Колбаев Есенжол

Рейтинг:

Ақ халатты дәрігер

      Адам ауырып, дерті жанына батқанда, ем-шипа іздеп ақ халатты абзал жандардан медет күтеді. Адам баласы үшін денсаулықтан асқан байлық жоқ. Балтыр сыздап, бас ауырса расында, адам дәрігер көмегіне жүгініп, айтқан кеңестеріне құлақ асып, ем-шарасын орындауға кіріседі. Адамның жаны ауырған жерінде дейді ғой. Десек те денсаулықтың қадіріне адам ауырмайынша жетпейтіні рас. Сондайда адамның шыбын жанына араша түсіп, алтын қолымен ем-домын жасайтын ақ халаттыларға деген алғаусыз алғыстың ағылары да сөзсіз. Дәрігер болу оңай емес. Дәрігерлік еңбекте талай жылғы жинаған білімін, өмір бойы жетілдіріп отыру, күн мен түнді елемей, тек жақындарына ғана емес, бүкіл әлемге өзінің қамқорлығын көрсетіп, мейірімін төгу жатыр. Сондықтан да бұл сала біле білген адамға жауапкершілігі мол, жүгі ауыр салалардың бірінен саналады. Ал кез келген адам біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты жоғары деңгейде меңгеріп кете алмасы анық. Медицина саласының маңыздылығы сол, дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Сол себепті дәрігерлер үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Әлемдегі ең маңызды да мерейлі мамандықтардың қатарындағы бұл саланың мамандары Гиппократ антына адал жандар екеніне дау жоқ. «Ауырып жазылған жан – олжа, жоғалып табылған мал – олжа» демекші, адам үшін ең басты орында тұратыны, әрине, денсаулық. Осы «олжаны» адамға сыйлайтын, оны ауырлықтан шығарып алып беретін де ақ халаттылар екенін жақсы білеміз. Кейіпкеріміз Есенжол Иванович антына адал дәрігер. Ол тіс дәрігері. Иә, адамның көркі тісіне де байланысты. Әдемі күлкі адам ажарын ашады емес пе?! Өзінің саналы ғұмырын медицина саласына, оның ішінде ең күрделі әрі зергердің ісімен пара-пар тіс маманы.       Колбаев Есенжол Иванович 1963 жылы 23 қаңтарда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Алтай батыр өлкесінің Баршақұм ауылында дүниеге келген. Өнегелі тәлім-тәрбиесін беріп, өсірген әкесі – Көлбаев Иван мен анасы – Көлбаева Раш еңбектің адамдары болған. 1980 жылы А.С.Пушкин атындағы мектепті бітіреді. Осы жылы маусым айында «Жазира» атты комсомол жастар бригадасына мединститутқа түсу үшін конкурссыз арнайы іріктеліп алынып, жұмысқа жолдамамен жіберіледі. Осы кезден бастап Есенжолдың еңбек жолы басталады. 1981-1983 жылдар аралығында Әзірбайжанда СССР кезіндегі Закавказкий әскери округында 2 жыл әскери борышын өтеп келген соң Ақтөбе қаласындағы Актюбсельмаш заводында 7-ші разрядты слесарь болып жұмыс істеді. Мектепте оқып жүргенде-ақ болашақта ақ халатты дәрігер болсам деп арман ететін Есенжол алтын ұясын ойдағыдай аяқтаған соң арман жетегімен өзі қалаған оқуына түсу үшін біраз еңбектенуіне тура келді. Қатарластары секілді көп оқып, көп ізденіп, өзінің мақсатына қол жеткізіп, 1984-1990 жылдары Қарағанды мемлекеттік медицина институтының стоматология факультетін жақсыға бітіріп шықты. Жаңашылдыққа құмар азамат, өзінің саласы бойынша білімін жетілдіріп отыруды бір сәтке де кейінге қалдырған емес.
      Ол 1990 жылдан 1992 жылдары Ақтөбе облысы, Алға орталық аудандық ауруханасында еңбек жолын бастады. Алған білімі бойынша еңбек ете жүріп, тәжірибесі мол аға мамандардың ақыл-кеңесіне ден қойып, кешегі мен бүгінгіні астастырып, нәтижелі еңбек ете білді. 1992 жылдан 2000 жылдар аралығында стоматолог-дәрігер, 2000 жылдардан бастап қазіргі уақытқа дейін бет-жақ хирургия саласымен қатар стоматологиялық қызметін ГКП «БСМП» ПХВ мекемесінде абыроймен атқарып келеді. Білімді де білікті маманның жалпы еңбек тәжірибесі 41 жылды құраса, дәрігерлік салада 36 жыл еңбек еткен. 
      Байқап қарасақ өз мамандығын жан дүниесімен қалап таңдаған, оған еш өкінбейтін, елге қызмет ету, елдің ыстық ықыласына бөлену менің азаматтық борышым деп білетін жандар аз шыны керек. Ал Есенжолдай өмірін медицина саласына арнаған ақ халатты абзал жанның тынымсыз еңбегіне сүйсініп, көңіл толады. Елдің денсаулығына бейжай қарамай, қолжетімді медицинамен қамтамасыз ету үшін еңбек етіп, мамандығын мақтаныш тұтатын азаматқа, сырқаты меңдеп, жанын қоярға жер таппай келетін адамдар санында шек жоқ деуге болады. Сондайда ол кез келген уақытта көмек қолын созуға даяр. Ол қызметін дәрігердің ғана міндеті емес, әрбір адамның адамгершілік парызы деп түсінеді. Ақ халаттылар өзінің кәсіби міндетінен, қызметтік жауапкершілігінен бөлек, мойнындағы адамгершілік парызы барын да ұмытпауы тиіс. Себебі, ақ халаттылар адам өміріне жауапты тұлға болып табылады. Есенжол науқасқа қамқор болып, ауруымен әлек болған жанға жылы сөзін арнауды біледі. Ол сын сағаттарда мүмкіндігінше қателеспеуге тиіс екенін жақсы түсінеді. Иә, адам жанын емдеу мен айналысатын кез келген кәсіби маманның басына жиған білімінен гөрі, жүрегіне құйған мейірімі маңызды дер едік. Өйткені, жүректе мейірімнің сәулесі болмаса, қандай кәсіп істесең де оның берекесі болмайды. Қызметіне қарай дәрігерлер халықтың жүрегінде мейірбан жанның бейнесінде қалып қоятыны рас. Сондықтан да, әрбір дәрігер емделушінің жүрегінде күлімдеп тұратын мейірбан бейнені өшіріп алмауы керек. Есенжол Иванович ел-халық денсаулығын жақсарту жолындағы таңдаған мамандығын әрдайым мақтан етеді.
      - «Адам денсаулығы тұрған жерде үлкен жауапкершілік жатады. Тіс маманы болу оңай деп айтпаймын. Үйреніп, жатық болып қалған маманға қиын да емес дер едім, бірақ сақтық пен қырағылық аса керек нәрсе. Әсіресе, біздің салада қателесуге жол жоқ. Оны ақ халаттылардың бәрі де біледі. Рас, әр қиындықтың артында үлкен жеңіс тұрады. Бұл салада қиындықтар кездеспей тұрмайды. Сондықтан да әрбір ақ халаттың иесі оған дайын болуы керек. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге болмайды. Өз замандастарыңа, жақынындай болып кеткен жерлестеріңе жәрдем беруден артық бақыт жоқ. Бүгінде медицина қарқынды дамып жатыр. Емделушілерге қажетті құрылғылар да бар. Тағы бір айта кетерлігі қазіргі уақытта әркімнің таңдау құқы бар. Әрбір адам өзіне ұнаған дәрігеріне барады. Тіпті отбасымен талай жылдардан бері келетіндер де көп. Ел үшін адал қызмет ете білсең, сенімге ие боласың. Өз әріптестеріммен, ұжымыммен мақтанамын. Асқақ арманым орындалып, көздеген мақсатыма жаңылмай жеткеніме шүкіршілік етемін. «Кішкентай сезік, үлкен күмән тудырады» дейді ғой. Оған жол бермеу керек. Сол үшін де асығыстықпен жұмыс істеуге мүлдем болмайды. Қолы икемді, ширақ, көзі өткір, тілі жұмсақ, жүрегі мейірімге толы, пейілі ақ адам қашанда елдің игілігін ойлайтыны сөзсіз. Шатақ мінезді, сабырсыз адам мұндай салада еңбек ете алмайды. Өзімнің көпжылдық тәжірибемде талай сынақтардан өттім десем болады. Сол тәжірибемді кейінгі жаңа буынға да үйретуден шаршаған емеспін. Медицинада науқасты емдеу ұғымы берік қалыптасқан, сондықтан уақытпен санасу дегенді білмейміз. Тіс ауруын кімде-кім болмасын жақсы біледі. Ол жаныңды жай таптырмай, секіртіп, жан тыныштығыңды алады. Тазалық, ұқыптылық болған жерде мықты денсаулыққа кепіл бар. Сондықтан да, алдыма келген әрбір науқасқа тазалық ережелерін айтуды тоқтатқан емеспін. Әуелгі байлық денсаулық дейтін болсақ, денсаулықтың кепілі тазалық! Адам ең алдымен ауырмаудың жолын іздесе, небір сырқаттың алдын алуға болады. Дұрыс дене қозғалысы мен дұрыс тамақтану басты назарда болу керек», - дейді Есенжол Иванович.
      Ол қоғамдық іс-шаралардан қалмай, ел ішінде болып жатқан жаңалықтарға құлақ түре жүретін азамат. Жұмыстан шаршап, демалып жатуды жөн көрмейтін азамат, қоғамдық жұмыстарға да араласады. Ол Семей-Невада қозғалысының ғылыми-тәжірибелік конференциясы мен дөңгелек үстел жиындарына қатысып, өзінің ой-пікірлерімен бөліскен жан. Кез келген елдің мәселелерінде бұғып қалмайтын, ақыл-парасатымен үлгілі жол көрсетіп отыратын азаматты жан-жағы құрметтейді.
      Ол 2018 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін омырауына тақты. Сонымен бірге, Гиппократ орденімен, Пирогов, Авиценна және Гиппократ, «Невада-Семей» ХАҚ құрылғанына 25 жыл, «Асау Барақ» мерейтойлық медальдарымен, ҚР Қорғаныс министрлігінің, Ақтөбе облысы әкімінің, Олжас Сүлейменовтің «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. 
      2018 жылдан жоғарғы санаттағы білікті дәрігер ретінде медицина саласындағы кәсіби шеберлігімен қатар біліктілігін ғылыми, ғылыми-педагогикалық және қоғамдық саладағы жеткен жетістіктері үшін өңірлік Менеджмент Академиясының Президиумынан РАМ қауымдастырылған профессоры академиялық атағы берілді.
      1997 жылы шаңырақ көтерген Есенжол мырзаның жұбайы – Қадырқұлова Аида Сағитқызы сақтандыру компаниясында медициналық менеджер яғни, медикер болып жұмыс жасайды. Қазіргі таңда, 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған ардақты ата-ана. Үлкен қызы Ақбота – Қытай Республикасындағы Нанкин мемлекеттік университетін бизнес администратор мамандығы бойынша бітіріп, қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында қызмет етеді. Екінші қызы Махаббат – Нұр-Сұлтан қаласындағы «Astana ІТ» университетінде журналистика факультетінің 2-курс студенті. Кенже баласы Тамерлан – 6-сынып оқушысы. 
      Ел құрметіне бөлену, елге ерінбей еңбек еткен адамға ғана тән нәрсе. Бұл жерде ең алдымен, айналаға адамгершілік қасиет әсер етеді. Ал адал еңбек ету дегеніміз қажеттіліктен тумайды, ол үлкен азаматтық жауапкершіліктен туындайды. Ендеше, кейіпкеріміз қандай марапат, қандай мақтауға да лайықты!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...
10 мая 2026 00:50
Санжар Косжанов
Вауу күшті шыққан. Үлкен естелік болатын болды....
10 мая 2026 00:27
Jazira
Менің атам бар жақсыға лайықтты. Рахмет сіздің арқаңыз өсіп өнгеніміз... ...