Өнегелі өмір иесі
Адам ауырып, дерті жанына батқанда, ем-шипа іздеп ақ халатты абзал жандардан медет күтеді. Адам баласы үшін денсаулықтан асқан байлық жоқ. Балтыр сыздап, бас ауырса расында адам дәрігер көмегіне жүгініп, айтқан кеңестеріне құлақ асып, ем-шарасын орындауға кіріседі. Адамның жаны ауырған жерінде дейді ғой. Десек те денсаулықтың қадіріне адам ауырмайынша жетпейтіні рас. Сондайда адамның шыбын жанына араша түсіп, алтын қолымен ем-домын жасайтын ақ халаттыларға деген алғаусыз алғыстың ағылары да сөзсіз. Медицинаны – жалпы екі тамырлы, он екі мүшелі адам секілді бірнеше тармақ пен салалардан тұратын үлкен сала. Осы саланың адамның денсаулығы үшін өзіндік мән-маңызы бар. Солардың бірі, ең басты саулықтың кепілі – тіс, яғни, стоматология саласы. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де, осы стоматология саласында қызмет етіп, саналы ғұмырын медицинаға арнаған, халықтан тек алғыс алып отырған, бүгінде әулеттің ақыл айтар анасына айналған, «De Luxe Euro Dent» клиникасының директоры Бұлдырықова Анар Әметқызы туралы болмақ.
Елге қызмет ету абыройлы іс. Оның үстіне денсаулық саласында болса. Бүгінде
![]()
басшылық қызметін абыроймен атқарып, өнегеліліктің үлгісін көрсетіп келе жатқан қызметінде дәреже, мансап қумай тек халықтың алғысын алуды мақсат етіп келе жатқан Бұлдырықова Анар 1947 жылдың 18 қарашасында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келді. Қаратаудың етегін ала жастанып жатқан Жаңақорған өңірінде бақытты балалығын өткізіп, тұмса табиғаты ақынның жырына, әншінің әніне, суретшінің ұлы картинасына сұранып тұрған өлкенің салқын самалымен жарысып өсті. «Тал бесік қалай тербелсе, талшыбық солай қисаяды» деген, өзі көрген, үлгі тұтқан үлкендер қауымының ақыл мінезі мен асыл сипаттарын бала кезден бойына сіңіріп өскен ол, мектеп қабырғасында да, отбасында да көрген тәлім-тәрбиенің үлгісін өзі жүрген ортасында көрсете білді.
Әке – үйдің тіреуі, отбасының қамқоршысы. Аласармас асқар тауына айналған әкесі – Бұлдырықов Әмет (Махметжан) сонау қиын-қыстау кездері, аласапырандағы 1920 жылдары дүниеге келген. Қылышынан қан тамған патша үкіметінің зәрі кетіп, уақытша үкіметтің қау қарсыз танытып, кеңес үкіметі басын енді көтеріп жатқан сол кездердегі қиыншылыққа төзіп, еңбекке төселіп өскен Әметті әкесі Абушахман (Бұлдырық жеңгелерінің қойған аты) баласын мұсылмандар мектебіне оқуға береді. Қармақтан сусып түскен шортандай, құбылмалы саясаттың салқын желі ұлып тұрған сол кездері өкінішке орай талай ұлы адамдардың алғашқы білім алған ортасы болған мұсылманша сабақ беру жабылып, ел ішінде басқа тәртіп орнай бастаған кез еді. Әжесі – Злиха Қайықбайқызы өрісі малға толы, үйі жанға толы байдың қызы болған. «Сауатсыздық жойылсын!» ұраны әуе қалықтап тұрған кезде оны 45 жасында 1935 жылы ауылдық кеңес сауат ашу мектебіне оқуға шақырады, сол мектепте бастауыш бөлімінде оқиды.
Әжесі атына көркі сай, өте мейірімді ақкөңіл адам болатын.
Оның үстіне жығылғанға жұдырық болып, кәмпескелеудің соңы, ашаршылыққа ұласып, ел ішінде үдере көшу дүрбелеңі басталған еді. Тапқанын азық етіп, барымен базарлаған, елмен бірге тірнектеп тіршілік көшіп, оқуын қайта жалғастырып, 1939 жылы үздік бағамен бітіреді. Бірақ, жастайынан сауатты, көзі ашық адамдармен көп араласып, өзі де ерекше қабілетке ие болған Әмет оқып жүргенде аудандық газетке мақала жазып, жазғы демалыс күндері мұғалім болып қосымша жұмыс істейді. Жалындап тұрған жас, әрі ісі тиянақты, қандай шаруаны да үлкен жауапкершілікпен атқаратын жас қай ортада да сұранысқа ие емес пе, осындай қабілетін байқаған сол кездегі билік аупартком хатшысы кадр бөліміне әкеліп, ауыл советке жұмысқа жібереді. Қағаз жазып, әріп танитын жас өте жетіспей жатқан кезде жас болса да қызметке орналасқан Әметті көп уақыт өтпей, 1941 жылы наурыз айында аудандық партком НКВД-ге қызметке ұсынады. Осылайша, жұмыс бабымен Жаңақорған, Шиелі аудандарында қызмет еткен Бұлдырықова Анардың әкесі Әмет 1942 жылы 20 қазан айында облыстық НКВД бастығы Әметтің келешегін байқап Алматыға милиция оқуына жібереді. Ол кездегі барлық іс орысша жазылып, жүргізіліп, тіпті мектеп, жоғарғы оқу орнындағы сабақтар да орысша жүргізілетін. Қанша үздікке оқығанымен ауылдағы қазақтілді білім, ізденемін, ұмтыламын, биікке шығамын деп барған Әметтің алдынан кесе көлденең шықты. Бірақ, қияға шыға бет алған қыранға қарлы-шың қиын болып па?! Аламанға түскен тұлпардай өзін жиі қамшылап, дайындалып, орыс тілін меңгеруде озықтық танытып, талпынып, көп дайындалып мұғалімдердің көмегімен оқуды үлгеріп кетеді. Сол жылдың аяғында жаңа жыл қарсаңында нарком НКВД приказымен курсант Бұлдырықов Әметке лейтенант шенін беріп, 1943 жылы сәуір айында оқуды бітіріп, ауылға қайтады.
Елге келісімен Әмет 1944 жылы Арал ауданына НКВД бастығы
![]()
болып бекітеді де аға лейтенант шені беріледі. Осылайша, құқық қорғау орындарында әр жылдары 1947 жылы 27 жасында Жаңақорған ауданында, 1950 жылы Қармақшы ауданына, 1954 жылы Қазалы ауданына НКВД бастығы болып қызмет атқарып, 1964 жылы үш жүздің жерінде аянбай енбек етіп, құрметті демалысына шығады. Есіл ердің еңбегі бағаланып, «Жеңіс» медалімен марапатталып, Қызылорда қалалық милиция бастығының орынбасары болып та қызмет етеді. Өз ісінің білікті маманы, қандай ортаға барса да адамдық асыл қасиеттерін жоғалтпаған жан құрметке ие болмақ. Өз ісіне адал, адамгершілігімен, іскерлігімен талапшыл, өскен ортасына сыйлы, халқының құрметіне бөленген, ақыл-парасатымен ағайын-туыс, жора-жолдастың жүрегінен орын алған, құрметті атаққа ие болған Әмет 2001 жылы 81 жасында дүниеден өтті.
Ал, бүгінгі кейіпкеріміз Бұлдырықова Анардың мейірімі мен имандылығы жаулық астында жасырынған, жарының ақ жағалы болуы мен перзенттерінің үлкен азамат болып өсуі үшін қам жасаған анасы Мария (Мақпура) Қызылорда қалалық педучилищесін бітіріп, балабақшаларда алдымен тәрбиеші, сосын меңгеруші қызметін атқарып, кейіннен жарының қызмет бабының ауысуына байланысты үй шаруасында болған.
Кішкентайынан алғыр, үлкеннің айтқанын екі етпейтін тілалғыш бала болып өскен Анар Әметқызы білім ордасының табалдырығын 1954 жылы Қазалы ауданындағы №87 орта мектебінде аттады. Қандай ортаға барса да еркін араласып кете беретін, ісінде тиянақтылық пен мұқияттылық, жүзінен имандылық пен мейірімділік сезіліп тұрған оқушы сыныптағы алдыңғы қатарлы оқушылардың бірі болды. Қасындағыларды бір іске үйіріп алып кететін ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында сыныбының көшін бастаған Анар іргелі білім ордасынан түлеп ұшқан соң 1965 жылы Алматының мемлекеттік медицина институтына түсіп, 1971 жылы дәрігер-стоматолог мамандығы бойынша бітіріп шықты.
![]()
Дәрігер болу оңай емес. Дәрігерлік еңбекте талай жылғы жинаған білімін өмір бойы жетілдіріп отыру, күн мен түнді елемей, тек жақындарына ғана емес, бүкіл әлемге өзінің қамқорлығын көрсетіп, мейірімін төгу жатыр. Сондықтан да бұл сала біле білген адамға жауапкершілігі мол, жүгі ауыр салалардың бірінен саналады. Ал кез келген адам біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты жоғары деңгейде меңгеріп кете алмасы анық. Осындай ауыртпалығы басым мамандықты таңдаған Анар Әметқызының дәрігерлік саладағы алғашқы еңбек жолы 1971 жылы Шиелі аудандық амбулаториясында дәрігер-стоматолог болып жұмысқа орналасудан басталды. Жақсы маман болып шығу үшін, жақсы ортаның да берері мол. Өзіне сеніп тапсырылған істі тиянақты орындап, алдына келген адамға сапалы қызмет көрсете білген ол 1979 жылы Қызылорда қаласындағы облыстық стоматологияға тіс дәрігері ретінде қабылданды.
- «Еңбек жолымда қазіргі ардагерлер, заманында өз ісінің шебері, бармағына бақ қонған білгір мамандардың ортасында болып, тәжірибе жинадым. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, бізде осы кісілерге қарап өстік. Өздерінің күш-жігерімен, ақыл-парасатымен, баянды істерімен, бай тәжірибесімен бізді тәрбиеледі. «Ұстаз түлегіне алға бастар талап сыйлайды» деп бекер айтылмаған ғой. Қазыналы қарттардың бай тәжірибесі, беделі мен өнегесі бізге үлгі болды.
![]()
Облыстық стоматология ұжымының бас дәрігері болған Искаков Жеңісбек Искаковичке, сол ұжымда бірге жұмыс жасаған барлық дәрігерлерге, қызметкерлерге ризашылығымды білдіремін! Әрқашан дендері сау , мәртебелері биік болсын! Адам баласының жақсы азамат болуы тектілік пен тәрбиеге байланысты дейді. Қандай жетістікке жетсем де алдымен ата-анамның берген тәрбиесі, еңбегі, өскен ортамның ақыл-парасаты деп мақтанышпен айта аламын. Әкем айтатын: «Өмірде: оқиын, білім алайын, заманға сай азамат болайын, қатарымнан қалмайын, ата-анам риза болсын, мақтан тұтатын болсын, жар сүйіп ұрпақ өндірейін, халқым айта жүретіндей игілікті іс тындырайын деген мақсат болу керек», - деп. Осы өсиеті маған күш-қайрат, ойыма өріс, қиялыма қанат берді, бағыма берген тағдырымның тартуы болды.
Менің ұстанымым бойынша адам қашанда бір игілікті іс тындыруы керек. Жамандық жасамау өзіңді адам ретінде сезіндіреді», - деп өмір мектебінде тәлімгер болған жандарға алғысын айтып, тағдырына шексіз ризашылығын танытқан Анар Әметқызы өз ісінің кәсіби білгірі бола білген дәрігер. Ол қызметін дәрігердің ғана міндеті емес, әрбір адамның адамгершілік парызы деп түсінеді. Ақ халаттылар өзінің кәсіби міндетінен, қызметтік жауапкершілігінен бөлек, мойнындағы адамгершілік парызы барын да ұмытпауы тиіс. Себебі, ақ халаттылар адам өміріне жауапты тұлға болып табылады. Бұлдырықова Анар науқасқа қамқор болып, ауруымен әлек болған жанға жылы сөзін арнауды біледі. Ол сын сағаттарда мүмкіндігінше қателеспеуге тиіс екенін жақсы түсінеді. Иә, адам жанын емдеумен айналысатын кез келген кәсіби маманның басына жиған білімінен гөрі, жүрегіне құйған мейірімі маңызды.
Өйткені, жүректе мейірімнің сәулесі болмаса, қандай кәсіп істесең де оның берекесі болмайды. Қызметіне қарай дәрігерлер халықтың жүрегінде мейірбан жанның бейнесінде қалып қоятыны рас. Сондықтан да әрбір дәрігер емделушінің жүрегінде күлімдеп тұратын мейірбан бейнені өшіріп алмауы керек. Тағдыр тарту еткен білім мен табиғат берген талантының арқасында 2002 жылы облыстық стоматология емханасында бірінші болып категорияға тапсырып, жоғары санаттағы стоматолог-дәрігер болған Анар Әметқызы 2006-2012 жылдары ұжымда ардагерлер кеңесінің хатшысы болып жұмыс жасап, 2020 жылдың 3 қаңтарынан «De Luxe Euro Dent» клиникасының директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.
Саналы ғұмырын медицина саласына арнап, өмірін егіз еткен дәрігерліктегі еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасы», «Стоматологиялық қызметтің үздігі» медалімен және де көптеген облыстық «Құрмет грамоталарымен» марапатталған Анар Әметқызы тамырын тереңге жіберген үлкен бір әулеттің берекесі мен ырысын кіргізіп отырған абзал анасы. Білікті дәрігер, абзал ананың жанұясы туралы өз аузынан естісек:
- «1971 жылы Қыдыр дарып, бақ қонған, керегесі кең, алтын қазығы мықты, үйден ырысы, басынан бағы таймаған, қара қазаны оттан түспеген бабамыз әйгілі Сердалы Бекшорин бидің ұрпақтары Сердалиевтер әулетіне келін болып түстім. Үлкендердің батасын алып, жолдасым Қарабатырмен 48 жыл заманның да, өмірдің де, отбасының да, тұрмыстың да қиыншылығы мен қызығын, бейнетін бірге көрдік. Өшпейтін от, сөнбейтін жарық жоқ дегендей, 2019 жылы 6 мамырда өмірлік серігім дүниеден озды. Отбасымыздағы орны толмас бұл күндер де өтті. Мәңгілік мекені жайлы, пейіштің төрінен болсын деп тілеймін. Адал жар, ардақты әкемізді сағынамыз, іздейміз. Құдайға шүкір артында қалған ұрпақтары 4 қызы, 10 немересі және шөбересі бар. Қыздары Гульмира, Майя, Жанна, Динара №5 Панфилов атындағы мектепті алтын медальға бітірді.
Үлкен немере-балам Мақсым қазақ-түрік лицейін қызыл аттестатқа бітіріп, Малайзияда жоғары білім алды. Финансист. Мақсымның келіншегі Әсем келінім – экономист. Немерелерім: Әлімбек – кәсіпкер, Айдар – Назарбаев Зияткерлік мектебін қызыл аттестатқа бітіріп, Назарбаев университетінің студенті, Сәкен – Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі, Қ.A.Яссауи атындағы ХҚТУ студенті, Мадияр – Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектебінің 10-сынып оқушысы, Әсия – Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы, Айзере, Жәния бастауыш сыныпта оқитын болса, Абылай мен Айя әлі мектепке дейінгі жаста. 2021 жылы 50 жыл болыпты осы салада қызмет еткеніме. Қатардағы дәрігер-стоматолог болып жарты ғасыр халқыма адал қызмет жасадым. Әметқызы деген атты абыроймен алып жүрмін. Ата-әжемнің, әке-шешемнің әруағы риза болсын», - деп тағдырына ризашылығын білдірген Анар Әметқызының өмірі мен қызметі кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
Ел құрметіне бөлену, елге ерінбей еңбек еткен адамға ғана тән нәрсе. Бұл жерде ең алдымен, айналаға адамгершілік қасиет әсер етеді. Әке тәрбиесімен қалыптасқан әділдік пен адалдық, ана сүтімен бойына енген еңбексүйгіштік пен имандылық әлі күнге адами асыл қасиеттерінің нұрын шаштырып, жүзін сәулелендіріп келе жатқан Анар Әметқызының деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!