Еңбекпен есейген жан
«Алуан-алуан кәсіп бар, таңдай біл де, талап қыл». Иә, аталмыш сөздер легі кімді болсын ойландырары хақ. Адам баласы дүниеге келген соң өзінің оң жамбасына сай келетін мамандықтың тізгінін еншілейді. Бүгінде елімізде тіс емдейтін стоматология қызметіне сұраныс жоғары десек артық айтпағандығымыз. Сөз еткелі отырған кейіпкеріміз осы мамандықтың тізгінін ұстап, науқастың тістерін оның ішінде тіс ауыруының алдын алу және ауыз қуысының саулығын қамтамасыз ету, түбірлік арналарды іске асыру және тістің бұзылуын емдеу сияқты күрделі мәселелерді емдеуге арналған дәрігерлік деңгейде сауатты кеңес беріп жүрген білікті жан – Букенбаев Азамат Арстанғалиұлы.
Азамат мырза 1985 жылдың наурыз айының 12 жұлдызында Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Алтынды ауылында дүниеге келген. Кейіпкеріміздің отбасында әкесі Арстанғали және ақ жаулықты анасы Набира екеуі үш ұл тәрбиелейді. Үлкен ұлдары Мерболат, кіші ұлдары Марат ортаншы балалары кейіпкеріміз Азамат. Бала күнінен өмірдің ыстық-суығына көндігіп өскен кейіпкеріміз өмірінің соңына дейін ата-анасының алдындағы парызын өтей алмайтындығын жасырмайды. Қандай жағдай болмасын жылы жұмсағын балаларына деп арнаған ана мейірімі тіптен бөлек әңгіме деседі. Азамат мырза 2002 жылы мектеп қабырғасын бітіріп, Ақтөбе қаласында орналасқан іргелі оқу орны М.Оспанов атындағы Медицина академиясына оқуға түседі. Медицина саласының стоматология факультетінің студенті атанады. 1-курсынан бастап Азамат мырза Досов Мақсат Адикенович деген ұстаздан білім алып, үш жыл тегін жұмыс жасап, өмірлік азық болар мамандығының мол тәжірибесін осы жерден жинайды. 2005 жылы кейіпкеріміз оқу орнын абыроймен аяқтаған тұста ұстазы Мақсат мырза жұмысқа қабылдайды. Үш айдан кейін Мақсат мырза жас маманға өзгеше бір ұсыныс жасайды. Бұл таңдау Азамат мырзаның өмірін түбегейлі өзгертетінін сол тұста білмеген еді. Мақсат Адикенович мырзаның ұсынысы Атырау қаласында орналасқан стоматологияға жұмысқа аттану болатын. Осы бір үлкен шешімді қабылдау барысында кейіпкеріміз өз ата-анасынан рұқсат сұрап, батасын алып, Батыс жаққа еңбек жолын жандандыру мақсатында сапарға аттанады.
![]()
Таңсық қалаға жетісімен Азамат мырзаның қызмет атқаратын «Анар» стоматологиясының басшысы Сакиева Роза ханым мен Есмуханов Ақылбек мырза күтіп алады. Сонымен, кейіпкеріміз 2005 жылдың қазан айының 15 жұлдызынан бастап Атырау қаласында қызметтік мансабын бастайды. Жалдамалы пәтерде өмір сүріп, сонымен қатар өз жұмысын жандандырып жүрген жас маман 2007 жылдың сәуір айының 27 жұлдызында шаңырақ көтереді. Ата-анасының рұқсатын алып, Азамат мырза жары Букенбаева Динара Қуанышбайқызымен қайта Атырау қаласына келеді. Жас отбасы жалдамалы пәтердің дәмін татып, бұл сынақтан қанаттанбаса қаймыққан емес-ті.
2007 жылы Азамат мырза мен Динара ханым алғаш рет ата-ана бақытына ие болып, өмірге тұңғыш қыздары Назерке келеді. Дүние сәби келгеннен кейін Азамат мырза нағыз әке қамқорлығын сезініп, бір жұмыстан екінші жұмысқа орналасып аянбай еңбек етеді. Екінші қызметке орналасып, аталмыш стоматологияның иелері Исмагулов Жасұлан және Исмагулов Жанболат сынды жақсы жандармен танысып, сол кісілермен біріге қызмет атқарады. 2007 жылдан 2008 жылға дейін күнделікті жұмыс уақытымен «Анар» стоматологиясында қызмет жасап, кешкі ауысымда «Смагұл Дент» стоматологиясында жұмыс атқарып жүрген кейіпкеріміз 2008 жылы түбегейлі жұмысын «Смағұл Дент» стоматологиясына ауыстырады. Аталған мекемеде кейіпкеріміз 2019 жылға дейін табысты еңбек етіп, халықтың сұранысына ие дәрігерлердің бірі атанып үлгерді. Осы жылдар ішінде Азамат мырза өзінің табысын жинақтап, баспаналы болу бақытына ие болды. Бұл еңбекке жары Динараның да ықпалы зор екендігін кейіпкеріміз жасырмайды. 2009 жылы Азамат мырза мен Динара ханым екінші рет ата-ана атанып, өмірге ұлдары Нұржан келеді. Бұл қуанышпен тұспа-тұс 2010 жылы қоныстоймен жалғасын табады. Қосымша еңбек етуді жөн санаған кейіпкеріміз кешкі уақытта жеке шағын клиниканы жалға алып халыққа қызмет көрсетеді. Адал еңбегінің арқасында Азамат мырза ойламаған жерден су жаңа көліктің иесі де атанып үлгерді. Ата-анасына көмек қолын созуды да ешуақытта естен шығарған емес-ті. 2019 жылы кейіпкеріміз жинақтаған тәжірибесін саралай келе жеке клиникасын ашуды жөн санайды. Стоматология атын туған ұлының атынан беруді жөн санап, «Нұржан Стом» деп қояды. Ел ықыласына бөленіп жүрген дәрігеріміз араға жыл салып, бір тіс емханасына өз атын беріп «Dr.Azamat Dental Clinic» деп атайды. Бүгінде кейіпкеріміз сол клиникада өз командасымен жұмыс жасауда. Қала ішінде тұрғындарға қызмет көрсетіп жүрген бүгінде Азамат мырзаның үш клиникасы бар. Кейіпкеріміз 18-20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Еткен еңбегінің, алған алғыстарының жемісі ретінде 2017 жылы «Қазақстан Стоматологтар Ассоциациясы» ҚҚ және «Республикалық Дәрігерлерді дипломға дейін оқыту» ЖШС басшылары атынан Грамота, «Смағұл-Дент» стоматологиялық клиника басшысы атынан «Алғыс хат», 2017 жылы «Смағұл-Дент» директоры атынан «Үздік стоматолог-ортопед» номинациясымен марапатталды.
![]()
Әрбір ер-азаматтың артында мықты әйел тұрады демекші, осы дәрежеге жеткеніне Азамат мырза жолдасы Динараның зор үлесі бар екендігін мақтан тұтады. Бүгінде Динара ханым аталмыш клиникада әкімшілік қызмет атқарады. Тіс маманы бола тұра кейіпкеріміз бос уақытында балық аулағанды, аңшылықпен айналысқанды жаны сүйеді. Әке қамқорлығын тануды Азамат мырза еш уақытта естен шығарған емес. Балаларының үлкені Назерке SilkWay лицейде 8-сыныпта білім алса, ұлы Нұржан 7-сыныпта оқып жатыр. 2021 жылдың қыркүйек айының 3-де Азамат мырза мен Динара ханымның шаңырағында үшінші сәбилері Нұрым дүниеге келді.
Қорыта айтқанда, ұстанымы жоғары, еңбегі адал, ар-ожданы биік, көптің көңілін тауып, білім мен білікті ұштастыра отырып, қазіргі таңда басшы ретінде кәсіптің кілтін тауып, мамандығының майталманы атанған азаматтың алар асуы мен бағындырар белесі алда демекпіз.
Осы ретте, Сізге, сіз қызмет жасап жүрген ұжымның ісіне сәттілік тілеп, отбасыңыздың бақыт пен берекесі арта берсін демекпіз!
![]()