Мунайтбасова Ғазиза

Рейтинг:

Білікті дәрігер, білімді басшы

      Бұрынғы өткен бабаларымыздың: «Тұлпардың да тұлпары бар, қазанаты бір бөлек, жігіттің де жігіті бар, азаматы бір бөлек» деген сөзі жаны жайсаң, жақсы адамдарға қаратылып айтылған ғой. Өмірдің әртүрлі ағыстары адамды шыңдап, алға жетелейтіні сөзсіз. Кеудесінде адамдық сезім, санасында сәуле қалыптасқан, адамның абырой биігіне көтеріліп, елдің ықыласына, айналасының алғысына бөленетініне шек жоқ. Сондай жаны жайсаң, көңілі нұрға толы, қолы ашық жанның бірі Мунайтбасова Ғазиза Мұхамбетқалиқызы. Ол 1982 жылы ақпанның 27-сі күні Қызылорда облысы, Шиелі ауданында туылған. Балалығы ес білген шағы сол Шиелі ауылында өтеді. Алты жасқа жетпей, сол ауылдағы №150 Ортақшыл ауылындағы орта мектебіне барады. Білім ордасында оның өзін-өзі ұстауы, берілген іске жауапкершілігі, оқу-білімге құштарлығы көпшілікке аңғарылды. Сол кездің өзінде ұстаздардың тапсырмаларын зейін бөліп тыңдайтын. Қарапайым қыпшақтың шашты руынан шыққан арудың ата-анасы жастайынан оны еңбекке баулыды. Әкесі ауылшаруашылығында көлік айдаған, ара өсірген, мал баққан шаруа адамы. Анасы Шолпан балаларының тәрбиесімен үй шаруасына көңіл бөлді. Адам өмірі аққан өзен суы секілді тез өтеді. Ғазизаның он бір жасында өзінің ең жақын адамы, асыл да ардақты анасынан айырылады. Анасы аяқ асты ойламаған жерден, ерте өмірден озады. Қайғылы оқиға бойжеткеннің еркелігіне тосқауыл болғандай. Ерте есейіп, әкесіне бауырларына демеу болуды ойлайды. Көпбалалы отбасынан шыққан оның сегіз бауыры бар. Екі ағасы, төрт әпкесі, артынан ерген сіңілісі бар. Әкесі анасының орнын жоқтатпай, қандай ауыртпашылық кездессе де білдіртпейтін. Әкесі балаларын аяққа тұрғызып оқытты, тоқытты. Балаларының барлығына арнаулы білім алып беріп, әрқайсысын әр отау иесі етіп, қызығын көріп отыр. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды.
      1998 жылы қыс айында небәрі он жастағы Ғазиза қатты науқастанып, емхана жағалап жүреді. Аурудың беті қайтпай, өмір мен өлім үшін күреседі. Әуелі Алла содан соң дәрігерлердің және әкесінің арқасында қайта өмірге келеді. Әкесі айықпас дерттің алдын алу үшін апармаған жері, араламаған емханасы қалмайды. Сол бір қиын кездерде бар тапқан-таянғанын қызының еміне жұмсап, дені сау жанға айналуын Алладан тілейді. Өзінің бойындағы қайсарлығымен, әкесінің демеуімен ауруды жеңіп шығады. Бәлкім Ғазиза Мұхамбетқалиқызының дәрігер болуына себеп болғанда осы басынан өткен ауыр күндер болса керек. Емханада жатқан кездері жүздері жылы, ақ халатты абзал жандарға қатты қызығатын. Адам өмірді көп жамағандығымен маңызды емес, артында қалған мұрасымен, ізгі ұрпақтарымен маңызды. Ғазиза Мұхамбетқалиқызының әкесіне айтар алғысы шексіз.
      Пендеде арман шіркін таусылған ба... «Арман адамға қанат бітіреді» деп тегін айтпайды. Адамның арманы көп болады. Бойжеткеннің алдына қойған мақсаттары таусылмайтын. Ең үлкен арманы дәрігер болу еді. Мектепті тәмамдаған Ғазиза Мұхамбетқалиқызы ең абыройлы мамандық дәрігердің оқуына түссем деп шешім қабылдайды. Ауырып жатқан адамдарды емдеп, дәрі беріп, ине салып, емінен сауықтыру басты мүддесіне айналады. «Батаменен ел көгереді» деген қазақта мақал бар. Білікті дәрігер болып, барлық адамдардың алғысына бөленуді, медицина ғылымын тереңірек зерттеуді қолға алғысы келеді. Бір жағынан сол кездердегі ауылдағы медицина мамандардың тапшылығы әсер етсе керек. Армандарын жүзеге асыру үшін бойжеткен Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік медакадемиясында 2000-2005 жылдары білім алады. 
      Ғазиза Мұхамбетқалиқызы қандай жағдайда да өзін сабырлы ұстайтын. Мінезі ашық, жанындағы құрбыластарын өзімен тең санайтын, зейініне тиетін, көңіл қалдыратын сөз айтқан емес, дөрекілікке еш уақытта жол берген жоқ. Студент кезінде ұйымшылдық танытып, адамдарды жұмылдыра білді. Жетік ойлы, сабырлы, жолдасқа адал болатын. Сол қалпын сақтап, өскенде де үнемі сыйласып, үлкендерген сәлем беріп тұратын. Уақыт – әлемдік кеңістіктің философиялық категориялы сыңары. Уақыт жүрісі айналмалы. Онда өткен де, бүгін де, келешек те бар. Қазақ айтатын «көк дөнен емес, көңіл жүйрік, көңілден уақыт жүйрік. Кеше ғана оқу орнын түскен арманшыл ару дипломын қолға алып жас маман атанды. Одан соң арасын суытпай Қызылорда облысындағы ОМО-да интернатураны аяқтап, тәжірибесін шыңдайды. Алла тағала адамды жаратқанда шапағат нұрын құйып, жанына пәктік, өміріне иман берген, адалдыққа жол сілтеген. Ғазиза Мұхамбетқалиқызы сол жолдан тайынбай, Алла аманатын адал орындады. Алғашқы еңбек жолын 2006-2016 жылдары тіс емханасында жалпы дәрігер-стоматолог болып бастайды. Жас маман жұмысқа беріле кірісіп, қызмет жасаған тұста өзін бақытты адам ретінде сезінді. Ол тек жұмыс барысында ғана емес, дүниеге келіп, өмірдің әр оқиғаларын бақытқа балайтын. Орыстың атақты философ-педагогі Каменский қолындағы барын қанағат ете білген адам – шын бақытты адам және өзіміздің адал еңбегімізбен тіршілік етіп отырмыз дейтін адам, шын бақытты адам деген екен. Жолының ашық болуы, бәлкім сол қанағатшылдығының арқасында шығар. Әрине, оқуын жаңа бітірген жас маманға жұмыс алғашқы кезде оңай болған жоқ. Ерте тұру, кеш жату, уақыттың көбін ауру науқастардың қасында өткізу бір төбе. Әсіресе, тісін емдетуге келетін адамдардың арасында зейнет жасына келгендер көп болатын. Келген әр науқаспен сөйлесу, олардың әрқайсысының тілін табу үшін ерінбей, жалықпай еңбек ету керек болды. Тіпті, жас дәрігерге көңілі толмаған адамдар да кездесетін. Дей тұрғанмен, мұның бәрі Ғазиза Мұхамбетқалиқызының жігерін жасыта алған жоқ. Қайта оны шынықтырып, ширата түсті. Іске зейін қоя кіріскен тіс дәрігері кейін келе жұмысқа белсене кірісті. Көп ізденіп, тіс емдеудің озық технологияларын жетік меңгерген, тәжірибесі мол дәрігерлердің әдіс-тәсілдерін жатпай-тұрмай үйренуге тырысты. Өзіне берілген жұмыстарды тиянақты атқарып, беделге ие болды.
      «Ешкім оған қоя алмайды нүктені, өмір деген сөйлем емес өйткені» деп Төлеген Айбергенов айтқандай шынымен өзінің сүйікті ісін білетін, еңбекқор адамның елді табындырар қасиеті де осы. Байқалмайтын қарапайымдылығында, адалдығында. Пенденің еңбегі атақ дәрежесімен емес, оның ел көңілінде қалай қалғанымен маңызды. Жаны жайсаң, қызметке адал жанның бағасын көзбен көргендер, бірге жүргендер біледі. Ғазиза Мұхамбетқалиқызы көп ойланып, бір шешімге келеді. Қазақстанның денсаулық сақтау саласында стоматологияның алғашқыларының бірі болып бәсекелестік ортаға берілді. Тиісінше, қазіргі уақытта еліміздегі тіс емдейтін мекемелердің көпшілігі жеке меншікте. Олардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Дәрігердің көздеген мақсаты жеке тіс емханасын ашу болатын. 2017 жылы бұл ісі орындалып, «Алистом» тіс емханасын ашты. Емхананың ашылуына әкесінің үлкен көмегі тиді. Қазіргі кезде Ғазиза ханымның елдің батасын алып, құрметіне бөленіп жүргені үшін әкесіне айтар алғысы шексіз.
      Ауру күн бата асқынады әдетте. Әсіресе, тіс сырқырағанда жаныңды қоярға жер таппассың! Осыны ескеріп, талай оқиғаларға куә болған Ғазиза Мұхамбетқалиқызы жауапты сала басшыларымен ақылдасып, көпшілікке арналған тіс емханасын салтанатты түрде ашады. Халыққа тәулік бойы қызмет көрсететін тіс емханасына тұрғындар ағылып келеді. Бүгінде өңір тұрғындарының 80 пайызында тістің түрлі аурулары кездесетіні жасырын емес. Науқастар тісінің дерті асқынса дереу осы тіс емханасына асығады. Білікті тіс дәрігерінің айтуынша ауыз қуысының қабынуын елемеген жағдайда флегмонаға айналып кетуі мүмкін. Адам өміріне қауіп төндірмеуі үшін алдын ала емханаға келіп, кезекке тұрғаны жөн. Емханадағы дәрігерлер жылына мыңдаған адамға қызмет көрсетеді. Тіпті науқастардың емі үшін түнгі ауысымға қалған кездерде көп болған. Мұндағы көпшілікті қуантатын жағдай заманауи жабдықтың көмегімен кез келген тіс ауруын емдеуге болады. Бұрын дәрігерлер ескі аппарат арқылы ауырған тістің шеңберін ғана түсірсе, Ортопантомограф құралы арқылы жақ-бетті толығымен көре алатын жағдайға жеткен.
      Ғазиза Мұхамбетқалиқызы осы тіс емханасының директоры әрі жоғары санаттағы дәрігер-стоматолог. Ол науқастардың басым бөлігі тіс жегінің асқынған түрімен келіп, емделетінін айтады. «Вектор», «Прозон» аппараттарының көмегімен тіс түбірін залалсыздандырып, қабынуды басады. «Әрбір ата-ана баласына тіс шыққан күннен бастап, күніне 2 рет тазалауды үйретсе, тіске құртжегіш түспейді», - дейді. Ұйым тіс дерттерін күн-түнге қарамай емдейді. Сапалы медициналық қызметті қолжетімді ету – басты назарда екені осыдан-ақ аңғарылса керек. Күн сайын ауруы жанына батып, шырылдап келген балаларды, босанар алдында тісі ауырған жүкті әйелдерді, неше түрлі науқастарды көреді. Барынша көмектеседі. Алдына келген науқастардан қаншама қатерлі ауру белгілерін байқап, ерте анықтауға көмектеседі. Емханаға 2021 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. 
      Қазіргі таңда, мұнда төрт емдеу кабинеті, балаларға тіс күтімін үйрететін арнайы бөлме бар. Лаборатория науқастар игілігі үшін жұмыс істеп тұр. Екі тіс дәрігері, балалар дәрігері және үш тіс технигі, екі медбике, бір санитарка қызмет көрсетеді. Жаңа емхананың мүмкіндіктері мол. Балаларды, аяғы ауыр және көпбалалы аналарды, мүгедектер мен зейнеткерлерге тегін тіс емдеу қызметі бар. Заманға сай жаңа технологиялар сатып алынған. Тіс протездерін, қисық тістерді түзету, тіс ақауларына металло керамикалық сауыттар кигізу, оксидциркониядан жасалған каронкалар, винирлер және тіс емдеу және жұлу қызметі жасалады. Мекеменің бір ерекшелігі – балаларды ойната отырып емдейді. Бұл үшін емхананың жабдықталуы, ауруды емдейтін құрылғылардың барлығы арнайы дайындалған. Расымен де тісіміз ауыра қалса бірден сапалы тіс емханаларды іздейтініміз рас. Бұл тіс емханасы бүгінде сапалы қызмет көрсететін емханалардың қатарында. Тәжірибесін жетілдіруден, білімін толықтырудан жалықпайтын кейіпкер тіс емдеу саласына қатысты курстар мен мастер класстарға қалмай қатысады. Тәжірибе алмасу мақсатында Ресейдегі, Украинадағы стоматологиялық конгрестерге қатысқан. Өзі біліп қана қоймай, емханадағы дәрігерлермен жаңа емдеу әдістерін бөліседі. Заңдық тұрғыдан да мәселелер жеткілікті. Бізде рентген аппараттар стоматологиялық қондырғылар орнатылған. Сканерлер, визиографтар қолданылады. Науқасқа рентген зерттеу жүргізу үшін стоматолог көп құжат жинап, ақша төлейді. Аллергиялық реакциялардың профилактикасы үшін жасалатын тері сынамасына да қатысты түсініксіз жағдайлар көп.
      Бос уақытында Ғазиза ханым психологиялық кітаптарды көп оқып, өзіне мотивация беріп, жігерлендіріп отырады. Ойлаған мақсаттары мен армандарын қағаз бетіне түсіріп, сол мақсаттарына жету жолында табанды жұмыстар жасайды. Бүгінгі ісің - ертеңгі күніңнің жемісі деген қағиданы өмірлік ұстанымы еткен ол, жақсылық жасағанды жаны сүйеді. «Жақсы сөз, жақсы ой алдағы жақсы өміріңнің іргетасы, сондықтан да, бір жасаған жақсылығың өзіңе он есе болып оралады», - дейді кейіпкеріміз.
      Ғазиза Мұхамбетқалиқызы өте бақытты жан. Оның алаңсыз қызмет етуіне жұбайының қолқабысы ерекше. Жоспарларын әрдайым қолдап, көмек беріп келеді. Көктемнің жайма шуақ күнінде қоңырат еліне келін болып түседі. Арыстай екі ұл тәрбиелеп өсірді. Әйел ер адамның ақылшысы, ұрпағының анасы. Қазақ әйелін «жан жолдасым» дейді. Бұл үлкен сөз. Жаны мен ойы, арманы үндес жұбайлар барлық қызықты да, қиыншылықта да бірге көрді. Дүниені байлық емес, балаларын байлық санайтын Ғазиза Мұхамбетқалиқызының бар үміті балаларында. Ата-әжесі тәрбиесін көріп өскен ұлағатты ұлдары бүгінде мақсаттары айқын, болашағы зор азаматтар болып өсіп келеді. Алижан және Ердәулет әкесі мен аналарының ел алдында абыройлы қызмет атқарып жүргендерін мақтаныш етеді. «Тәрбие алтын бесік». Тәрбие көрген кейіпкер үлкендердің батасын алды. Ол тәрбиені ұлы істердің бастауы деп түсінеді. Өз ұрпағының өне бойына сіңіріп, елге адал қызмет етуге үндейді.
      Білікті дәрігер, білімді басшының отбасына, ізінен ерген балаларына бақытты ғұмыр кешсін деп тілейміз. Ұлдары ата-анасының үмітін ақтап, қазақ елінің саналы, білімді, дарынды, іскер азаматтардың қатарында болуларына тілектеспіз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...