Жүсіпова Айнагүл

Рейтинг:

   Құрмет тұтар тұлға

  Перзентінің болашағынан үлкен үміт күткен әр ата-ана баласына білім беріп, оқытып, өзі таңдаған бір саланың білікті маманы болып шығуы үшін әрекет еткен. Өмірде өз жолыңды таңдап, азамат болып қалыптасуың үшін өзіңе ғана емес өзгелерге де, еліңе де пайдаң тиетін саланы таңдап, қызмет етуің керек. Абырой биігіне де көтеретін осы, құлшына, адалдықпен атқарған еңбегің. «Әр істің шала білгірі болғанша, бір істің дана білгірі бол» деген сөз бар қазақ даналығында, қай саланы таңдасаң да халыққа қызмет бірінші орында тұруы керек. Үлкендеріміздің жауапкершілігі мол жұмыс атқаруға шақыратыны да, адами асыл қасиеттерден айнымасын дегені еді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де, экономика саласында өзінің ізін қалдырып, сала саңлағы атанған қызметте де, өмірде де өзіне ғана тән өнегелі өмір үлгісін көрсеткен Жүсіпова Айнагүл Әбдіхалыққызы.
      Біреуге асыл жар, біреуге ақ жаулықта ана, біреуге әпке, енді біреуге жанашыр қарындас, адал дос бола білген Айнагүл Әбдіхалыққызы 1978 жылдың 9 қаңтарында Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы қаласында дүниеге келді. Тарих тасын төңкеріп қарасақ баһадүрлер мен дүлділдердің меншікті мекеніне айналған қасиетті топырақ, қазаны ортаймайтын қазыналы Қазалы өлкесінде бақытты балалығын өткізген Айнагүл шаңырағына бақыт құсы қонған әулетте бой жетті. Көкпен тілдескен Алатаудай асқар тау әкесі – Жүсіпов Әбдіхалық «ПМК-86» мекемесінің автобазасында жүргізуші болып абыройлы қызмет атқарса, анасы – Тойбазарова Ұлмекен үй шаруашылығында, 6 перзентті дүниеге әкеліп, «Күміс Алқа» иегері атанған көпбалалы ана. Ағалары Асан мен Үсен, сіңлісі Гүлім мен інілері Хасен, Сәкен бауырларымен ауызбіршілігі жарасып, ортасында ерке әрі зерек болып өскен бала Айнагүл әкенің тәліміне, ананың мейірімділігі мен қамқорлық құшағына бөленіп өсті. Ол есейе келе үлгілі оқушылардың біріне айналды. 
      Жарқын болашақтың нұрына шомылдыратын білім ордасының табалдырығын Қазалы қаласындағы Қалжан Нұрмаханов атындағы №95 қазақ орта мектебінің табалдырығын бүлдіршін болып аттаған Айнагүл білім ордасымен біте қайнасып кетті. Мектеп бағдарламасын еркін меңгеріп, қосымша сабақтарда да қабілетімен көзге түсе білген дарынды жас, алғырлығымен, пайымдылығымен, зейінді-зерделілігімен ұстазының мақтанышына айналды. Бастаған ісін соңына дейін жеткізбей тынбайтын тиянақтылығы мен қай іске де зейін қоя кірісетін жауапкершілігі, сынып ішінде, мектепішілік өткізілген пән сайыстары мен мерекелік іс-шараларға белсене қатысуы Айнагүлді сыныптағы үздік оқушылардың бірі етті. Қар астынан қауыз жарған жауқазындай, жалыны басым болған оқушы өмір тұсауын кескен мектепті 1994 жылы үздіктердің қатарында бітірді.
      Шабамын деген тұлпарға кең даланың төсі дайын, бала кезгі арманын біліммен, талапкерлікпен және қабілетпен ұштастыра білген Айнагүл мектептен түлеп ұшқан соң, 1995 жылы Қызылорда қаласындағы Тәуелсіз «Сейхун» институтына түсіп, 1999 жылы «Қаржы және несие» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп, экономист біліктілігін алды. Экономика саласына да білікті маман, ойы ұшқыр қаржыгерлер керек. Жоғарғы оқу орнында жүріп те, білім ордасының ішімен тонның ішкі бауындай етене араласып кеткен студент Айнагүл ол жерде де өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, өз ортасында бедел биігіне көтеріле білді. 
      Өзі таңдаған мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, білікті маман болып шығу әр жастың, талапкердің, өмір әлеміне енді қанат қаққан жас қырандардың асыл арманы емес пе?! Қиындықтан қорықпайтын, көлденең кездескен кедергілерде сабырлылық таныта отырып жеңіп шығатын қайсар жас өзінің алғашқы еңбек жолын 2000 жылы туған жердің төсінде, яғни, Қазалы аудандық орталық ауруханасында есеп бөлімінің көмекші-маманы қызметінен баста-ды. Беріле істеген еңбек берекелі болады, жас болса да уақытпен санаспай еңбек етіп, өзіне сеніп тапсырылған тапсырманы уақытылы орындай білді. Білмеймін демеді, оқығаны мен көңілге түйгенін сарапқа салып, күрделі тапсырмалардың шешімін таба білді. Ерте гүлдеген алма ағашы көзге мен мұндалап тұрады емес пе, жас маманның қабілеті мен қарымын, өз ісіне деген сүйіспеншілігін байқаған басшылықтың қолдауымен, жас та болса өз біліктілігін көрсете білген Айнагүл 2006 жылы өз мамандығына сәйкес экономист лауазымына ауыстырылды.
      Екінің бірі, білікті экономист бола бермейді. Есеп саласында жүрген соң, бұл мамандық – қылдан да нәзік, жауапкершілігі тастан да ауыр, маманға қоятын талабының жоғарылығымен ерекше. Түзге түскен жолаушы сүрлеу талғай ма, таңдаған саласының дұрыс екеніне көзі толық жеткен Айнагүл Әбдіхалыққызы өз мамандығын одан әрі сүйіспеншілікпен, құштарлықпен атқара білді. 2010 жылы Қазалы ауданындағы барлық стационарлық көмек көрсету мекемелері біріктіріліп, аудандық аурухана құрамына берілді де, сол тұста мол тәжірибе жинақтаған кейіпкеріміз бас экономист лауазымына тағайындалды. Шыңға ұмтылған қыран қарлы боранды кедергі көрген бе, өз ісін өте жақсы білген Айнагүл Әбдіхалыққызы талапшылдығы, парасаттылығы, дұрыс шешім қабылдай білетін қабілеттілігінің арқасында қызметте одан әрі сатылай өсе түсті. 
      2014 жылы Қазалы аудандық емханасы аудандық аурухана құрамына берілгендіктен экономикалық-жоспарлау бөлімі құрылып, бөлім басшысы қызметіне тағайындалған Айнагүл Әбдіхалықызы 2020 жылдың мамыр айынан бастап Қазалы ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің экономикалық сұрақтары жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалып, бүгінгі таңда абыройлы қызмет етіп келеді. 
      Көптің алғысына ие болған кейіпкеріміз сала бойынша білікті маман, өзіне сеніп тапсырылған лауазым бойынша талапшыл басшы болумен қатар, әрдайым адами асыл қасиеттерді алдыңғы орынға қояды. Еңбек ету бір басқа болғанымен, тіршілік диірменін тартып келе жатқан әр қызметкермен қарым-қатынасын үзген емес. Үлкенге құрметі бөлек, кішіге ізеті ерекше 
      Айнагүл Әбдіхалыққызы ұжым ортасында құрметке лайықты тұлғалардың бірі. Қазалы ауданаралық ауруханасында 2000 жылдан бастап бір жерде 21 жыл бойы үзіліссіз қызмет атқарып келе жатқан ол ұжымда қоғамдық жұмыстар мен мәдени іс-шараларға белсене араласып, аурухана атынан жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иемденді. Медицина саласының қаржы-экономикалық саясатын жоғары деңгейде жүргізіп, өз ісінің маманы атанған бірден-бір тұлға. Біліктілігі мен білімділігінің, іскерлігінің, ұйымдастыру қабілетінің жоғарылығымен ерекше көзге түсіп, ұжым ортасында да, қоғамда да сыйлы, құрметке ие жан. Аурухана басшылығы, аудан әкімдігі, кәсіподақ ұйымы мен Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының алғыс хаттары және құрмет грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталған. «Мейірімді жүрек» төсбелгі иесі атанған.
      Жұмыр жүрегінде дүрсілі соғып тұрған әр пенденің қызметінен бөлек қолы бос уақытта аңсары ауып тұратын сүйікті ісі немесе хоббиі болатыны секілді, Жүсіпова Айнагүлдің де көңілі қалаған істері бар. Бала күнінен музыкаға құмар болып өскен экономист ән айтқанды жақсы көреді. Қазақтың киелі аспабы қара домбыраны шерткенде саусақтары терменің мақамына ауып, гитараны қолына алғанда бүкіл әлем сырлы да, сазды әуенге ауысқандай болады. Міне, бұл Айнагүл Әбдіхалыққызының өзгелер біле бермейтін, тыңдаған жандар қол соғып, құрмет көрсететін бір өнері болатын. 
      Айнагүл Әбдіхалыққызы қызметте білікті басшы ғана емес, әулеттің әрін кіргізіп отырған ақ жаулықты әйел, асыл жар, асыл жүректі, ақық ниетті перзенттер тәрбиелеп отырған мейірімі күн нұрынан да жылы Ана. Арқа сүйер азаматы Үмбетов Ералы автокран жүргізушісі болып еңбек етеді. Азаматы екеуі 3 бала тәрбиелеп өсіріп, оларды мейірім, қамқорлық, жомарттық, имандылық, адалдық пен адами асыл қасиеттердің нұрын себелеп отырған өнегесі мол ата-ана. Тұңғышы Нұрадин Жайна мен күйеу баласы Нұрболдан Томирис атты қылығы балдан да тәтті немере сүйіп отырған Әже. Нұрадин тегін еншілеген алтын асықтай ұлдары Ғани мен Әли болашағынан үлкен үміт күттіретін жарқын жүзді перзенттер. 
      Қандай мамандықтың иесі болсаң да, адами асыл қасиеттерді сақтап, адам болып қалу – азаматтықтың белгісі. Өмірде ең қиыны – адам болып дүниеге келіп, адами қасиеттеріңді сақтап қалу. Қандай істі қолына алса да жайнатып жіберетін, басшылық қызметте де өзінің жақсы қабілеттерін көрсетіп, сеніп тапсырылған қызметті өз деңгейінде атқарып келе жатқан бүгінгі кейіпкеріміз Айнагүл Әбдіхалыққызының жұмысына береке, отбасына амандық, шаңырағына шаттық тілейміз. 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

22 января 2022 15:48
Нурсулу

Керемет биік белестерден көріне беріңіз. Қазақстан Республикасының беделді бір тұлғасы ретінде өзіңізге алғыс білдіреміз. Қызымыз Жайна мен ұлдарыңыздан немере шөбере сүйіп үлгілі, өнегелі отбасы болып, әр қашанда дендеріңіз сау болып жүре берулеріңізді тілейміз. Ізгі тілекпен Гүлсім Халитованың әпкесі Нұрсұлу Халитова.

Последние комментарии

11 мая 2022 11:42
Галина
Марьяш Сериковна! Поздравляю, умница! Красавица! Талантище! ...
8 мая 2022 22:31
Юрий Пак
Svetlana, Спасибо! Удачи!...
8 мая 2022 22:29
Юрий Пак
Илья Попандолуло  Спасибо! Илья нас ждут великие дела!...