Булатханов Асылбек Өмірзақұлы

Рейтинг:

Білімді де білікті стоматолог

      Сонау Гиппократ заманынан бастап адамдар тіс емдеумен айналысқан. Өткен тарихқа көз салатын болсақ, ол тіс ауруына қыздырылған темірді пайдалануды ұсынған екен. Шығыста біздің заманымызға дейінгі 500 жыл бұрын «мисвак» деп аталатын алғашқы тіс щеткасы пайда болған. Ауырғанды басатын дәрілер, тіс жұлатын қысқыштар қазіргі заманның өнер табысына жатпайды. Себебі, тіс жұлатын қысқаштар біздің заманымыздың IV ғасырында пайда болған көрінеді. Көне өркениет адамдары тіс ауруларынан қатты қиналып, сондықтан ауруды басатын, қатты әсер ететін дәрілер (мысалы, мышьяк) пайда бола бастаған. Осы кездердің өзінде адамдар ауырған тісті жұлудан бөлек, сонымен қатар оның бүлінген жерін ғана алып тастап, емдеуге болатындығын түсінген. Алғашқы пломбаларды қытай ғалымдары біздің заманымызға дейінгі 659 жылы қолдана бастапты. Қазіргі стоматология – бұл ауыз қуысы ауруларының емдеу және алдын алу тәсілдерін ұдайы жетілдіретін жоғары технологиялық ғылым болып табылады.
      Маңызы зор және кең таралған стоматолог мамандығы қазіргі күнде сұранысқа көп ие. Оның қоғамдағы әлеуметтік орны зор. Мәселен, стоматолог-терапевт күнделікті жұмысында профилактикалық қаралуға немесе тісі қатты ауырып емдетуге келген адамдармен жолығады. Дәрігер тістің зақымданған жерлерін арнайы құрылғының көмегімен жонып тастайды да, тістің ашық тіндерін жабу және ауру туғызатын үрдістердің одан ары дамуын тоқтату үшін олардың орнына пломба қояды. Сонымен қатар, стоматолог-терапевт қызыл иектің қабынуын да емдейді. Ол ауру сатысын анықтап және жеке дұрыс емді таңдай алады. Ал хирург маман ота жасайды және тіс жұлады. Стоматолог-ортопед маман жарақаттың әсерінен пайда болған жақтағы және тістің өсу сызығындағы кемістікті жояды. Ол протездеумен (тіс салу) және имплантациямен айналысады. Оның жұмысы күрделі және асқан дәлдік пен зейінділікті талап етеді. Сәл олқылық кетсе, жұмысты қайта бастауға тура келеді. Стоматолог-ортодонт маман жасқа байланысты өзгерістердің әсері болып келетін деформацияларды (қисаю) жоюмен айналысады. Әдетте ол дұрыс емес тістеумен жұмыс жасайды, оны пластиналар мен брекет қою арқылы түзетеді. Балалар тіс дәрігерінің міндеттері стоматолог-терапевтке ұқсас. Ол тек балалар және жасөспірімдермен жұмыс істейді. Бұл маманға баланың тісін емдеуге көндіру, науқастарды ауыз қуысын дұрыс күтім жасауды үйрету маңызды. 
      Кейіпкеріміз Булатханов Асылбек Өмірзақұлы 1978 жылы 24 сәуірде дүниеге келген. Әкесі – Өмірзақ Булатханов тіршілігінде балалар дәрігері болып, талай ата-ананың алғысын алған азамат еді. Шымкент медициналық колледжінде 2012 жылға дейін «Мейірбике» факультетінің меңгерушісі болып қызмет атқарған білімді де білікті маман болды. Анасы – Зулайха Ахметова иманжүзді, ауыл-еліне сыйлы, балаларының ақылшысы, аяулысы. 
      Асылбек Өмірзақұлы 1984-1993 жылдар аралығында Шымкент қаласының №7 Қ.Сыпатаев атындағы орта мектепте оқыды. 1993-1997 жылдар аралығында Шымкент медициналық колледжінің «Тіс дәрігері» факультетінде оқыды. 1997-1998 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданының Ақсу аудандық орталығында тіс дәрігері ретінде еңбек жолын бастады. Өзінің ізденімпаздығының, жан-жақтылығының арқасында жұмысын жақсы көргендіктен, тәжірибелі мамандардың ақыл-кеңесіне құлақ сала жүріп, мақтаулы маман атанды. Білімге құштар азамат, көп ұзамай 1998-2003 жылдары Шымкент қаласының халықаралық «Мирас» университетінің «Стоматология» факультетін бітірді. 2003-2005 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы «Диастом» клиникасында дәрігер-стоматолог қызметін атқарды. 2005 жылы Астана қаласының «Мастер Дент» клиникасына жұмыс істеуге ауысты. 2007-2018 жылдары Астана қаласының «Профистом Д» стоматологиясында дәрігер-стоматолог болып жұмыс істеді. 2018 жылдан қазіргі кезге дейін өз мамандығын әрі қарай игеру мақсатында жеке кәсібін ашып, жұмыс жасап отыр.
      - «Тісі ауырмайтын адам болмайды. Әсіресе, тістің жылтыр эмалінің бүлінуі, тіс жегісі жиі кездеседі. Тістің бүлінуі тәттіні көп жегеннен, ыстық-суықтан, тісті дұрыс тазалай алмаудан деп айтылады. Алайда тіс бұзылуының басты себебі: ішкі ағза мүшелерінің дұрыс жұмыс істемеуінен екенін ғалымдар анықтап отыр. Адамда 32 тіс бар, стоматологтар осы тістерді 8-ден бөліп, нөмірлейді. Яғни, жоғары мен төмен алдыңғы тістер сол жаққа қарай 8, оң жаққа қарай 8, барлығы 16-дан қатарласқан. Осы тістердің дәл ортадағы екеуін 1-ші деп белгілеп, әрі қарай ретімен кете береді. Міне, осы 1-ші және 2-ші тістердің бүлінуі қуық пен бүйректе, құлақта кінәрат барын білдіреді, 3-ші тістердің бұзылуы бауыр мен өттің жұмысы дұрыс еместігін аңғартады. 4-ші тістер бүлінсе өкпе мен тоқ ішекте ауру болғаны, 6-шы тістердің бүлінуі асқазан мен асқазан асты безінің жұмысы бұзылғанын білдіреді. Ал 8-ші тістердің бүлінуі жүрек пен ащы ішектің жұмысы өзгерісінен хабар береді, асқазан мен ащы ішекте жара болса, көбіне пародонтоз пайда болады, тісте тас түзіледі», - дейді кейіпкеріміз.
      Адамның тісіне қарап, денсаулығын бағалау ежелден белгілі. Қазіргі заманда тісінің саулығымен адам ағзасының қай мүшесінде ауру пайда болғанын аңғаруына болады екен. Егер емдеткен тісіңіз қайтадан ауыра бастаса, сол тіспен байланысы бар ағза мүшесіндегі аурудың асқынғаны. Сондықтан тіспен қатар ауыратын жерді де арнайы дәрігерге қаратып емдеткен жөн. Тіс емханасына емделуге келгендерге денсаулық бағытында осындай түсініктер арқылы кеңестер беріледі.
      Білікті дәрігер 2003 жылдан бастап жыл сайын әртүрлі оқуларға барып, тіс емдеу, хирургия және тіс салу әдістерін үйренді. Ал 2009 жылдан бастап хирургиялық имплантация әдістерін үйренді. Осы жылдар аралығында көптеген жаңалықтарды үйреніп, игерді. Бүгінде жан жары Гүлданамен бірге Диасхан, Дастан, Сұңқар, Аңсар, Дарын есімді балаларды тәрбиелеп, өсіріп отырған үлгілі отбасы. Жары Гүлдана да медицина саласының өкілі. Ұлдары – Булатханов Диасхан Асылбекұлы 2002 жылы дүниеге келген. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында «Rembrand lab» тіс техникалық лабораториясында тіс технигі болып жұмыс жасайды.
      Өз ісін жақсы білетін, ел-халқының алғысын арқалап жүрген абыройлы азаматқа үлкен жетістіктер тілейміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 июля 2026 13:54
Кульжами Есимхановна
Прочитала с большим уважением к человеку чье имя внесено в летопись золотой книги Казахстана, своему шефу, Кенжекыз...
12 июня 2026 14:28
Жаркын
Какая молодец, девушка из казахских степей Галина! Ее яркий творческий и целеустремленный, в то же время позитивный...
19 мая 2026 21:11
зангар
Азиз , мы кстати родственники, я внук Мыханова Санибека Акмырзаева, ты наверно его знаешь да?...