Теңізбаев Асылбек

Рейтинг:

Алтын қолды Асылбек!

      «Ас – адамның арқауы» дейтін болсақ, сол ауызға түскен астың қандайын болсын өңдеп, баптайтын тіс. Осыдан-ақ, адам өмірінде тістің маңызын білеміз. Мәселен, дұрыс шайналмай немесе шала шайналған тағам асқазанның қызметін бұзып қана қоймай, өзге де ағзаларға зиян келтіреді. Тістің саулығы мен әдемілігі адамның көркін ашып, күлкісін жарқын етеді. Сол үшін де сөз сөйлеуге ерекше әсер ететін тістің күтімін ерте бастан жасап, ауыз қуысының тазалығын сақтау көптеген аурулардың алдын алады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді халқымыз. Алайда, осы мақалға аса ден қоймайтынымыз өкінішті. Бір басталса, жаныңды шырқыратып жіберетін тіс ауруы екеніне ешкімнің дауы тумас. Осындай қысылтаяң сәтте жалғыз арқа сүйейтініміз – тіс дәрігерлері мен тіс технигі. 
      Стоматология – тарихы тереңде жатқан медицинаның маңызды бір саласы. Осы орайда, тұрғындарға әдемі күлкі сыйлап жүрген Теңізбаев Асылбек Серікұлы бүгінде өз жұмысын жақсы дәрежеде орындап жүр. Жүрегінде сабырлылық пен парасаттылық, мейірімділік пен қайраттылық, қайсарлық тұнған дәрігер туралы тереңірек таратып өтсек.
      Асылбек Серікұлы 1990 жылы өнер мен жырдың мекені Қызылорда қаласында дүниеге келді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» - дегендей, кейіпкеріміздің өніп-өскен ортасы да ел құрметіне бөленген отбасы. Аласармас асқар тау әкесі – Теңізбаев Серік елге қызмет еткен абыройлы азамат.       
      Қазақтың қай өңірін алып қарасаңыз да, артына өнеге мен тәлім тәрбие қалдырған ұлы тұлғаларға толы емес пе?!... Асылбек те тектілердің табаны тиген топырақта бақытты балалық шағын өткізді. Өмірге қанат қақтырып, болашақтың жарқын шұғыласы саналған білім ордасының табалдырығын 1996 жылы Байқоңыр қаласында №6 М.Әуезов атындағы орта мектебінде аттаған бүлдіршін, сыныптағы алдыңғы қатарлы оқушылардың бірі болды. Алғыр, зеректігі басым, зейінділігі мол оқушы қай мұғалімнің де мақтанышы емес пе, мектеп қабырғасында жүріп, мектеп бағдарламасымен қатар, сыныптың қоғамдық өміріне белсене араласқан Асылбек ұстазының сенім артар алдыңғы қатарлы оқушысына айналды. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын жауапкершілігі басым, қолы тиген істі жандандырып жіберетін қандай іске де қабілетті оқушы осылайша білім тереңіне бет алған кемеде келе жатты. 
      Шабамын деген тұлпарға дарқан даланың төсі кең емес пе, мектепті алдыңғы қатарлы оқушылардың сапында аяқтаған жас түлек 2007 жылы жылы талай білікті дәрігерлерді даярлап шығарған Қызылорда Медициналық колледжіне стоматология (дантист) мамандығына оқуға түсті. Жас талғамайтын қабілет, алға сүйрейтін алғырлығының арқасында білім ордасында жүрген Асылбектің бойында бұғып жатқан білікті дәрігер болсам деген қабілетінің көзін одан да аша түсіп, өз саласының үздігі атану үшін уақытпен санаспай оқыды, білім алды, көп уақытын кітапханада өткізді. Дәрігерлік, медицина саласының қызметкері болу – тек қана үлкен жауапкершілікті ғана емес, ұқыптылықты, сабырлылықты, мейірімділік пен терең білім, біліктілікті талап етеді. Колледжде ең белсенді студенттің бірі атанып, түрлі іс-шараларға қатысып, «Жас Отан» партиясының мүшесі атанады. Сонымен бірге, білімге құштар азамат 2010 жылы Алматы қаласында бітіруші топтар арасындағы Халықаралық «Ең үздік тіс технигі» атты жарысқа қатысып, көптеген жүлдеге ие болады. Гиппократтың қаймағы бұзылмаған осы талабынан шығу үшін, өзін аямай қамшылай білген, білім ордасының қоғамдық өміріне еркін араласа білген студент 2010 жылы мамандығын жоғары дәрежеде оқып бітіріп алғашқы еңбек жолы Қызылорда қаласында «Ару-Дент» стоматологиясында тіс технигі болып жұмысқа орналасудан басталды.
      Әлем бойынша қоғам алдында маңыздылығын жоймайтын екі мамандық бар. Бірі – мұғалім, екіншісі – дәрігер. Әсіресе, алтыннан қымбат адамның өмірін сақтауда білікті дәрігерлердің қызметі ауадай қажет. Соңғы жылдары әлем халқы дәрігерлердің қадірін бұрынғыдан да бетер біле түсті десек болады. Себебі, пандемия жағдайында өз ісіне берілген ақ халаттылардың көмегіне көпшілік зәру болды. Бүгінгі таңда дертіне шипа іздегендерге қол ұшын созып жүрген, антына адал дәрігердің бірі бола білген Асылбек Серікұлы мамандығының қаншалықты халыққа аса қажеттігін білетін, қазіргі таңда білікті дәрігер, ұжымына сыйлы әріптес. Үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін бұл салаға ол өз қалауымен келген. «Дәрігер боламын, адамдарды емдеймін» деп Гиппократ антын қабылдаған азамат осы кезге дейін мамандығы бойынша ізденіс жолынан таймай келеді.
      Осы «Ару-Дент» стоматологиясында тіс технигі болып еңбек етіп, тәжірибе жинай жүріп, ем іздеушілердің сенімін ақтауға арнады. Еңбек ете жүріп, өзінің біліктілігін арттыра білген Асылбек Серікұлы 2012-2014 жылдары Қызылорда Медицина колледжінде стоматология арнайы пәндерінен оқытушы болып қызмет атқарып жүріп, «Әсем-тіс» стоматологияларында тіс технигі қызметін де қатар алып, жасап жүреді.
      Қазіргі таңда, 2015 жылдан бастап Қызылорда Болашақ медицина колледжінде стоматология арнайы пәндер оқытушысы болып қызмет жасап келеді. Осы жылдар аралығында көптеген студенттерді дайындап, түрлі жарыстарға қатыстырып, жүлделі орындарды алып жүр. Тіс емдеу саласында тіс технигі болып қызмет атқарған Асылбек азаматымыз, тіс технигі мамандығын қалдырмай, қазіргі уақытта жеке «Асылбек и К» тіс техникалық зертханасын ашқан. 
      Бүгінде зертханада 9 тіс технигі жұмыс жасайды. Барлығы ұстаз Асылбектің өзінің шәкірттері. Бұл зертханада түрлі тіс протездері мен жасанды тіс сауыттары дайындалады. Жалпы, тіс дәрігері болу үшін көп оқып, білім алу қажет. Бұл саланы меңгерудің өз қиындықтары бар. Дәрігердің қайсысы болмасын адам өміріне жауапты. Сол үшін де Асылбек Серікұлы адамдардың денсаулығын сақтауда ерінбей еңбек етіп келеді. 
      Отбасында жұбайы Ақмарал, балалары: Ахмедияр, Даниял, Данэлия тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Асылбек ағамыздың жұбайы мейірбике болса, анасы – Бухарбаева Гүлнабира 35 жыл білім саласында қызмет етіп келе жатқан ұлағатты ұстаз. Қарындасы – Альхожаева Сандуғаш тұрмыс құрған, анасының жолын қуып, мектепте мұғалімдік қызметті абыроймен атқаруда. 
      География пәнінің білікті маманы. 
      Тіс – ас қабылдауға көмекші, тіс – күлкінің көркі, тіс – саулықтың белгісі. Тістің адам өміріндегі рөлі қай заманда болмасын маңызды болғаны баршаға аян. Егер бағзы заманда ауырған тісті жұлудан басқа амал болмаса, бүгінде оны емдеп қана қоймай, түзету арқылы оған сән де беруге болады. Мұнымен шектелмей, егер сіздің кей тістеріңіз туған кезіңізден жоқ болатын болса да қорқынышты емес, жаңа тіс салуға болады. Осындай мүмкіндіктерге қарамастан тіс технигінің жұмысы азаяр емес. Өйткені, бүгінде тіске қойылатын талап күшейіп кетті. Тістің сау тұруынан бастап, оның түп-түзу, әрі көркем болуына дейін аса қатты зейін салып, емдеп жүрген Теңізбаев Асылбектің еңбегі зор. Аурудың жасқа да, кәріге де қарамастан, ұрымтал жерден соға беретіні ақиқат. Сондықтан ине мен пышақты өмірлеріне серік еткен ақ халатты, алтын қолды дәрігерлер қауымына бесіктегі баладан еңкейген қартқа дейінгі адамдардың айтар алғысы шексіз екендігіне күмәніміз жоқ.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...