Дәрігерлер әулеті
Дәрігер – үлкен жауапкершілікті қажет ететін мамандық. Оны кез келген адам жақсы біледі. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін салада абыройлы еңбек етіп, науқастардың алғысына бөлену көптің қолынан келе бермейді. Мұнда адам тағдыры тұрғандықтан ешқашан қателесуге болмайды. Бұл ретте дәрігерлер өзінің білімін үздіксіз жетілдіріп, үнемі ізденіс үстінде өз саласын жан-жақты толық меңгеруі тиіс. Сондықтан адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандыққа кездейсоқ кісі келмейді. Әңгімеміз дәрігерлік мамандықтың қыры мен сырын терең меңгерген және оны өз ұрпақтарының бойында қалыптастыра білген азамат Ханзулла Сәдуақасұлы хақында өрбімек.
Каметов Ханзулла Садуақасұлы 1950 жылы 15 қаңтарда Аққұм ауылында дүниеге келген. Арманшыл жас 1973 жылы Алматы Медициналық Институтына оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтап шығады. Дипломын қолына алған жас маман Аққыр ауылдық ауруханасында дәрігер болып келеді. 1974-2000 жылдар аралығында Аққыр ауылдық ауруханасының бас дәрігері қызметін абыроймен атқарды. Аққыр ауылдық ауруханасы Қызылқұм, Қарақұм мал жайылымдарында еңбек ететін Аққыр совхозы тұрғындарына медициналық көмек көрсетті. Сол уақыттары сапалы көрсетілген медициналық қызметі жоғары бағаланып, ауылдық аурухана бірнеше рет облыстық және аудандық емдеу мекемелерінің арасында І орынды иеленді. Бірнеше рет ауылдық кеңестің және аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Қазақстан Республикасы дәрігерлері мен провизорларының І съезінің делегаты болды. 2000-2005 жылдар аралығында аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болса, 2005-2014 жылдары ОДСБ-ның Жалағаш ауданы бойынша өкілі, аудандық емхананың бас дәрігері қызметін қоса атқарды. 2000-2005 жылдары аудандық әкімшілік мүшесі, 2016-2019 жылдар аралығында Жалағаш аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы, облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі болды. 2015 жылдан аудандық денсаулық сақтау бастауыш ұйымының төрағасы, сонымен қатар, аудандық қоғамдық кеңесінің төралқа мүшесі қызметін атқарып келеді.
![]()
Отбасында жұбайы Қарлығаш та медицина саласының ардагері. Халқымызда: «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген даналық сөз бар емес пе?! Жастайынан ата-анасының халық денсаулығына қарап, науқастарға ем жасағандарын көріп өскен өскелең ұрпағы да солардай болғысы келді. Үлкен ұлы Рүстем ультрадыбыстық зерттеу дәрігері болса, оның жары Нұргүлмұғалім, Ғалымжан дәрігер-рентгенолог, ал жұбайы Әсел балалар дәрігері. Қызы Ақнұр дәрігер-кардиолог, оның жолдасы Мұрат аудандық су шаруашылығының басшысы. Райхан қызы да дәрігер-эпидемиолог, жолдасы Ернар жеке кәсіпкер. Ұлы Ернар дәрігер-уролог, жары Айгерім де балалар дәрігері.
2019 жылы Ханзулла Садуақасұлының бастамасымен отбасылық жеке шаруа серіктестігін құрып, «Каметов Клиникасы» ашылып, қазіргі таңда облыс, аудан тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетіп келеді.
- «Біздің отбасымыз дәрігерлер династиясы деуге негіз бар. Қарапайым қазақ отбасында тәрбиеленіп, өскендіктен ата-анамыздың ақыл-кеңесін алып есейдік. Пенде болған соң ауырмайтын адам болмайды. Ата-анамыз басы ауырып, балтыры сыздағанда үнемі осы балаларымыз дәрігер болса шіркін деп айтатын. Бала болсақ та сол айтқандары санамызда жаңғырып қалғаны бар әрі жүрек таңдауы да осы салаға алып келді. Шүкір, Алла қосқан қосағым да, біздерді көріп есейген балаларымыз да осы медицина саласында оқып, білім алып, абыройлы қызмет етіп келеді. Тіпті келіндерім де ақ халатты абзал жандар. Ата-ана ретінде өзіміздің дара жолымызды ұрпақтарымызға дарыта алғанымызға разымын. Бұл да бір қамқор ата-ананың ұрпағына деген сүйіспеншілігінің белгісі деп білеміз. Отбасының үлкені ақылшысы ретінде балаларыма ылғи да адал жолмен еңбек етуді, өз ісіне жауапкершілікпен қарауды, бақыт байлықпен емес адамдардың бір-біріне деген мейірімімен өлшенетіндігін үйретіп келемін. Қазіргі таңға дейін балаларымыз үшін парасаттылық пен даналықтың, мейірімділік пен қамқорлықтың, имандылық пен адалдықтың озық үлгісін көрсетіп келеміз. Бір саланың ыстығы мен суығына төзім, қызмет етіп жүргендіктен, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп отырамыз. Басқаларға пайдалы болудың өзі бір ғанибет қой. Елдің денсаулығы мықты болса, әлемді жайлаған індеттен аман-есен шықсақ деген ниетіміз бар», - дейді кейіпкеріміз.
Жеткен жетістіктері ауыл тұрғындары арасында денсаулықты күшейту барысында микроучаскелерді ұйымдастырып, жұмыс жасау, яғни, әр 10 үйге медициналық қызметкер бекітіліп, сол тұрғындарының денсаулығын қадағалау, жеке бас гигиенасы, бала күтімі секілді істерді абыроймен алып шыққан Ханзулла Садуақасұлы 1988 жылы сол кездегі обкомның І хатшысы Е.Әуелбековке Аққыр ауылы тұрғындары арасында жұқпалы ішек ауруларын болдырмау үшін таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін қойып, Е.Әуелбековтің тікелей көмегімен, Аққыр ауылының орталығына 5 шақырымдық жаңа су құбыры жүйесін жүргізуге қол жеткізген еді. Нәтижесінде, осы күнге дейін жұқпалы ішек індеті тіркелмеді. 1991 жылы Аққыр ауылы территориясынан Байқоңыр қаласына тартылған тәулігіне 150 мың куб жер асты суын айдайтын «Дальный» су құбырын тоқтатуға жұмыс жасаған Қызылқұмды құтқару комитетін қоғамдық негізде жетекшілік етіп, жер асты су қоры қорғалып қалған болатын. Аудан тұрғындары денсаулығын жақсартуға Мемлекеттік бағдарламаларды басшылыққа алып, тиянақты жұмыс жасалынды. Бұрын жабылып қалған Ақарық ауылдық ауруханасы, 2002 жылы Аққұм ауылдық ауруханасы, 2003 жылы Мәдениет ауруханасы 10 төсекке ұлғайтылып, 2004 жылы Қаракеткен, 2005 жылы Аққыр ауылдық ауруханасы іске қосылды. Ғимаратсыз қалған Мырзабай ахун, Ақарық, Ақсу Мақпалкөл, Жаңаталап ауылдарындағы шаруашылық ғимараттары жергілікті тұрғындарының келісімдерімен теңгерімге алынып, емдеу мекемелері ашылды. Мырзабай ахун, Шәменов, Ақсу ауылдарының келешек дамуы облыстық басқармалар алдында дәлелденіп, медициналық пункттер орнына дәрігерлік амбулаториялар ашылды. Денсаулық сақтау министрлігі және облыстық басқармалар мен аудан орталығына, ауысымына 250 көрінушіге есептелген аудандық емхана, 20 төсектік жұқпалы аурухана, 9 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 4 медициналық пунктер ұсынылып, қорғалып, пайдалануға берілді. 2002 жылы денсаулық жылы аясында үнемделген жергілікті бюджет есебінен 20 мектепте медициналық пункттер ашылды. Барлық емдеу мекемелерінің ғимараттары 2013 жылға дейін орталықтандырылған жылу жүйесімен жылытуға қол жеткізілді. Емдеу, алдын алу мекемелері ғимараттары санитарлық талаптарға сай жөнделіп, жылыту арқасында қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толықтырылып, ерте диагностикалауға мүмкіндік жасалды. Аудандық емхана 2007 жылы тікелей басшылығымен облыстық емдеу ұйымдарының арасында медициналық қызметті ұйымдастыру, сапалы қызметі үшін І орынды жеңіп алды. 2011 жылы аудандық емхана республикадағы үздік 50 мекемелері
![]()
қатарында «Бүгін үздік сен, ертең бәрі» жобасына қатысып, үздік аталынды.
Өз саласының білгірі, мықты көшбасшы Каметов Ханзуллаға 2009 жылы ҚРДСМ аттестациялық комиссия шешімімен Жоғарғы санатты Денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы, Әлеуметтік гигиенист квалификациясы берілді. 1986 жылы «Құрмет белгісі» орденін омырауына тақты. Сонымен бірге, «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі де омырауында жарқырайды. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хатын» иеленді. «Қазақстан Даңқы» ордені, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» төсбелгісі, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» төсбелгісі, «Қызылорда облысына 70 жыл» төсбелгісі, «Астанаға 20 жыл» төсбелгісі, ҚР ДСМ «Еңбек ардагері» төсбелгісі, 2019 жылы Қызылорда облысының билер кеңесінің мүшесі төсбелгісі иегері. 2019 жылы Жалағаш ауданының 80 жылдығына орай «Жалағаш ауданының Құрметті Азаматы» атағы берілді.
Адам үнемі ізденісте, жан-жақты даму үстінде жүргенде ғана бірнәрсені толық меңгеруге ұмтылыс жасайды. «Болдым, толдым» деу жарты жолда қалып қоюмен тең. Дәрігер болып қыз-мет атқару расымен де жүректілікті, шыдамдылықты, тәуекелділікті, табандылықты талап ететін аса жауапты мамандық. Ал осындай қиындығы мен қызығы мол мамандықты ұрпақтар сабақтастығы етіп жалғап, әулетімен жауапкершілік міндетін арқалау абыройлы іс. Ұрпағына үлгі болған ардақты ардагердің өнегелі өмірі сарқылмас қазына. Бейбіт күннің бақытты сәтінде балаларын абыройлы тұлға, білікті дәрігер дәрежесіне жеткізіп отырған азаматтың көңіл шуағы шартарапқа шұғыласын шашып келеді. Алла берген абыройыңыз асқақтап, бедел биігінен көріне беріңіз!