Жангентхан Абылайұлы

Рейтинг:

Дәрігер. Ұстаз. Ғалым   

  Уақыт арбасын сүйреп, кезектесіп айналып жатқан күн мен ай секілді, медицина да адамзатпен бірге жасап, өркендеп, жер бетіндегі тұрғындар қызметіне жарап, сау ұрпақ өмірі үшін дамып түрленіп келе жатқан тамыры тереңдегі салалардың бірі. «Енді алдында тұрады тірі жандар, Бірі сүйіп, кім білсін, бірі қарғар... Қимылдамай кірпігі жатса-дағы, Байқағайсың, шықпаған тірі жан бар! Кәсібіңнен кетпегей жеріп мүлде, (Ақыл айтып кеттім-ау желіктім бе?) Өлгендерді тірілтем деп ойлаған, Денесінен жан ізде өліктің де. Жолың болсын, бара ғой, айналайын, Айналайын, қорғаушым, қарғадайым! Кәсібіңе мен сенің басымды ием, Басымды ием, несіне арланайын..» деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай қыранның қанатында суылдаған уақыт өзгерсе де, өзгермейтін нәрсе ол – дәрігерге деген сенім. Медицина қай заманда да дәуірлеп тұрған. «Бірінші байлық – денсаулық» деп Алланың берген аманатына қиянат жасамау жолында өзінің тәнін күтіп, күтініп жүретін адамзат баласының медицина мамандарына, дәрігерлерге деген құрметі күн өткен сайын артпаса, кеміген емес. Оған дәлел, әлем аспанын торлаған бүгінгі пандемия жағдайында ақ халатты абзал жандардың жанкештілігін көрген – халықтың риясыз сенімі мен айтар алғысы. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де, осындай адалдық пен аманат жүгін арқалаған, медицина мен ғылымды байланыстырып қазақ ғылымының дамуына өз үлесін қосып келе жатқан нар тұлғалардың бірі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары дәрежелі эндокринолог – Жангентхан Абылайұлы болмақ.
      Тіршілік үшін жаралған әр мамандықтың өз мұраты мен мақсаты бар секілді, ақ халатты абзал жандардың саласы да адамзат үшін айтарлықтай орны бар маңызды сала. Осы Алладан кейінгі адам арашашысы болып, жаныңа батқан аурудың күшін әлсіретіп, салауатты өмір сүруге талпындырып келе жатқан дәрігер-ғалымдарымыздың бірегейі Жангентхан Абылайұлы 1949 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келді. Жарқын болашаққа бастайтын білім жолын Бозкөл мектебінде бастап, Сольтрест 11 жылдық мектебінде бітіреді.
      Әкесі – Қасымов Абылай Әбдірахметұлы 1924 жылы, ал анасы Сән 1926 жылы Қызылорда облысы, Қазалы өңірінде дүниеге келген. Әкесі 3 жасында жетім қалып, оны Құрманәлі деген әкесінің ағасы асырап алады. Өжет болып өскен әкесі Абылай соғысқа қатысады. Соғыста жүргенде талай адамдардың өмірін хирург дәрігерлердің құтқарғанын көріп, «мен хирург боламын» деп армандаған екен. Алайда, соғыстан келгенде мүгедек болып, білім алуына мүмкіншілік болмай, Ақтөбенің педагогикалық оқуына түсіп, тарих факультетін бітіреді. Комсомолдың 2-ші хатшысы, оқу ісінің меңгерушісі, тарих пәнінің оқытушысы болған әкесі аңшылықпен де айналысып, отбасын асыраған. Жігітке жеті өнер де аз демекші, әкесі ағаштан сандық, кебеже жасап, ою ойып, ағайын-туыстарына түрлі бұйымдар жасап беретін. Ауданда алғаш аурухана ашылған кезде есік жасап берген болатын. Ал анасы үй шаруасында болып, отбасының берекесін келтіріп отырған сабырлы жан. Бірнеше құрсақ көтеріп, он баланы дүниеге әкелген Батыр ана.
      Ұлы армандарды ту етіп ұстана білген Жангентхан мектепті бітірген соң Семей мемлекеттік медицина институтының «Емдеу» факультетіне оқуға түсті.
      Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын жауапкершілігі басым, ісіне тиянақты, алдына мақсат қойып, сол мақсатына жету жолында өзін жиі қамшылап, еңбектене білетін жас оқу орнында да өзінің алғырлығымен, ғылымға деген ерекше құлшынысымен, қабілеттілігімен көзге түсе білді. «Үлкен болып қалу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға» деп Мұхтар Шаханов айтқандай, жұмыр жүректі әр пенде өмірден өз орнын тауып, елге қызмет етіп, халыққа бір пайдасы тиер мамандықтың иесі болу үшін алдымен таудай талап пен үлкен арман керек. Өзі таңдаған саласының білікті маманы болып қалыптасуы үшін білім мен ізденіс, мол тәжірибе керектігін студент танымымен түсінген Жангентхан үнемі ізденіс үстінде болып, білікті де білімді дәрігер болып шығу үшін аянбай еңбектенді.
      Шығамын деген талаптыға тау биік болып па, талай медицина майталмандарын қанаттандырған іргелі білім ордасында тәлім алып, танымын кеңейткен Жангентхан Абылайұлы алғашқы еңбек жолын Қызылорда облыстық ауруханасында дәрігер-ординатор болып бастады. Түн қараңғылығында алыстағы сәулеге жүрген сайын, жолың жарқырап, айналаң анық көрінетіні секілді, медицинаға аяқ салып, ғылым жолына түсуге бет алған жас маманның қанатын қатайтып, тәжірибесінің молаюына сеп болған, бас дәрігер медицина ғылымдарының докторы Ш.Н.Абдуллаев еді. Өмірден көргені мен түйгені мол дәрігер басшылық ететін ауруханада жүріп, медицина деп аталатын үлкен әлемнің есігінен батылдана еніп келе жатты.
      Білмеймін демеді. Оқып тоқығаны, тәжірибеден жинақтағанына салып еңбек ету барысында, өзінің жұмысын айналдырып алып кетті. Алдына келген науқасқа тек ауру деп қарап қана қоймай, оның жан дүниесіне үңіле біліп, ауруынан айығудың жолдарын көрсетумен қатар, тез жазылуға деген сенімін нығайтып отырды. Медицина – жыл санап емес күн санап дамитын, жаңаратын, үнемі даму үстінде болып отыратын күрделі сала. Осы бір саланың білікті дәрігері болу үшін маманға да үнемі өзін-өзі толықтырып, білім көкжиегін арттырып, жаңа технологияларды меңгеріп отыру керек. Осыны естен шығармаған жас маман өзінің еңбексүйгіштігінің, мамандығына деген адалдығының, ізденімпаздығының, ғылымға деген ерекше құштарлығының арқасында қызметте де, өз ортасында да сый-құрметке ие болып беделі өсе түсті.
      Дәрігерлік мамандықты таңдауда әкесінің мына өсиеті әсер еткен: «Адам болғаннан кейін бас ауырмай, балтыр сыздамай тұрмайды. Адамға жанын емдейтін дәрігер мен тұратын баспана керек. Сондықтан құрылысшы немесе дәрігер болсаң өлмейсің. Оқы», - деді. Осылайша, Жангентхан әкесінің Алматыға барып хирург болу арманы орындалмаса да 9-сыныптан бастап әке арманын орындауды алдына мақсат етіп қойып, дәрігер мамандығын таңдады. Алдымен хирург болып кейін эндокринолог дәрігер болды. Сол кезде Қазақстандағы, Совет Одағындағы ең алғашқы эндокринологтардың бірі болған Жангентхан мырза тағдырымен тамырлас мамандықты таңдауда берген әкесінің ақылына шексіз алғысын айтады. 
      Одан кейінгі қызметінде медицина ғылымдарының кандидаты Баленко Анна Павловна бас дәрігерлік ететін Байқоңыр ғарыш айлағында эндокринолог-дәрігер болып 1973-1976 жылдары қызмет етсе, 1976-1979 жылдары І Мәскеу медициналық институтында аспирантурада оқып, содан кейін 1980 жылы медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Медицина түрленіп, заман ағымына сай дамып отыратын күрделі сала. Осы бір медицинаның көшінен қалып қоймас үшін дәрігер де білімін кеңейтіп, біліктілігін арттырып отыру керек. КСРО Медицина ғылымдары академиясының Бүкілодақтық эндокринология ғылыми орталығында «Ішкі аурулар және эндокринология» мамандығы бойынша докторантураны аяқтап, 1990 жылы медицина ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін докторлық диссертациясын қорғаған Жангентхан Абылайұлы тәуелсіздіктің алғашқы 1992 жылдары Халықаралық қант диабеті федерациясының, Американдық қант диабеті қауымдастығының және қант диабетін зерттеу жөніндегі Еуропалық қауымдастықтың мүшелігіне енді.
      1994-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Гигиена және кәсіптік аурулар ҒЗИ директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, 1998 жылы профессор атағын алған Абылайұлының жетекшілігімен 1998 жылы «Эндкринология», «Ішкі аурулар», «Ревматология», «Кардиология» және «Гигиена және кәсіптік аурулар» мамандықтары бойынша диссертациялық кеңес ашылды. Одан арғы қызметінде 1998-2001 жылдары Эпидемиология және микробиология ҒЗИ директорының орынбасары, 2001-2012 жылдары Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, дипломнан кейінгі қосымша кәсіптік оқыту бөлімінің меңгерушісі болды. Жангентхан Абылайұлының бастамасымен 2010 жылы Қазақстан тарихында алғаш рет С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-де «Эндокринология» кафедрасы ашылып, 2010-2016 жылдары эндокринология кафедрасының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып, 2017 жылдан эндокринология кафедрасының профессоры болып ғылым мен медицина саласының дамуына өз үлесін қосып келеді. 
      Жангентхан Абылайұлының өміріне серпін берген сәттер көп еді. Оқырманға түсінікті болу үшін солардың бірнешеуін айтып өтсек. Ол КСРО кезінде Ресей ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы В.Г.Барановтың эндокринология кафедрасында оқығанын мақтаныш етеді. Дәл осы кісі Қазақстан Республикасына эндокринология мамандығы бойынша аспирантураға түсуге ұсыныс жасап, тіпті Ресей Медицина ғылымдары академиясының академигіне ұсыныс хат жазған да болатын. 1988 жылы Қазақстанға КСРО Денсаулық сақтау министрі, Ресей медицина ғылымдары академиясының академигі Евгений Иванович Чазов келген тұс еді. Жас мамандар, үздік дәрігерлер, болашағынан үлкен үміт күтіп, ғылым мен медицинаға өз үлесін қоса алатын жастарды таңдау, дайындау сол жылдардағы басшылықтың алдына қойған мақсаттарының бірі еді. Сол кезде, Жангентханды Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі, академик Мұхтар Әлиұлы Әлиевтің кабинетіне шақырады.    
      - «Жас жігіт, докторлық жұмысыңызды Мәскеуде докторантурада аяқтағыңыз келе ме? Жақында КСРО Министрлер Кеңесі 40 жасқа дейінгі ғылым докторларын дайындау туралы қаулы шығарды. Сіздің жасыңыз келеді. Әсіресе, министр М.А.Әлиев ғылыми зерттеулеріңіз аяқталуға жақын деп айтып отыр», - деп сұрады Е.И.Чазов. Мұндай үлкен мүмкіндік жүздің тіпті мыңның бағына туа бермейтін бақ. Сол кезде дәрігер жүзіндегі қуаныш пен жанарындағы от ұшқынын көрген Е.И.Чазов Жангентханның көзінше КСРО Медицина ғылымдары академиясының академигі, директор Ю.А.Панковты телефон тұтқасына шақырып Қазақстаннан Абылаевтың докторантураға түсіп жатқанын айтты. 
      Қазақ кардиология институты директорының орынбасары және директор міндетін атқарушы болып жұмыс істеген кезінде Е.И.Чазов кардиология бойынша конференцияларда және олардың алғашқы және басқа кездесулерін қашан да жылы лебізбен еске алып отырады. 
      Жангентхан Абылайұлын КСРО Денсаулық сақтау министрлігі, КСРО ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, Мәскеу қаласының эндокринологиялық қоғамының төрағасы, профессор Вера Георгиевна Спесивцева жетекшілік ететін I Мәскеу медициналық институтының терапия факультетіне оқуға жібереді. Осы білім ордасында Медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған «Қант диабетімен ауыратын науқастарда микроциркуляциялық қан тамырларының бұзылуы» диссертациясын қорғады. Аспирантураны мерзімінен бұрын бітіріп, ММИ терапия кафедрасына жіберілді. Бірақ, отбасылық жағдайына байланысты Қазақстанға оралды.
      Ғылымның даңғыл жолына түсуге бет бұрған маман қазақ медицинасы үшін де өте қажет еді. Білікті де білімді, көп дәрігер жүрексініп баса бермейтін ғылымның төбесіне көтерілген Жангентхан Абылайұлы аймақтық патология ғылыми-зерттеу институтында медицина ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Айдархановтың жетекшілігімен эндокринология бөлімінде Қазақстандағы йод тапшылығы проблемалары бойынша жұмыс істеді. Бірден академик, профессор Бахия Атчабаровтың бастамасымен «Қорғасын интоксикациясындағы эндокриндік жүйенің жағдайы» атты докторлық диссертацияның тақырыбы бекітілді. Осы жерде ғылыми жұмыстармен айналыса жүріп, бірлескен ынтымақтастық медициналық жоғары оқу орындарына арналған «Кәсіптік аурулар» оқулығын шығарып, үнемі жас ғалымдарды қолдап отырды. Кенже қалған Қазақстандағы эндокринология саласы «кәсіби эндокринология жаңа ғылыми бағыт» ретінде оқытушы, ҚР МҒ академигі, профессор, медицина ғылымдарының докторы Михаил Ефимич Зельцердің жетекшілігімен дамыды. Нәтижесінде «Кәсіби эндокринологияның очерктері» және «Заманауи жағдайдағы қорғасын интоксикациясы» атты ғылыми басылым жарыққа шығып, ғылым жолына түскен жас мамандардың игілігіне жарап келеді.
      Медицинада ұлт немес дін, тіл немесе шекара болмайды. Алпыс екі тамырлы адамзаттың болмыс-бітімі жер жүзінің барлығында бірдей. Сондықтан да медицина ғылымы осы жер бетіндегі жұмыр жүректі пенделердің игілігі үшін әлем ғалымдарының бірігіп жұмыс істеуімен, тәжірибесімен дамымақ. Бұл жағынан келгенде қазақ медицинасында есімі тасқа жазылып қалған Жангентхан Абылайұлының еңбектері де жоғары болып қала бермек. Тәжірибе алмасуда тек Мәскеумен ғана шектеліп қалмай, ғылым мен экономика дамыған бүгінгі заманда медицинасы озық елдердің ғалымдарымен араласып, ғылыми конференцияларда бірге болып, тәжірибелерімен алмасып отырады. Жапонияның Нагасаки қаласында Атом аурулары институтында тағылымдамадан өту кезінде профессор И.Секенемен бірге «Пострадиациялық сексуалдық патология» атты бірегей кітап шығарған Жангентхан Абылайұлы әлі күнге дейін профессорлар Ямашито және Токамуромен байланысын үзген емес. Докторанттар медицина ғылымдарының докторы А.С.Идрисов, Ж.А.Ақанов, А.Т.Алипова, А.Ш.Тлегенов, М.Б.Искакова, Е.Рахмет өз зерттеулерін Жапония университеттерінің зертханаларында жүргізіп, дарынды докторанттар қатарын Ж.Шалхарова, Қ.Ошақбаев, А.С.Ыдырысов толықтырып келеді.
      Жангентхан Абылайұлының өмірдегі ұстазы академик Сайын Балуанұлы Балмұханов болды. Оның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының медицина бөлімінің мүшесі болып сайланып, ұтымды істер атқарып, мағыналы еңбектер жазып шықты. Қазақстанның медицинасымен тонның ішкі бауындай араласып кеткен, өмірі егіз кейіпкеріміз Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің ұсынысымен Кардиология ғылыми-зерттеу институтының атқарушы директоры болып тағайындалды. 
      Министр болжамы мен үміті желге ұшқан жоқ, көптеген жұмыстар атқарылып, бөлім ашылды және жоғары мамандандырылған көмек көрсету үшін эндокринология, гематология, нефрология, гастроэнтерология, ревматология ғылыми бөлімдері құрылды. Жангентханның бастамасымен Қазақ кардиология институты Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты болып өзгертілді. Ол ұзақ жылдар Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жүсіпов Әлихан Қазақбайұлымен бірге қызмет етіп, бірлесіп «Эндокриндік аурулардағы жүрек-қантамыр жүйесі» ғылыми оқу құралын шығарды.
      Ол академик Бегалы Нұрманұлы Айтмамбетов жанындағы Гигиена және кәсіптік аурулар ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары болып жұмыс істеген кезінде де әкімшілік және басқару мәселелерін шешуде көп көмегі тиді. Ұзақ жылдар Денсаулық сақтау министрі Талапқали Әбішұлы Ізмұхамбетовтен өмірлік ақыл-кеңес алған Жангентхан Абылайұлы Эксперименттік және клиникалық лимфология ҒЗИ директоры, КСРО Медицина ғылымдары академиясының академигі, бұрынғы КСРО Денсаулық сақтау министрі Юрий Иванович Бородинмен тәжірибелік лимфология саласында тығыз ынтымақтастықта болып, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізіп, 3 докторлық жұмыс қорғады. Жангентхан Абылайұлы Қазақстанда тұңғыш рет жарық көрген «Терапия хабаршысы» журналының бас редакторы ретінде қызмет етіп, 20 жылдан астам «Денсаулық» журналында кеңесші болды.
      Эндокринологияның, тиреоидологияның, диабетологияның, репродуктивті эндокринологияның, лимфологияның, кәсіптік патологияның, радиациялық экологияның және медицинаның кең ауқымды өзекті мәселелерін шешуде есепсіз үлес қосып, ғылым мен медицинаны бір тізгінде ұстаған Жангентхан Абылайұлы Қазақстан Республикасының практикалық денсаулық сақтау кафедрасында 120-дан астам эндокринологтар дайындап шығарды. Профессордан тәлім алған шәкірттер бүгінгі таңда Америкада, Испанияда, Израильде және Ресейде жұмыс істейді. 2017 жылдан бастап қант диабетін зерттеу бойынша Азия қауымдастығының мүшесі, 2018 жылдан бастап Еуропалық қант диабетін зерттеу қауымдастығы мен Халықаралық қант диабеті федерациясының мүшесі, профессор Жангентхан Абылайұлы АҚШ-та, Италияда, Чехияда, Түркияда, Германияда, Францияда, Швецияда, Жапонияда, Англияда және Біріккен Араб Әмірліктерінде, Данияда, Санкт-Петербургте, Қытайда өткен халықаралық форумдарда Қазақстан ғылымын лайықты түрде таныстырды.
      Жангентхан Абылайұлы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы Сент-Винсент декларациясының шешімдерін жүзеге асыру жөніндегі үйлестірушісі, Қазақстан Республикасы Терапевтер қауымдастығы төрағасының орынбасары, Қазақстанда ғана емес, бұрынғы КСРО-да да кәсіби эндокринологияның негізін салушылардың бірі. Оның 1990-1991 жылдарда Мәскеу қаласында «Адам ағзасының қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың әсеріне реакциясы» атты екі томдық анықтамалықты дайындауға және басып шығаруға қатысуға шақыру профессордың кәсіби эндокринология саласындағы еңбегін мойындау еді. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Экология және биоресурстар министрлігімен бірлесіп «1954 жылдан 1994 жылға дейінгі Қазақстан Республикасы аумағындағы радиоэкологиялық жағдай», 2003 жылы «Дәрілік заттардың клиникалық зерттеулерін жүргізу жөніндегі нұсқаулық» атты көп томдық еңбегі жарық көрді. Шәкірті, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Азиза Тоқтасынқызымен «Эндокринология» оқулығы жарық көрді. 
      Сонымен қатар, 2002 жылы «Кәсіптік патология бойынша нұсқаулық», 2004 жылы «Артериялық гипертензиямен ауыратын науқастарға МСАК деңгейінде медициналық көмек көрсету бойынша клиникалық нұсқаулар» атты оқулықтары әлі күнге Республика дәрігерлерінің күнделікті тәжірибесінде кеңінен қолданылып келеді. 2006-2007 жылдары Қазақстан Республикасындағы бірінші халықаралық көпорталық рандомизацияланған плацебо-бақыланатын «Актовегин диабеттік полиневропатияны емдеуде» клиникалық зерттеуінің бас зерттеушісі болып, зерттеу нәтижелері журналда жарияланған Жангентхан Абылайұлы 300-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 8 монографияның авторы, 30 өнертабысқа патенті бар. 4 ғылым докторын, 36 ғылым кандидатын, 2 PhD докторантын және 6 магистрантты дайындап шығарып, қазіргі уақытта 4 PhD докторант білім алып келе жатқан Жангентхан Абылайұлының жетекшілігімен 2013 жылы 400 парақтан тұратын, И.И.Дедов, Г.А. Мельниченко, В.В.Фадаев, М.ГЭОТАР-Медианың бірлескен «Эндокринология» оқулығы жарық көрді. Медицинасы озық елдермен тығыз қарым-қатынас жасап, өзі тәлім берген шәкірттерінің тәжірибесін молайтып, мықты дәрігер-ғалым ретінде шығару мақсатында ғылыми тағылымдамалардан өткізіп тұрады. Профессор Абылайұлының бастамасымен эндокринология кафедрасы толық құрамда 2015 жылы 10 оқытушы Оңтүстік Кореяда (Сеул қаласы) Кюнги университетінің медициналық орталығында эндокринология, Жапонияның Нагасаки қаласында оқудан өтті.
      Ел үшін еткен ердің еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. Саналы ғұмырын медицина саласына арнап, кенже қалған қазақ медицинасының өркендеуі жолында жар құлағы жастыққа тимей ізденіп, еңбектеніп, тәжірибе жинап, қызмет етіп келе жатқан Жангентхан Абылайұлының қол жеткізген жетістіктері мен адал еңбегінің бағасы болған марапаттары жетерлік. «Ер дәулеті – еңбекте» деген кейіпкеріміздің жетістіктері мен марапаттарына кезек берсек:
      ✦ ҚазҰМУ Алтын медалі;
      ✦ «Алтын жүрек» медалі;
      ✦ «Халықаралық ядроға қарсы «Семей-Невада» қозғалысының 20 жылдығы медалі;
      ✦ «Семей медицина университетіне сіңірген еңбегі үшін» Құрмет белгісі;
      ✦ «Құрметті түлек» Құрмет белгісі;
      ✦ «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медалі;
      ✦ Украина Республикасының «Адамгершілік пен мейірімділік үшін» Құрмет белгісі;
      ✦ Әл-Фараби атындағы «Қазақстанның денсаулық сақтау ісіне ғылыми жетістіктерді тәжірибеге енгізгені үшін» күміс және алтын медалі;
      ✦ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасы»;
      ✦ Білім және спорт министрлігінің «Құрмет грамотасы»;
      ✦ Алматы қаласы әкімінің «Құрмет грамотасы»;
      ✦ «Алтын адам – 2003» сыйлығының иегері;
      ✦ «Алтын стетоскоп – 2005» сыйлығының иегері;
      ✦ 2018 жылы Қызылорда облысы, «Қазалы ауданының Құрметті азаматы»; 
      ✦ Семей медицина университетінің «Құрметті профессоры» сынды атақтарының иегері атанып 2020 жылы 29 шілдеде Халықаралық информатизация академиясының академигі болып сайланды.
      Ғалым Жангентхан Абылайұлының медицина саласына қосқан үлесін мадақтау бұнымен тоқтап қалмай, 2022 жылдың 28 қаңтарында Оксфорд және Европа бизнес ассамблеясы «Ғылымдағы есімі» атағын алуға ұсынды. 2022 жылдың 25 наурызда онлайн түрде марапаттау рәсімі болады.
      «Қазақстандық қант диабетін зерттеу қоғамы», «Қазақстандық тиоидология қауымдастығы» бірлестіктерінің төрағасы болған Жангентхан Абылайұлы медицина ғылымына өшпес шырақ жағып, артына жоғалмас із қалдырған парасат биігіне көтеріле білген алтын жүректі тұлға. 
      Бүгінде тамырлы бәйтеректей үлкен бір әулеттің құрмет тұтар азаматына айналған кейіпкеріміз отбасына да арқа сүйер азамат, асқар тау әке, айтары мен тағылымы мол ата. Жұбайы – Большакова Светлана Викторовна доцент, медицина ғылымдарының кандидаты, қазіргі таңда С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эндокринология кафедрасын басқарады. Үлкен ұлы Марат Семейде қызмет етіп жатса, Жанаты IT-инженер, бағдарламашы, АҚШ-та тұрады, ал Сания Қытайда мұнай университетін бітірді. Одан кейін магистратурада білім алып, француздық компанияда жұмыс істеді. Ұлы Әлішер КИМЭП университетінің студенті. Балдан да тәтті немерелері Карина – медбике, Кәрім – мектепке барады.
      Адам денсаулығы – ғылым тұнған, күрделі әлем. Осы бір әлемнің кілтін тауып, түйілген тамырларды дөп басып, науқастың жанына батқан ауруын табу үшін үлкен білім, ғылым керек. Осындай күрделі сала жолында өмірін арнап, медицина деп аталатын алып ғимараттың бір кірпіші болып қалану жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан Жангентхан Абылайұлы сынды нардың жүгін көтере білген азаматтарға халықтың алғыстан басқа айтары жоқ.
Ғылымнан қуат алып, біліммен нәрленген, әлеммен байланысы бар білімді де білікті дәрігерлеріміз тұрғанда Қазақ елі ұландарының,       Қазақстан перзенттерінің, елдің, халықтың денсаулығы сенімді қолда болмақ. Кейіпкеріміздің деніне саулық, отбасына бақыт пен береке, ғылым жолында табыс тілейміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
20 августа 2022 00:09
Бахадыр Беккулов

Аса құрметті, қадірлі Жангентхан аға! Бүкіл саналы өміріңізді ең алдымен адамзат  өмірі үшін араша болуға, ғылым жолына арнаған екенсіз Алланың нұры жаусын! Өзіңіздің өнегелі отбасыңыз әрбір азаматқа үлгі болсын, ұл қыздарыңыздың рахатына бөленіңіз  , алғысым шексіз! 
13 апреля 2022 14:53
Айсулу

Самый лучший преподаватель и врач!! ❤️ 
12 апреля 2022 08:52
Bakhyt Zhautikov

Құрметті Жангентхан Абылайұлы!

“Денсаулық - адам үшін баға жетпес байлық. Бұл тілек  құрмет пен алғысқа бөленген, Гиппократ антын қабылдап, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын, асқан шеберліктің иесі ақ халатты абзал жан Жангентхан Абылайұлы арналады.
12 апреля 2022 08:46
Сауле Базарбаевна

Құрметті Жангентхан Абылайұлы!
     Медицина кәсібі- адамгершіліктің асылы” дегендей ерен еңбегіңізге, шипалы алақаныңызға, мейірімді жүрегіңізге алғысым  шексіз. Еңбегіңіз халыққа қуаныш сыйлап, өзіңізді нұрға бөлесін. Сізге сәттілік тілей отырып, отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, күш - жігер, баянды бақыт пен жаңа табыстар, кәсіби біліктілігіңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіз деген тілегімді білдіремін.
12 апреля 2022 08:44
Сауле Базарбаевна

Құрметті Жангентхан Абылайханұлы!     Медицина кәсібі- адамгершіліктің асылы” дегендей ерен еңбегіңізге, шипалы алақаныңызға, мейірімді жүрегіңізге алғысым  шексіз. Еңбегіңіз халыққа қуаныш сыйлап, өзіңізді нұрға бөлесін. Сізге сәттілік тілей отырып, отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, күш - жігер, баянды бақыт пен жаңа табыстар, кәсіби біліктілігіңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіз деген тілегімді білдіремін.
12 апреля 2022 08:38
Сауле Базарбаевна

Құрметті Жангентхан Абылайұлы!     Медицина кәсібі- адамгершіліктің асылы” дегендей ерен еңбегіңізге, шипалы алақаныңызға, мейірімді жүрегіңізге алғысым  шексіз. Еңбегіңіз халыққа қуаныш сыйлап, өзіңізді нұрға бөлесін. Сізге сәттілік тілей отырып, отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, күш - жігер, баянды бақыт пен жаңа табыстар, кәсіби біліктілігіңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіз деген тілегімді білдіремін.
12 апреля 2022 02:50
Файзулла

Биіктен көріне бер!

11 апреля 2022 22:59
Динара

Очень интересный, очень добрый преподаватель, успехов, процветания вам!
11 апреля 2022 22:37
Баян

Жан Абылайулы оте биликти маман, Жаксы адам нагыз улги тутар адам. Аллам сизге тек жаксылык насип етсин!
11 апреля 2022 21:58
Роза

Әр ісіңізден берекет табыңыз.
11 апреля 2022 21:56
PhD Zhazira Zhumabekova

Жангентхан Абылайұлы денсаулығыңыз мықты болсын 🤲🏻 ұл-қыздарыңыздың, немерелеріңіздің қызығын көріңіз 💐менің ұлы ұстазымның бірегейісіз!
11 апреля 2022 21:45
Ляззат

Өте қарапайым, керемет дәрігер. Аллам разы болсын Сізге! [spoiler]Өте қарапайым, керемет дәрігер. Аллам разы болсын Сізге!
11 апреля 2022 21:01
БОЛАТ

Прекрасный врач!! Профессионал своего дела. Обладает человеческими качествами и уважительно относится ко всем, подаёт руку помощи всем. Очень мало таких врачей!
11 апреля 2022 20:51
Gulnar Moldabek

Өте жақсы, әсерлі жазылған. Биіктен көріне беріңіз, денсаулығыңыз мықты болсын
11 апреля 2022 20:47
Рита

Өте керемет адам,нағыз дәрігер
11 апреля 2022 20:45
ЖАННА

Ақ пейілді,ақ жүректі, мейірімді ақ халатты Абзал жан !Атыңыз затыңызға сай тұлғасыз.Ғұмырлы болыңыз ! 
11 апреля 2022 20:45
Madina

Нағыз өз ісінің маманы! Тек биік шыңдардан көріне беріңіз!
11 апреля 2022 20:39
Диана Қуандыққызы

Армысыздар! 
Ұлы тұлға, керемет ұстаз. 
Үйреткен әрбір білімі мұра 😘

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...