Құрметті халық емшісі
Құдіреті шексіз Алла адамдарды әртүрлі мінез-құлықпен, өзіне ғана тән қарым-қабілетпен жаратады. Әр адам өзінше дара. Тіршілік баянында адамзат баласы қоғамға қызмет етіп, соның жемісін жеп, лайықты марапатын алады. Жанына жақын іспен еңбектеніп, сол еңбектен рақат тауып, елден алғыс та алады. Адамға абырой мен бедел беретін де оның еткен еңбегі болмақ.
![]()
Валеология Академиясының Академигі, «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық Кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасының Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі жанындағы медицина саласы бойынша құрылған комиссиясының мүшесі, тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі, жоғары санатты дәрігер, Денсаулық саласының үздігі, зерттеуші-ғалым, «Құрмет» орденінің иегері, тіл жанашыры, елордадағы «Шипалы» емдеу орталығының директоры, әрі бас дәрігері – Қайрат Айдарханұлы жайлы қалам тербемекпіз.
Қайрат Айдарханұлы 1960 жылы 10 шілдеде Қытай аумағына қарасты Алтай аймағының Жеменей ауданы, Шалшықай ауылы, Қутал қыстағында дүниеге келген. 1977 жылы Жеменей аудандық орта мектеп табалдырығын аттап, 9-сыныпта оқу озаты ретінде жоғарғы оқу орнына емтихан тапсырып, жолы болып Шыңжаң медицина институтына оқуға түседі. Оқу-білімге құштар жас 1985 жылы оқуын ойдағыдай аяқтап, Жеменей аудандық халық емханасына дәрігер болып орналасады. Білімін толықтырып, сәт сайын жаңаны білуге құмартып тұратын Қайрат Айдарханұлы 1987-1991 жылдары Шыңжаң Медицина университетінде білімін жалғастырады. 1991-1992 жылдары Алтай аймақтық Халық емханасына және ШҰАР халық емханасының сыртқы аурулар бөлімінде дәрігер болды. 1993-1996 жылдары ШМУ аспирантурасына түсіп, «Өттің қатерлі ісігі хақында» ғылыми еңбекті қытай тілінде сәтті қорғап, медицина ғылымдарының кандидаты атанды.
Елуден астам ғылыми мақала жазып, 1997 жылы доценттік атақ алды.
Әкесі Айдархан Қалиұлы (1897-1993) 96 жас ғұмыр кешіп, бес уақыт намазын қаза қалдырмаған діндар, Керей ішінде Ителі руының абызы, Сауран-Сайқан өңіріне адал еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілеті арқасында «Тоған басы – Айдархан» деген абыройлы атаққа ие ақсақал болған. Заманның бұралаңы мен шырғалаңын көріп әр түрлі үкіметтік жұмыстар атқарып, елеулі еңбектерімен 1952 жылы «Ауылшаруашылық бажысын тапсырудың озаты», 1953
![]()
жылы «Орман егіп, жасылдандыруда еңбек үздігі» атанған.
1963 жылы Жеменей аудандық халық комитеті мен партия комитетінің «Өндірісі қызметінде табысты еңбегі үшін» сыйлығымен марапатталған Айдархан қария Жеменей аудандық халық құрылтайының төрт дүркін депутаты, Октябрь ауылдық округінің халық құрылтай өкілі болған.
Осындай өнегелі ата-анасының тәрбиесін алып, қамқорлығын көрген Қайрат Айдарханұлы 2008 жылы елордаға қоныс аударып келіп, Оңтүстік-Шығыс қапталынан саяжайлық үй сатып алып, бір бөлмесін шағын дәрігерлік пункт етіп жұмысын бастайды. 2012 жылы ҚР азаматтығын алды. Астанадан «Отбасылық дәрігер» емдеу ісі бойынша мемлекеттік лицензия алып, «Шипалы» емдеу орталығын ашты. Бұл орталыққа еліміздің түкпір-түкпірінен, көршілес мемлекеттерден де келіп ем-шарасын алып, сауығып кетіп жатқан адамдарда сан жоқ.
- «Халыққа қалтқысыз қызмет ету мақсатым. Кешегі өткен Ибн-Сина, Ұлықпан хакім, Өтейбойдақ бабаларымыздың жолымен емші-дәрігерлік жолдарын жалғастырып, науқасқа шипа беріп, қолымнан келгенді аянбай еңбек ете беруге бармын. Халықтан қандай рақмет пен құрмет көрсем де ол бір ғана Жаратушының арқасында ғой. Адамның бойында қандай да бір қасиет болмаса, оқыған да тоқыған да бәрі бекер болар еді. Ең әуелгісі адамдық пейіл, ниет. Сонан соң ғана алған білім ме ілімің сол қасиетті толықтыра түседі. Жүріп өткен жолым әрине, оңайлықпен болған жоқ. Әр істің өз бастауы, қайнар көзі болады. Елге пайдалы болсам, жасап жатқан ісім игілігімен болса дейтінмін. Ерте жасымнан бастап, әкемнің салған даңғыл жолымен жүрдім. Әкемнің, анамның қастерлі аттарына кір келтірмеуге, перзенттік парызымды ақтауға ұмтылысым зор болды. Білімге, ғылымға құштар болып, алдыма мақсат қойып, өзімнің арманыма жету үшін жатпай-тұрмай еңбектене түстім. Шығармашылықты жаным сүйетіндіктен болар, кез келген уақытта отыра қалып жай таңдамай қалам мен қағазға ерік беремін. Әлдене бастаған болсам, соңғы нүктесін қойғанша жүрегім өрекпіп жүреді. Жалпы табиғатым тыныштықты қалап тұрады. Ал тыныштық керемет шабыт әкеледі. Бақытыма қарай өмірлік жарым менің барлық жайымды жақсы түсінеді, осы уақытқа дейін қолдау көрсетіп келеді. Әлі алда мақсат-жоспар көп, ал қазіргісі адам жанын түсініп, оларға ем-шипа беру», - дейді кейіпкеріміз.
![]()
Медицина ғылымдарының кандидаты Қайрат Айдарханұлы 1979-1985 жылдары Шыңжаң Медицина институтының «Емдеу ісі» факультетінде, 1993-1996 жылдары Шыңжаң Медицина университетінде Аспирантурада білім алды. 1992-1993 жылдары ШҰАР халық емханасында білімін жетілдіру курсынан өтті. Алтай аймақтық Халық емханасында, ШҰАР Халық емханасының сыртқы аурулар бөлімінде, Жеменей аудандық халық емханасында дәрігерлік қызметтер атқарды. Білімді де білікті азамат 1997 жылы доцент атағын алған. Сол жылы ҚХР медицина саласындағы мемлекеттік «Әйгілі адамдар» сөздігіне кірген. 1999 жылы ҚХР мемлекеттік денсаулық сақтау министрлігі жағынан «Жоғары дәрежелі маман» атағын алған. ШҰАР жас мамандар арасынан өз мамандығы бойынша Еңбек озаты» болып арнайы марапатталған.
2004 жылы атажұрты Қазақстанға қадам басып, 2005 жылы отбасымен біржолата көшіп келген. Бүгінгі таңда Нұр-Cұлтан қаласының тұрғыны. 2012 жылы Нұр-Cұлтан қаласындағы Медицина университетінен арнайы курстан өтіп, «Отбасылық дәрігер» емдеуі бойынша мемлекеттік лицензия алған. Нұр-Cұлтан қаласында «Шипалы» емдеу орталығын ашып, көптеген ауруларды емдеп жазған. Бірнеше мәрте Денсаулық сақтау министрінің қабылдауында болған. «Қазақстан» телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасы Қайрат Айдарханұлы басшылық етіп отырған «Шипалы» емдеу орталығының ұжымы туралы арнайы түсірілім жасап, арнадан көрсетілді.
Қайрат Айдарханұлы еліміздің кітап қорында бұрын соңды жарық көрмеген «Қазақ емшілігі», «Қазақ емшілігі: төрт түлік мал өнімдері», «Қазақ емшілігі: аң-құс жәндіктердің емдік қасиеті» атты үш томдық танымдық-зерттеу энциклопедиялық жинақтарын жарыққа шығарды. Сонымен қатар, «Сыр мен Сауыр арасы», «Арқа төрінде», «Алтай алыптары» т.б. туындылары оқырман қауымға жол тартты. Аталмыш кітаптар Елбасы кітапханасының қорында сақтаулы. Алғашқы кітабы «Сыр мен Сауыр арасы» ғұмырнамалық баяны «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтың алғыс сөзімен жарық көрді. «Қазақ емшілігі» кітабына Дүниежүзілік стоматологтар федерациясы Академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Мақсұт Темірбаевтың алғыс сөзімен шықты. «Арқа төрінде» кітап-естелігінің сыр-сұхбатына тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбай аға ақ бата-тілегін арнаған.
![]()
Сонымен қатар «Қазақ емшілігі» І-ІІ том, Ежелгі емшілік іздері (біздің заманымызға дейінгі 7-8 ғасырдағы Сақ, Ғұн, Түркі кезеңдері) және «Қазақ емшілігі рецептері» атты ғылыми-зерттеу еңбектеріне қазақ медицинасының абызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей Медицина Ғылым Академиясы мен Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор – Төрегелді Шарманов бата-тілегін берген. «Қайрат Айдарханұлының «Қазақ емшілігі» аталатын желілес еңбектері халық қазынасына құйылған кәусар бұлақтың бірі. Ол жай ғана кәусар бұлақ ғана емес халықтың таңдайына таматын қасиетті зәмзәм суы сияқты Әрбір қазақ азаматы өз ұлтының босағасына кірпіш болып қалануды мұрат тұтатын Қайрекеңдей еңбек ете берсе, қазақ халқы ешкімге есе жібермес еді. Қайрат Айдарханұлына: «Еткен еңбегіңнің жемісін халқың көрсін, өзің сол бақытты халықтың бақ қонған перзенті бол! деген ақ батамды арнаймын» , - депті.
Орталық Кеңесінің мүшесі. Қазақстан Республикасының Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесі жанындағы медицина саласы бойынша құрылған комиссияның мүшесі, Тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 21-ші қарашадағы Жарлығы бойынша «Астанаға 20 жыл» медалімен наградталған. Сонымен қатар,
![]()
Нұр-Cұлтанда өткен «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толуына байланысты өткен ХVIII съезге қатысты. Қайрат Айдарханұлы 2019 жылдың 13 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан «Алғыс хат» алды. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылғы 29 қарашадағы Жарлығы бойынша «Құрмет» орденін омырауына тақты. 2020 жылы Қазақстан Республикасының «Комплементарлық және дәстүрлі халық медицинасы мамандарының қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі жағынан «Дәстүрлі медицина ісіне сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 2021 жылы «ҚР Құрметті азаматы» төсбелгісімен марапатталып, «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» байқауының энциклопедиясына енген. 2021 жылы «Qurmet-Abyroi, Birlik» қоғамдық бірлестіктің шешімімен «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Бұдан бөлек өзінің емдеу ісі бойынша сырқат жандарды жеңілдікпен емдеу, ардагерлерді тегін емдеу сынды жанашырлық-қамқорлық танытқан жандардан алған алғыс хатына сан жетпейді. Ауруынан айығып сауыққан жандардың ақ тілек, баталары да аз емес. Иә, халықтың қамқоры болған аяулы азамат қандай марапатқа болса да лайықты.
Қайрат Айдарханұлының Алла қосқан қосағы да медицина саласының өкілі. Екеуі бақытты шаңырақта ұрпақ тәрбиелеп, Өркен, Өркеш атты ұлдарын өсіріп, олардан Перизат, Әмірсұлтан, Әмира, Әлфия есімді немерелерінің қызығын көріп отырған жандар.
Атақты хирург медицина саласында 40 жыл қызмет етіп, 17 000-нан астам адамға ота жасады. Оның өт, өкпе, ұйқы безі және бауырға жасаған оталары озықтар қатарынан көрініп, Қытай Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 1998 жылы есімі миллиардтан астам халқы бар Қытайда жарық көрген Медицина саласындағы мемлекеттік «Әйгілі адамдар» экциклопедиясына есімі енді. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Денсаулық сақтау министрлігі жағынан «Жоғары дәрежелі маман» атағын алды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Қайырымдылық шараларын көрсетіп отырады.
Ел үшін еңбектеніп жүрген құрметті азаматқа мықты денсаулық тілеп, әрдайым абырой биігінен көріне беріңіз демекпіз.