Маржан тістің маманы
Күмістей күлкі мен маржандай тістің иесі болу кімге ұнамасын. Бірақ, жарқыраған тістерге қол жеткізу үнемі күтім жасау мен мықты тіс дәрігерінің көмегін қажет етеді. Бүгінде тісі ауырып, дертіне шипа іздегендерге кәсіби тұрғыда көмектесетін стоматологтардың қатары артып келеді. Тәжірибесі де, кәсіби біліктілігі де мол тіс дәрігерлерінің бірі әрі бірегейі – Жүнісбек Илияс Мамырханұлы.
«Жүздің түсін білгенше, бірдің атын біл» деген, бүгінгі кейіпкеріміз туралы толығырақ айтып өтсек. Бүгінде шипалы қолымен көптің көңілінен шығып, ауруына шипа беріп, алғыс алып келе жатқан өр кеуделі азамат Жүнісбек Илияс 1994 жылғы қаңтар айының 13 жұлдызында табиғаты суретшінің картинасына сұранып тұрған сұлу өлке Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласының жанындағы Қабылсай деген жерде дүниеге келді. Табиғат сұлулығы асқар таумен бағаланатыны секілді, адамның да жетістігі, болмысы, тәрбие берген, тағылымын тәбәрік еткен әкесімен бағаланады. Бұл жағынан келгенде Жүнісбек Илиястың жолы болды десек те болады. Адалдықты ту еткен, Алласын аузынан тастамаған әкесі Исатаев Мамырхан Илиясұлы өзінің жеке кәсіпкерлігімен айналысып, Автонұр базарында базар комитетінің мүшесі болса, жүзінен төгілген мейірімі күн шұғыласынан да сәулелі анасы Гүлмайра әулеттің әрін кіргізіп, ішін шаттыққа толтырып, берекелетіп отырған алтын жүректі ғазиз жан.
![]()
Танымыңды бір сілкіп тарихқа қарасаң, өткені тасқа қашалып жазылған киелі өлкенің топырағында аунап өскен Жүнісбек Илияс Арыс қаласында мектеп табалдырығын аттап, білім нәрімен сусындады. Ертеңгі күнге ұмтылдырған оқушылық өмірдің әр күнін ұстазынан жақсы баға алумен өткізген ол сыныптағы белсенді, алғыр да үздік оқушылардың бірі болды. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген, өмір бұлағының бастауы болған білім ордасында жүріп, ұстазы Нұрекешов Серіктен тәлім алды. Парасаты мол, пайымында кеңдік пен дархандық, білімінде асыл маржандар жатқан осы ағайы Жүнісбек Илиястың өмірлік ұстазына айналды. 2013 жылы білім ордасын үздіктер қатарында бітірген Жүнісбек Илияс Қожа Ахмет Ясауи атындағы жоғарғы оқу орнына оқуға түсті. «Жастық шақ білім іздеу нақ дер шағың» демекші, осы бір кезең білім іздеп, арманға, мақсатқа қол созатын, таным көкжиегін кеңейтетін кезең екенін жүрегімен түсінген ол бұл әлемінің тереңіне ерекше ұмтылыспен сүңгіп кетті. Жоғарғы оқу орнының қоғамдық өміріне белсене араласумен қатар өзі қалаған мамандық бойынша ізденіп, кітапханада сағаттап уақытын өткізіп, ғылыми жұмыстармен де айналысты. Адам өмірі – жаратқанның аманаты. Сол бір нәрсеге қиянат етіп алмау жолында, тұрғындарға сапалы әрі кәсіби біліктілікпен қызмет көрсету жолында еңбек ету үшін үздіксіз ізденді. «Талпынған жетер мұратқа» деген, тасқа салса да қайтпайтын алдаспанның жүзіндей өткірлік, табандылық пен сабырлылықты жанына серік еткен Жүнісбек Илияс университет қабырғасында жүріп көптеген жобалар қорғады. Атап айтар болсақ, «Самай төменгі жақ буынының аурулары» туралы ғылыми жоба қорғап, практика жүзінде дәлелдей білді. Бұл, жас та болса бас болып, өзгелер жүрексініп аяқ сала бермейтін саланы қолына алып, сол бір ғылымның пердесін түрді десек те болады.
Ол Шымкент қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «стоматология» факультетін бітірген. Қазіргі таңда Шымкенттегі екі стоматологияның жұмысын дөңгелетіп, халыққа өте қажетті қызмет көрсетіп отыр. Cтоматология саласында 2013 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. Мамандығы бойынша 8 жылдық тәжірибесі бар Жүнісбек Илияс заманға сай әлеуметтік сұранысын қанағаттандырып отыр. Кәсібін әлеуметтік желі арқылы да жарнамалап, пациенттерге әрқашан көмек қолын созуға дайын. Мысалы ол, @dr.iliyas Instagram парақшасы арқылы кеңес сұрағандарға тегін кеңес беріп, күн-түн демей білмегін айтып отырды. Сондықтан болар оның емделушілері тіс дәрігерлеріне дән риза.
![]()
«Өзім ең әуелі пациенттерімді қабылдарда бірден емдемеймін, кеңесімді айтып, диагноз қоямын. Ондағы мақсатым – пациентті өзіме сендіру. Ол да бір плацебо секілді. Тек, сонда ғана пациент сабырға келіп, қорқыныштан арылып, өзін алаңдатып жүрген мәселелерін бүкпесіз айтуы мүмкін. Себебі, мен дереу емге кіріссем, пациент тісіндегі кейбір проблемаларды айтпай, жасырып қалуы мүмкін. Сөйлесу барысында оның жасын, қайда оқитынын, не жұмыс істейтінін сұраймын.
Адамдар әртүрлі емге, денсаулығына көзқарасы әрқалай. Кейбір пациенттер қатты қорыққаны соншалық талып және мүлде сөйлемей қалу жағдайлары да болып тұрады. Біреулері кабинетке кіргеннен-ақ талып қалса, енді бірі емделу процедурасына аш келіп, қорыққаннан есінен танып қалып жатады. Пациентінің қорқатынын байқаған тіс дәрігері мұндай жағдайда бірінші көмек көрсетіп, алдымен үйінен седативті дәрілер ішіп келуге кеңес береміз», - дейді өз ісінің шебері.
Жүнісбек Илияс сонымен қатар, тісі ауырған кейбір емделушілердің ауырсынуды басу үшін халықтық емдеу тәсілдеріне жүгінетінін баяндады. Дәрігер сөзінше, халық емі ауруды уақытша басқанымен, уақыт өте келе мәселе одан сайына асқынып кетуі мүмкін. Ең сорақысы – қызылиек қабынғаннан кейде түрлі операцияға дейін алып келуі ықтимал. Сондықтан тісі ауырған әрбір адам дер кезінде стоматологиялық аппараттарға және тіс дәрігеріне деген қорқынышын дер кезінде жеңуі керек. Өз-өзін жеңу қажет.
«Шіркін, жарқыраған аппақ тістерім болса ғой» деп армандамайтын жан жоқ шығар!? Ал маржандай тістерге қол жеткізуге Жүнісбек Илиястың айтуынша қазіргі медицинанының қауқары мықты. Қазіргі стоматология бұрынғыдай емес. Заманауи анестетиктер мен жоғары сапалы материалдарды қолдану бүкіл емдеу процесін науқас үшін ауыртпалықсыз және мүмкіндігінше жайлы етеді. Ең біріншіден, дентофобия патологиясына шалдыққан науқастар үшін ең маңыздысы – тіс дәрігерін дұрыс таңдау керек. Шырайлы Шымқаладағы беделді стоматологтардың бірі Жүнісбек Илиястың Шымкент қаласында екі жерде стоматологиясы бар және бірнеше стоматолог маманды жұмыспен қамтып отыр.
«Қазір әлеуметтік желінің дамыған заманы ғой, алдымен дәрігер жайлы пікірлер мен деректерді қарастырып, тек өзіне іштей сенім қалыптастырған дәрігерге бару да қорқынышты біршама сейілтеді. Заманауи стоматолог пациенттің тістерін тез, ауыртпалықсыз және жақсы емдеуге тырысады. Бұл дәрігердің өз мүддесіне жақсы әсер етеді. Мысалы, егер пациентке жұмыс ұнаса, ол болашақта клиникаға міндетті түрде қайтадан келеді. Сонымен қатар «Пәленше деген мықты тіс дәрігері бар» деп таныстарына, достарына айтады. Емделушісінен мұндай жағымды пікір есту кез келген маман үшін өте маңызды. Қазір тіс дәрігерлері көп. Бірақ, олардың арасында сұранысқа ие маман болу үшін қиындыққа төзімді болу керек. Тынымсыз оқу, біліктілігіңді арттыру да өте маңызды. Стоматология саласындағы соңғы емдеу үлгілерін, құрылғыларды меңгеру де сенің кәсібилігіңді арттыра түседі», - деп, жұмыс саласынан сыр тартқан ақ халатты абзал жан Жүнісбек Илияс пен Мақпал Атамтайқызы екеуі бір қыз өсіріп отырған асқар тау әке!
Бүгінде халықтың мақтауының арқасында оның есімі шалғай ауылдың тұрғындарына да таралған. Өмірі өнегелі, өз саласының білікті маманын ел-жұрт білуге тырысады емес пе? Жұмысы қарбалас болса да, қоғаммен үздіксіз байланыста болатын Жүнісбек Илияс адал еткен еңбегінің арқасында теледидарлар студия қонағы және бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы шақырылып, тәжірибесімен бөлісіп отырады. Еңбегінің өтеуі болған алтын қолды дәрігер 2021 жылы «Қазақстан Стаматологтар Ассосациясының Шымкент қаласындағы белсенді стоматологы» деген Алғыс Хатқа ие болды.
Еңбегімен еленіп, игі ісімен халықтың алғысына бөленіп, мамандығымен мақтанатын Жүнісбек Илияс болашақта Шымкент өңіріне ғана емес, бүкіл Қазақстанға танымал тіс дәрігер болатыны анық. Арда азаматтың еңбегіне табыс, деніне саулық тілейміз! Кәсібі берекелі болсын!