Жеңсікбаева Шынар

Рейтинг:
ШЫНАРДЫҢ ШЫРАЙЛЫ ШЫҢЫ

      Ертеде бір данагөйден шәкірті: «Өмір өзегі дегеніміз не?», – деп сұраған деседі. Сол кезде данагөй шәкіртінің жанарына ұзақ қарапты. Шәкірті тағатсыздана жауабын тосып тұрған қалпын аңдап: «Шырағым, өмір өзегі – үміт пен сенім. Сол үміт пен сенімді жалынды жүрегіңде сақтай біл. Сенің жанарыңда жасын ойнап тұр. Ол – сендегі ұлы мақсаттар. Мақсатыңа жету жолында кедергі кездесері хақ. Дегенмен, бәрін жеңесің. Ұмытпа, жүрегіңе ешқашан пенделікті жуытпа», – деп шәкіртінің сауалына жауап берген көрінеді. 
      Замана көші жаңғырып, адамдар алмасқанымен, өсиет сөз ұмытылмады. Бүгінгі күні де ақ үміт пен арманын желкен еткен ерекше жандарды айналамызда көптеп ұшыратамыз. Солардың бірі – «Шапағат» мүгедек балаларды сауықтыру орталығының президенті Шынар Қуанышқызы жайлы сыр шертуге шын жүрегіммен құмарттым.
      Мемлекет қазіргі таңда даму мүмкіндігі шектеулі жандарға айрықша назарын аударып, қамқорлық көрсетіп отыр. Бұл қамқорлықтың бәрі «Кемтар балаларды әлеуметтік-медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» ҚР Білім туралы заңында қарастырылған. 
      Әлеуметтік бейімделу – тек дені сау адамдардың ғана емес, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалардың да әлеуметтік ортаға қосылуы, қоғамда өмір сүруге бейімделуі. Мүмкіндігі шектеулі балаларда бейімделу процесі үнемі сәтті, қиындықсыз бола бермейді. Бұл жұмыста үлкен жауапкершілік, төзімділік, тәжірибе қажет.       Оларды әлеуметтік психологиялық түзету арқылы қолдаудың маңызы зор. Біздің елімізде осы салаға байланысты арнайы сауықтыру орталықтары жұмыс жасайды. Міне, сондай қоғам үшін аса қажет сауықтыру орталығы Қазалы ауданында 1995 жылы жүрегі дархан, көңілі көркем, білікті ұйымдастырушы, Жеңсікбаева Шынар Қуанышқызының бастамасымен ашылды. Мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыру орталығы «Шапағат» атауымен жұмыс жасайды. Негізі қаланғанына 23 жыл болған орталықта лайықты ем алуға барынша қолайлы жағдай жасалған. 
      Орталықты ашу үшін Шынар Қуанышқызының сіңірген еңбегі айрықша. Нағыз патриотизмнің, отаншылдықтың, азаматтықтың үлгісіндей кішіпейіл Шынар Жеңсікбаеваның талай түндері мен күндерін ұрлаған уақыт бұл сөздерімізді растайды. Әлеуметтік жағынан төмен отбасыларына, олардың мүмкіндігі шектеулі балаларына ұдайы көмек көрсетіп жүретін белсенді қайраткер осы орталық ашылғанша «жарғақ құлағы жастыққа тимей», талай табалдырықты тоздырып, біршама жанның есігін қаққаны шындық. Табанды еңбек етпесе бақыттың құлпы есігін ашпайтыны да айқын. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейді. 
      «Шапағат» балаларды сауықтыру орталығында 23 қызметкер жұмыс істейді. Оның басым көпшілігі тәжірибелі мамандар. Қазіргі кезде тірек-қозғалыс мүшелері кінаратқа шалдыққан, әлеуметтік жағдайлары төмен отбасыларынан шыққан мектепке дейінгі 44 бала орталықта ем алуда. Орталықта тәрбиеленуші мүмкіндігі шектеулі балалар денсаулығына байланысты төрт топқа топтастырылған:«Үміт» тобы – орталық нерв жүйесі зақымданған, тірек-қимыл қозғалысы бұзылған балалармен жұмыс істейтін топ. «Тілашар» және «Балдырған» тобы – құлақ және тіл мүкісі зардабын тартып отырған балаларды мектепке даярлау тобы. «Балауса» тобы – Алматы қаласындағы «Кеңес» сауықтыру орталығы методикасы бойынша дүниеге келген. Топтың мақсаты – оқуға және ғылым әліппесін игеруге мүмкіндіктері шектеулі 7-18 жас аралығындағы кемтар балаларды әлеуметтік қалыптастыру. Сонымен қатар, мүгедек балаларды жыл сайын республика көлемінде арнаулы және арнайы мектептерге оқуға жіберу, оның ішінде, «Ақсай» республикалық балалар клиникалық ауруханасына жіберу жолға қойылған.
      «Шапағаттықтардың» атқарып жатқан жұмыстары білім және денсаулық саласының және үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүзеге асырылып жатқандығымен де басқаларға үлгі. Бұл сауықтыру орталығына 2001 жылдан бері «ПетроҚазақстан» мұнай компаниясы демеушілік жасап келеді. Құрылғанына 23 жыл болған «Шапағат» орталығы ұжымының 20 жылдан астам демеуші болып келе жатқан ПҚҚР мұнай компаниясына айтар алғыстары шексіз.
      «Шапағаттықтар» мекеме басшысының бастамасымен бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырды. Алғаш 1995 жылы қолға алған ҰЕҮ ретінде тіркеуден өткізу және аудан көлеміндегі даму мүмкіндігі шектеулі балалар санын анықтау және оларға қажетті көмек көрсету мақсатында «Шапағат» қоғамын ұйымдастыру» жобасы БҰҰ тарапынан бөлінген қаржыны, 1996 жылы «ДЦП диагнозды балалары бар аналарды оқыту» жобасы Австралия Елшілігінің грантын жеңіп алды.
      1997 жылғы «Даму мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарына бизнестің құпиялары мен оны жасау жолдарын үйрету» жобасы Халықаралық Еңбек мекемесінің, «Аудандағы даму мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту» атты 10 балаға арналған оңалту бағдарламасы Нидерландия Королі Елшілігінен қаржыландырылған грантына ие болды.
      1998 жылғы Аудандағы даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық көмек беру мақсатында «Әлем балалар үшін» жобасы, 2001 жылғы «Шапағат» сауықтандыру орталығын құру» жобасы «Харрикейн Құмкөл Мұнай» компаниясының қолдауын иеленді.
      2001 жылғы «7-14 жас аралығында ғылым және білім әліппесін игеруге мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік қалыптастыру» жобасы «Кеңес» республикалық орталығының, даму мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту бағдарламасына сәйкес емдік денешынықтыру кабинетін жаттығу құралдарымен жабдықтау мақсатындағы «Қозғалмалы оңалту» және 2005-2006 жылдардағы «Балауса» әлеуметтік қалыптастыру тобын қайта жандандыру жобасы Қызылорда облыстық «Туған Жер» қоғамдық бірлестігінің қолдауына ие болды.
      2007-2009 жылдарда аудандағы даму мүмкіндігі шектеулі балаларды аспазшы, тігінші, ағаш ұстасы, аяқ киім шебері мамандығына үйрету мақсатындағы «Мастер-класс» жобасы Будапешттегі «Білім. Орталық Азия» арқылы қолдау тапса, аудандағы білімге жаны құштар, даму мүмкіндігі шектеулі дарынды жастарды табу және таныту мақсатындағы «Талапкер – 2009» жобасы «Бота» және «Е.Татышев» қайырымдылық қорларынан қолдау тапты.
      2010 жылғы мүгедек балаларды кешенді сауықтандыру мақсатында емдеу кабинеттерін ашудағы «Денсаулық әлемі» жобасы, 2013 жылғы «Мүгедек балаларға кеңес беру орталығын ашу» жобасы, 2012-2013 жылдары «Психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға күндізгі стационарда қызмет көрсету» жобасы «Бота» қайырымдылық қоры есебінен қаржыландырылды.
      2012 жылғы «Ер Төстік» мүгедек балаларға арналған республикалық сайысына қатысу арқылы «Демеу» мүгедек балаларды қолдау қоғамдық қорының қолдауына ие болды. 2014 жылы Қазалы ауданындағы өз-өзіне қызмет жасай алатын, есте сақтау қабілеті дамыған, интеллектуалды ойлау қабілеті қалыпты, белгілі іске икемі бар 15 қыз баланы тігінші және аспазшы мамандығына оқыту үшін курс ұйымдастыру мақсатында «Зерделі» жобасы мен «Шапағат» орталығын инстиционалды дамыту мақсатындағы «Даму» жобасы, 2015 жылғы Қазалы ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға мектепке дейінгі орталықтарда және мектептерде инклюзивті білім беру саясатын жергілікті қауымдастықты жұмылдыра отырып, іске асыру мақсатында «Бәріне бірдей мүмкіндік» жобасы «USAID», «АРГО» және «Бастамаларды қолдау» орталығының есебінен қаржыландырылды.
      2014 жылғы Қазалы ауданында мүгедек баласы бар ата-аналарға арналған веб-сайт ашу және жергілікті қауымдастық, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерімен бірлесе отырып дөңгелек үстел өткізді. «Мүгедек баласы бар ата-ана құқығы», «Мүгедек бала құқығының сақталуындағы қиындықтар мен құқықтық мәселелер» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастыру үшін «Қамқор» жобасын Алматы қаласындағы «Орталық Азияның Еуразия қоры» жүзеге асыруға демеушілік жасады.
      2016 жылы Қазалы ауданында мемлекет тарапынан берілетін тегін медициналық қызмет пен дәрі-дәрмектердің халыққа қолжетімділігіне әлеуметтік зерттеу жүргізуге орай «Ұлт денсаулығы – басты назарда» жобасы USAID, ФЕЦА және «Поддержка инициативы» Қоғамдық бірлестігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
      Жыл сайын қазан айында «Шапағат» орталығында қызметкерлердің ұйымдастыруымен балалар арасында «Көңілді старт» спартакиада жарысы өткізіледі. Бұл игілікті іс алғаш рет «Харрикейн Құмкөл Мұнай» компаниясының қаржыландыруымен 1998 жылы Мүгедектер күніне арнап ұйымдастырылған болатын. Алғаш рет «Шапағаттықтар» іргетасын қалаған бұл жарыс қазіргі таңда барлық аудандарда ұйымдастырылып, облыс орталығында аяқталады. Облыс орталығында өтетін жарысқа «Шапағаттық» сәбилер де қатысып, жүлделі орындарды алып жүр. 
      Мекемеде тәрбиеленуші сәбилер арасында «Қылқалам» сурет үйірмесі, «Балауса» би тобы, «Қарлығаш» фольклорлық ансамблі, «Ару ана» ата-аналар клубы тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Балалар мен олардың аналарының қатысуымен жыл сайын атаулы мерекелерге арналған іс-шаралар өз дәрежесінде аталып өтсе, орталық мамандары балалардың ата-аналарына арнап ай сайын түрлі семинар-тренингтер өткізіп отырады.
      2007-2010 жылдар аралығында Алматыдағы «Білім-Орталық Азия» білім жетілдіру орталығы республика көлемінде даму мүмкіндігі шектеулі балаларды сапалы оқыту мақсатында байқау жариялады. «Шапағат» орталығы №5 кәсіптік мектеппен бірге «Шеберлік сынып» жобасымен аталмыш байқауда бағын сынап, нәтижесінде тігінші, аспазшы, ағаш ұстасы және аяқ киім жөндеу шебері атты мамандықтар бойынша 20 бала сертификат алып шықты. «Шапағат» орталығынан 11 үміткер қатысып, оның үшеуі арнаулы оқу орындарына оқуға түсті. Шәкіртақы, жол шығыны да қор тарапынан қаралды. Бүгінде сол кезде студент атанған жастар өз оқуларын жақсы деген бағамен бітіріп шыққан. Олар Елбасымыздың «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша «Шапағат» орталығынан іс-тәжірибеден өтіп, қазіргі таңда өз істерінің майталман шебері атанып үлгерді.
      2012 жылдың маусым айында Алматы қаласындағы «Демеу» қоғамдық бірлестігі «Ер Төстік» республикалық мүгедек балаларға арналған байқауын ұйымдастырды. Орталықтың 7 тәрбиеленушісінің шығармалары байқауда үздік деп танылып, «Демеу» қоры тарапынан бағалы сыйлықтарға ие болды. 2010 жылдың маусым айында «Шапағат» орталығының «Денсаулық әлемі» атты шарасы «Бота» қоғамдық қорының « Қызметтерді қолдау» бағдарламасы бойынша жеңімпаз атанды. «Денсаулық әлемі» атты жобаның басты мақсаты – Қазалы ауданындағы 0-18 жас аралығындағы мүгедек балаларды медико-психо-педагогикалық сауықтандыру, әлеуметтік оңалту. Осы жоба аясында «Шапағат» орталығында ем алу сапасын жақсартуға қосымша сенсорлы бөлме, жаттығу бөлмесі, электротерапия, массаж жасау бөлмесі, емдік денешынықтыру бөлмесі ашылып, балалардың игілігіне берілді. Мүгедек балалар арасында спорттық секциялар ашылып, қолөнер үйірмелері, би бөлмесі, кинозал орталықтағы балаларға қызмет жасауда. Осы жоба аясында «Шапағат» орталығы Қазалы ауданындағы мүгедек балаларды сауықтандыру мақсатында жаңа технологияда ашылған кабинеттердің иегері. Ол кабинеттерде реабилитолог дәрігер, ысу маманы, логопед, дефектолог сынды білікті мамандар аудандағы мүгедек балаларға тегін қызмет көрсетеді.
      2012-2013 жылдары Қазалы ауданы бойынша тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық патологиясы бар 20 мүгедек балаға күндізгі стационар түрінде арнаулы әлеуметтік қызмет ұйымдастыру үшін «Шапағат» орталығы республикалық бюджеттен бөлінген қыруар қаржыны толығымен игерді.
      2013-2015 жылдары орталық тарапынан бірнеше халықаралық жобалар іске асырылды. 2013-2014 жылдары «Шапағат» орталығының «Қызмет» жобасы «Бота» қоғамдық қорынан қолдау тапты. Жобаның мақсаты – экологиялық апат аймағының кіндігі Қазалы ауданындағы 0-24 жас аралығындағы мүгедек балалар мен жастарға және мүгедектік қаупі бар балаларға арналған кеңес беру орталығын ашу. Іскерлік іс-әрекеттердің нәтижесінде «Шапағат» орталығы жанынан жаңа филиал ашылды. Бұл филиалға бүгінде 364 аудандағы 0-24 жас аралығындағы мүгедек және мүгедектік қаупі бар 364 бала тіркелген. Олардың әрқайсысы психолог, невропотолог дәрігер, заңгер, әлеуметтік педагог мамандарынан тегін кеңес алып тұрады. 
      2014 жылы «Шапағат» орталығын инстиционалды дамыту мақсатында «Даму» жобасы – АҚШ-тың Орта Азия республикаларындағы халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (USAID) қаржылық қолдауымен және «Бастаманы қолдау» қоғамдық ұйымы «АРГО» қолдауымен іске асты. Жоба бойынша орталықтың 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспары құрылды. «Қамқор» жобасы – 2014 жылдың қараша айынан бастап орталық «Орталық Азияның Еуразия қоры» қаржыландыруымен және «Сана. Сезім» қоғамдық ұйымының қолдауымен «Қамқор» жобасын іске асыруға кірісті.
      Жобаның мақсаты – Қазалы ауданында мүмкіндігі шектеулі баласы бар ата-аналарға арналған құқықтық заңгер кеңсесін ашу. Қазалы ауданында құқықтық заңгер кеңсесі ашылып, онда 40 мүгедек баланың ата-анасынан арыз келген. Түскен арыз-шағымдарға заңгер тарапынан тиісті жауаптар берілді. Жоба барысында жергілікті қауымдастықпен бірлесе отырып дөңгелек үстел отырысы және ата-аналардың қатысуымен «Мүгедек баласы бар ата-аналардың құқықтары» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
      2015 жылдың қаңтар айынан бастап «Бәріне бірдей мүмкіндік» жобасын іске асыруда.. игілікті жұмыстың мақсаты – Инклюзивті білім беруді дамыту бағыттары – 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік дамыту бағдарламасы аясында Қазалы ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға мектепке дейінгі орталықтарда және мектептерде инклюзивті білім беру саясатын жергілікті қауымдастықты жұмылдыра отырып, іске асыру.
     «Табиғаттағы барлық жылу – күннен, өмірдегі барлық жылу – адамнан», – деген Михаил Пришвиннің қанатты сөзі өмірлік ұстанымына айналған Жеңсікбаева Шынар Қуанышқызы 1973 жылы 2 маусымда Қазалы ауданының қазіргі Әйтеке би кентінде қарапайым отбасында дүниеге келген. Әйтеке би кентіндегі Қ.Сәтпаев атындағы №216 орта мектепті бітірген. 1992 жылы Қызылорда қаласындағы №9 кәсіптік-техникалық училищесін «Бухгалтерлік есеп», 2006 жылы Қызылордадағы «Қызмет» колледжін «Заңгерлік», 2009 жылы Қызылорда экономика, экология және құқық университетін «Құқықтану», 2011 жылы «Болашақ» университетін «Педагогика және бастауыш білім беру әдістемесі» мамандықтары бойынша бітірген. 
      Еңбек жолын Қазалы аудандық қаржы бөлімінде хатшылықтан бастаған Шынар Қуанышқызы 1995-1996 жылдары «Шапағат» мүгедек балалар мен олардың аналарына көмек беру қоғамының ұйымдастырушысы болса, 1996-1998 жылдары жоба үйлестірушісі, 1998-2001 жылдары атқарушы директоры, 2001-2010 жылдары «Шапағат» мүгедек балаларды сауықтандыру орталығының басқарушысы қызметтерін атқарды. Тынымсыз еңбегімен, теңіздей тереңдігімен, дархан даладай кеңдігімен айналасындағыларға үлгі-өнеге болып жүрген Шынар Жеңсікбаева 2010 жылдан бастап «Шапағат» орталығының президенті қызметін атқарып келеді. Көрнекті қоғам қайраткері шын мәнінде қай жерде жүрмесін айналасына мейірім-шуағын шашып, жанындағы жандардан ізгілік іздеп жүретін жан. Ол қандай қызмет атқармасын алдымен айналасындағы адамдардан ізгілік іздейді. Өзі де соған сәйкес мейірім-шуағын шашып, ұлт пен ұрпақ мәселесін ұдайы жоғары қояды.
      «Шапағат» сауықтыру орталығын бастау жобасын іске асыруда Шынар Қуанышқызы ерінбей-жалықпай, саланың қыр-сырын үйрену үшін облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде өз білімін жетілдірді. «Каунтерпарт Консорциум» халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен өткізілген «Үкіметтік емес ұйымдар және қоршаған орта», «ҮЕҰ басқару және жобаларды құру тәртібі», «Фандрайзинг», «Қазақстандағы ҮЕҰ рөлі» тақырыптарында білім алса, БҰҰ даму бағдарламасының ұйымдастыруымен өткізілген «ҮЕҰ потенциалдық мүмкіндіктерін жинақтау», «Бизнес негіздері», «Мемлекеттік қызмет көрсетуде қоғамдық мониторинг жүргізу механизмдері» тақырыптарында білімін жетілдірді. АҚШ халықаралық даму агенттігі ұйымдастырған «Әлеуметтік әріптестік жоспарын құру», «Фандрейзинг жоспарын құру», «Грант жеңіп алуды жоспарлау», «Фандрайзинг. Грантқа тапсырыс беру және жобалар әзірлеу әдістемесі», «Транинг өткізу әдістемесі», «Қоғамдық қорлардың құралдары», «Әлеуметтік әріптестік», «Қаржылық тұрақтылық», «Даму тарихы: ішкі көзқарас», «Гендерлік басқарудағы табысты стратегиялар» тақырыптарында курстарға қатысса, «КАМЕДА» Орталық Азияның Еуразия қорының базасында «Базалық талдау және зерттеу әдістері», «Институционалдық даму», «Эдвокаси және әлеуметтік маркетинг», «Қазақстанда ҮЕҰ күшейту мүмкіндіктері: Мүмкіндігі шектеулі жандарды қорғау құқықтары» курстарына қатысып, үнемі ізденіс үстінде жүргені хақ.
      Балаларға қамқоршы жан 2005 жылы аудандық әйелдер форумында «Мейірімділік мекені», 2012 жылы Қызылорда облыстық көшбасшы әйелдер ассоцияциясында «Ажар» сайысының «Үкіметтік емес ұйымдар», 2015 жылы облыстық патриоттар форумында «Қамқорлық», 2013 жылы «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығының «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін», 2015 жылы Қызылорда облыстық Азаматтық форумда «Мейірім», 2016 жылы VII Халықаралық конференциясында «Орталық Азияда ҮЕҮ және бизнес арасында жеткен жетістіктері үшін» «SOCIAL PARTNERSHIP PRIZE – 2016» номинацияларының иегері атанды. Бұған қоса, екі мәрте аудандық, екі мәрте облыстық Үкіметтік емес ұйымдар форумының делегаты, 2006, 2011, 2012 жылдары республикалық ҮЕҰ Форумының үш дүркін делегаты болуы қазақ халқы үшін зор мақтаныш. Ол 2012 жылдан бастап Қызылорда облыстық Іскер әйелдер клубының белсенді мүшесі.
      2014 жылы «Шапағат» сауықтыру орталығы» қоғамдық қорымен қоса, 50 орындық «Ханшайым» жеке балабақшасын ашқан. Бөбекжайда 18 адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, балалардың мейірімділік, жақсылық, сүйіспеншілік туралы түсініктерін кеңейту, ата-анасына, Отанына деген сүйіспеншілікке байланысты ой-өрістерін дамыту арқылы көңілдерін қуанышқа бөлеп, ізгілікке тәрбиелеу үшін аянбай еңбек етуде.
      Ширек ғасырдай уақытын осы салаға арнаған өнегелі кісінің жұртшылықтан еститіні өзі туралы жылы сөз. Адамға одан артық қандай марапат қажет?! 
      2002 жылы ҚР «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медалымен, 2004 жылы «Конституцияның 10 жылдығы» төсбелгісімен мадақталған. Ал, 2011 жылы «ПККР» компаниясының 25 жылдық және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалін иеленген. Елге сіңген ерен еңбегі үшін Шынар Қуанышқызы 2012 жылы «Шапағат», 2013 жылы «Абай аманаты» және «Қазалы ауданы – 2016» мерекелік медалдерін омырауына қадаған. Бірнеше дүркін ҚР БҒМ Балалардың құқығын қорғау Комитетінің, Қызылорда облысы әкімінің, Қазалы ауданы әкімінің, Қазалы аудандық Мәслихатының, Қазалы аудандық Әйелдер Кеңесінің Алғыс хаттарын иеленді.
      – Қызмет пен отбасын қатар алып жүруде ешқандай қиындық жоқ. Бастысы – жолдасың қолдау білдірсе болғаны. Бұл жағынан менің жолым болды. Себебі, өмірлік серігім Берекет Жетес Ахметұлы маған үнемі қолдау көрсетіп отырады. Қиындыққа қарсы тұра алатын қажымас жан запастағы офицер ретінде азаматтық деңгейі жоғары жан. Бүгінде жеке кәсіппен айналысып жүрген азаматым – отбасымыздың тірегі, сүйеніші, менің ақылшым десем артық айтқандығым емес. Әйелдің бақыты – ана болу, ананың бақыты – елге қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеу. Сәбилердің алаңсыз күлкісі, жастардың жарқын болашаққа ұмтылысы, ер азаматтарымыздың асқақ көңілі – осының бәрі әйел затына байланысты. Жолдасым екеуміз ұлағатты ұл, қылықты қыз тәрбиелеп, қоғамның кірпіші боп қалануға жарайтын саналы азаматтар етіп қатарға қостық. Бүгінде үш ұл, бір қыздан тараған екі немереге ата-әже атанып отырған бір әулеттің бәйтеректеріміз.
      Шынар Қуанышқызы таң сәріден жұмысына келіп, жоспарлы түрде күнделікті қызметіне кіріседі. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жан жарасын да тән жарасын да емдеп жазуға тырысады. Күнделікті қызметінен еш жалыққан емес, керісінше, өзіндік көзқарасы бар, алған бетінен қайтпайтын қайсар жан биік мақсат үшін атқарып жүрген ісін жақсы көретіні риясыз жымиысынан байқалып тұрады.
      Иә, Абайдың он төртінші қара сөзіне жүгінер болсақ, «Нағыз жүрек ісі рақымдылық, мейірбандылық және әртүрлі істе адам баласының бәрін өзіне тартып, бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді», – демекші ертеңге талпыныс, болашаққа бағдар, игі іс жасау асыл адамға тән құбылыс.Қоғамның барлық саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер өздерінің білімін, тәжірибелерін ел игілігі үшін жұмсап келеді. Ендеше, заманына қарап саналы түсіністікпен ерте бейімделген, өмір мектебінен өтіп көп құрметіне бөленген, асыл арманына қол созған бүлдіршіндерімізге көмек көрсетіп, сүйеніш болып жүрген үлкен жүректі, ғибраты мол ғажап жан Жеңсікбаева Шынар Қуанышқызына көпшіліктің атынан шексіз ризашылығымызды білдіреміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

19 января 2025 19:21
Баян
Роза - удивительная, позитивная, обоятельная женщина! По жизни ставит цель и смело идет к ней! Очень много мечтала...
18 января 2025 18:19
Жанболат
Анам туралы жазбаларыңа көп рахмет!!!...
16 декабря 2024 23:39
Роза
Менің Әкем.❤️Аллаға шүкір.Ата анам жүз жасасын!...