Өнегелі отбасы - ұлт келешегі
Адам деген – әлем бағы, түсінер мұны олардың данышпаны» деп Омар Хайям айтқандай, «адам» дейтін әлемнің қалың бағын жайқалту «дәрігер» дейтін данышпанның алтын қолында іспетті. Ақ халатты абзал жан болуды арман ететіндер өте көп. Алайда, екінің бірі дәрігер бола алмасы айқын. Дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен білім алу болашақ маман үшін жеткіліксіз. Оған қоса, адам өміріне деген жауапкершілік, тиянақтылық пен адалдық маңызды.
![]()
Міне, осындай шыдамдылық пен еңбексүйгіштікті талап ететін медицина ғылымы сан салаға бөлінеді. Адам жанының бағбаны болуды місе тұтқан қаншама жан өз өмір жолдарын осы қызметпен байланыстырып бірі терапевт, бірі хирург, бірі психолог сынды салалардың тізгінін ұстайды. Міне, бүгін біз сөз еткелі отырған жан медицина ғылымының ішінен отыз тістің жайын білмекке бекінген тіс дәрігері.
Тіс дәрігері мамандығы шағын элементтермен тұрақты жұмыс атқаруды талап ететін, ең жоғары дәлдікті қажет ететін қиын да қызықты сала. Осы саланың тізгінін ұстаған білікті маман – Ибраимов Қайрат Абсаттарович.
Қайрат Абсаттарович 1973 жылдың 1 желтоқсанында Сыр өңірінде дүниеге келген. Отбасында кейіпкеріміздің әкесі ерте дүниеден озады. Өз кезінде педагог мамандығының тізгінін ұстаған ұстаз болған. Дегенмен, әкеге бергісіз тәлім тәрбиені талай жанның көкейінде мәңгі ұстаз есімімен қалған анасы – Науанова Алима. Балаларына тәлімді тәрбие берген Алима ана 1947 жылдың тумасы. Қызылорда қаласына еңбегі сіңген педагог, математик, «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атағының иегері Алима ана бүгінде зейнеткер, еңбек жолында талай мәрте «Құрмет грамоталары» және «Алғыс хаттармен» марапатталған.
![]()
1981 жылы аталмыш өңірдегі №217 Б.Шалғынбаев атындағы мектепте білім нәрімен сусындап, 1988 жылы негізгі білімді тәмамдап шығады. Болашақ мамандығына таңдау жасаған жас өрен аталған жылы Қызылорда қаласында орналасқан медициналық училищенің студенті атанып, 1991 жылы оқуын бітіреді. Білім мен білік жолында жұмсалған уақыт зая кетпейтінін жақсы түсінген Қайрат мырза өз білімін жетілдіру мақсатында 1991-1996 жылдар аралығында Алматы шаһарында орналасқан С.Асфендияров атындағы медицина институтын стоматология факультетінен тіс дәрігері ретінде білім алып шығады. 1996 жылы алғаш еңбек жолына қадам басқан жас маман қалалық балалар тіс ауруханасына орналасады. Сол тұста емхана меңгерушісі әрі жұмыс барысындағы алғашқы ұстазы Нургалиев Қасым Нургалиевичтің «Дента-Люкс» қалалық балалар стоматологиясында жұмыс жасайды. Өз еңбек жолын одан әрі кейіпкеріміз тіс дәрігері ретінде қала орталығында орналасқан №222 Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте жалғастырады. Біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін өз кәсібін бастамақ ниетте 2008 жылы жеке тіс емханасын ашады.
2008 жылы ашылған «Али-Дент» деген атауға ие болған Қайрат мырзаның тіс клиникасы бүгінде қаланың үш аумағында өз қызметін сапалы әрі сәтті етіп халыққа ұсынуда. 2008-2010 жылдары және 2021 жылдан бері ақылы және ақысыз негізде өз қызметтерін халыққа ұсынып келеді. Қайрат мырзаның кәсіп жолында басты жеткен жетістіктерінің бірі халық тарапынан алған алғысы екендігін өзі де жасырмайды.
![]()
Тіс клиникасының әрбір қызметкерлері тіптен Қайрат мырза қай кезде болмасын әрдайым біліктілігін арттыру мақсатында түрлі шетелдік курстарға қатысып, біліктілігін жетілдіріп тұрады. Нәтижесінде, бірнеше рет арнайы халықаралық деңгейдегі сертификаттармен марапатталған. Қайрат мырза өз ұжымымен қандай да болмасын мерекелік кештерде бір отбасындай қарсы алуды үрдіске айналдырған. Ұжымындағы әрбір жас маманға өзінің 25 жылдық еңбек өтіліндегі тәжірибесімен бөлісіп отырады.
Менің бақытым – отбасым, жарым мен балаларым деп үнемі айтып отыратын Қайрат мырза жұмыс барысындағы біліктілігінен бөлек, отбасында қамқор әке, арқа сүйер адал жар, өр тұлғалы азамат. Өмірлік серігі – Кенесариева Жаңагүл Жәдігерқызы 1974 жылы дүниеге келген. Бір білім ордасынан бірге білім алып, медициналық колледжде, Алматы қаласындағы медициналық институтта бірге оқыған Қайрат мырза мен Жаңагүл ханым 1997 жылы отау құрады.
Жаңагүл ханым Ысқақов Жеңіс Ысқақұлының қолдауымен қала орталығында орналасқан Облыстық стоматологиялық емханада қызмет етеді. Алғашқы жұмыс барысындағы ұстазы ретінде Жаңагүл ханым Жеңіс мырзаға әрдайым алғыс айтуды жөн санайды. Өз еңбек жолында жүкті келіншектерге, қарттарға, балаларға бес-алты жылдай тегін кеңес береді. Жұмыс барысында әріптес, өмірде мәңгілік жар бола білген Жаңагүл ханым мен Қайрат мырза бүгінгі таңда үш бала тәрбиелеп, екі ұл, бір қыздың ата-анасы. Үлкен ұлдары Абсаттаров Әліби Қайратұлы 1998 жылы дүниеге келген. Бүгінде ата-ана жолын жалғастырушы жас маман. Алматы қаласында жоғары санатты дәрігер-стоматолог болып жұмыс атқаруда. Әліби отбасылы. Жұбайы Айғаным мамандығы бойынша болашақ дәрігер. Қазіргі таңда бір қызғалдақтың ата-анасы. Ұлдарының ата-ана жолын жалғастыруының басты себебі, әрдайым ата-анасын тіс емханасында көруінен болар деп ойлайды Жаңагүл ханым.
Үшінші тіс емханасының сапалы әрі сәнді болып ашылуына Әлібидің үлесінің зор екенін ата-анасы мақтанышпен айтады. Кейіпкеріміздің екінші және үшінші ұлы мен қызы егіздер Альмансур және Альмира. Олар бүгінде мектеп қабырғасында білім алып жатқан үлгілі оқушылар.
![]()
Адам баласы өмірлік жолында екі нәрседен қателеспеуі қажет деп жатады. Бірі – мамандық таңдауда болса, екіншісі – жар таңдауда. Осы ретте, Қайрат мырзаның мамандық жолынан қателеспей халыққа көмектесіп жатқан еңбегін айқын көріп отырмыз. Дәл солай жар таңдауда да қателеспеген Қайрат мырзаның ошағының түтінін түзу түтетіп отырған Жаңагүл ханым туралы айтар ой бір бөлек. Әрі дәрігер, әрі асыл балаларының анасы әрі адал жар, өмірдің ыстығы мен суығында, қиыншылығы мен қызығында бірге жүріп келе жатқан жұбайын мақтаныш етеді.
- «Жұбайым Жаңагүлдің бойында атап айтар адами құндылықтары өте көп. Менің әрдайым жанымды түсініп, қолдау көрсете алады. Білімді, сауатты, өз ісінің нағыз майталманы.
Халықаралық конференцияда әлемнің бас стоматологы Франция мемлекетінен келіп «ҚР 20 үздік стоматологтарының бірі» ретінде Жаңагүлге титул табыстаған болатын. Мұндай дәрежелі титул кез келгеннің бағына бұйыра бермейді. Оған қоса, жұбайым маған үлкен ұлымыз Әлібиден кейін, яғни, араға 17 жыл салып егіз перзентімізді дүниеге әкелді. Бірнеше жылдан кейін тағы да әке атану адамға ерекше толқыныс пен сезім сыйлайды екен. Оған айтар алғысым шексіз және маған осындай жаны таза, жігері мықты әйел затын Алла бағыма бұйырып бергеніне ризамын әрі мақтанамын», - дейді кейіпкеріміз.
![]()
Жаңагүл Жәдігерқызы «ҚР үздік стоматолог-дәрігері» Құрмет грамотасымен, 2020 жылы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Байқадамовтың атынан «Алғыс хатпен» марапатталған. Қазіргі таңда ТОО «СтомЦентрКызылорда» тіс емханасының директоры.
- «Әрине, менің мансаптық жолда өрлеуіме көп қолдау көрсеткен Қайраттың еңбегі зор. Жетістіктерге жетіп, білікті маман болуыма ықпал жасап, қандай істі қолға алсам да қолдау көрсетіп отырады. Арқа сүйер осындай ер азаматым болғанына Аллаға шүкір айтамын», - деп Жаңагүл ханымның жолдасына айтар алғысы шексіз. Сыйластығы артқан қос дәрігердің өнегеге толы өмірлері кімге болса да үлгі-өнеге.
Өзгешелігі көп отбасы Қызылорда өңіріндегі үш бірдей тіс емханасын (Али-Дент1, Али-Дент2, Smile Clinic) ашқан. Ата-анасы да, баласы да дәрігерлік жолды таңдаған ерекше отбасының заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілген клиникалары ақылы және ақысыз түрде бірнеше категория бойынша қызмет көрсетеді. Атап айтсақ: 18 жасқа толмаған балаларды, көпбалалы аналарды, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерін, аяғы ауыр келіншектер мен мүгедек жандарды тегін емдейді.
Ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген Қайрат мырза мен Жаңагүл ханымға қала орталығында орналасқан әрбір емханаларыңыздың нәтижелі істері үшін алғыс білдіре отырып, алдағы уақытта кәсіптеріңіздің өрісі кеңейе берсін демекпіз!
Қайрат мырза халыққа жасаған әрбір игі ісіңіз еленіп, өн бойыңыздан қазақилық пен ерекше тәрбие есіп тұрған ел азаматы болып жүре беріңіз. Еңбек жолында толағай табыс, отбасыңызға амандық пен бақ-береке, деніңізге саулық тілейміз!