Білікті дәрігердің биігі
Ел ішінде жақсы ісімен, жайдары мінезімен, еткен еңбегімен көпшіліктің құрметіне бөленіп жүретін азаматтар болады. Оларды күллі ел танып, өзі туып-өскен өңірі мен қызмет етіп жүрген аймағын құрмет тұтады. Адамгершілікті ту еткен Қодасбаев Алмат Тұрысбекұлы – өзінің еңбекқорлығымен, сауаттылығымен құрметке кенеліп, халқын қуантып отырған өр тұлғалы азамат. Ол 1969 жылы 4 желтоқсанда Алматы облысы қазіргі Еңбекшіқазақ (бұрынғы Шелек) ауданы Қайрат ауылында дүниеге келген. Ауыл баласы қарапайым шаруа отбасында өсіп, тәрбиеленді. Кеңес Одағының батыры Т.Қабылов атындағы онжылдық мектепті 1987 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолын сол совхозда құрылысшы болып бастайды. 1988-1990 жылдары отан алдындағы әскери борышын өтеді. Алмат Тұрысбекұлының асқақ арманы орындалып, 1990-1996 жылдары С.Асфендияров атындағы Алматы Мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетінің қазақ бөлімінде оқып шығады.
![]()
Медицина саласындағы маман ретінде дипломын қолына алып, Алматы қалалық орталық ауруханасы мен Іле аудандық орталық ауруханасында хирург дәрігер болып қызмет атқарады. Жұмыс барысында хирургия саласының қыр-сырын меңгере бастайды. Медицина ғылымдарының атасы саналатын хирургия – күрделі сала. Медициналық оқуды таңдағандардың көпшілігі бұл салаға баруға жүрексінеді. 1998 жылы желтоқсан айында А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығына сол кездегі ең өзекті сала болып табылатын кардиохирургия мамандығы бойынша аспирантураға түседі. Ота жасалып жатқан адамның жұдырықтай жүрегінің соғысы рух сыйлады. Ол өмір үшін күресіп жатты. Сол сәтте жан дүниемді «бұл адамның жүрегінің соғысы тоқтамауына мен көмектесуге тиіспін, оның өміріне араша түсуім керек» деген ой билеп алғаны соншалық, қорқу дегенді білмейтін. Ізденуден жалықпаған жас маманға Қазақстанда жаңа дамып келе жатқан кардиохирургия саласы қызықты бола түседі. А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығында «Ересектер мен балалардың» ең ауыр ауруларының профилактикасы, диагностикасы және емінің ғылыми негіздері мен жаңа әдістерін дайындау» және «Хирургиядағы жаңа технологиялар» атты ғылыми жобаларына қатысты. Осы жобаның аясында 2002 жылы ақпан айында «Жүректің үшжармалы қақпақшасының фукционалдық жетіспеушілігін хирургиялық емдеу» тақырыбында диссертациясын қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Бұл дәрігердің қызметінің алға өрлеуіне даңғыл жол ашады. Сол жылдап бастап А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығында ғылыми қызметкер болып тағайындалады. Жүрек ақауларын, соның ішіндегі жас балалардағы туа біткен жүрек ақауларын, жүректің ишемиялық ауруларын хирургиялық емдеумен айналысты. Талай сәбидің таза ауамен тыныстап, өмір сүруіне септігін тигізді. «Еңбек етсең – емерсің» демекші, көп ұзамай төккен тер, жасаған еңбегі бағаланды. 2002-2004 жылдары екі жыл қатарынан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен жас ғалымдар арасындағы мемлекеттік байқауда жеңімпаз болып, «Таланты жас ғалым» степендиясының иегері атанды. Жауапты қызметті атқара жүріп, қосымша білім-ғылымнан қол үзген емес. 2003 жылы Вена (Австрия) қаласында өткен «Атомдық кардиология» тақырыбында өткен мемлекетаралық оқу және тәжірибе алмасу тренингіне қатысты.
2004 жылы Республикалық ғылыми жобаларды енгізу кеңесінің шешешімімен «Туа біткен жүрек ақауларын хирургиялық түзету кезінде кардиоплегия жүргізу тәсілі» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жұмысы нәтижелерін енгізу актісі берілді. 2005-2006 жылы Қазақстанда халыққа кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсетуді жақсарту мемлекеттік бағдарламасы аясында Мәскеу (Ресей) қаласында «Жүрек – қан тамырлары хирургиясы мамандығының жетілдірілген курсын» бітіріп, Ресей медицина Академиясының дипломын алды. Сондай-ақ, Новосибирск (Ресей) қаласында Клиникалық иммунология Ғылыми зерттеу институтында білімін жетілдіру курсынан өтті. Араға бір жыл салып, Израиль мемлекетінде Телла Шомер медициналық орталығында кардиохирургия саласы бойынша созылмалы жүрек жеткіліксіздігін емдеу мәселесіне арналған тәжірибе алмасу және білім жетілдіру курсынан сабақ алды. 2008 жылы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығында «Хирургиялық ауруларды емдеу және оның алдын алу үшін эндогенді гемопоэтикалық дін жасушасын (ГДЖ) пайдаланудың эксперименттік – клиникалық негіздемесі» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жұмысын орындады. А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығында «Жүрек оталарында қалпына келтіру, пластикалық жетілдіру бойынша ғылыми негізделген ұсыныстарды дайындау» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жобаларына қатысты. Жүрек трансплациясын енгізу немесе дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша айтарлықтай қызмет атқарды. Қызмет бағыттары жүре пайда болған жүрек ақаулары хирургиясы, жүректің ишемиялық аурулары хирургиясы, туа біткен жүрек ақаулары хирургиясы, аритмология және жүрек трансплантациясы. Бұл – Қазақстан Республикасында ең маңызды сала. Бұл бағытта жұмыстануды кез келген дәрігер жауапкершілігіне ала бермейтін. Дегенмен, Алмат Тұрысбекұлының қолынан келді. Тек адам жанын емдеу емес, қалалық өзекті мәселелерді шешуді, адамзат өркениетінің дамуына үлес қосуды қаперде ұстаған азамат 2010 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясының мүшесі атанды. 2011 жылдан бастап С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің жүрек-қан тамыр хирургия кафедрасының профессоры, ал 2018 жылдан бастап сол кафедраның меңгерушісі. 2012-2013 жылдары А.Н.Сызғанов атындағы ҰҒХО, жүре пайда болған жүрек аурулары бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Сонымен қатар, жүрек трансплантациясын енгізуді дамыту бойынша негізгі ғылыми жобада жұмыс жасады. 2012 жылдары Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» (ҰЗМИ) республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының бекітуімен «Хирургиялық түзету кезінде қосжармалы қақпақшаны көрінетін күйге келтіру тәсілі» тақырыбындағы өнертабысқа инновациялық патент берілді. 2013 жылы кардиохирургтардың II ұлттық конгресіне қатысып, «Жедел коронарлық синдромды науқастардың қосарланған және гибридті оталық қабаттасушылық» тақырыбында баяндама жасады.
Наурыз айынан бастап Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы ШЖҚ «Қалалық кардиология орталығы» МКК директоры болып тағайындалды. 2016 жылы «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша бейінді магистратураны бітірді. 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «100 жаңа есім» жобасына қатысып, жеңімпаз атанды. Аудан халқы Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы болуға лайықты деп сенім білдіреді. Еуропалық кадиологтар мен кардиоторакалды хирургтар қауымдастығының мүшесі. «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған кезекті XVIII сьезд делегаты. (2019 жыл) Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшесі.
Алмат Тұрысбекұлы – «Нұр Отан» партиясы Алмалы аудандық филиалының Саяси Кеңес және Алматы қаласы бойынша Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі, Алматы қаласы, Алмалы ауданы бойынша бастауыш партия ұйымының төрағасы. Қала жұртшылығы ілкімді істері мен көтерген әлеуметтік жобаларын қолдап, 2021 жылы Алматы қаласының Мәслихат депутаты етіп сайлайды.
Алмат Тұрысбекұлы 170 астам ғылыми жұмыстың авторы. Монографиялық еңбек жазды. Қазақстан Республикасының өнертабысы бойынша 7 патент алды. Медицина мекемелерінде басшылық қызмет бойынша тәжірибесі мол. А.Н.Сызғанов атындағы ҰҒХО орындалған Мемлекеттік ғылыми жобалармен жұмыс жасады. Израиль, Германия, Ресей, Оңтүстік Корея және Белорусияның жетекшісі клиникаларында біліктілікті көтеру курстарынан өтті. Ашық жүрекке, жүректің ишемиялық ауруы, жүре пайда болған және туа біткен жүрек ақауларына операциялар жасады. Медицина саласындағы жетістіктері мен сіңірген еңбектері үшін марапаттарға ие болды. Ауыз толтырып айтарлықтай марапаттары көп. 2010 жылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 2013 жылы «Қазақстанның денсаулық сақтау саласының үздігі», 2014 жылы «Даңқ» ордені, «Жыл дәрігері – 2015» номинациясымен марапатталды. Қазақстандағы 100 жаңа есім жобасының медицина саласы бойынша жеңімпазы. Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Мейірім» төсбелгісімен марапатталды.
Алмат Тұрысбекұлы басқарып отырған Қалалық кардиология орталығы қала халқына шұғыл кардиологиялық, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған кардиохирургиялық көмек көрсетеді. Орталықта заманға сай жоғары медициналық технологияны қолданады. Кәсіби шебер, өз ісінің нағыз майталмандары жұмыс жасайды. Қамқорлық пен қайырымдылықты ту еткен жобалармен айналысады. Негізгі мақсат – жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын пациенттердің дендері сау, ғұмырының ұзақ болуы. Еліміздегі медицина сапасын арттыру. Қазақстан бойынша аталмыш орталық екінші орында, ал Алматы қаласы бойынша алдыңғы қатарда тұр. Орталықта жылына 10 мыңнан аса науқас емінен айығып шығады. Ашық жүрекке жасалатын оталар саны 5 есе көбейді. Жаңа инновациялық әдістермен қатар, биопротездерді қолдану және қосарланған күрделі оталар практикаға енгізілді. Алмат Тұрысбекұлының бастамасымен соңғы жылдары Орталықта медициналық қызмет көрсетудің сапасы жоғарылап келеді. Шетелден арнайы келіп, ота жасататын азаматтар қаншама. Жыл сайын жүрек-қан тамырлары аурулары бар, кардиохирургиялық араласуды қажет ететін 45-60 шетелдік пациент ем қабылдайды. Орталықта жыл сайын мүгедек баласы бар қызметкерлерге, жалғыз басты аналарға, көп балалы отбасыларға көмек көрсетіледі. Бүгінгі таңда Қалалық кардиология орталығы – Қазақстан Республикасындағы танымал медициналық мекемелердің бірі. Корея, Литва, Ресей сынды медицинасы жетілген мемлекеттермен достық көпірі орнатылды. Жыл сайын орталық мамандары шетелдік клиникалардан тәжірибеден өтеді. Қалалық кардиология орталығы С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ және ҚазМҮББУ, Алматы қаласы медицина колледжінің клиникалық базасы болып табылады. Студенттер практикадан өтіп, кәсіби маман ретінде сабақ алады. Бұл орталықтың материалдық-техникалық базасының мықтылығын былай қойғанда, дәрігерлері де шетінен білікті. Келген студенттер небір күрделі оталарды игеріп, заманауи медициналық құрылғылардың тілін меңгереді. Ақ халақты абзал жан бүгінге дейін жинаған мол тәжірибесін осы медициналық орталықтың жағдайын көтеруге жұмсағысы келеді.
Дүниедегі ең ізгі мамандық делінетін дәрігерлікті өзің жаныңмен қалап алғаныңнан кейін, сырқат жанға жәрдемің тиіп, оның сауығып кетуін алғы кезекке міндет етіп қойғаныңнан кейін, меніңше, бәрін де үлкен жауапкершілікпен, әрі сапалы атқаруың керек. Өйткені, осындай сәттерде саған айрықша сенім, үлкен үміт артылады. Хирургтың қолы – нәзік, көзі – қырағы, жүрегі – айбарлы болуы керек десіп жатады. Адамның ішкі ағзасын күнде ақтаратын хирургтарды қатыгез санайтындар да бар. Бірақ Алмат Тұрысбекұлының әңгімесінен кейін бұл пікірдің жаңсақ екеніне көзіңіз жете түседі. Ол ота жасалған әр адамның өміріне өзін жауапты санайтынын айтады. Тіпті, бір отадан кейін бірнеше күн, айлар бойы ауыр ойға батып, жүрек пен жүйкеге салмақ түсетін кездер аз болмайды екен. Кейде отаның күрделілігі сондай, 10-12 сағатқа созылып кететіні болады. Күннің қашан шығып, батқанын аңғармай жұмысына берілген хирургтардың мұраты – хал үстінде жатқан адамның өмірін арашалап қалу.
Өзінің мамандығын мамандықтың төресі санайтын арыстай азамат бүгінде төрт перзент тәрбиелеп отыр. Адам өмірін арашалап, Гиппократ антына адалдық танытып, ақ халатына дақ түсірмеген жан саналы ғұмырын медицина саласына арнады. Ол – талай адамның дертіне шипа тауып, көптің құрметіне бөленген білікті дәрігер. Мамандығының арқасында талай адамның өмірін арашалап, алғысына ие болды. Жұртшылықтың алғысы мен батасын алғанда, ота кезіндегі қиналысын лезде ұмытып кететіндігін жасырмады. Алмат Тұрысбекұлы қала медицинасының қалыптасуына ғана емес, еліміздің кардиохирургия саласының өрістеуіне белсенді араласып, ел мүддесі үшін де елеулі еңбек сіңірді. «Жақсының аты, ғалымның хаты» өлмейді деген. Денсаулық сақтау саласының үздігі атанған дәрігердің жүріп өткен өнегелі өмірі кейінгі буынға үлгі. Қолы шипалы дәрігерге жұртшылық іздеп келіп қаралады. Себебі, мұндай дәрігерлер
санаулы саңлақтардың қатарында.