Үркімбаева Айнұр

Рейтинг:

Дәрігер болу үшін - адал болу керек

      Дәрігер болам өскенде,
      Бұл менің болашақ арманым,
      Жетемін мұрат көгіне,
      Самғап ұшар талабым
, - деп Үркімбаева Айнұр Ермекқызы бала күннен ақ халатты абзал жандардың қатарында болуды армандайтын. 
      Күні бүгінге дейін қаршадайынан алдына үлкен мақсат қойған өжет қызды әкенің қаны мен ананың сүтінен бойға дарыған күш-қайрат, ақыл-ой, ерік-жігер фәнидің сан қилы жолдары мен биік асуларынан сүріндірмей келеді.
      Құдайдың қалауымен қамшыдай қысқа бес күндік өмірге келген Айнұр Ермекқызының балалық шағы тарихқа толы жері жайсаң киелі Қызылордада өтті. 1989 жылдың тамыз айының тамаша 15 күні дүние есігін ашып, әке-шешесіне ата-ана бақытын сездірген еді. 
      Күніге бір қылық шығарып, үйдегілерінің көзайымы болған Айнұр қыз көрген жанның көзін тойдырып, сүйсіндіретіндіктен, балдырғанның бал тіліне қызықтағандар оны айналып өтіп кетпейтін. Сөйлеген сөзі, қылықтары бәрі-бәрі өзіне сондай жарасымды еді. Тақ-тақ етіп, әр сөзін анық әрі нық сөйлегенде кішкентай Айнұрға тамсанғандар оны өскенде тілмаш болады деп ойлайтын. Қыздарының бойындағы осы бір талантты байқаған соң, әке-шешесі онымен жиі сөйлесіп, дамылсыз қойған сұрақтарына ерінбей жауап беретін. Керек болса, бір затты түсіндіруге ұзақ уақыт кетсе де, баланың түсінігіне сай ұқтыруға тырысып, сабырмен жауап қататын әкесіне ол қатты жақын боп өсті. Анасымен сырласып, әкесін ақылшысы көріп, ал ата-әжесінің ғибратты әңгімесі мен ертегісін тыңдамай, ұйықтамайтын. Қарапайымдылықты бойына сіңіріп, титтейінен қазақылық деген ұғымды жете түсінуіне барын салған ата-анасы мен ата-әжесі оның балалық шағын тәтті естеліктерге толтыруға тырысты. Жаз шықса немересіне баубақшасын суғартып, еңбекке де ерте кезден тәрбиелейді. Әжесі оған кесте тігуді үйретіп, тігін өнеріне де қызығушылығын арттырса, анасы оны ас үйге жақын болсын деп, тамақ әзірлесе болды әр тағамның жасалу жолын оған жіліктеп тұрып көрсетіп отырады.
      Қара шаңырағында осындай тәлім алып, тәрбие көрген Айнұр Ермекқызының өмірге деген құштарлығы, бір нәрсені істеуді ойға алса, соны соңына дейін апарып нәтиже шығаратындығы, үлкендердің алдын кесіп өтпей, кіші боп иіліп, инабаттылық танытатындығы, бауырларына қамқор боп, мейірім көрсете білетіндігі, жоспарлағаны өзі қалағандай болмай жатса, сабыр етіп, шыдамды болатындығы, әрбір жолыққан жанға алдымен өзі сәлемдесіп, қашанда көмек қолын созуға дайын тұратыны, бір нәрсені үйренсе, оны өзгелермен бөліскісі келетіні, қай кезде де жаңа нәрсені үйренуден жалықпайтын табандылығы, жұмыстан қашпайтын еңбекқорлығы бәрі-бәрі оның өн бойы-нан табылатын ізгі қасиеттері. Оған жастайынан осындай өнеге берген, әрине үйдегі жақындары. Отбасында кішкентайынан адам бойынан табылуға тиіс болған адами қасиеттердің қалыптасуы үшін тер төккен ата-әжесі мен әке-шешесінің бұл ретте еңбегі орасан зор.
      Титтей болса да Айнұр Ермекқызының ақыл-парасатына қарап, таным деңгейі үлкендердей ойлайтынына көз жеткізесің. Өйткені, ол мектеп табалдырығын аттамай тұрып-ақ, үйде жүргендегі күнделікті әдетіне айналған басты ермегінің бірі – шимайлап жазу, кейін әріп танып, сөздер құрау еді, оның сурет салуға да ебі болды. Жанұясының әр мүшесін әсем бейнелеп, олардың қашан да ақ дастархан басында мәре-сәре боп, дәм татып, ақжарқын әңгіме айтып отырған бақытты сәттерін ғана көркем салатын. Мұны көрген үлкендер: «Айнұр қызымыз ертең мектепте сыныптастарының алды болып, ең озат оқушы атанады», - деп үнемі мақтап отыратын.      Күндердің күнінде жасы жетіп, Үркімбаева Айнұр 1995 жылы Қызылорда қаласындағы №222 Тұрар Рысқұлов атындағы қазақ-орта мектебіне 1-сыныпқа барады. Басқалары енді әріп танып, санауды үйреніп жатқанда Айнұр буындап оқуды, сөйлем құрауды меңгеріп, ата-әжесі айтқандай расында, сыныптастарының алды болумен қатар, ұстаздарының мақтан тұтатын шәкірттерінің бірі болады.
      Аталмыш мектепте 8-сыныпқа дейін оқып білім алған ол 9-сыныптан бастап №3 көпсалалы гимназиясында оқуын жалғастырады. Мектеп табалдырығында жүріп, түрлі байқаулар мен шаралардың, олимпиадалардың, қалалық, республикалық жарыстарда бақ сынап, жүлделі орындардан көріне білген ол мектебінің даңқын асқақтатады. Бұған Айнұр Ермекқызының алтын ұясын «Алтын белгіге» бітіргендігі дәлел.
      Арман қуып, ақ арманын орындауға еліміздің бас қаласы Астанаға бет алып, 2006-2017 жылдар аралығында Астана медицина университетінің емдеу факультетін тегін білім грантымен үздік аяқтап шығады.
      Үнемі ізденісте жүретін ол студенттік кезінде де осы қабілетін шыңдай білген жан. Өйткені, сабағының қиындығына қарамастан, жаны қалайтын мамандығына түскендіктен, барын салып, университеттегі оқытушыларынан артық білім алуға тырысты. 
      - 2013 жылдар аралығында Астана қаласында интернатурада оқып, терапевт мамандығын алып шықса, 2013 - 2016 жылдары «Ұлттық ғылыми Онкология және Трансплантология» орталығына «Кардиология және балалар кардиологиясы» мамандығы бойынша резидентурада оқып, кардиолог маман атанады.
      Оның бойындағы ерінбейтін еңбекшілдік көп жастарға үлгі. Өйткені, Айнұр Ермекқызы дәрігер деген аса жауапты мамандықты жүрегімен сезіне білген, сол үшін тынымсыз еңбекқорлық пен ізденісті, табандылық пен батылдықты бойына қалыптастырған білікті маман.
      2018-2020 жылдар аралығында Нұр-Сұлтан қаласында «Алматы менеджмент университетінің экономика және бизнес магистратурасын «Денсаулық сақтау менеджменті» мамандығы бойынша аяқтап, білім алуын бұдан ары жалғастырады.
      Медицина саласындағы кәсіби шеберлігін жетілдіруде осыншама жылдары тек ізденумен кетсе де, ол әрбір сәтін ұтымды пайдалана білді. 
      Алғашқы еңбек жолын 2014 жылы Астана қаласындағы №2 қалалық ауруханасының қабылдау бөлімшесінде жедел көмек көрсетуші терапевт және пульмонолог дәрігері болып бастап, 2016-2017 жылдары ШЖҚ «№ 2 Ақмола облыстық ауруханасында 2-санатты терапевт және кардиолог дәрігері болып жалғастырады.
      2017-2020 жылдары аталмыш аурухананың КардиоБит бөлімшесінде 1-санатты жедел көмек көрсетуші кардиолог дәрігер қызметін атқарса, 2020-2021 жылдары маусым айына дейін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №2 қалалық көпсалалы ауруханасында «Маркетинг және әлеуметтік желілерді бақылау» бөлімінің басшысы болып еңбек етеді.
      Айнұр Ермекқызы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шипагер отбасылық денсаулық орталығының» 1-санатты кардиолог маманы.
      Ізгілік пен мейірімділіктің жаршысы болып, осынау абыройлы істе тер төгіп жүрген ол 2019 жылы жерлесі Абдулдаев Ғалымжан Абдулдаұлымен шаңырақ көтереді. Жолдасы ҚР Ішкі істер министрлігі Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің қызмет инспекторының аға лейтенанты болып қызмет атқарады.
      - Мен қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем Үркімбаев Ермек Кеңесбайұлы 1965 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сөлтірес ауылында дүниеге келген 2-топтағы мүгедек жан. Соған қарамастан балаларының бақыты үшін барын салған ең еңбекқор тұлға деп әкешімді мақтан етемін. Анам Қамысбаева Құралай Мейрамбекқызы 1966 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданында өмірге келген. Бүгінде Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжінде өндірістік оқыту шебері болып қызмет етсе, әпкем Смаханова Әсел – Нұр-Сұлтан қаласында С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетінде оқытушы. Сіңілім Үркімбаева Аида– Қызылорда қаласында «№ 10 мектеп-лицейінде» әлеуметтік педагог қызметін атқарады. Екінші сіңілім Үркімбаева Әйгерім –Қызылорда қаласы «ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік инспекция комитетінің Қызылорда аумақтық инспекциясында» штаттан тыс маман, ал кенжеміз Үркімбай Салтанат – Семей медицина университетінің 4-курс студенті. Отбасымызда тек қыздар болғанына қарамастан, әке-шешеміздің үкілеген ақ үмітін ақтап, атына кір келтірмеуге тырысып-ақ келеміз. Қай жерде білім алсақ та, ең алдымен біздің өмірлік ұстаздарымыз – үйдегі ата-анамыз деп білеміз», - дейді ол.
      Арман қуып, еліміздің бас қаласында өмірлік мақсаттарының орындалуына қадам басқан Айнұр Ермекқызы бүгінде білікті дәрігер болып қана қоймай, қоғам белсендісі әрі блогер ретінде танылып жүрген жан. Ол қазіргі таңда «You tube» желісіндегі «Больница 24/7» фильмінің және «Әрекет.Нәтиже.Табыс» күнделігінің авторы. Кішкентайынан жазуға да құмар боп өскен қыз, бұл өнерге деген машығын жетілдіру арқылы өзге де жандардың арман-мақсаттарының орындалуына барын салып-ақ келеді. 
      Осы уақыт аралығында халық денсаулығын сақтау ісінің тәжірибелі дәрігері ретінде еткен еңбегі бағаланып, таяуда ғана Білім және ғылым вице - министрінің жастар саясатына қосқан үлесі үшін «Алғыс Хатымен» және «Ақ Жол» партиясының «Жанқиярлық күрес үшін COVID-19» медалімен марапатталды.
      Талай науқасты ауруынан айықтырып қана қоймай, сөзбен де емдей білетін Айнұр Ермекқызы алтын дәрігер марапатына лайық жан. Мамандығын мақтанышы көретін білікті дәрігердің абыройы артып, жұлдызы жана берсін демекпіз!

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости