Білімді маман, білікті дәрігер
Әлем бойынша қоғам алдында маңыздылығын жоймайтын екі мамандық бар. Бірі – мұғалім, екіншісі – дәрігер. Әсіресе, алтыннан қымбат адамның өмірін сақтауда білікті дәрігерлердің қызметі ауадай қажет. Соңғы жылдары әлем халқы дәрігерлердің қадірін бұрынғыдан да бетер біле түсті десек болады. Себебі, пандемия жағдайында өз ісіне берілген ақ халаттылардың көмегіне көпшілік зәру болды. Күмістей күлкі мен маржандай тістің иесі болу кімге ұнамасын.
![]()
Бірақ жарқыраған тістерге қол жеткізу үнемі күтім жасау мен мықты тіс дәрігерінің көмегін қажет етеді. «Шіркін, тістерім маржандай аппақ әрі түзу болса ғой» деп армандамайтын жан жоқ шығар. Алайда, жарқыраған тіске жету үшін тістердің табиғи сұлулығы немесе мықты стоматологтың көмегі қажет. Бүгінде тісі ауырып, дертіне шипа іздегендерге кәсіби тұрғыда көмектесетін стоматологтардың қатары артып келеді. Міне, осындай стоматология саласында тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп, алғысын алып келе жатқан білікті де білімді дәрігерлеріміздің бірі – Байбеков Бақдәулет Тағайбекұлы.
«Мыңның атын білгенше, бірдің атын біл» демекші, бүгінгі маржан тіс алтыннан да қымбат, барлық саулықтың кепілі болып тұрған кезеңде мол тәжірибесі мен оқып-білгенін ортаға салып, емделушілердің көңілінен шығып келе жатқан алтын қолды дәрігер – Бақдәулет Тағайбекұлы 1995 жылдың 21 шілдесінде Түркістан облысы, Шардара ауданы, Ұзын-Ата ауылында дүниеге келді.
Мәдениет пен өнердің ордасы саналып, дарқан қазақ даласын ән руханиятымен қалықтатқан, тұмса табиғатында сұлулық тұнған өлкеде бақытты балалығын өткізген Бақдәулеттің арманы бала кезінен тіс дәрігері болу. Кішкентайынан алғыр, тәуелсіз елдің ұланы болып Ұзын-ата ауылындағы жалпы білім беретін мектептің табалдырығын аттаған бала стоматолог, мектеп қабырғасында да өзінің алғырлығымен, есте сақтау қабілетімен ұстаздарының көзіне түсе білді. Ғылымның кілті – білімде екенін түсінген өрен, сыныпішілік қана емес, мектепте өткізілген пән апталықтары, интеллектуалдық ойындар мен спорттық іс-шараларға белсене қатысып, болашағынан үлкен үміт күттіретін оқушылардың бірі болып өсті.
Өмір көрген әкеден тәлім-тәрбие алып, адалдық пен әділдікті бойына сіңіріп, алақаны оттан да ыстық анасынан мейірімділікті, имандықты бойына таңған Бақдәулет білім ордасында жүргенде де тәрбиелі, өнегелі, әдепті жерден шыққанын біліп, әрдайым өзін үлгілі етіп ұстай білді. Одан кейін Көкшетау қаласы, Зеренді ауданы, Викторовка ауылында білімін жалғастырып, одан кейін Шымкент қаласы, Самал ықшам-ауданындағы №56 С.Көбеев атындағы жалпы білім беретін орта мектепті тәмамдағанда да белсенділік қабілетін жоғалтпады.
![]()
Әр шәкірт – әр үміт секілді, әр маман – мәңгілік ел болуға ұмтылған қазақ елінің алып ғимаратының бір кірпішін қалайтын жас. Өзін жиі қамшылап, білім алуға ұмтылдырған, үнемі ізденіс үстінде жүретін, заман талабына сай кәсіби біліктілігін дамытып, ағартып отыруды әдетке айналдырған Бақдәулет Тағайбекұлы медицина саласындағы алғашқы білімін мектепті бітірген соң 2012 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті стоматология факультетіне түсуден бастады. Медицина ауыр жол, мұхитан да терең сала. Оны ізіне түсіп, білікті маман болып шығу үшін талмай ізденіс, көп еңбек, мұқалмас талап, талмас қанат керек. Бәрінен де болашақ дәрігер болып қалыптасамын, елге қызмет етемін деген студенттің бойынан табылар шыдамдылық, сабырлылық, табандылық пен тазалық, бәрінен де бұрыны адалдық секілді асыл қасиеттер керек еді. Бірақ, шығамын деген талаптыға тау биік болып па, өзінің қалаған мамандығы, таңдаған саласы, сүйікті ісі болған соң Бақдәулет түрлі қиыншылықтарға, кездескен кедергілерге шыдап, өзінің арман-мақсатына жету үшін аянбады. Ізденді, оқыды, талпынды, білімді санасына сіңіру үшін өзін-өзі жиі қамшылады.
Нәтиже жаман болған жоқ, 2018 жылы осылайша тіс-дәрігері маманы болып шыға келді. Біздің қазір қалам ұшымен жазып, бір жолға сыйдырған сөзіміз, кейіпкеріміздің басынан бір ай емес, бір жыл емес, алты жыл бойы өтті. Бірақ, өз-өзіне деген сенімділігі басым, алдына мақсат қойып соған жету жолында аянбай еңбектенетін, тек алға ұмтылуды көздеген жастың жолында тау болып көрінген қиындықтар, талаптың тұлпарын тақымға қысып, ғылымның қамшысымен тартып қалғанда кедергілер артта төбе болып қалып, жалыны оттан да күшті маманға болашақ сәулелі нұрын төкті.
![]()
Студенттік өмір – нағыз білім ең ғылым іздейтін, таным-түйсігін кеңейтіп, мамандық бойынша тәжірибе жинайтын шақ. Бақдәулет Тағайбекұлы да студенттік жылдарды мәнді де сәнді өткізді десек те болады. Осы бір баладан да тәтті шақтың қайта айналып келмейтін қызықтары мен ғылымның үзеңгісіне аяқ салып, сабақта болумен қатар жекелеген клиникаларға барып тәжірибе жинақтады. Екінші курстан бастап жекелеген стоматологиялық емханаларда жұмыс жасап, мамандықтың алғашқы сатыларынан өтті.
Осылайша, Бақдәулет Тағайбекұлының стоматология саласындағы алғашқы еңбек жолы «Рецепт» стоматологиясында басталып, 4 жыл жұмыс жасайды. Одан кейінгі еңбек жолы «МК-СТОМ» тіс емханасында жалғасады. Осы емханада жүріп, оқып-тоқығаны мен түйгенін іс жүзінде жүзеге асырып, келушілерге қызмет көрсетумен қатар, бойында бұғып жатқан дәрігерлік қабілетінің көзін аша білді. Жұмыс қиыншылығынан қорықпады. Түсінбегенін ізеп тауып оқып, салаға қатысты түрлі біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Одан кейін «Dental city» емханасында жұмыс жасап, уақыт өте келе тәжірибесін молайтып, жеке стоматология ашып тұрғындарға қызмет етуді бастады. Өз-өзіне деген сенімділігі Бақдәулетті адастырмады, қайта өзінің жеке стоматологиясын дамытуға алып келді. Бүгінгі таңда өзі тұсауын кескен емханасында еңбек етіп келеді.
«Мен мұнымен тоқтап қалмаймын және адамдарға көмектесу үшін өз бетіммен жұмыс істей беремін» деп, тек әрдайым алға ұмтылып үздіксіз даму үстінде жүрген Бақдәулет Тағайбекұлының сала бойынша айтқан сөзіне кезек берсек:
- «Мен жалпы тіс дәрігерімін. Стоматология – емделушілеріне әдемі және сау күлкіге қол жеткізуге мүмкіндік беретін үлкен сала. Дегенмен, әр адамның өзіндік клиникалық тарихы болады. Мысалы, біреуге терапевтке бірнеше рет бару қажет болады, ал басқа біреу хирургтың араласуынсыз жасай алмайды. Көптеген жағдайларда пациенттер ортодонттық емдеуге, беттің сыртқы түрі мен эстетикасын жақсарту үшін жақшаларды орнатуға жүгінеді. Бұл өз кезегінде адамға толыққанды өмір сүруге көмектеседі. Менің мамандығым бойынша психолог болу керек, маған қарсы отырған адамды түсіну үшін емделген тістер басқалардан ерекшеленбес үшін суретші болу керек», - деп стоматологияның ерекшеліктері, маман иесі қандай болу керек екені туралы аз-кем ақпарат айтып өткен Байбеков Бақдәулет тұрғындарға қызмет етумен қатар, аз ғана уақыт ішінде халықтың алғысын алып, түрлі марапаттарға ие болды. Еңбегімен еленген тұлғаның, адал жұмысының бағасы болған марапаттары мен қол жеткізген жетістіктеріне көз жүгіртсек:
![]()
✦ 2020 жылы «Основы - ортодонтии» офис-курсынан өткені жөнінде Сертификат;
✦ Доктор Ренат Ахметовтың «Технология Plasmolifting в стоматологии» курсынан өткені жөнінде Сертификат;
✦ «Применение аутологичной плазмы в практике врача-стоматолога» курсынан Сертификат;
✦ 2021 жылы «Ортодонтическое лечение взрослых пациентов» курсынан Сертификат;
✦ Бөріхан Ерболат Абайұлының «Эндодонтия» тақырыбында жүргізілген оффлайн мастер класынан Сертификат;
✦ Бөріхан Ерболат Абайұлының «Қазақша коффердам» атты авторлық оффлайн мастер класынан Сертификат иемденген.
Қай кезеңді алып қарасаңыз да, адам денсаулығына қатысты мамандықтар мен ұстаздардың мәртебесі жоғары болған. Өйткені, адамдарды өмірге бейімдейтін ұстаздар қауымы болса, сол үлкен өмірде салауатты өмір сүру жолдарында ақылшың да көмекшің, тірегің де серігің болатын осы дәрігерлер. Ақ халатқа ардың жүгін іліп, аманатқа қиянат қылмау жолында әділдікті ту етіп ұстанып отырып қызмет етіп, адалдыққа ақ болған дәрігерлер қауымын бөліп жаруға болмайды. Өйткені, олар халық үшін алтын уақытын қиып ізденіп, оқып, ел үшін қызмет етіп, бар білгені мен түйгенін қолдана отырып, алдына келгендерді емдеп келеді. Міне, осының өзі-ақ дәрігердің жанқиярлығын, адалдығын, мамандығының ғасыр өтсе де өлмейтін ұлы екендігін дәлелдейді. Демек, осы қанатын кең жайған медицина саласында еңбек етіп келе жатқан дәрігерлер қауымы да биік бедел, ерекше құрметке ие болмақ. Алладан кейінгі арашашы болған ақ халатты абзал жандарға көрсетілер құрмет қашан да ерек, әрі айтылар алғыс шексіз, таза жүрек, ақ тілектерден ағытыла бермек.
Біз де бүгінгі кейіпкеріміз, жастық жалынын білім мен ғылымға, медицина саласына арнап, тұрғындарға кәсіби көмек көрсетіп, елдің алғысына бөленіп келе жатқан Бақдәулет Тағайбекұлына зор алғысымызды айтып, отбасына амандық, кәсібіне береке тілейміз.