Бала жанының бағбаны
Өз ісінің шебері болу – әр адамның арманы. Арман жолында адам қандай бел-белестерден болмасын еш тоқтаусыз өтері анық. Арман жолын мақсатқа айналдыру бір бөлек дүние болса, өз мақсатыңызға жету үшін іс-әрекетіңіз қарқын алып, дамуы өзінше бір төбе. Бүгінгі біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз, әлемге ерекше қамқорлықты қажет етіп туған бүлдіршіндерге, кіршіксіз пәк көңілмен қоршаған
![]()
ортаны танып білгісі келетін балапандарға өз көмек қолын созып жүрген жан – Шынар Жолдасқызы.
Қабылова Шынар Жолдасқызы 1984 жылдың наурыз айының 19 жұлдызында Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жарлы селосында дүниеге келген. Нұрпейіс Байғанин атындағы орта мектепте білім алады. Шынар ханымның отбасында әкесі аталмыш ауылға есімі ерек танылған білікті мал дәрігері, өз кезегінде Оренбургта орналасқан іргелі оқу ордасын үздік қызыл дипломмен тәмамдаған Қабылов Жолдас мырза.
Шынар ханым өзінің білімге, ғылымға деген өзгеше ізденісі мектеп қабырғасынан қалыптасқанын жасырмайды. Кейіпкеріміз алғаш мектеп табалдырығын аттап, 2001 жылы 11-сыныпты абыроймен аяқтап, Атырау қаласына тарих филология мамандығына оқуға түседі. Іргелі оқу орнында Шынар ханым ерекше ізденіспен таңдаған мамандығының қыр-сырын ұғынып, ғылыми деректерге сүйеніп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүріп, өз мамандығының иесі атанады.
«Бала жүрегі – кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалім-нің қолында әр кезде сол кілт тұру керек», - деп М.Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу мұғалімнің ең басты міндеті деп ойлаймыз. Осы бір ұлағатты сөздің астарын түсіне білген кейіпкеріміз мектепке жоғары сыныптарға сабақ беретін тарих пәні мұғалімі болып орналасады. Білім мен білік қай кезде болмасын тұлғаны ұятқа қалдырған емес-ті. Шынар ханым нәтижелі жұмыстың арқасында дәрежесі жоғарылап, Атырау аграрлы-техникалық колледжіне тарих пәні мұғалімі болып орналасады. Жасөспірім шәкірттерінің тілін тауып, оқу үрдісінде қол ұшын созып, тіптен ата-аналарымен тілдесіп, кей сәттерде көптеген ата-ана сан мың сауалдың жауабын осы Шынар ханымның көмегінің арқасында тауып та жүрген кездері болды Уақыт бір орында тұрмайды демекші, кейіпкеріміз аталмыш мамандықтың тізгінін ұстағанына 17 жылдың жүзі толды. 17 жылдық еңбек тәжірибесінде Шынар Жолдасқызының шәкірттерінің талайы облыстық және қалалық олимпиадалардың жеңімпазы атанып үлгерді. Тіпті кейіпкерімізге Атырау қаласында Әлеуметтік «Жарқыра» жобасына қатысуға ұсыныс келіп түсіп, ойланбастан келісім береді. Жобаның басты мақсаты «ДЦП, ЗПР арбаға таңылған сәбилерге қандай көмек көрсете аламыз?» деген. Жобадан жеңіп шыққан жеңімпазды ТШО ақшалай көмек беріп сәбилерге жағдай жасайтындығын ескертеді. Жалпы ол компанияға сәбилерге бағыт-бағдар беріп күнделікті адамдар мен қарым-қатынас жасау керек болатын. Шынар ханым жүктелген мақсатты міндет деп санап, жүрегінде мұңы, көңілінде зілі бар аналармен жүздесіп, өз көмек қолын созуға барынша тырысады. Қоғамда ерекше қамқорлықты қажет ететін ДЦП, аутист
![]()
, ЗПР секілді диагнозбен ауыратын балалардың дертіне дауа бергісі келеді. Балаларға қалай көмектесемін? Дәрісіз емдеудің жолы бар ма? - деген сұрақтар Шынар ханымның көкейінен еш уақытта кеткен жоқ. Нәтижесінде, кейіпкеріміз аталмыш жобаның бірінші бөлімінен сүрінбей өтіп, екінші бөлімінде нақты дәлел дәйектер болмағандықтан ары қарай бақ сынауға өте алмайды. Дегенмен, бір істі соңына дейін жеткізуді місе тұтқан қайсар қыз бұл сәбилер ешқашан емделмей ме? - деп көп ізденіп, өз сауалына жауап іздеп, зерттей бастайды.
Бүгінде қоғамның қолжетімді қаруына айналған инстаграм әлеуметтік желісі Шынар ханымның сауалының жауабын тауып бергендей болды. Ізденісте жүрген кейіпкеріміз инстаграмдағы ұстазы – Гүлсім Үсенқызын жолықтырады. Сәбилердің белгісіз ауруға ұшырауының кей себептері дер кезінде қажетті массаж алмағандықтан екенін жіті түсіндірген Гүлсім Үсенқызының сөзін жақсы ұғынған кейіпкеріміз, біліктілігі мен білімділігіне тәнті болып, ойланбастан Ақтау қаласына барып арнайы курсын оқып, өз білімін жетілдіре түседі. 7 күнде бала массажын жетік меңгеріп, жұмысын бастап кетеді. Бір жарым жылда Шынар ханым 200-ден аса ананың сәбиін сылап, сауығуына себепші болады. Өзінің жеке кабинетін ашып, жұрттың көңілінен шыға бастайды. Нәтижесінде, балаға диагноз қоя алатындай мықты маман болып шЫғады. Мықты маман болып, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында көп ізденіп, еңбектенді. 2020 жылы «Психология, кәсіпкерлік дағдылар және заманауи маркетинг» бойынша тренингтен өткендігі жөнінде Сертификат, 2020 жылы «Детский массаж» курсын аяқтағаны үшін Сертификат, 2021 жылы «Логопедиялық массаж» курсын аяқтағаны жөнінде Сертификат, 2021 жылы «Емдік, профилактикалық, нүктелі, классикалық және дренажды массаж» курсын аяқтағаны үшін Сетификат алып, кәсібилігін жетілдіреді. Үздіксіз атқарған қызметі үшін 2019 жылы «Нұр Отан» партиясынан «Алғыс хатпен» және Атырау облыстық «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу Орталығы» ММ директоры атынан «Алғыс хатпен» марапатталады.
Қазіргі таңда кейіпкеріміз мұғалімдік тарихшы мамандығын әріптестеріне тапсырып, өзі медицина мамандығына бет бұрып, сан мың сәбидің сақшысына айналып үлгерді. Нүктелі массаж бала үшін таптырмас ем екенін кейінірек түсінгеніне өкінетінін де Шынар ханым жасырмайды.
Қорыта келе, жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, ақ халатты періштедей көз алдында көлбеңдей жүріп, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен, көзінің жақсысымен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып, ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалаған ақ халатты абзал жан Шынар ханымға алғыс айтамыз.
Деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!
Сіз бағындырар бел-белестер толастамасын демекпіз!