![]()
Тәжірибесі зор балалар дәрігері
Кез-келген ғылымның қазіргі замандағы жағдайын дұрыс бағалап, болашағын болжау үшін оның тарихын жете білу керек. Балалар нейрохирургиясы – медицинаның ежелден келе жатқан саласы. Ол өз бастауын сонау алғашқы адам дәуірінен алады. Ежелгі хирургия тарихына көз жүгірткенде алғашқы атақты дәрігер Гиппократтың есімін айтпасқа болмайды. 2000 жылдан астам уақыт өтсе де,–медицина – оның алдында қарыздар. Оның айтып кеткен дәрігерлік мамандықтың негізгі принциптері осы күнге дейін мәнін жоймады. «Дәрігер – әрқашанда науқастың мүддесін өз мүддесінен жоғары қоюы тиіс. Медицинаның басты мақсаты – науқасты іс жүзінде емдеу. Сондықтан бұл өнерге тек науқастың жанында ғана үйренуге болады. Тәжірибе – дәрігердің шынайы мұғалімі»,– дейді. Осындай ауыр да тамаша мамандыққа өзінің өмірін арнаған адамдар Гиппократ антына барынша адал, ақ халатты абзал азамат Ғани – көптеген ананың үмітін ақтап, алғысын арқалап, балалардың екінші рет өмірге келуіне себепкер болған дәрігер.
![]()
Құрманбеков Ғани Қаспақұлы 27 қараша 1951 жылы Жамбыл қаласында дүниеге келген. 1959-1969 жылдары №3 Н.К.Крупская атындағы мектепте оқыды. Бала күнінен жүрегі кең, мейірімді, көпшіл, адам жанын түсіне білетін, сезімтал ол 1969-1975 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне оқуға түсті. Білімін шыңдап, мықты оқытушылардан тәлім алған жас маман 1975-1978 жылдары Жамбылдағы облыстық балалар ауруханасындағы балалар хирургиясы бөлімінің дәрігері қызметін атқарды. 1978 жылдан бастап Алматыдағы №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасында дәрігер-резидент, балалар нейрохирургиясының меңгерушісі болды. Балалар нейрохирургия бөлімі Қазақстан мен Орта Азиядағы алғашқы және жалғыз бөлім болды. 1998 жылдан бастап 2009 жылға дейін Алматы облыстық көпсалалы ауруханасының бас дәрігерінің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
Жан алқымға келгенде Жаратқанға жалбарынатынымыз бар. Жан дәрмен дертімізге дауа табар деп дәрігер деген қауымның алдына соңғы сәтте ғана барамыз. Алладан кейін қу жанымызды осы ақ халатты абзал жанға аманаттайтынымыз бар. Басқа емес, адам тағдыры қолдарына табысталғанын білетін олар асқан төзімділікпен қабылдап, тікесінен тік тұрып қызмет ететін, ажалмен күресуде аянбайтын дәрігерлер қашан да елдің құрметіне бөленеді. Иә, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын алтын қолды, жылы жүректі дәрігердің көмегіне жүгінген талай адам бар.
![]()
2009 жылдан 2014 жылға дейін Қазақстан Республикасы Олимпиадалық резерв мектебінің медициналық орталығының бастығы қызметін абыроймен атқарды. 2014 жылдан бастап осы уақытқа дейін Алматы қалалық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қоғамға бейімдеу орталығында консультант-невропатолог. 2000 жылдан «Отан», Нұр-Отан» партиясының мүшесі. «Нұр-Отан» партиясының ІІІ съезінің депутаты.
Ғылыми еңбектерін тізбектей кетер болсақ, балалар нейрохирургиясы және балалар хирургиясы бойынша 200-ден астам мақаланың және КСРО 16 куәліктерінің, 26 ұсыныстың авторы болды. Бұл операцияның жаңа түрлерін Кеңес Одағы кезінде алғаш болып жаңалыққа енгізіп, қорғап, тәжірибеге енгізді.
Сонымен қатар, оның «Жаңа туған нәрестелердегі туу жарақаты және оларды нейрохирургиялық емдеу әдістері», «Орталық жүйке жүйесінің туа біткен ақауларын нейрохирургиялық емдеу әдісі» еңбектері белгілі. Ол медицинаға 1980 жылдан бастап балалардағы ауыр жарақатты нейрохирургиялық емдеудің кластерлік әдісін «диагностикадан, емдеуден, оңалтудан және әлеуметтік бейімделуді», балаларға краниопластиканың әр түрлі әдістерін, алғаш рет балаларда краниопластиканың екі сатылы әдісін, 1986 жылы алғаш рет КСРО-да ерте диагностика және нейрохирургиялық емдеу әдісі - «балалардағы бас сүйек сүйегінің өсіп келе жатқан сүйек кемістігін» оңалту әдісі сыналды және енгізілді.
1980 жылдан бастап «Ми жарақаттарымен ауыратын балаларды оңалту және әлеуметтік бейімделу» схемасы тәжірибеге енгізілді. 2014 жылдан бастап «Сөйлеу қабілеті бұзылған балалардағы консервативті жән
![]()
е нейрохирургиялық емдеу» диагностикасымен айналысып келеді.
-Дәрігерлікті бітіре салып мықты маман болып кеткен ешкім жоқ. Оның бәріне уақыт, тәжірибе керек. Дегенмен, тәжірибе жинап, өз саласын меңгеру үшін бар болмысымен берілу керек. Нейрохирургия саласының жөні бөлек. Ол – майдан қыл суырғандай немесе зергердің зеріндей, тіпті, инемен құдық қазғандай аса ден қоятын саланың бірі. Маман өзін-өзі дамытып, үнемі ізденісте болу керек. Негізі көп салалы бөлімшелері бар орталықтарда жұмыс істеген маманнан мықты нейрохирург шығады деп айта аламын. Мен осы мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Мен өмірде нені армандадым, соған қол жеткіздім, соны істедім. Қазір мен өмірден рахат аламын. Себебі, мен мамандар дайындай аламын, дәрігерлердің өмірі мен еңбектері жайлы жаза аламын. Ең бастысы, көп жылғы тәжірибемнің арқасында адамдарға көмектесе аламын. Мен өзімді толыққанды адам сезінемін. Өйткені, ойлағаныма қол жеткіздім. Жаратқанға алғысым шексіз. Өте ризамын. Себебі, мен бармын, мен нейрохирургпын, мен адамдарға көмектесе аламын. Тіпті, ауыр оталар жасалған уақытта, медицинаның көмегі болмайтын қиын сәттерде Алланың өзі жәрдем береді. Алдыңа келген науқастың «Мен Сізге сенемін!» деген ілтипаты, бізге күш-қуат береді. Алланың құдіреті шексіз ғой,-дейді Ғани Қаспақұлы.
Адал еңбегімен абырой тұғырына көтеріліп, өз міндетіне жауапкершілікпен қараудың арқасында науқастарға шарапат шуағын шашып, біліктілігін белсенділікпен ұштастырған дарынды дәрігер, халықтың құрметіне бөленуден асқан марапат жоқ дейді. Иә, елге ерінбей еңбек еткен адамға ғана тән нәрсе емес пе? Бұл жерде, ең алдымен, айналаға адамгершілік қасиет әсер ететіні ақиқат. Өйткені, адал еңбек ету – қажеттіліктен тумайды, ол – үлкен азаматтық жауапкершіліктен туындайды. Ел сенімін ақтаудың қаншалықты маңыздылығын қолынан іс келетін азаматтардың мойнына алған жауапкершілік жүгінен аңғаруға болады.
![]()
«Досыңның кім екенін айт. Мен сенің қандай адам екеніңді айтамын?» –дегендей, Ғани ағаның досы Паншаев Мухаммад Сализұлы– ұлты дүнген. Досқа адал жан. Қазақстандағы бірінші кәсіби суретші. В.И.Суриков атындағы Мәскеу көркемсурет академиялық өнер институтының түлегі.
Өмірде Ғани Қаспақұлы – білікті нейрохирург қана емес, сонымен қоса, жақсы, жанашыр, қамқоршы, мақтан тұтар екі баланың әкесі. Қызы Құрманбекова Камилла Ғаниқызы 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясында суретші-сценографист мамандығын алып шықты. Бостон Университетінің магистранты. Камилла – аяулы жар,сұлу қызы Данэля мен батыр жігіт – Алемнің қамқор анасы. Жолдасы – Мырзағалиев Алмас. Камилла екеуі қазіргі таңда Лос Анджелес қаласында өз мамандықтары бойынша жұмыс жасауда.
Құрманбеков Мақсат Ғаниұлы Алматы қаласында 1991 жылы дүниеге келген. Мектепті аяқтаған соң, Мичиган қаласындағы Технология Институтына түсіп, ақпаратты өңдеуші (программист) мамандығын тәмамдады. Қазір Лос Анджелес қаласында өз мамандығы бойынша жұмыс жасайды.