![]()
Соңында суылы қалып отырған уақыт самұрығын кім тұғырына қондырған?! Өткен күннің қараңғылығы қоюлана түссе де, шығыстан найза бойы көтерілген күн секілді жарық шашып, аталарымыздың тасқа жазылған тарихына үңіліп, сыр бұғып жатқан өткеннің сары парақтарын қайта ақтарып, беймәлім дүниелерді жарыққа шығарып, тарихты сілкіп тастап, ғылымда өшпес таңба қалдырып келе жатқан азаматтарға мың тағзым. Тұнық судың өзін кешіп ішкен Тайбурылдың тектілігі, болмысына сай бекзаттығы, қара сөзді ора сөйлеген шешендігі мен Лұқпан Хакімнің парасаттылығы бір бойынан табылған, шығармашылықпен қоса қызметті де алып келе жатқан, тілегінде ел амандығы, жүрегінде мейірім-махаббаты, алдына келген емделушілерге дем берген тұлғаларымыздың бірі – Оспанова Марал Зейнел-Ғабиқызы.
Өмірге келген әрбір тамырында тіршілік қан айналып тұрған, жұмыр жүректі пенденің қызметі мен еңбек еткен ортасына байланысты өмірден алатын орны болады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де, нәзіктік пен батылдықты, тиянақтылық пен табандылықты талап ететін медицина саласында қызмет етумен қатар күміс көмейінде булығып жатқан отты өлеңдерін қағаз бетіне түсіріп, жырдан шөлдеген халықты нәрлендіріп, адами болмыстарды өлеңге қосқан, жүрегі жырдан құралған шығармашылық адамы. Медицина тез шешім қабылдап, бекітілген инструкцияға сәйкес жасалатын, бекітілген шеңбері бар қызмет болса, шығармашылық дала төсінде құйғытқан тұлпардай еркіндікті қалайтын, ойы қыранның қанатында болып, зердесі мен зейіні мұхиттан да терең сүңгитін, үп еткен желден де жаны тоңазитын, алыстағы оттың жарығынан да жылу алып, тазалық пен адалдық, пәктік пен іңкәрліктен тоят алатын қылдан да жіңішке өте нәзік сала. Екі саланы бір тізгінде ұстау, шабан мен жорға бір арбаға жеккендей еді.
![]()
Бірақ, темір таяғы тебендей болғанша, темір етігі теңгедей болған еңбек етіп, шыдамдылық танытып, жүрегімізге нұр болып құйылған иманның шапағатымен сабырлылықты серік еткен елдің ұланы емеспіз бе?! Екі саланы бір тізгінге сала білген Марал Зейнел-Ғабиқызы елдің құрметі мен ыстық ықыласына айналған алтын жүректі жан бола білді. «Мыңның түрін білгенше, бірді атын біл» дегендей кейіпкерімізді оқырманға тереңірек таныстырып өтсек.
Оспанова Марал Зейнел-Ғабиқызы 1951 жылдың 23 шілдесінде Солтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Преснов, қазіргі Шал ақын ауданы, Баян колхозына қарасты Ортақкөл ауылында дүниеге келді. Тағдыр тезіне қорған болып, әрдайым ізгі істердің бастамашысы болған әкесі – Иманбаева Зейнел-Ғаби қазақ жазушысы, СССР жазушылар одағының мүшесі, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдыра білген, маржан сөздің марқасқа азаматы еді. 1968 жылы Қызылжар қаласындағы облыстық №2 мектеп-интернатында білім алған бала Маралдың жазуға деген құштарлығы, сөздің патшасы өлеңге деген ынтызарлығы мен қабілеті мектеп қабырғасында жүріп ашыла бастады. Қара сөздің қаймағын терген әкесінің жанында жүріп, жатқа толы кеудесінен ағылып түскен асыл сөйлемдерден нәр алған ол сырлы да нәзік әлемнің есігін ерте ашты. Мектеп қабырғасында жүріп әдебиетке жақын болып өскен Марал мектептің қоғамдық өміріне араласумен қатар, бойындағы тәңірдің берген сыйын дамыту мақсатында көп оқып, іздене білді.
Болашаққа арман көзбен қарайтын Марал болашағын медицинамен байланыстыратын. Десек те, жүрек түкпірінде менмұндалап, отты жыр болып жарып шығып, қағаз бетіне асыл сөздер болып түскен өлең жолдары қабілетті жастың мойнына алынбас қамыт болып ілініп, қалам ұстаған сәтте шабыт тұлпарынан түскен емес. Мектепті бітірген жас дарын, 1970-1976 жылдар аралығында Целиноград мемлекеттік медицина институтында оқып, дәрігерлік мамандықты алып шықты. Осылайша, күн сөнгенше сөнбейтін медицинаның табалдырығын аттаған жас маман Соколов аудандық орталық ауруханасында аймақтық дәрігер, көп жыл терапия бөлімінің басшысы, әскери – дәрігерлік комиссияның тұрақты аға дәрігері, аудандық терапевт болып 20 жыл дәрігер ретінде еңбек еткен жылдар аралығында түрлі қызмет атқарды.
Тұрмыс құрған соң 1980-1981 жылдар аралығында отағасы Оспанов Абай Бейсембаевич Совет Әскері қатарына шақырылып, отбасымен Қиыр Шығыста Байкал-Амур теміржолын салысып елге қайтқан Марал Зейнел-Ғабиқызы Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Қарулы Күштері министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың бұйрығымен медицина қызметінің запастағы капитаны шенін алды. Тоқсаныншы жылдар көңілге қаяу түсіретін сәттерге толы еді. Қыстан көтерем шыққан сиырдай болған медицинаның да аяғы ақсап, қара халық «қара қазан, сары баланың қамы үшін» жан бағып кеткен жылдар келмеске кетті. Десек те, сол бір қиын-қыстау кезеңде таңдаған мамандығы бойынша қызмет етіп, Гиппократ антына деген адалдығын көрсете білген Марал Зейнел-Ғабиқызы сол бір жүдеу көңіл жылдары дәрігерлікп
![]()
ен қатар, шығармашылықпен де айналысып үлгеріп, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Ел сенімінен шыққан, көптің үмітін ақтай алатын, сенімді тұлғалар тапшы кезеңде бас болып, ел мен билік арасындағы алтын көпірге айналды. 1994-1999 жылдары алғашқы шақырылымдағы мәслихат депутаты болып сайланып, түрлі мәселелерге өз пікірін ашық айтып, шешімін табуға ат салысты.
2000-2002 жылдар аралығында Қызылжар аудандық денсаулық бөлімінің бас маманы, ал 2002-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінде бас маман қызметін атқарды. 2015 жылы дәрігер болып еңбек еткеніне 40 жыл болған ұзақ та, күрделі еңбек жолында Марал Зейнел-Ғабиқызы еңбегі ескеріліп, 2015 жылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған Марал Зейнел-Ғабиқызының есімі Астана Медицина университетінің «Алтын Қорына» кірді. Сонымен қатар, кейіпкеріміз 2006 жылы Астанада өткен ең алғашқы Евразия әйелдері Саммиті Халықаралық әйелдер конференциясына делегат болып, Петропавл қаласында өтетін түрлі конференцияларға, дөңгелек үстелдерге, мәдени-әдеби және кәсіби шараларға белсене қатысқан, қоғам қайраткері.
Өнер – баршаның басына бұйыра бермейтін бармақтай бақ. Қай дәуірде де өнерліге өріс кең. Талант пен Қабілет – егіз ұғым, бір өзеннің қос арнасы. Жүздің емес, мыңның біріне ғана берілетін тәңір сыйы. Осы аталған асыл қасиеттерді тал бойына сыйдырып, өзгелерден артық қабілетімен, өнерімен тыңдармандарын сүйсіндіріп, мерейлендіріп жүрген жастардың әрқайсысы бір-бір мақалаға сұранып тұрған бала тұлағалар. «Әр кәллада бір арман»» демекші, әркімнің өз арман-мақсаттары мен ешкімге бөліспейтін өз мұраттары бар. Өнер – таланттың тәбәрігі, халықтың қазынасы, жұтамас байлық. Міне, осындай тәңірдің жүздің емес мыңның біріне таңдап беретін тартуын бойына сыйдырған Марал Зейнел-Ғабиқызының негізгі мамандығынан басқа сүйікті ісі – шығармашылық.
Аламанның дүбірі алыстан естілгенде құлағын қайшылап, тебінетін Құлагердей, отты жыр десе арқасы қозбайтын қазақ кем де кем шығар. Сан ғасырға куә болып, қазақтың көшпенді тұрмысы мен салт-дәстүрін қос пернесінде сөйлете білген, көпшілік жиналған сахна төріне көтеріліп келе жатқан ақын тұлғасын сөзбен көркемдеп жазуға қаламның ұшы мен «мен» деген суретшінің қылқаламының ұшы да жетпейді-ау! Жүрегінде жалындаған отты жыр, ақынның айтар ойымен біте қайнасып, қазақтың намысы мен арын, өр рухын бірде көкте қиялаған қыранның қанатында қалықтатса, енді бірде елдің мұң-мұқтажын ел басшыларына жеткізіп, тентегін тезге салған ауыл ақсақалындай бұрыс жерлерін тура айтып, тоғыз өрім дырау қамшыдай тіліп-тіліп түседі. Басшының көзі көрмеген әділдікті, құлағына жеткізген ақын көтеріп тұрып құлатса, еңсесі түскен елді әзілмен күлдіріп, шаттандырып, сағымға айналған айтысқа сағынып келген елдің рухын қайта көтеріп, ертеңгі күнге деген құлшынысын оятады.
Міне, сан ғасыр теперіш көрсе де, тапжылмас тауға айналып, сағынған елін сусындатып келе жатқан өшпес із, өлмес өнер – ақындық, Жүні жабағы, құйрығы қайқы ауыл итіндей балақтан жармасқан тұрмыстың қиыншылықтарын сілкіп тастап, беліне өлеңінің ауыр алдаспанын байлаған, уақыт өшіргіші өшіре алмайтындай етіп мәңгілік алтын қаламмен жыр жазып, өркенін өсіріп келе жатқан дәрігер-ақын Марал Зейнел-Ғабиқызы болмысы ерекше дарын, алтын күн сәулесімен көмкерген дарқан даланың алтын жүректі перзенті. Тек өлең ғана емес, қоғамның белсенді мүшесі бола жүріп жазған мақалалары да баршылық. Жазған өлеңдері мен мақалаларын «Солтүстік Қазақстан», «Көкшетау», «Северный Казахстан», «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Маяк», «Қызылжар және қызылжарлықтар» газеттерінен оқуға болады. 2002 жылы Алматы қаласы «Ғылым» ғылыми баспа орталығында алғашқы өлеңдер жинағы «Қызылжарым» жарық көрді,
![]()
оқырмандар жылы қарсы алды. 2003 жылы ақын Мағжан Жұмабаевтың 110 жылдығына арналған өлеңдер жинағы «Қызылжардан ескеп леп» атты кітапқа бірнеше өлеңдері басылды. 2004 жылы Петропавл қаласында облыс ақын қыз-келіншектерінің «Бәйшешектер - Подснежники» атты шығармалар жинағы жарық көрді. Оған орысша-қазақша бірнеше өлеңдері кірді. Одан соң 2004 жылы жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың 80 жылдығына арналған «Қалам қадірін ұстаған біледі» атты жинаққа да өлеңдері басылды. «Сырлы сезім», «Жақсының аты өшпейді», «Қоңыр дәптер» жарық көрді. 2013 жылы әкесі жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың «Балаларға арналған қызықты әңгімелер» кітабын бастырып жарыққа шығарды. 2006 жылы Петропавл қаласы «Полиграфия» баспасынан «Сырлы сезім», 2011 жылы Петропавл қаласында жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев туралы «Жақсының аты өшпес», 2014 жылы Петропавл қаласынан «Қоңыр дәптер», «Краса и гордость Северного Казахстана» кітабының II томы «Жаны сұлу жан анам», 2018 жылы Алматы қаласынан «Өзін-өзі тану» 6-сыныптың, «Сұлулық туралы» кітап-оқулығы жарыққа шықты.
Сонымен қатар, Марал Зейнел-Ғабиқызының өзекжарды мақалалары 2006 жылы Ә.Ғалеевтің «Өмір арнасы ұрпақ жалғасы» атты шежіре кітабында, 2008 жылы «Олар ұмытылмауға тиіс» атты мақаласы мен И.Қасымовқа арнаған өлеңі Т.Сүгірбаевтың «Ауылым аты – Баян» атты кітабына, «Ақталған есімдер» немесе «Возвращенные имена» кітаптарында басылса, Марал Оспанованың бір топ өлеңдері орыс тілінде ақын Альфред Пряниковтың «Живу среди людей» атты кітабында басылып шықты. Марал Зейнел-Ғабиқызының «Мектебім – алтын бесігім», «Мектебіме» естелік өлеңдері мен «Кенжебайға», «Баянға», «Күлтайға» арнаулары 2018 жылы «50 жыл ғұмыр-дастан» кітабында топталып, жинақталып жарық көрді.
Қандай ортаға барса да еркін араласып кететін жібек мінезді Марал Зейнел-Ғабиқызы еңбек еткен жылдары дәрігерлік қызметте жүріп, қоғамдық өмірден де қол үзбеді, келелі мәселелер, сырлы әлем, тіршілік түйіткілдерін қамтыған мақалаларды үзбей басылымдарға жариялап отырды. 1982 жылы «В стране равенства и счастья», 1986 жылы «Приглашаем на диспансеризацию», 1992 жылы «Земля у нас одна», 1993 жылы «Чем опасен бруцеллез», 1994 жылы «Осторожно: бруцеллез!», 1995 жылы «Кеудеңде сәулең сөнбесін!», 1996 жылы «Великий пост ораза» атты мақалалары «Ленин туы» газетінде, 1998 жылы «Великий пост», «Жарқын болашақ үшін» мақалалары, «Маяк» гезетінде 1999 жылы «Білгенге – тәуелсіздік тайғақ кешу», 2000 жылы «Пән кабинеті де шағын кафедра», «Маскүнемдік – дерт», «Полимиелит», «Ит иттігін істемей қоймайды», «Аялдама сәндікке қойыла ма?» қоғамдық өзгерістерді қозғап ой салатын мақалалары «Солтүстік Қазақстан» аймақтық басылымдарында жарық көрді.
Марал Зейнел-Ғабиқызы мақаласында тұрмыс пен қоғам, өнер мен мәдениет, халық пен биліктің байланысы туралы жазып қана қойған жоқ, барлық түйіні шешіле қоймаған мәселелерді көтере білді. Мұндай мақалалары көптеп кездеседі. 2000 жылдары «Представитель ВОЗ посетили Бишкуль», 2001 жылы «Золотые руки», «17-маусым медицина қызметкерлерінің кәсіптік мерекесі» мақалалары «Маяк» мерзімді басылым беттерінде жарық көрсе, «Еркін де еркелей сөйлеудеміз» («Солтүстік Қазақстан»), 2002 жылы . «Мемлекеттік тілді шектеуге болмайды» («Солтүстік Қазақстан»), «Әділеттік кісілікке негізделген» («Егемен Қазақстан»), «Тәтті ұғым тудыратын түсінік» («Солтүстік Қазақстан»), 2003 жылы «Аты шықпайтындай атау жамау керек пе?» («Солтүстік Қазақстан»), «Ой толғау» («Қызылжар және қызылжарлықтар»), «Торда бұлбұл да сайрамас» («Қызылжар және қызылжарлықтар»), «Темекі қандай табысқа жетелейді», «Олар ұмытылмауға тиіс», 2004 жылы «Өмірге құштар еді», «Родом из Ортакколь», «Қамқорлықсыз қалған ауыл», «Мы, сестра, еще с тобой станцуем», «Үмітің үзілмесін», 2005 жылы «Жазушының жоқтауы», «Сырласыма сүйенемін», «Ұстазым, менің ұстазым», 2006 жылы «Сәтті сапар», «Көңілге көктем орнады», «Талантына тәнтімін», «Дәрігерлерді тоғыстырған мереке, «Аты-жөніміз қашан дұрысталады?», 2007 жылы, «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды», «Қарттарға құрмет», «Кейіпкерлерімен бірге ілгерілеп кеткен жан әкем жайлы сыр шертсем...», «Жат қылықтарға еліктеген қыздар болашаққа нені өнеге етпек?», 2008 жылы «Қолжетерлік» пе әлде «Қолжетімдік» пе?, «Өзің сыйлай білмесең-өзгеге өкпе артпа», «Әжелердей-әдепті, аналардай-ақылды болсын қызымыз» атты мақалалары Солтүстік Қазақстанда, 2009 жылы «Шошқаның қазысын көріп шошыдық» («Ана тілі»), «Профилактика ишемической болезни сердца» («Неделя»), « Как гром среди ясного неба» («Неделя»), «Қызылжарым менің!», «Сұлулық» («Ана тілі»), «Ауызсуды аңсап отыр» («Солтүстік Қазақстан»), «Ауызсуға жарымаған ауылым» («Ана тілі»), «Ардагерлерді ардақтайық», 2010 жылы «Рельспен құрсауланған мектеп енді қанша тұрмақ?» («Солтүстік Қазақстан»), «Аударма сапасы алаңдатады», «Қашан таза болады», «Татулықты танытқан» («Қызылжар нұры»), «Соттасқыш адамды жұрт жүйкесі жұқарған деп ойлайды» (сұхбат Ербақыт Амантайұлына), «Жұмыс берушілердің әлімжеттігі ұлымның көңіліне ауыр тиді» («Солтүстік Қазақстан»), 2011 жылы «Не доводить до инвалидности» («Неделя»), 2012 жылы «Адал еңбекті бағалай білейік», «Бір түрлі билбордтар нені жарнамалайды?» («Ана тілі»), 2013 жылы «Грозная болезнь века» («Все будет хорошо»), 2014 жылы «Вернуть к труду» («Северный Казахстан»), 2015 жылы «О специальных социальных услугах» («Квартал»), 2016 жылы «Специальные социальные услуги» («Квартал»), 2017 жылы «Жігерсіз шашы несі?» («Ана тілі»), 2020 жылы «Сағындырған ауылым» («Егемен Қазақстан»), 2021 жылы «Аударма сапасы ойлантады», «Балаға тіл үйретіп керегі жоқ, тілін шығару керек», «Қазақы мінез қайда кетті?» атты мақалалары («Ана тілі») газеттерінде жарық көрді.
Марал Зейнел-Ғабиқыз сым пернені баса сөйлеген, сыр сандықты аша сөйлеген ақын. Оның өлеңдеріндегі нәзіктік, сырлы сезім мен тұрмыстың көмескі сәттерінен туындаған мұң, жігерлендіретін өлең жолдары мен адами асыл қасиеттерді сақтап қалуға шақырған ұсыныстары, сегіз өрім қамшыдай болып, ішкі түйсік, шабытпен қосылып өріледі. Өзі туралы ақынның дара тұлғасы болмысын көрсету арқылы, мәдениет пен өнерді құрметтеуге, бағалауға шақырған ақынның барлық өлеңдері оқырмандарының жүрегінен орын тапқан. Мөдірлігі ерекше таңғы шықтай, азаматтық болмысы мен бұлқынған жүрегін тулап шыққан өлеңдері де газет беттерінде жарық көріп, өз оқырмандарын тапты. Енді, ақын өлеңдеріне оқырманға ұсынылған сәттеріне назар аударсақ.
1993 жылы «Возлюбленной», «Что такое любовь» аудармалары («Ленин туы»), 1997 жылы «Елім менің, халқым менің» өлеңі («Маяк»), 1998 жылы «Өзім турал», «Жойылсын соғыс», «Сыр ақтарам», «Сөз ешқашан өлмейді», «Қазағым» өлеңдері («Көкшетау»), 1999 жылы «Келініміз көргенді», «Жұлдызың болсын жоғары» өлеңдері, 2001 жылдары «Асығамын күн сайын...», «Мен сүйемін», «Жүрегімнің лүпілі» өлеңдері («Көкшетау»), «Қуат берсін құдірет» өлеңі («Солтүстік Қазақстан»), «Биение сердца», «Спешу каждый день», «Я люблю», «Обними меня» өлеңдері («Маяк»), 2003 жылы «Аналар тойы» («Қызылжар және Қызылжарлықтар»), 2005 жылы «Іздедің бе?», «Тілегім», «Өкінемін текке өткен күндер менен айларға» өлеңдері («Солтүстік Қазақстан»), 2006 жылы «Бақыт деген...», «Көктем», «Қыз қызғалдақ», «Асығамын», «Көкшіл сәуле көкке қарай жарасқан» өлеңдері («Қазақ әдебиеті»), «Ұстаздарыма» өлеңі, 2007 жылы «Далада», «Мен өзіңді», «Көңілімнің көктемі» өлеңдері («Солтүстік Қазақстан»), «Әйел – ана, әйел –жар» («Қызылжар нұры»), 2012 жылы «Ашық аспан, ақ жол тілеп еліме» («Ана тілі»), Ұстаз, Мәдениет қайраткері, Өлкетанушы Қайролла Мұқанов туралы кітапта «Ұлағатты ұстазы өлкеміздің» өлеңдері оқырман қауымына ұсынылды.
«Ат аунаған жерде түк қалар» дейді қазақ даналығы, иыққа ауырлық танытар салмағы басым дәрігерлік қызметін атқарып жүрсе де, шығармашылықтан қол үзбей, түні көп тұрмысты өлең шумақтарына сыйдыра білген, адами асыл қасиеттерді бойынан көрсете білген Марал Зейнел-Ғабиқызы туралы жазылған, оның өнегелі ғұмырына әспеттейтін түрлі мақалалар әр кезеңдерде жарық көрді. Кейіпкеріміздің есімі мен еңбегі аталған жазбаларға кезек берсек. 1987 жылы Ж.Әлімбаевтың «Қатар соққан қос жүректің жылуы» («Солтүстік Қазақстан»), 1990 жылы Т.Жарованың «Заповедую песню» («По Ленинскому пути»), 1991 жылы 3.Т.Жарованың «Прописные истины» («По Ленинскому пути»), 2001 жылы Альфред Пряниковтың «Молодость души» («Маяк»), 2003 жылы Қайролла Мұқановтың «Өлеңдері – жүрегінің лүпілі» («Қызылжар және қызылжарлықтар»), 2005 жылы «Тағлымы биік қара шаңырақ - 75 жылдық тарихтың бір белесі» мектеп түлегі Марал Иманбаева туралы деректер мен сурет туралы кітапша, 2006 жылы Т. Дроздецкаяның «Строчки мои» («Северная Казахстан»), Т.Дроздецкаяның «Груз любви» («Северная Казахстан»), З.Әкімжановтың «Сырлы сезім – сүмбіл өлең» («Солтүстік Қазақстан»), Александра Дальдың «Первый Евразийский Саммит деловых женщин» («Мой город»), 2008 жылы Алма Жүсіпованың «Жүрегім жырды қалайды» («Қызылжар нұры»), Қайролла Мұқанов «Өлеңдері – жүрегінің лүпілі» өлеңі, «Өлке тұлғалары» кітабы, 2009 жылы Любовь Хомяктың «Не будь сыном отца, а будь сыном народа» («Неделя»), Қойшыбай Шәниевтің «Өнер көгіндегі қос қарлығаш» («Парыз»), Тоқтар Зікіриннің «Көңіл көкжиектері» кітабында «Маралдың дәптеріне жазылған жыр» өлеңі, 2010 жылы Ербақыт Амантайұлының «Ақын екі шумақ өлеңін 2 миллион долларға бағалады» («Алаш айнасы») және («Солтүстік Қазақстан»), 2011 жылы С.Жолаушиннің «Бике елі және оның шежіресі» Марал Зейнел-Ғабиқызы туралы деректері, Болат Сағындықовтың «Өмір жыры» кітабында «Марал ақын қарындасыма» өлеңі, Т.Сүгірбаевтың «Қызылжар өңірінің зиялы қауымы» 2 томында Оспанова Марал Зейнел-Ғабиқызы туралы деректері, З.Әкімжановтың «Сұлу суреттер, мінсіз бейнелер кескінделген шығармалар иесі еді» пікір жазылған кітабында «Жақсының аты өшпес» мақаласы, Марат Ермұқановтың «Орлы любят высоту» («Северная Казахстан»), 2012 жылы Алма Абильмажинованың «Шашу для Президента» («Северная Казахстан»), 2013 жылы Алма Абильмажинованың «Краса и гордость Северного Казахстана» кітабында, «Спешу каждый день» мақаласы, 2014 жылы «Имена в истории С.К» кітабының II томында, 2015 жылы Қанат Атамановтың «Алғыс арқалаған дәрігерлер отбасы» («Қызылжар нұры»), 2016 жылы Жанаргүл Мейрамның «Оқырмандармен кездесті» («Қызылжар нұры»), Лев Мамбетовтың «Любви все возрасты покорны» («Северная Казахстан»), Алтынай Сыздықованың «Өлеңнен қол үзген жоқ» («Қызылжар нұры») мақалалары жарық көрді.
Сонымен қатар Марал Зейнел-Ғабиқызы туралы «Көксандық күмбірі», «Сәлем Қызылжар», «Ұрпақ денсаулығы», «Диалог», «Өнерпаз болсаң», «Табыс кілті», «Тағы басқа презентациялар» атты телехабарлар мен «Көңілашар» Алматы қаласынан және Петропавл облыстық радиодан хабарлар таратылды.
Ақынның болмысы туралы сырт көзден жазғанымызбен, оның ішкі сезімі мен мөлдір әлемі, ешкімге ұқсамайтын тұлғалық болмысы туралы ақынның өзі ғана өлеңдерінде ашып көрсете алады. Ақынның болмысы туралы Амангелді Кеңшілікұлының жазбасын тілге тиек еткіміз келіп отыр. «Өмірге ғашық болмаған адамнан ақын шықпайды. Шайыр болу үшін мына шексіз дүниені бар жан-тәніңмен құлай сүю керек. Пенде баласының асыл ойлары мен сұлу сезімдері ақындық жүректе гүлдеп, бүршік ататындықтан, әлемді адал махаббатымен сүйген адамға ғана өмір құшағын жайып, сыр сандығының талай құпиясын ашады. Сөз патшасы өлең өнердің босағасынан келін болып именіп аттағанда мына айдай әлемге сүйіспеншіліктің көзімен қараған. Өлеңді айтасыз-ау, сол құдіретті өнердің өзін де өмірді сүйген адамдық сезімнің сүйіспеншілігі туғызған жоқ па еді?!
- «Дүниені сүйген адамның бойында Аллаға деген шексіз сағынышы оянды, жүрегінде өлең оты тұтанып ұлы Жаратушымен ойша сырласып, мұңын шағып оны тереңірек тануға мүмкіндік алды. Міне, осылайша мәртебелі поэзия адамның Алладан кейінгі ең жақын сырласына айналды. Жалғыздықтан жалығып, мына бес күндік жалғаннан түңіліп, имандылықтың мейірімді шуағын сағынған адамның шөлін тек өлеңнің мөлдір бұлағы ғана қандыра алатыны сондықтан болса керек», - деп маржан сөздерімен ақын келбетін кескіндеп өткен журналист-ақынның сөзінің төркінін түсініп, тереңіне бойлай білген жанның сөзінде қаншама мән мен мағына жатыр.
Қазақ әдебиетіндегі сондай таза бұлақтардың бірі Марал Зейнел-Ғабиқызы да қазақ әдебиетінде, тұма бұлақтан таза, таңғы шықтан да мөлдір әлемі бар, өмірді бар болмысымен сүйіп, жалынды поэзиясымен жырлап келе жатқан ақынның шығармашылығы алдағы уақытты да, құм астында жатқан көмбедей болып, ашыла беретіні анық. Оның тағы бір дәлелі, Қызылжар өңірінің бүгінгі буындары қатарында қосылып, сиясы кеппеген отты өлеңдері «Қызылжар ақындар антологиясы» атты кітапқа енуі. 2021 жылы жарық көрген кітапта Марал Оспанованың бірнеше жыр шумақтары жарық көрді.
Ақын немесе шабыт деп аталатын қанатты тұлпарды тақымға қысқан өнер адамы – өмірге сұлудың қоса өрілген қос бұрымындай екі мақсатпен келеді. Біріншісі, өзінен бұрын ешкім айтпағанды айту болса, екіншісі, өзгеге ұқсамай өзінше айту. Міне, медицина саласымен қатар қазақ әдебиетінде де өшпес ізін қалдырған, өзгеге ұқсамайтын сүрлеу салып, әдебиетті жыр бесігінде тербеткен Марал Зейнел-Ғабиқызына зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз.