Бейшова Индира

Рейтинг:

Ғылымның бағына туған
 
 
Ақыл-парасат күші - адамның ойлауына, пайымдауына,
 ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман 
қылықты айыруына көмектесетін күш.
Әбу Насыр Әл-Фараби
 
      Ғасырлар жүгін арқалаған әрбір ұрпақ өзара сабақтасып, бар жақсысын келешекке қалдырумен келеді. Өмірдің өзектілігі де - сонда, адамзат ақылының теңдігі, адамзат тарихының тұңғиық тереңдігі де - осында. Ол іскер, білікті де білімді ұйымдастырушы ретінде Қазақстанның молекулярлы биология, генетика, ветеринария, ауыл шаруашылығы ғылымдары саласында еңбек етіп, республикамыздың ғылымын дамуытуда өз үлесін қосып келе жатқан ғылымның да, еңбектің де майталманы. Бейшова Индира Салтанқызының басты басшылыққа алатын қағидасы - «Ғалым болу үшін ең алдымен қарапайым адам болу керек». Ғалым барлық саналы өмірін өзі үшін емес, елі үшін, халқы үшін сарп еткенде ғана зерттеу жұмыстары нәтиже береді. Сондықтан да, оның беделі мен мәртебесі биік. Қандай ортада жүрсе де, қандай лауазымды қызметте болса да, еңбексүйгіштік, адамгершілік қасиеттерден жаңылғанын көрмейсіз. Бүгінгі жас өскіндерге Индира Салтанқызының осындай қасиеттерін үлгі етіп айтсақ дейміз.
      Индира Бейшова қазақ жастарына ой салып, олардың ғылымға деген құштарлығын ұштап, аянбай еңбек етіп келе жатқан жас ғалымдардың бірі. Ол өзінің дарыны, еңбекқорлығы, өз ісіне деген адалдығы арқасында жеңістерге жеткен үлкен ғылымның жаршысы. Адам қашанда ісімен танылады. Орыстың атақты химик ғалымы Д.И.Менделеев “Ғылым жоқ жерде қазіргі заманғы өнеркәсіптің болуы мүмкін болмаса, өнеркәсіп жоқ жерде қазіргі заманғы ғылым да бола алмайды.” деген екен. Таным-табиғаты бөлек, жас кезінен жарқ етіп көзге түскен ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты  Бейшова Индира Салтанқызы жастықтың жалынымен ғылым жолына ерте түсті.
      Ол 1985 жылы 29 тамызда Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Шилі аулында дүниеге келген. Мейлісай ауылында 6-сыныпқа дейін оқып, 1998 жылы отбасылық жағдайларға байланысты Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Диевка ауылының Үшқарасу бөлімшесіне көшіп келіп, сол жерде мектепті үздік тәмамдайды. Одан кейін Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының «биология және химия» мамандығына оқуға түсіп, 2006 жылы  аталған оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп шығады.
     Индираның алғашқы еңбек жолы 2006 жылдан басталды. Ол алдымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Қазақ тұлпары» ЖШС-інде ғылыми қызметкер болды. Ал 2012 жылдан бастап Индира Салтанқызы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде алдымен аға оқытушы, 2013 жылы доцент, ал 2016 жылдан бастап аталған жоғары оқу орнындағы ғылыми-инновациялық орталықтың азық-түлік өнімдерін өндіру зертханасының молекулалы-генетикалық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді.
      «Ғылым – теңіз, білім – қайық» дегендей, қиын да, қызық ғылым жолында жүрген жандар қаншама десеңізші?! Бірақ сол жолда шын еңбегімен, ақылымен дараланып, қоғамға пайдасын келтіріп жүргендер санаулы-ақ. Индира Салтанқызы 2006 жылдан бастап заманауи генетикалық құрылғыларда қостанайлық асыл тұқымды жылқы түрін генетиптеу бойынша зерттеу жүргізуді бастаған болатын. “Қостанай жылқы тұқымының негізгі аталық іздерінің генетикалық полиморфизмі” тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын да үздік қорғап шықты. 2012 жылдан бері А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде ұстаздық қызметі мен қоса ҚР БжҒМ-нің «ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру» конкурсынан ауыл шаруашылығы малдары мен өсімдіктерін зерттеу бойынша бірнеше грант иегері атанып, ғылыми жобаларды ауқымды жүргізуде. 
      Ғылыми зерттеу нәтижелері бойынша Индира Салтанқызы әріптестерімен 16 инновациялық патенттің авторы атанып, ветеринария және фитопатология саласы бойынша 12 отандық диагностикалық тест-жүйе құрап шығарды. Сонымен қатар етті бағыттағы отандық әулиекөл және қазақтың ақбас асыл тұқымды ірі қара малдарынының генетикасын зерттеумен айналысады. Бұл жобаның зерттеу жұмыстарында әулиекөл тұқымының сомотропиндік каскад гендерінің полиморфизмі туралы деректер және осы гендер нұсқаларының олардың ет өнімділігіне әсері зерттелді. bPit-1, bGH және bGHR соматотропиндік каскадтың үш полиморфтық гендері бойынша малдардың генотиптері тағайындалды. Артықшылықты және қалаулы емес генотиптер анықталды. Жалпы іріктелімнің ет өнімділігі көрсеткіштері бар осы генотиптердің өнімділік көрсеткіштері құрастырылды. Одан арғы зерттеулер нәтижесінде алынған деректер селекцияны және өнімділігі жоғары малдар тұқымдарын шығаруды айтарлықтай жылдамдатуға мүмкіндік бере алады, сондай-ақ төмен ет өнімділігіне генетикалық тұрғыдан бейім малдарды ерте кезеңде түзете алады. Зерттеулер ҚР БжҒМ «Отандық селекцияның асыл тұқымды ірі қара малының етті өнімділігін табуға арналған генетикалық маркерлерді құрастыру және тұқым қуалайтын аурулардың дамуын көрсететін мутацияны тасымалдаушылыққа скрининг жасау» гранттық қаржыландыру жобасының ауқымында жүргізілді.
     Ғалымның еңбек тәжірибесін Ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыс (НИОКР) саласынан да көреміз. Ол бірнеше жобаларда зерттеу тобының мүшесі. Қазіргі таңда Индира Салтанқызы ҚР БжҒМ қаржыландыратын бірнеше ғылыми жобалардың жетекшісі. Сонымен қатар «биология» мамандығы бойынша білім алып жатқан магистранттардың ғылыми жетекшісі. Оның бастамасымен «биология және химия» кафедрасында молекулярлық генетика жөнінде ғылыми зерттеу жұмысы қолға алынды. Зерттеу жұмыстарымен айналысу барысында шетелдік машықтану курстарын өткен, оның ішінде: 
      1. 2008 жылы Прага қаласының Чеш иммуногендік зертханасында малдарды генетиптеу бойынша; 
      2. 2008 жылы Мәскеу қаласының Бүкілресейлік ветеринария және мал шаруашылығы институтында; 
      3. 2014 жылы Мәскеу қаласының академик М.М.Шемякин және Ю.А.Овчинников атындағы биоорганикалық химия институтында тәжірибе алды. 
      4. Ауыл шаруашылығы малдары мен өсімдіктерінің генетикасын зерттеу бойынша Рига, Литва, Вильнюс, Париж, Санк-Петербург т.б. алыс және жақын шетелдерде машықтанудан өтті. 
      2005 жылдан бері Қостанай облысы жастарының “Алтын кітабы” жобасы жүзеге асырылып келеді. Сол уақыттан бері жыл сайын Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен облыстағы талантты жастардың жаңа есімдерін сол кітапқа енгізу дәстүрі үзілмей келеді. “Алтын кітапқа” өңірдің дамуына зор үлес қосқан, облыстың атын сырт жерлерге танытып жүрген, халықаралық, республикалық жарыстарда, байқауларда жеңімпаз атанған дарынды жастар есімі кіреді. Соның бірі ҚМУ оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Индира Бейшова 2014 жылы «Ғылым» номинациясы бойынша Қостанай облысы жастарының «Алтын кітабына» аты енгізілді.Жас ғалымға бұл марапатты табыстаудың өзіндік мәні бар, бұл - бірнеше жылдық қажырлы еңбектің, талай ұйқысыз түндер мен талмай ізденудің  жемісі. 
      2013 жылы Индира Салтанқызы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің «2013 жылдың үздік ғылыми зерттеушісі» атағына ие болды. Сондай-ақ, Қостанай облысы меценаттар клубы тағайындайтын «Шабыт» сыйлығының «Ғылым» номинациясының иегері атанды. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері бойынша 70-тен аса ғылыми мақала жарияланған, соның ішінде 
      ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған, сондай-ақ, Scopus, Thomson Reuters деректер базасына кіретін мәліметтер қорына кіретін әлемдік ғылыми журналдарда жарық көрді.
      2015 жылы Индира Салтанқызы «Қостанай жылқы тұқымының негізгі аталық іздерінің генетикалық полиморфизмі» атты монографиясын шығарды. 2016 жылы «Соматотропиндік каскадтың полиморфтық гендері бойынша ірі қара малдың өнімділігін днқ-маркерлеу (bPIT-1, bGH, bGHR, bIGF-1)» оқулығы тікелей Индира Бейшованың белсенділігі арқасында жарық көрді.
       Индира Салтанқызы көптеген жылдар бойы алыс-жақын шетелдердегі университеттерде ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша тәжірибеден өтіп келеді. Биоорганикалық химия институтымен халықаралық ғылыми және шығармашылық ынтымақтастық туралы келісімдер жасалады. Ресей Федерациясының академик М.М.Шемякин және Ю.А.Овчинников атындағы биоорганикалық институтымен, Мәскеу қаласы; Генетика және цитология институты, Беларусь Ұлттық ғылым академиясы, Минск қаласы; Санкт-Петербург қаласындағы ауыл шаруашылығы жануарларын генетика және селекция ҒЗИ саласы бойынша бірлескен жұмыс түрлері тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
       Бүгінгі күні еліміз шетелден ірі қара малды жиі әкеле бастады. Осыған байланысты республикада ауыл шаруашылығы жануарларының шығу тегіне бақылау жүргізу мәселесі туындаған. Қазақстандағы ауыл шаруашылық жануарларын ДНҚ-сертификаттауды жедел-аналитикалық бақылауға арналған нормативтік құжаттардың болмауына байланысты Индира Бейшова ғылыми қызметкерлермен бірлесіп, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің Ғылым және инновациялық орталығының сынақ зертханаларын аккредиттеу кезінде алғаш рет Қазақстанда «ҚазМетрИн» (Астана) РМК-да тіркелген «Полиморфизмді күшейтілген фрагменттің ұзындығының полиморфизмін талдау әдісі (PDAF) ауыл шаруашылық жануарларын зерттеу»ауыл шаруашылығы малдарына молекулярлы-генетикалық сараптама жүргізуге арналған амплификацияланған фрагменттер ұзындығының полиморфизмінің (АФҰП) анализінің әдістемесін енгізген. Бұл әдіс республиканың ірі қара мал шаруашылығында тәжірибеде қолданыла алады.
       2016 жылы Индира Салтанқызы ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің қолынан тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік даму жолындағы жетістіктері және білім беру саласына қосқан үлесі үшін “Құрмет грамотасын” алды. 2017 жылы Қостанай мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінің шешімі бойынша  жас мамандар арасынан алғашқы болып 31 жасында  Бейшова Индира Салтанқызына  университеттің доценті атағы берілді.
       Астанада үстіміздегі жылы Тұңғыш президент - Елбасы Қоры сыйақысының лауреаттары марапатталды. Осы атаққа 10 жыл ішінде сыйақыға 212 қазақстандық белгілі тұлғалар ие болған, соның ішінде алғашқы рет Қостанай облысынан «Ғылым» саласы бойынша А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, биология және химия кафедрасы, доцент, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Индира Салтанқызы «Астық дақылдары мен ауыл шаруашылығы малдарының ауруларын Real-time режимінде полимеразды тізбекті реакция әдісі негізінде диагностикалайтын отандық тест-жүйені әзірлеу» атты ғылыми жұмысы бойынша лауреат атанды.Марапаттаудың салтанатты рәсімінде әрбір лауреатқа диплом, кеуде белгісі  және ақшалай сыйақы табысталды. Лауреаттарды Мәжіліс төрағасының орынбасары В.Божко, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев, Сенат депутаты Б.Әйтімова және тағы басқа белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері марапаттады. Мемлекет тарапынан марапат биігінен табылған Индира Салтанқызының ғылым жолындағы толағай табыстарының бірі деп білеміз.
       Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді. «Адамдық негізі – әйел» дегенді М.Әуезов неткен даналық, тапқырлықпен айтқан! Аяулы жар, қамқор ана, білікті кәсіпкер, дана ғалым. Осының бәрі бір әйелдің бойынан табылса, керемет емес пе?! Нәзік жандылар отбасының ырыс-берекесін сақтап, өскелең ұрпаққа тәрбие берумен қатар, қоғамның сан алуан саласында да белсенділік таныта біледі.
       - 1-курста оқып жүрген кезімде А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің «журналистика» мамандығының 3-курс студенті болашақ жарым Оспанов Мейраммен таныстым. Екеуміз 3 жыл сырласып жүріп, сезімдеріміздің шынайылығына көз жеткізгеннен кейін отбасын құрып, жұбайлық өмірге қадам бастық. Бүгінде Арсен, Мансур, Әли атты келешек отан қорғар ұлдарды тәрбиелеп отырған үлкен шаңыраққа айналдық. Тұңғышымыз Арсен 11 жаста, Қостанай қаласының С.Мәуленов атындағы мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы, ортаншы ұлымыз Мансур 6 жаста, Қостанай қаласының №24 «А» бастауыш мектебінің мектепалды даярлық тобының оқушысы. Ұлдарымыз жасөспірімдер арасындағы Қостанай «Тобыл» футбол клубының құрамына кіреді, шахмат үйірмесіне және ағылшын тілін оқыту орталықтарына барады. Кіші ұлымыз Әли 1 жаста, ол - балабақша тәрбиеленушісі.
       Индираның өмірлік серігі Оспанов Мейрам Маратұлы 1982 жылы Қостанай облысы, Жангелді ауданында дүниеге келген. Отбасындағы 6 баланың ортаншысы. Ол Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университінің журналистика факультетінің «журналистика» мамандығын және Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының «заң» факультетінің «заңгер» мамандығын екінші мамандық ретінде оқып бітірген. З.Алдамжаров атындағы әлеуметтік-техникалық университеттің магистратурасын аяқтап, заң ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алған Мейрам Оспанов бүгінде Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында баспасөз хатшысы болып қызмет атқарады. Мейрам Маратұлы - облысқа белгілі журналист. Ол отансүйгіштік пен рухани мұраттарға адал қызметі үшін Ішкі істер министрлігінің  түрлі марапаттарына ие болған парасатты азамат.
       Адам өмірінің саналылығы мен құндылығы, ең алдымен, оның атқарған ісі, кейінгілерге қалдырған ізі, шаңырақ, отбасындағы парасат-пайымымен өлшенеді. Осындай өнегелі отбасынан тәлім-тәрбие алған перзенттердің жетістікке жетуін заңдылық деп қарастырған жөн. Әкесі Бейшов Салтан талай жыл мал дәрігері болып қызмет еткен сөзі – тік, тірлігі – нық ақылшы азамат болса, анасы Күлдір Маймақова 35 жыл бойы жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаз. Қазіргі кезде ардақты ата-анасы бейнетінің зейнетін көріп отырған жапырағы жайқалған бәйтеректей тұлғалар, ел мақтанышы, өркендерін жайып өсіп келе жатқан немерелерінің де болашағына сенімді ата мен әже.
       Жаңа заман тәуелсiз ел мұраты - жастардың бiлiмi мен бiлiктiлiкке талпынып әрекеттенуiн, еңбектенiп өсуiн талап етiп отыр. Бұл талапты ата-анасы ертерек сезінген. Себебі, ғылым-білімге құштарлық бастауында әуелі отбасының тәжірибесі, сонан соң білімге, ғылымға деген ықылас жататын болса керек. Бейшовтар әулетіндегі Индираның бауырлары Гүлмира, Зарина, Рүстем, Дастан – барлығы өз істерінің шебері, ғылым магистрлер болып табылады. Отбасының тұңғышы Гүлмира Салтанқызы стандартизация және метрология маманы, ветеринария ғылымының магистрі, ұлы Руслан 1-сынып оқушысы, спортпен шұғылданады. Индираның сіңілісі Зарина Салтанқызы заң ғылымдарының магистрі, қазіргі таңда Ішкі істер органында тергеуші қызметін атқарады. Зарина өз теңін тауып тұрмыс құрған жары Арманбек Батыс өңірінің тумасы.Әделя есімді қыздары бар. Жолдасы Арманбек өз ісінің маманы болып түрлі қызмет атқаруда. Отбасының үлкен ұлы әрі тірегі Рүстем Салтанұлы экология ғылымдарының магистрі. Рүстемнің жары Маржан техника ғылымдарының магистрі, бақытты жас отбасын Гүлім есімді қызды тәрбиелеп отыр. Олар қазіргі кезде білім, ғылым саласында да қол ұстасып, қатар қызмет етіп жүр. Тарих факультетінің магистратурасына түсуді жоспарлап жүрген Дастан Салтанұлы да білім саласының қызметкері. Дастан өзіне лайық жар іздеп жүрген жас жігіттердің бірі. Индира білім, өнер саласының майталмандары болып жүрген бауырларын мақтан тұтады.
      “Кім өмірді таза сүрсе – соған Жаратқан екі ғұмыр береді” деген ұғым бар. Адами тазалығымен екі ғұмыр кешкен ата-ананың ұрпағы, елінің жарқан болашағын аңсаған қазақтың ұлтжанды, ақпейіл, ғалым қызы – Индира Салтанқызының ғылымға деген адалдығы болар, қай кезде де таза көңіл, ыстық ықыласпен еңбек етіп жүрген көп қырлы, сан сырлы зерделі ойдың иесі ретінде танимыз.
      Бүкіләлемдік тәжірибе қоғамдық прогресс жоғары рухани және адамгершілік құндылықтар негізіндеғана мүмкін екендігін дәлелдеген.Елім, жерім деп соққан гүлсезім жүрек иесі, ғылым үшін өз қабілеттілігі мен біліктілігін, қолына алған тірлікті аяғына дейін жеткізетін бойындағы бар қасиеті мен бай тәжірибесін жұмсап келе жатқан іскер жан. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Бейшова Индира Салтанқызының салиқалы ғылыми тұжырымдарын санамызға ұялатып, көңілге ой түюіміз керек деп есептейміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 января 2025 19:21
Баян
Роза - удивительная, позитивная, обоятельная женщина! По жизни ставит цель и смело идет к ней! Очень много мечтала...
18 января 2025 18:19
Жанболат
Анам туралы жазбаларыңа көп рахмет!!!...
16 декабря 2024 23:39
Роза
Менің Әкем.❤️Аллаға шүкір.Ата анам жүз жасасын!...