Қолы алтын дәрігер
Кез келген елдің болашағы оның халқының денсаулығына байланысты екені дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. «Ауырмай тұрып денсаулығыңды бағала» дегенді өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіріп, олардың өз денсаулығына деген жауапкершілікті қалыптастыру баршаның борышы.
![]()
«Денсаулық – адам жаны мен тәнінің амандығы. Дені сау адам өзі үшін де, ол өмір сүріп жатқан қоғам үшін де керек. Қоғамдағы небір жұмысты да сол денсаулық иесі ғана атқара алады. Ақ халатты абзал жандар міне, осы мақсатта ерінбей еңбек етіп, талмай жұмыс істейді. Дәрігердің басты мақсаты – науқастың сауығып кетуі және олардың алғаусыз алғысына ие болу. Иә, елдің алғысы олар үшін марапаттың ең үлкені. Кейіпкеріміз Досжанов Асқар өзін үнемі еңбек етумен жетілдіріп келе жатқан білікті де білімді дәрігер.
Халықтың берген батасы мен алғысына бөленіп келе жатқан дәрігер өзінің еңбекқор әрі ізденгіштігінің арқасында абырой мен беделге кенелді.
Досжанов Асқар Ешманұлы 1965 жылы Түркістан облысы, Созақ ауданы, Созақ ауылында туылған. 1990 жылы Алматы мемлекеттік медицина университетін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Шымкент қалалық жедел-жәрдем ауруханасында дәрігер-хирург болып бастады. Әр жылдары осы ауруханада, облыстық фтизиопульмонология орталығында хирург, торакалды хирург, өкпе хирургия бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарды.
![]()
Асқар Ешманұлын өмірде кездестірген кез келген адам оның жай ғана дәрігер емес екенін түсінеді. Өйткені, барлық күш-жігерін адамдарға, көптеген жылдар бойы хирургия мен торакалды хирургияның қарқынды дамуына күш жұмсап келе жатқан дәрігер. Яғни, торакалды хирургия дегеніміз – кеуде қуысының хирургиясы жүрек, орта және өңешті қоспағанда, кеуде қуысының және оның мүшелерінің ауруларымен, жарақаттарымен айналысады. Торакалды хирургтар, шын мәнінде, өкпенің, кеуде қуысының және медиастинаның жарақаттары мен ауруларын диагностикалау және хирургиялық емдеумен айналысады. Атап айтқанда, оларға қатерлі ісік (өкпенің қатерлі ісігі – әлемдегі ең өлімге әкелетін қатерлі ісік), өкпе метастаздары, эмфизема, өкпе абсцессі, плеврит, кеуде қуысының деформациясы мен ақаулары (кеуде және шұңқырлы кеуде). Медицина мен хирургиядағы үздіксіз жетістіктердің арқасында торакалды хирург лазерлік хирургия және кеуде қуысының минималды инвазивті хирургиясы, торакоскопия («кілт тесігі хирургиясы» деп те аталады) сияқты заманауи хирургиялық әдістерді қолдана алады.
![]()
Ота жасау оңай іс емес. Хирург-дәрігер болу жұмыста кешкі алтыға дейін ғана жалғасатын кәсіп емес, ол күні-түні жұмыста болу деген сөз. Сырқаты жанына батқан науқастың жанына шипа, көңіліне медет болу да ақ халаттының басты міндеті. Бұл дүниедегі басты байлық саналатын денсаулықтың қадір-қасиетін ұғындыратын маман иесі болғандықтан салауатты өмір салтын ұстануды үнемі науқастарына айтып отыруы да парыз. Бұл ретте алтын қолды дәрігер, өз емделушілеріне ақыл-кеңесін аянып қалмайды. Әрбір науқасына жақынындай болып, жанашырлық қалпымен кейде қатты айтып қалатыны да бар. Оның емделушілері жақсы біледі. Әріптестері де оның осы қасиетін қатты бағалайды. Байсалды мінезді, бірсөзді, барынша адал, жағдайды жақсы түсіне білетін, ойланып барып іс қылатын Асқар Ешманұлы қолы қалт етсе жаңалыққа құлақ түреді. Қоғамдағы болып жатқан өзгерістер оны бейжай қалдырмайды. Үнемі өзінің үнін қосып отырады.
Иә, хирургия – күрделі сала. Әрбір ота өмір мен өлімнің бітіспес арпалысымен өтеді. Хирургтің қолы сәл ғана қателессе бір адамның өмірі сол сәтте үзіліп түсуі мүмкін. Небір күрделі оталардан соң жарақаты жазылып, талай жандар отбасына қуанышпен оралады. Кейіпкеріміз ауруханада кезек күттірмейтін, шұғыл түрде жасалатын оталарды қолданысқа енгізе алды. Ал, шын мәнінде мұндай қиын оталарды жасау түгілі ойлаудың өзі қорқынышты. Темірдей тәртіп, мұнтаздай тазалық, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің жауапкершілікті терең сезінуі әрдайым оның назарынан тыс қалмайды. Талапшыл азаматтың табандылығы, тазалықты сүйгіштігі, тәртіпті жақсы көретіндігі былайғы елді сүйсінтеді де.
Халықтың құрметіне бөлену – елге ерінбей еңбек еткен адамға ғана тән нәрсе дейміз ғой.
![]()
Бұл жерде ең алдымен, айналаға адамгершілік қасиет әсер ететіні ақиқат. Өйткені, адал еңбек ету қажеттіліктен тумайды, ол үлкен азаматтық жауапкершіліктен туындайды. Ел сенімін ақтаудың қаншалықты маңыздылығын қолынан іс келетін азаматтардың мойнына алған жауапкершілік жүгінен аңғаруға болады.
- «Ауру алқымынан алып, денсаулығына дерт жабысқан әр адам дәрігерден үміт күтеді. Орта ғасырдың ұлы ғұламасы Ибн Сина айтпақшы дәрігерлердің үш қаруы бар. Оның бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз. Яғни, дәрігерлерге артылар жүк те, жауапкершілік те ауыр. Алайда, олардың ешқайсысы ел басына күн туғанда жұмысын тастап, қара бастың қамын ойлап, тасаға тығылып қалмайды. Алмағайып заманда да, төтенше жағдайда да, зілзала мен тасқында да дәрігерлер адам жанының арашашысы болуға даяр тұрады.
Медицина жауапкершілігі мол, жүгі ауыр салалардың бірі. Сондықтан, бұл сала біліктілікті және аса шымдамдылықты талап етеді. Сонымен қатар, дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Ол үшін дәрігер үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болуы керек. Өз саласы бойынша ем жүргізудің барлық тәсілдерін өте жетік меңгеруі тиіс. Мен үшін өмірдегі басты марапат – өз науқастарымды дені сау және бақытты қалпында көру. Өзім бір кездерде көмек берген адамдарды кездестіргенде қандай қуаныш сезімі билейтіндігін көрсеңіз... Олардың есімдерін білмеймін де, ал олар болса үнемі мені естеріне алып, арнайы келіп амандасып, алғыстарын айтып тұрады. Мені нағыз дәрігер қылған осындай өмір сабақтары деген болар едім. Мен бүгінде жаңадан арамызға келіп қосылған жас мамандарға мүмкіндігінше бар білгенімді, білімімді беруге тырысамын», - дейді кейіпкеріміз.
Қазіргі кезде Асқар Ешманұлы «Медикер» клиникасында мамандандырылған бөлімшесінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып отыр. Сонымен қатар,
![]()
Шымкент қалалық №1 ауруханасында торакалды хирург болып қызмет атқарады. Ол мыңнан аса күрделі оталар жасаған жоғары дәрежелі хирург. Әр жылдары облыс әкімінің, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің, Республикалық кәсіподақ комитетінің және бірнеше мәрте әкімшіліктің құрмет және мақтау грамоталарымен марапатталған. 2009 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің үкімімен «Ерен Еңбегі үшін» медалін омырауына тақты.
Өңірдегі денсаулық саласында шаршамай, шалдықпай адал еңбек етіп жүрген абыройлы азамат мерейлі отбасының басшысы. Берекелі де бақытты шаңырақта жұбайымен бірге жеті перзент тәрбиелеп, өсіріп отыр. Алтын қолды дәрігерге денсаулық тілеп, әлі талай жанға жаңа өмір сыйлап, биік шыңдарды бағындыра беріңіз демекпіз.