Абырой биігіндегі азамат
Адам баласы жер бетіне пайда болғаннан бастап аурудан алыс болмаған. Науқастанған адамның ем алуы үшін дәрігерге жүгінуі жылдар бойы бұзылмай келе жатқан құбылыс. Адамдардың сырқаттануы мен дәрігерлерге деген мұқтаждығының тарихи төркіні тереңде. Тіпті пайғамбар (с.ғ.с) Мұхаммедтің өзі аурудың алдын алуға аса мән беріп қана қоймай, амалын айтып, дәрігерлерге ерекше құрмет көрсеткен. Иә, жер бетінде дәрігерлік мамандықтан абыройлы, құрметті мамандық жоқ-ау. Бірақ оның құрметінің салмағы қаншалықты ауыр болса, жауапкершілік жүгі де соншалықты ауыр. Сондықтан кез келген адам ақ халат киіп, ант қабылдап, адам жанын ажалдан арашалай алмайды. Дәрігер болу үшін науқасқа ем беріп қана қоймай, оның жанын түсінетін, жылы сөзімен дем беретін маман иесі болуың керек. Сонда ғана дәрігер атағын абыроймен алып жүруге мүмкіндік туады.
![]()
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде». Бұл халық даналығы заман жаңарып, уақыт өтсе де өзектілігін жоймақ емес. Десе де, денсаулықтың қадірін ауырғанда ғана білетініміз ақиқат. Соның ішінде тісті емдетуді ойлап жүрген адам көп, себебі, тіс аурулары дендеп барады. Осындайда тұрғындар сапалы қызмет ететін маман іздейтіні түсінікті-ақ. Осы тұрғыдан келгенде, дәрігер-стоматолог Булатханов Асылбек Өмірзақұлы ауылдастарына сапалы қызмет көрсетуде. Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған бақыт. Ол үшін ең алдымен мамандыққа деген махаббат керек. Мамандыққа деген махаббат пен карьерист болу – екі бөлек нәрсе. Тек шынайы көңілмен, құлшына кіріскен еңбек қана тәтті болмақ. Жұмысына адал көңілмен араласып, саналы ғұмырының сан жылдарын тек бір салаға сарп еткен жандардың қатарынан осы Асылбек ағамызды айта аламыз.
1978 жылы дүниеге келген Асылбек азаматымыздың әкесі Булатханов Өмірзақ деген кісі де өз заманында балалар дәрігері қызметін атқарып, сонымен бірге, Шымкент медициналық колледжінде мейірбике факультетінің меңгерушісі болып абыройлы жұмыс атқарған. Ал, анасы Ахметова Зулайха 2012 жылға дейін өмір бойы бухгалтер болып қызмет жасаған. Адалдыққа үндеп, еңбекке баулыған ата-ана тәрбиесін көрген бала 1984-1993 жылдар аралығында Шымкент қаласының №7 Қ.Сыпатаев атындағы орта мектепте білім алып, ары қарай 1993-1997 жылдар аралығында Шымкент медициналық колледжінің тіс дәрігері факультетінде оқиды. Кейін, 1997-1998 жылдары ОҚО Сайрам ауданының Ақсу аудандық орталығында «тіс дәрігері» ретінде еңбек жолын бастайды. Осында жүріп тәжірибесін шыңдап, біліктілігін арттырған ол, 1998-2003 жылдары Шымкент қаласындағы Халықаралық «Мирас» университетінің «Стоматология» факультетін бітіріп алады. Халқымызда «Қыран биікке мекендеп, биіктен ұшқанда ғана қанатын қатайтады» деген сөз бар. Олай болса, тіс дәрігері Асылбек Өмірзақұлы өзінің жүрек қалауымен адам жанының арашашысы – дәрігер болуды, адам өміріне өзінің тарыдай болса да жан жылуын себуді мақсат етеді. Осылайша, 2003-2005 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы «Диастом» клиникасында дәрігер-стоматолог қызметін атқарып, кейін 2005 жылы Астана қаласының «Мастер Дент» клиникасына жұмыс істеуге ауысады. Сонымен қатар, 2007-2018 жылдар аралығында Астана қаласының «Профи стом Д» стоматологиясында дәрігер-стоматолог болып жұмыс істеп келген азамат, 2018 жылдан бүгінгі күнге дейін өз мамандығын ары қарай игеру мақсатында жеке кәсіп ашып жұмыс жасауда. Әлбетте, бұның бәрі адамға оңай келмейді. Жұмысқа деген адалдық, тынымсыз еңбек пен тыңғылықты қасиет бүгінгі күнге жеткізіп отыр. Үнемі ізденіс үстінде жүретін стоматолог-дәрігер бұл жолы да өзіне қажетін алып, алған білімін қол астындағылармен бөлісуде. Булатханов Асылбек біліктілігімен ұжымда сыйлы. Ол өз ісіне үлкен жауакершілікпен қарап, әр емделушінің денсаулығына алаңдайды. Олармен жылы қарым-қатынас орнатып, өз жұмысының ілгерілеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген кәсіби маман. Кейіпкеріміз қызмет орнында білікті, еңбекқор маман болғанымен қатар, шаңырағында бір үйдің ұйытқысы, ардақты әке екенін естен шығарған емес.
![]()
Жұбайы Өмірзақова Гүлдана екеуі арыстай Диасхан, Дастан, Сұңқар, Аңсар, Дарын есімді 5 атқамінер ұл тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана. Білімнің салтанат құрған заманында кез келген маман иесіне біліктілігін жетілдіріп, білімін нығайту өте маңызды. Мұндайда шет елдердің озық тәжірибесін меңгеріп, қабілет-қарымды шыңдау маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, ауданның дәрігер-стоматологы Асылбек Өмірзақұлын ізденімпаз маман ретінде бағалау керек-ақ. Себебі, жұмыстық тәжірибе бойынша 2003 жылдан бастап жыл сайын әртүрлі оқуларға барып тіс емдеу хирургия және тіс салу әдістерін, 2009 жылдан бастап хирургиялық имплантация әдістерін үйреніп келді. Осы жылдар аралығында көптеген жаңалықтарды меңгерген ол, әрі қарай да тек үйреніп игеруге әрекет жасауда. Булатханов Асылбек мамандығымен мерейін үстем етіп, адал еңбегімен абыройға кенеліп келеді. Қашанда алдына келген науқасқа мейірім төгуден жалықпайтын денсаулық сақшысы өз мамандығын мақтан тұтады. Қорыта айтқанда, осындай жауапкершілігі мол жүкті арқалаған Асылбек ағамыз қашанда қызметіне қырағы қарап, алдына келген әрбір қаралушының пікірін тыңдауға даяр. Оған қоса, отбасындағы асыл жары, дәрігер Гүлдана анамыз да қолдау көрсетіп отырады. «Дәрігердің жақсысы дертіне дерт қоспағаны» - дейді дана халық. Бұл тұста Асылбек Өмірзақұлы көптің көңілінен шыға білді десек болады. «Денсаулық – адамның жаны мен тәнінің амандығы». Ендеше ерінбей еңбек етіп, талмай жұмыс істеп жүрген Булатханов Асылбек Өмірзақұлына сәттілік тілейміз. Маржандай тістің саулығы үшін ықыласпен тер төгіп жүрген Асылбек Өмірзақұлының өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі. Кейінгі буын осындай ел ағаларынан өнеге алса, болашақ жарқын болары сөзсіз.