Акилова Роза

Рейтинг:

Бір мүшелде қайта оралған бақыт

      Роза ата-анасының үкілеп өсірген тұңғышы, әрі қыздан жалғыз болатын. Шаттықты шаңырақта 1964 жылы Ақтөбе қаласы, Қобда ауданында дүние есігін ашқан ақылына көркі сай қыз, өмірде өте белсенді, көшбасшы болды. Мектептің мақтанышы болған Розаны бар болғаны 9-сыныпта мектеп әкімшілігі оны бастауыш сыныптарға мұғалім ретінде қабылдады. Түске дейін өзі оқушы, түстен кейін бастауышқа сабақ беріп, жан-жағын танып, ортаға бейімделіп, ұжыммен жұмыс істеуге үйренген ол, мектептің қайсыбір шаруашылық жұмыстарының басы-қасында жүретін. Салауатты өмір салтын қолдап, түрлі спорттық жаттығулармен айналысуға да уақыт табатын. Өзі шығармашылыққа да жақын болды. Қолы қалт еткен шақта, көрген-білгенін, көңіліне шақ келгенін қағаз бетіне түсіріп, жергілікті газеттерге жариялап отыратын. Мектепті үздікке бітірген Роза жоғары оқу орнында да талай белестерді бағындырды деуге болады. Оның бала кезден бергі арманы ақ халатты дәрігер болу болатын. Алғыр да зерек Роза Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы медициналық университетке құжат тапсырып, гинеколог мамандығына оқуға түседі. Ол өзінің алғырлығымен, пысық та өжеттілігімен, қайтпас қайсарлығымен, талапшылдығымен, ұйымшылдығымен, кеңпейілділігімен, мейірімділігімен, ізденімпаздығымен, қарапайымдылығымен, биязы да сабырлы қалпымен өз ортасында көшбасшы бола білді. Қыз мұраты кету деген емес пе?! 4-курсында тіс технигі мамандығын бітірген ембілік жігітке тұрмысқа шығады. Жас мамандарды жолдамамен Қазақстанның оңтүстігіне жібермек болады. Алайда жалғыз ұлын Жамбыл қаласына жібермей анасы алып қалады.
      Жамбылда бір-ақ жыл тұрса да, Роза ауруханада дәрігер болып, әрі медициналық училищеге сабақ беріп жүреді. Сол жақта ұлы Серікті босанады. 
      «90 жылдары аудандық аурухананың жағдайы нашар болды. Білікті кадрлар жоқ, тіпті ыстық су да жоқ. Күн-түн демей шақыртулар жиі болатын. 5 күн бойы ұйықтамаған күндерім болды. Босанушы келіншектердің легі көп. Отадан отаға, одан қалса қан құюды қадағалайтын жауапты дәрігермін. Үйдің шаруасына да үлгеріп жүрдім. Негізі шапшаң қимылдайтын адаммын ғой, дегенмен, өмір заңы солай болды ма, кім білсін, жолдасыммен жолым екіге айырылды» - дейді Роза өткенге көз тастап.
      Араға уақыт салмай БСМП-ға гинеколог боп жұмысқа орналасады. 1989-1990 жылдары саусақтары солқылдап ауыра бастағанда, дәрігер ретінде буын ауруы диагнозының «ауылы» жақын екенін өзі сезіп жүреді. Аяқ астынан тап болған дерт бірте-бірте меңдеп, буын-буындарын одан әрі сырқырата бастайды. «Ревматоидты полиартрит» деген диагноз қойылғанмен, кейіпкеріміз беріспей, күреседі. 
Роза Құдайбергенқызының Жамбылда, Ембіде, Ақтөбеде атқарған қызметтерін қосқанда барлығы 20 жылға жуық тәжірибесі бар білікті де білімді дәрігер. Талай әйелдерді сәтті босандырып, елдің алғысына бөленген жанның ауыз толтырып айтар естеліктері де көп. Оның қолында талай Роза мен Серіктер дүниеге келді. Шарасыз жас аналарға да балаларын тастанды етпес үшін, барлық күш-жігерін салып, бейбақ ананы тезге келтіріп, қолына перзентін ұстатып, бақытты ана еткен дәрігер. Өмір кейде адамға күле қарайды, турасын айтқанда мысқылдайды. Ол кезекшілік кезінде өзінің алдына келген бірінші жолдасының жұбайын пациент ретінде қарап, қыз бала босанатынын және босану кезіндегі қажетті ақыл-кеңесін берген. «Сол кезде қасымда тұрған жас дәрігер: «Сіз оның кім екенін білесіз бе? Ол сіздің бұрынғы жолдасыңыздың екінші әйелі ғой, қалай эмоция білдірмей, оған жылы шыраймен қарадыңыз» - деп таңдана сұраған болатын. Сонда мен қасымдағы жас әріптесіме: «Алдыңа қандай пациент келсе де, тіпті жауың келсе де, бәрін алаламай, дәрігер ретінде бірдей көзқараспен қарауың қажет» - деген болатынмын. Бұл оқиға Гиппократтың антын қабылдаған дәрігердің өз қызметіне деген адалдығы деп білеміз. Сонымен бірге, талай жанға сабақ боларлық үлгілі іс деуге тұрарлық. 
      Розаның фармацевт, терапевт болуына да мүмкіндік болды. Бірақ жаны тәжірибелі дәрігер болуды, ота жасауды, қиын босануларды қабылдауды қалап тұрды. Ауруы жанына батып, дәрігерлік қызметтен қол үзгеннен кейін, кәсіппен айналысуды көздеп, көлікке мінді. Алайда 2004 жылға дейін буындарын баса алмай, бір құлап, бір тұрып жүріп, ақыры бас-аяғы 12 жыл төсекке таңылады. Шарасыздың күйін кешкен нәзік жанның тауы сонда да шағылмады. Жігерлігінің, сабырлығының арқасында батыр қыз 2016 жылы ғана қоларбадан балдаққа, балдақтан өздігінен жүре алатын жағдайға жетеді.
      Ата-анасының бір тал гүлі болған Роза анасына өте жақын болды. Қандай кезеңде болмасын, ол анасының жанынан табылды. Анасы да қызының барлық жағдайын жасады. Алайда 12 жыл шарасыз күй кешкен қызының өз аяғына қайта тұрғанын көрмей, жетінші белесіне жетпей, пайғамбар жасын толтырып, дүние салады. Әкесі де жұбайының ерте кеткеніне, әрі қызының қиын күйін көріп, іштей жараланып жүрді. Өзінен кейінгі інілері үнемі қолдау көрсете білді. Ата-анадан айырылу перзент үшін бәйтерегінің құлағаны емес пе? Дегенмен, өмір қатты сынаққа алған қызды тағдыр бір жола жоқ қылып жібере алмады. Барған сайын өзінің шарасыздығынан батылданып, күш жинап, өмірге қасқайып қарсы тұрды. Өзін іштей тәрбиелей берді. «Мен жатып қалуға тиісті емеспін!», «Мен аяққа тұрамын!» деп өзін сәт сайын оймен, мимен емдей берді. Бірнеше рет екі аяғын қара саннан кесеміз дегенде тылсым күштің кедергі болғанын іштей сезген Роза Құдайбергенқызы райынан қайтып, төрт рет отаға жатып, екі аяғын сақтап қалады. Айта кету керек екі ай сайын ота жасаған сол кезде 72 жастағы дәрігер ортопед Чучоло Анатолий Николаевич болатын. Бүгінде ол Санкт-Петербургте тұрады. Ол Розаны әрдайым қолдап, әр 2 ай сайын ота жасап, 4 рет эндопротездеді. Сонымен қатар, оған емшілердің «Сен өзің аяғыңмен жүресің» деген бір ауыз сөзі күш береді. Әрі қарай күн сәулесінің шуағының астында жағымды ой ойлап, жақсы сөз айтып емделуді бастап кетеді. Ем нәтижесін берді! Араға 12 жыл салып, аяғымен жер басқанында бүкіл туған-туысын жинап той жасады.
      Табиғатынан байыз тауып тыныш отыра алмайтын Роза Құдайбергенқызы круиздік топқа мүше болды. Нәзік жан қолымнан келмейді деген сөзге жаны қас. Шамасы жеткеннің бәрін жасайды. Шығармашылыққа ден қойып, жазып жатқан кітабы да бар. 
      - «Балам мектепті 2009 жылы бітірді. Көзімнің нұры, ақылдым Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы университетіне оқуға түсті. 2013 жылы ойдағыдай заңгерлік факультетін бітіріп шықты. Балам үшін қолымнан келгеннің бәрін істедім. Аллаға шүкірлік етемін, жаныма демеу болар ата-анам, бауырларым, балам болды. Әр нәрсе өз уақытымен ғой. Адам асыққанмен маңдайға жазылған тағдыр уақыты асықпайды. Түсіне білген адамға бір жұтым ауа жұтып, әр таңның атқанын көрудің өзі бақыт. Қандай жағдайда болсаң да... Менің тағдырым – бұл менің саналы ғұмырым. Төсекке таңылған бір мүшел жылым армандарымды өзімен бірге ала кетті. 
      Сүйікті мамандығымнан қол үзіп қалғанымды білдім. Алайда, тағдырыма қарсы келер шамам жоқ, көндім. Түбінде жеңдім!» - дейді Роза Құдайбергенқызы. 
      Қазақтың Әлия Молдағұлова сынды батыр қыздың сіңілісі Роза жайында 2013 жылы 7 наурызда «Актюбинский вестник» газетіне «Крылья вырастают у сильных», сонымен қатар, ютуб каналынан «Моя победа!» Акилова Роза, 2018 жылы Қазақ Инфо газетіне «Көз де, сөз де ала алмаған Ақтөбелік әйел» деген мақала жарияланды. Ұлы Серіктен қазір Маруа және Ясмин деген тәп-тәтті екі немересі бар.
      Иә, өмірдің сан соқпағы бар. Ол жолдардан өтпей, тағдырдың жазылған барлық сынағынан өтпей, адам баласының дәм-тұзы таусылмақ емес. Жаратушы тек әрбір саналы адамға сабыр мен төзім берсін дейміз. Ал қазақтың тағы бір батыр қызы Роза Құдайбергенқызына темірдей мықты денсаулық пен шаңырағына таусылмас шаттық орнасын дейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...