Иманалиева Гүлзипа

Рейтинг:

Тістің емін, істің ебін тапқан Гүлзипа

      Денсаулық – адамның басты құндылығы, ал сау тістер – бүкіл ағзаның сапасының көрсеткіші. Бірақ біздер көбіне тістің қадірін ауырғанда біліп, зыр қағып жүгіреміз. Тісіміз бүлініп, жартысынан көбі түсіп, тамақты шайнаудан қалғаннан кейін амалсыз тіс дәрігеріне барамыз. Оған дейін жағымызды сыртынан бір сипап қойып, ауырса да шыдап жүре береміз. Бұл біздің қазаққа тән қанға сіңген қасиетіміз. Қандай ауру болмасын жанымызға батып тұрса да, дәрігерге ажал аузында тұрғанда бару ежелгі әдетіміз. «Тәні саудың - жаны сау» демей ме қазақ атамыз. Түймедей ғана тісіңнен кінәрат шығып қақсаса, бұрау салғандай сай-сүйегіңді сырқыратып, зар қаққызатыны белгілі. Осындайда еріксіз ақ халатты абзал жандардан ауырған жаныңызға араша сұрауға тура келеді. Ал бұндай жауапкершілігі мол жұмысты арқалау әркімнің қолынан келе бермесі хақ. Осы орайда, білікті стоматолог дәрігер Гүлзипа Шабазқызының еңбек жолымен таныспақпыз.
      Кейіпкеріміздің тіс дәрігерлік қызметін арқалап келе жатқанына биыл 33 жыл. Жастық шағының алтын уақытын көңілі қалаған саласына шындап арнады. 1966 жылдың мамыр айында дүние есігін Атырау өңірінде ашқан Гүлзипа Шабазқызының балалық шағы Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында өтеді. Жоғарғы сыныптарды Форт-Шевченко қаласында оқыған. Адалдыққа үндеп, еңбекке баулыған ата-ана тәрбиесін көрген бала орта мектепті бітіргеннен кейін, 1983-1988 жылдар аралығында Алматы мемлекеттік медицина институтының стоматология факультетіне түсіп, студент атанады. Сондай-ақ, білім алып, біліктілігін одан сайын шыңдаудан жалықпаған жас маман, ҚР ДСМ еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар Ұлттық орталығында кәсіптік патология мамандығы бойынша және Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру медициналық институтында стоматология мамандығы бойынша білімін жетілдіріп сертификатқа ие болады. Сонымен бірге, тіс емдеу саласы бойынша білімін дамыту мақсатында Алматы мемлекеттік дәрігерлер Медициналық институтында заманауи пародонтология бойынша тағы бір мәрте білімін жетілдіреді. Гүлзипа ханым алғашқы қызметін Облыстық ауруханада Жалпы ауруханалық персоналдың стоматолог-дәрігері болып бастап, кейін 1992-1999 жылдары Ақтау қаласының орталық қалалық ауруханасының қабылдау бөлімінің стоматолог-дәрігері, Орал облысы, Фурманово ауылы, Фурманов орталық аудандық ауруханасында тіс дәрігері, Ақтау қалалық стоматологиялық емханасында тіс дәрігері қызметін абыроймен атқарып келген өз маманының шебері. 20 жыл «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының мұнайшылар емханасында хирург-стоматолог әрі терапевт-стоматолог болып жұмыс жасайды. Өндіріс саласында жүрген мұнайшылардың қатерлі ісікке шалдыққан ауыз қуысындағы ауруларын, мысалы: тіл қатерлі ісігі, ерін қатерлі ісігі, таңдай қатерлі ісігі т.б. кеңес беріп қарап, жыл сайын профилактикалық тексеруден өткенде барлығының алдын алып қарайды. Талай мұнайшылардың тістерін емдеуде кәсіби стоматологиялық көмек көрсетіп келеді. Жоғары санаттағы стоматолог-дәрігер, терапиялық, хирургиялық стоматология бойынша мамандандырылған сертификаттары да бар, жыл сайынғы Стоматологтардың Халықаралық конгресіне қатысып, жан-жақты тәжірибе жинақтайды. 
      Жалпы жұмыс барысында Гүлзипа Шабазқызын емдеуден бұрын оның алдын алу мәселесі қатты толғандырады екен. «Тісің барда тас шайна» деп тістің бүтіндігін бойға біткен қайрат деп те қарайды дана халқымыз. Дегенмен, ет тағамдарын тұтынатын халықтарда тіс аурулары екінің бірінде кездеседі. Әуелі, жас балалардан бөлек орда бұзар отызда, қылыштай қиып түсер қырықта, тістен айрылып жүргендер де аз емес. Сондай тіс ауруының азабын арқалап жүргендерді қолының ептілігімен емін таба білген Гүлзипа ханымға халқы дән риза. Гүлзипаның жұмысына бара қалсаң қашанда иық тірескен кезекке тұрғандардың санынан жағыңыз жаңылысады. Бұл дегеніміз аса білгір маман, қолы жеңіл, нақты дәрігер Гүлзипа анамыздың қызметіне аса жауапкершілікпен қарайтындығынан болар. Әлбетте, бұның бәрі адамға оңай келмейді. Жұмысқа деген адалдық, тынымсыз еңбек пен тыңғылықты қасиет кейіпкерімізді бүгінгі күнге жеткізіп отыр. 1986 жылдың желтоқсан оқиғасының қатысушысы да болған қайсар қыз Гүлзипа ұжымда да, студенттік өмірде де барлығының басын қосушы, өз ортасының мерекесі де, берекесі де, достыққа адал жан.
      Тіс емдеудің техникасын жақсы меңгере білген Гүлзипа Шабазқызының өз саласына байланысты жарық көрген еңбектері де жетерлік. Атап айтсақ, «Герпес инфекциясы – адамзаттың қазіргі заманғы мәселесі», «Галитоз - медициналық және әлеуметтік мәселе» атты тақырыпта «Медицина» халықаралық кәсіби журналында бірнеше рет мақалалар мен материалдары жарық көрген. «Пародонтоз» тақырыбында мақаласы «Стоматология» халықаралық журналында жарияланған. 2011 жылы «Қанжел және ауыз қуысының шырышты қабықтары аурулары» жөнінде біліктілігін арттырғаны туралы куәлік, 2013 жылы Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында «Қазіргі заманға сай пародонтология және стоматология» мамандығы бойынша куәлік, 2010 жылы Стоматология «Терапиялық стоматологиядағы қазіргі заманға сай технологиялар» мамандығы бойынша куәлік, 2019 жылы Стоматология (ересектер, балалар жасындағы) мамандығы бойынша «Амбулаториялық жағдайда стоматологиялық ауруларды диагностикалау және емдеудің хирургиялық әдістері» циклы бойынша куәлік, 2017 жылы Стоматология (ересектер, балалар жасындағы) «Терапиялық стоматологиядағы заманауи технологиялар» циклы бойынша куәлік, 2017 жылы «Нұр Әлем» медициналық білім беру орталығынан «Симуляциондық технология бойынша тәжірибелік дағдыларды жетілдіру» циклы бойынша куәлік, 2017 жылы «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетінде «Кәсіби патологияның өзекті мәселелері» циклы бойынша куәлік, 2019 жылы «Халықаралық инновациялық Коммуникативтік дағдыларды құру» циклы бойынша, 2019 жылы «Халықаралық өрлеу академиясы»-нан «Күрделі жағдайлар кезіндегі жедел және шұғыл медициналық көмек (BLS, PALS, PHTLS). Ауруханаға дейінгі триаж жүйесі» циклы бойынша куәлік, 2019 жылы ЖШС «Халықаралық инновациялық ғылыми оқыту орталығы» «Емдеу және алдын-алу мекемелеріндегі медициналық қалдықтармен жұмыс істеу ережелері» циклы бойынша куәлік, «Стоматология (ересектердің) мамандығы бойынша куәлік, 2018 жылы «Кәсіби патология» мамандығы бойынша куәлік, 2020 жылы ЖШС «Халықаралық өрлеу академиясы» - нан «Хирургиялық стоматологиядағы инновациялық технологиялар» циклы бойынша куәліктерін алып, кәсіби біліктілігін арттырып, өзінің мамандығы бойынша жинақтаған теориялық білім тәжірибе жүзінде қолданды.
      Сонымен қатар, 2014 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» Акционерлік қоғамынан «Құрмет грамота», 2018, 2021 жылдары «Mediterra» Медициналық орталықтан арнайы «Алғыс хат», 2019 жылы «Стоматологиядағы заманауи цифрлық технологиялар» атты Стоматологтардың халықаралық конгресіне қатысқаны үшін Сертификат иеленді.      Қазақта сөз бар ғой «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» - деген, міне, шипалы қол, ақ халатты абзал жанның ішкі әлемі осындай. Оны халқы жақсы біледі, кәсіби шеберлігін бағалап, 2018 жылы ҚР халқының денсаулығын сақтау ісіне сіңірген айрықша еңбегі үшін «Стоматологиялық қызметтің үздігі» төсбелгісінің иегері атанды.
      Жолдасы – Сұлтанов Сержан Ибатұлы «Энергопроект-Холдинг» компаниясында инженер, үлкен қызы Айкерім – Қытай Халық Республикасы Шанхай «Қаржы және экономика» университетінің «Халықаралық экономика» факультетін «Болашақ» бағдарламасы бойынша бітірді, кіші қызы Рабиға – Чехия Республикасы, Прага «Солтүстік Вирджиния» университетінің «Бизнес және экономика» факультетін бітірді. Ал, ұлы Абай – Нұр-Сұлтан қаласы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің «Ақпараттық технологиялар» факультетінің «Автоматтандыру және басқару» мамандығын алып шықты.
      Маржандай тістің саулығы үшін ықыласпен тер төгіп жүрген Гүлзипа Шабазқызының өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі. Қандай кәсіпті болмасын шын сүйген адам қиындығын еңсеріп, тәуекелді талабынан таяныш табады. Жастайынан стоматолог мамандығын меңгеріп, бүгінде қазақ жұртшылығына танымал болып үлгерген Иманалиева Гүлзипа Шабазқызының жетістігі осыған дәлел. Ендеше көрікті, табысты, сұлу жердің адамдарының да денсаулықтары мықты, тістері көркем болып, сіздің кәсіби шеберлігіңізден нәр алып сусындай берсін, ақ адал еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз дегіміз келеді.  
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...