Байбактин Ұлан

Рейтинг:

Өз саласының үздігі     

Кез келген елдің басты байлығы ол – адамның денсаулығы екені белгілі. Ал сол денсаулық сақшыларының еңбегі қандай марапатқа да, мақтауға да лайықты деуге болады. Дәрігер дегеніміз расында да өте құрметті мамандықтардың бірі. Өз саласын жетік білетін жан-жақты ізденімпаз дәрігер қайсыбір науқасқа болмасын қайтсем де қолымнан келгенімді жасап, көмектессем деп жанталасады. Сондай қасиеті үшін де ол нағыз мықты дәрігер болып саналады. Адал еңбек жолында алдымен Алладан, сонан соң науқасынан айығып шыққан емделушілері разылығына бөленіп, алғыс алады. Ата-бабамыз «Денсаулық – зор байлық» деп бекер айтпаған ғой.
      Өзінің мамандығын шексіз сүйетін, нағыз дәрігерлік ісіне ыждағатты адам ғана алдына келген науқасына барынша құрметпен қарай алады. Асқан мейірімділік пен көркем мінез-құлық табиғатына тән болса, онда ол адам нағыз дәрігер деуге болады. Себебі, көркем мінез-құлық кез келген адамның көркі екені белгілі. Ал бұл қасиет дәрігерге тән болса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Ақ халатына адалдық танытып қана қоймай, әрбір науқасына мейірім шуағын төгіп, жұмсақтық танытып, жылы сөздерімен жұбатып, жағдайын сұрап тұруы оның адамгершілік белгісін айқындай түседі. 
      Дәрігердің емделушісіне тәкаппарлықпен қарауына жол жоқ. Өзінің өмірін сеніп тапсырып келіп тұрғаннан кейін, емделушісіне үміт сәулесін бергені жөн. Дәрігер құпия сақтай білуімен ерекше тұлға дейтін болсақ, қандай да қиын жағдай болмасын, жаны жарым адамға жақсы сөз айтудан, үміт беруден қайтпауы керек. Адам дәрігерге барар жер, басар тауы қалмағанда, тығырықтан жол іздеп баратыны шындық. Адамзат баласына қай уақытта болмасын денсаулық сақтау саласының орны ерекше. Бұл саланың еңбеккерлері Гиппократ антын қабылдап, халықтың ықыласы мен алғысына бөленіп жүрген жандар. Ерінбей еңбек етіп, өзіне де, еліне де зор пайдасын тигізген ақ халаттылар өзгелерге үлгі етуге әбден лайықты-ақ. 
      Әңгімемізге арқау болып отырған ақ халатына дақ түсірмей, еліне елеулі қызмет етіп келе жатқан азамат Ұлан Үсенұлы жайлы тарқатып жазбақпыз.
      Байбактин Ұлан Үсенұлы 1965 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Оқу-білімге құштар, қатарластары арасында ұйымдастыра білу қабілетімен көш бастай білген ол, мектеп қабырғасында үздіктер қатарында болды. Орта мектепті ойдағыдай аяқтап шыққаннан кейін өзінің қалаған жоғарғы оқу орнына түсу мақсатында 1982 жылы сол кездегі Қызылорда медициналық училищесіне құжат тапсырады. Талапты жас «Тіс дәрігері» мамандығы бойынша оқуға түседі. Өзінің ізденімпаздығының, байқампаздығының, жан-жақтылығының арқасында студенттік кезеңін де жақсы өткеріп, оқуын үздікке оқыды. Қоғамдық жұмыстардан да қалыс қалмай, қатарластары арасында өзінің биік беделімен сыйлы болды. Бір ғана оқумен уақытын шектеп қоймай, ол үнемі кітапханаларға барып, мамандығына байланысты пайдалы материалдарды алып, өзінің білімін жетілдіре түсті. Осылайша ол аталмыш жоғары оқу орнын 1985 жылы ойдағыдай жақсыға аяқтады. 
      Білімді жас маман дипломын қолына алғаннан кейін Ырғыз ауданының ауруханасына жолдама алып, онда тіс дәрігері болып еңбек жолын бастады. Жас та болса өзінің саласына деген қызығушылығының арқасында аға мамандардан, тәжірибелі жандардан өзіне қажетін алып, жан-жақты үйреніп, аз уақытта мақтаулы мамандар қатарына қосылды. Үлкендердің ақыл-кеңесін тыңдай білетін жас аз уақытта ұжым арасында өзінің еңбекқорлығымен, уәдесіне деген беріктігімен, адал да әділдігімен, байсалды да сабырлы, салмақты мінезімен дараланып тұрды. Ұлан Үсенұлының тағы бір қасиеті шыншылдығы мен өр мінезділігі деуге болады. Өйткені, қай кезде болмасын өтірікке бой алдырғанды ұнатпайды. Қандай жағдай болмасын турасын бетке айтқанды қалайды. «Өтірік өрге баспайды» деген ұстанымды ұстанып, жанындағылардан да соны талап етеді. Оның осындай қайтпас қайсар мінезін әріптестері де жоғары бағалап, құрметтейді. Жасы үлкен мамандар оны жас маман екен демей, пікірімен келісетін тұстары да көп болатын.
      Білімге, білуге құштар Ұлан Үсенұлы 2004 жылы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түсіп оны да жақсыға бітіріп шықты. Үнемі жаңалықтарға құлағын түріп жүретін, жаны жаңашылдыққа жақын азамат 2004-2016 жылдар аралығында «Денсаулық» клиникасының «Стоматология» бөлімінің меңгерушісі болды. Өзінің саласына деген махаббатының арқасында талай емделушілеріне әдемі күлкі сыйлап келе жатқан Ұлан Үсенұлына сенім артып келушілер қатары сәт сайын өсіп келеді. Ол осы клиникада 2009 жылдан бастап бас дәрігері болып қызмет жасаған. 2016 жылдан бастап өзінің жеке кәсіпкерлігін дамытып, өз клиникасының негізін қалаған болатын. Кейіннен 2018 жылы «Дентал Ақтөбе» атты клиникасының тұсауын кесіп, оны заманауи тұрғыда дентальды имплантология бағытымен жаңғыртты.
      Білімді де білікті азамат қай уақытта да өзін дамытып отырудан жалыққан емес. Өзінің тұрақты кәсіби деңгейін дамыту мақсатында Еуропа, Израиль, АҚШ және ТМД елдерінде білімін тұрақты жетілдіріп келеді. Денсаулық саласында сәт сайын болып жатқан жаңалықтарды назарынан тыс қалдырмайды. Жаңалықтарды өз саласына енгізуде әріптестері арасында батылдық пен табандылық танытып келеді. Қандай да жаңашылдықтарды жатсынбай қабылдай білетіндігімен де ерекше тұлға деуге болады.
      Денсаулық саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Ұлан Үсенұлы «Қазақстан Респубикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін омырауына жарқырата тақты. Сонымен қатар алтын қолды дәрігер «Пирогов» медалінің, стоматология саласын дамытудағы ерен еңбегі үшін «Алтын медальмен» марапатталған. 
      Бүгінде жеке кәсібімен қоса, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің интернатура стоматологиясы және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру кафедрасының ассистенті болып абыройлы қызметтерді атқарып келеді. Тамаша тәлімгерлерден тәлім алған, өзінің саласында абыройы артық, беделі биік тұлғаның шәкірті болып жүрген жандар да жетерлік. Үлкенді аға тұтып, кішіге аға болып жүретін азамат жайында талай-талай қалам тербеуге болады. Иә, ол осы салада маңдай терін төге еңбектеніп келеді. Өз саласына әлі талай жаңашылдықтарды енгізетініне сенімі мол. Қашан да қарапайымдылығынан танбайтын азаматтың осындай адамгершілік асыл қасиеттеріне шын сүйсініп, тәнті де боласың. Ешқашан ешкімнің көңілін қалдырмауға тырысып жүреді. Жай сөйлеп, өзінің әдеттегі қалпынан танбайтын алтын қолды дәрігерді құрметтеп, сыйлайтын замандас, сыйлас, дос-жолдастары да көп. Осынау жылдар ішінде жанына талай жақсы мен жайсаңды жинады. Біріне жанашыр әріптес болса, біріне қамқор іні болып, көппен бірдей сыйласып келеді.
      Қанша жерден жұмысбасты болса да Ұлан Үсенұлы өзінің отбасын бірінші орынға қояды. Отбасы да денсаулық саласына ерекше үлес қосып келе жатқан жандар. Алла қосқан қосағы Көпбаева Айғайша Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасында бас мектеп дәрігері болса, ұлы Асылан стоматолог-дәрігер және жақ-бет хирургия бөлімінің резиденті. Келіні де стоматолог-дәрігер болып қызмет атқарады. Сондықтан облыс әкімдігінің ұйғарымымен бұл отбасы «Үлгілі дәрігерлер жанұясы» деп танылып, қалалық саябақта арнайы тал егу құрметіне ие болған-ды. Ұлан мырзаның қызғалдақтары, екі қызы да инженер-химиктер, екінші ұлы Асылхан М.Оспанов атындағы Медициналық университеттің стоматология мамандығы бойынша 4 курста білім алып жатыр. Болашақта әке ізін жалғауды мақсат етуде.
      Білімнің түпсіз тереңіне сүңгіп, дүниедегі ең ізгі һәм адам баласы үшін орны мен маңызы айырықша мамандықты игеруге бар күш-жігерін салған мерейлі отбасының адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдауларының өзі үлкен жауапкершілік деуге болады. Кейіпкеріміз Ұлан Үсенұлының тамаша өрілген өмір баянына шын тәнті болып, оның парасатты болмысына ішің жылып, алғыс жаудырғың келіп-ақ тұрады.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...