Ағиба Есімқызы

Рейтинг:
Темірдей төзімді жан

      Кішкентайымда әжем әр айтқан әңгімесіне «Заманына қарай адамы» деген тіркесті қолданып отырушы еді. Мен сол кезде бұл сөздің мән-мағынасын түсінбейтінмін. Өсе келе ғой білгенім. Сөйтсем, әжем өз заманындағы адамдарды қазіргі заманның адамымен салыстырып айтады екен ғой. Өзінің заманы ол, сұрапыл Ұлы Отан соғысына тұспа тұс келген заманы. Ұлы Отан соғысы адамзат тарихында болған соғыстардың ішінде ең қасіреттісі болды. Сол заманның адамдары Соғыстың ортасында жүрсе де, болашаққа сеніп, өз қызметтерін аса құштарлықпен, адалдықпен, іскерлікпен істеп, еңбек ете білді. Олардың қатарынан тамаша аудан басшылары, колхоз төрағалары мен мектеп директорлары, тамаша ұстаздар, шығып, елге адал, жанқиярлықпен еңбек етудің үлгісін көрсетті. Сондай жанның бірі Ағиба Есімқызы.
      Есімқызы Ағиба 1924 жылы Еспол ауданы, Қызылжар ауыл советі, Гурьев облысында дүниеге келген. 1941 жылы мектеп Кулагин ауылында мектеп бітіріп, Гурьевтің бастауыш сынып мұғалімін даярлайтын курста оқыған жас қыз, соғыстың енді басталған уақытында ұстаздық жолын сол ауданның 3 мектебінде бастаған. Ары қарай, 1942 жылдан бастап, Зеленый орта мектебінде 5,6,7-шы сынып оқушыларына қазақ тілі мен әдебиеті және химия, биология пәндерінен сабақ берген, оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істеген. Осылайша Ағиба анамыз барлық күш-жігерін, қуаты мен жиған білімін өзі оқыған саланы гүлдендіруге арнады.
      Жолдасы – Рамазанов Әмір 1921 жылы дүниеге келген. Гурьев облысы АТК-ға шақыртылып, 193 атқыштар дивизиясының 895 атқыштар полкінің құрамында Қызыл әскер лауазымында Воронеж бағытында ұрыс қимылдарына қатысқан. Воронеж ауданы, Ломово ауылы маңындағы шайқастарда бір тыңшыны ұстап, әскер құрамында қару-жарақ пен азық-түлік бар автокөліктегі үш қызыл әскерін қолға түсіреді. Сонымен қатар, жеке есепте бес неміс солдаты қаза табады. Ломово ауылы маңындағы шайқастарда 1943 жылы аяғының сүйегі сынып, жарақат алады. Соғыстан бір аяқ, бір қолынан оқ тиіп, жараланып екі балдақпен келді. Келісімен аудандық партия комитетінде хатшының көмекшісі болып бір жылдай қызмет істеді. Қаһарлы соғыстың қатерлі жолымен барлаушы болып жұмыс жасап жүргенде «Рамазанов Әмір 50 фашисті жалғыз өзі жайратты!» – деп газетке мақала жарияланды. Жасаған ерлігі үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Сөйтіп, өзінің денсаулығы жарамағандықтан, райкомның хатшы көмекшісі жұмысынан шығып, мұғалімдік қызметіне қайтадан Зеленый орталау мектебіне 5-7 орыс және қазақ сыныптарына тарих, география пәндерінен сабақ беруге орналасты.      Ағиба анамыз өзінің күнделігінде: «Өмірімнің ІІ кезеңінің басталуы. Мен бұл кісімен 1944 жылдың 14 қарашасында отбасын құрдым. Зеленый орталау мектебіне келіп бұрынғы сабақтарымнан 5-8 қазақ сыныптарына қазақ тілі мен әдебиеті және химия-биологиядан сабақ бердім» - деп жазған.
      Ұлы Отан соғысының ортасында жүріп, асыл ана, соғыстан кейін де еліміздің жаңаруына бойындағы бар шеберлігі мен білімін қосып, алға қарай «қайыспас қара нардай сүйреп» мектеп, интернат оқушыларын тәрбиеледі. Өмір жолында қиындықтың түрлісін көрген Ағиба Есімқызы, әкесі қайтқанда ошағы ортасына түскендей күй кешеді. Бірақ, ол ешқандай қара жұмыстан қаймықпай, қолғабыс қылар талай жұмыстарды атқарады. Анасы мен әкесі кезінде халқына қалаулы, еліне елеулі жандар болған. Сол жылдардағы оқиғалар мен қайғыға, қасіретке толы жағдайлардың барлығы Ағиба анамыздың санасында жатталып қалыпты. Оның айтуынша, соғысқа аттанған мыңдаған қазақтарға яғни, өз ұрпақтарының болашағы мен тыныш өмірі үшін күрескен жауынгерлерге жылы тон, байпақ, қолғап, шұлық, кеудеше, құнарлы тамақ, туған жер иісінен сәлемдемелер жіберіп отырған екен. Халқымыз осының бәріне ерекше төзімділік көрсетіп, тағдыр талқысымен келгендерге қол ұшын берді. «Майдан мен тыл біртұтас!» деген ұранмен күні-түні еңбек етті. Ағиба Есімқызы қайғырып отырған ауыл тұрғындарына оқушылардың күшімен көңілдерін жұбату үшін ауыл-ауылдарға барып концерттер қойып отырған. Ерлік – өмір мен өлім бетпе-бет келген сын сәттегі ерекше іс-әрекеттің жемісі. Себебі, Бауыржан атамыз бір сөзінде ерлік есептің ырқына көнбейтінін айтқан екен. Мұның сыры неде дегенде? «Сақтықта қорлық жоқ» деген қазақтың мәтелі бар. Бұл рас сөз. Бірақ ерлік сақтықтың жетегінде жүрмейді. Өйткені сақтық – есеп. Ал, ерлік есеппен істелмейді. Ерлікті сантиметрлеп өлшеп, грамдап салмақтап, секундап санай алмайсың. «Ерлік адам жанының лап еткен жалыны, жарқ еткен найзағайы»деген екен. Міне, сол себепті соғысқа миллиондаған адамдар қатысса да, батыр деп мыңдаған адам ғана аталды. Ағиба анамыз сол кездегі қиын-қыстау заманда төгілген жас пен көрген қиындықтарды осылайша суреттеп берді. Біреу жолдасы мен баласынан, енді біреуі ата-анасы мен бауырынан айырылды. Миллиондаған адам Ұлы Жеңіс жолында қаза тапты. Дегенмен, сұрапыл жылдардан аман-есен өткен жандар айналасындағы естеліктердің көзін жоймағаны анық.
      «Алтын алқа» иегері атанған батыр анамыз 12 құрсақ көтерген, 3 сәбиі кішкентай кезінде шетінеп кетеді де, біреуі 35 жасында қайтыс болады. Өзі де, жолдасы да ұстаз болған Ағиба анамыздың туған сіңлісі де «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісін алған мұғалім болған кісі. Жолдасы – Рамазанов Әмір Оралдың мұғалімдер даярлайтын институтын бітірген тарихшы. Еңбек ету жолында мектепте директор қызметінде болған. Жастардың білімге құштар болуына, ғылым жолында жасампаздыққа жетуге шақырады. Өз құрдастарына да баланы оқытуды насихаттаған ел тыңдаған азамат болған. Ардақты әке, ұлағатты ұстаз, құрметті ардагер, данышпан адам 1972 жылы өмірден озды. Ұстаздар отбасы болған соң 3 қызы да әке жолын жалғап, мұғалімдік жолды таңдаған. Бір қызы әкесі сияқты тарихшы болады, екінші қызы орыс тілі және орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі, үшінші қызы химия және биология пәндерінен сабақ береді. Ұстаздық жолда бір қызы «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері атанған. Немере, жиендері де әр салада ұстаздық қызметтерін атқаруда. Төртінші қызы – дәрігер. Маңғыстауда 36 жыл бойы білікті ақ халатты абзал жан болып, әкімшіліктің «Алғыс хатымен», «Маңғыстау Медицина ардагері» тағы басқа да ордендердің иегері. Барлық балалары да  шәкірт тәрбиелеу жолында еліне адал еңбек етіп келе жатқан жандар.
      Ағиба Есімқызы мен Рамазанов Әмір мемлекеттің қайта гүлденуіне, жас ұрпақ тәрбиесіне өзінің үлесін қоса білді. Екеуінің ел үшін жасаған игілікті істері еленіп, «Тыл ардагері» орденімен және «Жеңістің 30, 35, 40 жылдық» тағы басқа көптеген мерейтойларға арналған медальдармен, «Ұлы жеңістің 75 жылдығына» Путин орденімен марапатталған. Бүгінде, анамыз маңдайына жазған қиыншылығын мойымай көтеріп 97 жасқа жетіп дүниеден өткен. Соғыстың көзін көрген, ұлағатты ұстаз, адал еңбек иелерінің аты ешқашан ұмытылмайды және ешқашан ұмыт болмайды.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...