдей еніп келе жатты.
![]()
Өзінің дәрігерлік қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын, алдына келген ем алушының тән жарасымен қатар, жан жарасына да көңіл бөліп, олардың еміне шипа табу үшін барлық оқып білгені мен көңілге тоқығанын, тәжірибеден туындағанын жұмсады. Адал еңбек адамды мерей төріне көтере білетіні секілді, өз ісін адал атқарған ол ұжымдастары арасында бедел биігіне өрлеп, қызметте де сатылай өсті. Одан арғы қызметінде, 2016-2018 жылдары Тараз қаласындағы Облыстық онкологиялық орталығында дәрігер-онколог, химиотерапевт, 2018 жылдың қазаны мен 2021 жылдың қаңтары аралығында Алматы қаласындағы «Сұңқар» онкологиялық орталығында дәрігер-онколог, химиотерапевт болып, 2021 жылдың қаңтарынан бастап «Тау Сұңқар» орталығында дәрігер-онколог, химиотерапевт, химиотерапия бөлімінің меңгерушісі, лазеролог-ФТД, озонотерапевт болып абыройлы қызмет етіп келеді.
Білікті маман болу үшін алдына келген науқастың көңіліне дем беріп, жүзіне қуаныш үйірумен қатар, жанына батқан тән жарасын жазу үшін дәрігерге көп білім, ізденім, өз саласын ерекше махаббатпен жақсы көру және еңбекқорлық керек. Әрдайым қоғаммен байланыс орнатып, ғаламтор, бұқаралық ақпарат арқылы онкологиялық салада болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерді үзбей қарап, дамыған елдердің тәжірибесін негізге алған Данияр Максадович білім деңгейін көтеріп отыруды ешқашан екінші орынға ысырған емес. Атап айтар болсақ, 2014 жылы Германия мемлекетінің астанасы Берлин қаласындағы «Шарите» клиникасында, 2017 жылы Ресей мемлекетінің Мәскеу қаласындағы Герцен атындағы ғылыми орталығында, 2018-2021 жылдары Түркия мемлекетінің Стамбул қаласындағы бірнеше клиникасында білімін жетілдіріп, тәжірибеден өтіп келді.
Заман ауысқан сайын, қоршаған ортаға байланысты түрлі қиыншылықтар туындаумен қатар, түрлі аурулар да пайда болып отырады. Тосыннан пайда болған аурудың алдын алу, зерттеу, науқастарды емдеу шараларын жүргізу уақыт еншісінде десек де, осы бір нәзік салада қызмет етіп жүрген дәрігерлерге артылар жүктің салмағы да ауыр. Онкологиялық ауралар басқаларға қарағанда өте нәзік, имммунитеті төмен, организмін баппен емдемесең шыныдай сынғыш келеді. Ісік аурулары – қанша жылдан бері зерттеліп келе жатса да, түйін болып қалған, әлі де толық зерттеулерді талап ететін өте күрделі сала. Осы бір, ауыр саланы таңдаған Данияр Максадович Қазақстан Республикасында бірінші болып дамыған мемлекеттердегідей инфузионды насоспен (инфузомат) химиотерапия, таргетті терапия, иммунотерапияны үлкен онкологиялық науқастарға қолданды. Медицинасы енді дамып келе жатқан дамушы елдің әлеуетін көтеріп, медицина емдеу ісі саласында жаңа серпін болған осы бір емдеу тәсілі өзінің жақсы жақтарын да бере бастады. Сонымен бірге, дамыған мемлекеттердегі онколог дәрігерлермен бірлесе отырып, ем-шараларын жасау, Ресей мемлекетіне барып фотодинамикалық терапияны онкологиялық науқастарға қолдану әдісін үйреніп, біздің елімізге енгізу, қазіргі таңда жақсы нәтиже беріп жатыр.
- Ажалды алқымынан алған ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашанда халықтың абыройына бөлейді. Қазіргі уақытта Славин Шимонмен бірлесе вирусты терапияны (виротерапия) тек Қазақстан азаматтары ғана емес, ТМД елдерінің азаматтарына жасап жатырмыз. Славин Шимон Израильдің атақты ғалымы, 1941 жылы дүниеге келген, Тель-Авивтегі рак ауруының биотерапиялық орталығының директоры, иммуноонкология, иммунология, регенеративті медицина облысы бойынша профессоры, медицина ғылымының докторы. 2020 жылы елімізге жаман індет коронавирус ауруы кезінде аса қауіптілігіне қарамай онкологиялық науқастарға кеңес жасап, емдеп, бақылап отырдым. Сол аралықта өзім індетке шалдығып қалдым. Аурухана науқастарға толы, дәрігерлердің тапшылығын көріп, жылдық кезекті демалысымды алып, өзімнің туып өскен жерім Тараз қаласына барып, ата-анамды, туыстарымды, таныстарымды, туыстарымның таныстарын короновирустан емдеп, өз қадағалауымда болды. Әрбір Қазақстанның қалаларынан хабарласқан науқасқа ауруының қаншалықты қауіптілігін түсіндіру жұмыстарын жүргіздім. Өзіне бей-жай қарамай, айтқан кеңестерімді орындағандар тез жазылып, алғысын білдіргендер өте көп болды. Науқастардың бірі КТК телеканалына айтып, хабардан көрсеткен кезі де болды. «Халық құрметі» премиясына қатыстым, - деген Данияр Максадович шаңырағының берекесін кіргізіп отырған аяулы жары Дария Маратовна Мамыраимова екеуі алтын асықтай екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана! Әскери қызметшілер арасында мынандай: «Тыл мықты болса, алынбайтын қамал жоқ», - деген жазылмаған нақыл сөз бар! Міне, күнделікті бітпейтін үй тірлігінен бөлек, өзімен иық тіресе, еңбек майданында бірге жүрген құдай қосқан қосағы Дария Маратовна Мамыраимова да дәрігер - терапевт, эндокринолог.
- Дәрігер - арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек, - деген ата-бабамыздың айтқан ұлы да ұлағатты сөздері бар. Сол сөзді тереңінен қарастырар болсақ ол сөздің мағынасы: арыстандай айбатты дегені – еш нәрседен қорықпайтын өзінің бойын қорқыныштың баурап алуына жол бермейтін деген мағынада, ал қыздай икемді дегені – өз ісіне байыппен қарайтын, өз ісіне сеніммен қарай білетін жандар, ал анадай мейірімді дегені – науқастарға мейірімін төге білетін, өзінің анасы өзіне қандай мейіріммен қараса, ол да науқастарға сондай мейіріммен қарай білетін жандар. Егер осы аталған қасиеттердің барлығы мамандық иесінің бойынан табыла білсе, ол үздік дәрігер атанар еді. Міне, осындай қасиеттерге ие болып, әлі күнге әлемде түюлі түйін болып жатқан онкологиялық аурулардың аурудан айықтыру жолын іздеп, ғылымға назар аударып жүрген Данияр Максадовичтей алтын қолды дәрігерлердің қатары көп болғай!