Шекербек Аманкелді

Рейтинг:

Абырой биігіне көтерген адал еңбек

      Қай дәуірді алып қарасаңыз да адам өмірінің, денсаулығының бірінші байлығы болған медицина саласының жылдар бойы жасап, адамзатпен бірге күн сөнгенше бірге жасайтын ғылым екенін көрсетеді. Медицина – сырттан қараған адамға онша ауыр көрінбегенімен, ішіне үңіліп, таңдаған саланы қаузаған кезде, оның да иыққа салмақ түсірер ауырлығы, өзіне тән қиыншылығы мен қызығы, алып бәйтеректі тербеп өсірген желдей, жас маманды түрлі қиындықтарға салып, қайрап, шыңдап, білікті дәрігер етіп шығаратын өмір мектебі бар. Міне, осындай басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса есігін қағып, табалдырығын аттайтын, күн өткен сайын сала қызметкерлеріне деген құрмет өсіп келе жатқан кең ауқымды медицинаның бір тармағы болған стоматологияның маманы, өмір тәжірибесінен өтіп, білікті де білімді дәрігер атанған ақ халатты абзал туралы әңгіме қозғамақшымыз.
       Бүгінгі таңда талай стоматолог жас мамандарды тәрбиелеп шығарып, олардың халыққа сапалы қызмет көрсетуіне жағдай жасап отырған, өзі де парасаты толысып, ағалық ақыл айтар жасқа келсе де стоматологиялық кабинетінен шықпайтын Шекербек Аманкелді Жамалбекұлы 1962 жылы Жамбыл облысы, Қаратау қаласында дүниеге келді. Өмір бұлағының бастауы болған әкесі – Жамалбек Шекербекұлы осы құт жайлаған мекенде туып-өскен, Қаратау қаласының жанындағы Қараой деген елді мекенде механизатор тракторист болып, кейіннен, Қаратау қаласындағы депода ұста болған еңбек адамы болса, анасы – Бейжігітова Бибайша 8 сегіз құрсақ көтеріп, солардың азамат етіп шығару жолында өмірін арнаған, бүгінгі таңда немерелерінің қызығын көріп отырған әзиз әже!
      Батысында еркелей аққан Жайық пен Еділі, шығысында кең қойнауын жастанып жатқан Алтайы, Солтүстігінде көз қадаған пенденің жүзіне жылы шырай үйіретін сұлу табиғат, ал Оңтүстігінде жасыл желегімен қоса, тас бүркеніп жатқан кенді Қаратауы бар қазақ даласы керемет емес пе. Ақ бауыр бұлттар алыстан қол бұлғап, төбе болып жатқан жердің қойнауы қазынаға толы Қартау өңірінде балалығын өткізген Аманкелді жастайынан еңбекке төселіп өсті. 1969 жылы Қараой сегіз жылдық мектебінің табалдырығын аттап, сәби қараңғылығын сейілткен білім бұлағынан су ішкен жас мектепте де алдыңғы қатарлы оқушылардың сапында болды. Сол кездегі білім бағдарламасы бойынша 8 жылдық мектепті бітіріп шыққан соң, бала кезгі арманы, өнер мен білімге ұмтылдырған мақсаты дәрігер болу үшін облыс орталығына аттанды. Шығамын деген талаптыға тау биік болып па, 1977 жылы сол кездегі Жамбыл облысы, Жамбыл қаласындағы медициналық училищенің «Фельдшер» бөліміне оқуға түседі. 
      Жалы күшті от үйіре соққан желді елең ете ме, қалайда дәрігер болуды, оқу оқып, меңгеріп алған соң елге қызмет етуді алдына мақсат етіп қойған жас, өзінің алғырлығымен, көпшілік ортаға бейімделіп кететін ашықтығымен, оқу орнының қоғамдық, спорттық іс-шараларының бел ортасында жүрді. «Үлкен болып қалу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға» демекші, фельдшерлік мамандықты 1981 жылы меңгеріп шыққан Аманкелді Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанады. Қашанда ер жігіт ел үшін туады, өзінің Отан алдындағы борышын 1981-1983 жылдары Германия жерінде өтеп келген соң жас маман Таразда санавиацияда фельдшер болып қызметке кіріседі. Қазіргідей жалғасып жатқан тас жол жоқ, алыс шалғай жерлерге сол кездері бейресми «Кукуруз» атанған ұшақпен ұшып барып, дәрігерлік көмек көрсетіп жүрді. Өзі таңдаған мамандығы бойынша жұмыс жасап, медицина қызметкері болса да, көкке қол созған Аманкелдінің көңілінде басқа нәрсе тұр еді. Қызмет те жақсы, бірақ, тек шыңды көздеген қырандай, қалай да дәрігер болуды аңсап, сол мақсатына жету жолында ізденіп, еңбектенді. 
      Алғашқы еңбек жолының тұсауын кескен санавиация Аманкелдінің ұйқыдағы көңілін сергітіп, өмір мектебінен өткізіп, үлкен істерді атқаруға, тек ілгері ұмтылуға үйретіп, үлкен медицинадағы, бүгінгі құрмет төріне көтерілген стоматология, дәрігерлік саласындағы тұсауын кескен еді. 
      «Ізденген жетер мұратқа» дегендей алдына мақсат қойып соған жету жолында тынбай еңбектенетін белсенді жас білімін ұштап, дәрігер болу үшін 1983 жылы Алматыдағы Медициналық институттың «Вечерный подкурсына» оқуға түсті. Емтиханнан құлағандар, өте алмай қалғандар, бірақ, білімге деген құштарлығы мен дәрігер болуға деген үміті әр жүректе маздап жанып тұрған жастарға екінші мүмкіндік беріп, шабамын деген жігітке ат, жанамын деген жүрекке от бере білген бұл «подкурс» кейіпкеріміздің арманының орындалуына сеп болды. Күндіз БСМП-да жұмыс жасап, кешке медициналық институтқа түсуге дайындалып жүрген Аменкелді Жамалбекұлы араға жыл салып, Алматы қаласындағы медициналық институттың «Стоматология» бөлімінің студенті болып шыға келді. 
      Жастайынан еңбекке араласып, қолында барын достарымен базарлай білетін маман институтта жүріп те өзінің белсенділігінен, алғырлық, ізденімпаздық, ұйымдастырушылық қабілетінен ажырамады. Екінші курстан бастап, медбрат болып жұмыс жасап, дәрігер болуға ұмтылып, стоматологияларға барып тіс жұлуды бастады. Иститутта жүріп партия қатарына өтіп, жатақханада комендант, қоғамдық жұмыстарға, спорттық, мәдени іс-шараларға белсене қатыса жүріп, өзінің таңдаған стоматология саласының да қыр-сырына қанықты. Сонау бір ел ішінде күңіреніс жылдары болған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының да куәгері болып, мұзда жанған алауда Қайрат болып ту алып, Ләззат болып тәуелсіздік үшін шырылдаған жастардың сапында болды. Осылайша, оқуда да, қоғамдық ортада да, достары арасында да өзінің адалдығымен, шынайылығымен, еңбекқорлығымен, ізденімпаздығымен бедел биігіне көтеріле білген Аманкелді Жамалбекұлы аталған институтты 1989 жылы бітіріп шықты.
      «Ас – адамның арқауы» дейтін болсақ, сол ауызға түскен астың қандайын болсын өңдеп, баптайтын тіс. Осыдан-ақ, адам өмірінде тістің маңызын білеміз. Мәселен, дұрыс шайналмай немесе шала шайналған тағам асқазанның қызметін бұзып қана қоймай, өзге де ағзаларға зиян келтіреді.  Тістің саулығы мен әдемілігі адамның көркін ашып, күлкісін жарқын етеді. Сол үшін де сөз сөйлеуге ерекше әсер ететін тістің күтімін ерте жастан бастап, ауыз қуысының тазалығын сақтау көптеген аурулардың алдын алады. Осындай адамзаттың саулығы үшін мағыналы тіс саласының маманы бола білген Аманкелді Жамалбекұлы 1989 жылы мединституттың жолдамасымен  Қаратау қаласына дәрігер-интерн болып жұмысқа кете барды. 
      Қаратау шағын қала болғанымен сол жылдарда, экономиканың локомотиві болған тау-кен өндірісі саласындағы маңызды орын алатын шаған қала еді. Сол бір, қиыншылығы мен қызығы қатар түскен, қайнаудан шыныққан болаттай етіп қайрай білген жұмыс медициналық орталығы туралы кейіпкеріміздің өз аузынан естісек. 
      - «Мені басында қызықтырған хирургиялық стоматология болды. Бару бойында хирургиялық кабинетке жұмысқа орналасып, жеті жыл жұмыс жасадым. Қаратау шағын ғана шахтерлардың қаласы. Алға дамыған мекемелердің бірі болды. Бас дәрігер де сол кездің талабына сай кісі болатын. Қай жерде не жаңалық болып жатыр, соны бізге жеткізуге тырысатын. Сол кезде біздің мекеме «Московский обеспечение» дейтін, барлығы бар, жұмысты өте бір қызығып жасадық. Ол жерде жас дәрігерлерге өте жақсы қарап жағдай жасаған соң, біз де тез үйренісіп кеттік. Жеті жыл бойы үлкен емханаларда жасамаған жұмысымызда ауылдағы сол бір кішкентай ғана мекемеде жұмыс жасап, тәжірибе жинадым. Сырттан ешкімді күтпей, барлығын өз күшімізбен, өз мойнымызбен көтеріп қызмет еттік. Мектеп бітіре салып, алыс та қиын жерлерде, түрлі сынақ пен қиыншылықтардан өткен дәрігер үлкен жетістіктерге жетеді деп ойлаймын. Медицинасы кенже қалған, алыс жатқан ауылдарға институт бітірген дәрігерлерді жіберуді қолға алу керек. Өмір мен тәжірибені сол жақта үйренеді», - деп нағыз дәрігер болып шығу үшін бағы мен бабы келіскен емханаларға барып дайын асқа тік қасық болған дәрігерлерден қарағанда алысқа барып, нағыз дәрігерлік тәжірибеден өту керек деп өз ойымен бөліскен Аманкелді Жамалбекұлы осы шахтерлер қаласында тоқырау басталған жұмыс жасады.
      Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары барша халық білетіндей, тәуелсіздік алған жас мемлекеттің экономикасын тұралатып тастады. Мықты деген алып жұмыс орындары, зауыттар мен өнеркәсіптер тоқтап қалып, ел іші азан-қазан болып, нәпақа үшін әркім қолынан келетін істі қолға алып, қам жасап жатқанда Аманкелді Жамалбекұлы да берекесі кеткен шахтерлар қаласынан Тараз қаласына көшіп келеді. 
      - «Сол бір тоқырау жылдары барлық кәсіпорын жұмысын тоқтатқаннан кейін біздің де Қаратау жабылып, 1996 жылы Тараз қаласына көшіп келдік. Ел экономикасын көтеруде мемлекет түрлі бағдарламалар жасап, елдің еңсесін тіктеу жолында қаракет етіп жатқанда сол жылы дәрігерлерге еркіндік берілді. Осы бір мүмкіндікті пайдаланып, мен де лицензия алып жеке стоматологиялық кабинет ашып, жеке іс бастадым. Алғашқы қадамым Тараз қаласында басталды. Тоқырау болғанымен, үміт алға жетелеген кездері өмір мектебінен өтіп, стоматология саласына жаңадан енген имплантацияны да үйрендік. Сол кезде жалғыз емес, жанымда Масұров Асылбек, Омарбеков Несіпхан, Көпбосынова Айзада, Аманов Мұханғали есімді курстас достарым да болды.
      Міне, сол Тараз қаласында 2003 жылға дейін халыққа қызмет көрсетіп, балалар өсіп Алматыға оқуға түсетін болғаннан кейін Алматыға көшіп келдім. Сол кездегі үлкен «Арна» деген медициналық орталыққа дәрігер-стоматолог болып жұмысқа орналастым. Осы жерде жүріп те курстастарым Айгерім Бектенова, Татяна Блиндер жұмыс жасады. Осы жерде 2 жылдай қызмет жасап, қалада жаңадан ашылған «Арт-Стом» стоматологиясына ауысып,  курстасым Лаура Абишева басқаратын стоматологияда жұмыс жасадым. Қосымша екінші бір жерден стоматологиялық кабинет ашып алып, қызмет көрсеттім. Әлі күнге осы жерде хирург, ортопед, имплантолог, екінші жеке кабинетімде ортаншы балам Дәурен стоматолог болып, екі жерде қызмет етіп келемін. 
      Стоматологияға келгенімен өкінбеймін. Екінші рет өмір сүру мүмкіндігі берілген болса да осы жолды таңдар едім.  Өзімнің, ағайын-туыс балаларына да тіс дәрігерлігін үйретіп келемін. Болашақ стоматолог дәрігер боламын деген талапкер 9-сыныптан кейін стоматологиялық колледжге кеткені дұрыс. Өйткені, колледжден бастағанда үлкен дәрігер болып кете алады. Уақыт та жоғалтпайды. Бүгінде 25-30 баладай оқытып шығарып, үйреттім. Олар, бүгінде тіс технигі, дәрігер-стоматолог сынды әр жерде білікті маман. Атап айтсам, өзімнің інімнің қызы Салтанат, күйеу балам Аслан, Медет, Саят, Нұрбол, Азамат стоматология саласында еңбек етіп, жанұяларын асырап отыр. Қуанатыным, шәкірттерім жақсы қызмет жасап келе жатқандығы», - деп шәкірттерінің есімін мақтанышпен айтқан Аманкелді Жамалбекұлы әулетінің әрін, шаңырағының шаттығын кіргізіп, түтінін түзу ұшырып отырған жары медицина саласында фармацевт болып жұмыс жасаған. Бүгінгі таңда әже болып отырған Оспанова Күләш екеуі екі қыз, екі ұлы өсіріп, құтты орындарына қондырған бақытты жанұя. Үлкен қызы Гүлзат пен күйеу баласы Нұрқанат, екінші перзенті Дәурен мен Айнұр стоматология саласында қызмет етеді. Үшінші перзенті ұлы Дархан мен Меруерт, ал кенжесі Ақерке Заң колледжінің 1 курс студенті. Балаларынан 7 немере сүйіп отырған ардақты ата-ана.
      Тіс – ас қабылдауға көмекші, тіс – күлкінің көркі, тіс – саулықтың белгісі. Тістің адам өміріндегі рөлі қай заманда болмасын маңызды болғаны баршаға аян. Егер бағзы заманда ауырған тісті жұлудан басқа амал болмаса, бүгінде оны емдеп қана қоймай, түзету арқылы оған сән де беруге болады. Мұнымен шектелмей, егер сіздің кей тістеріңіз туған кезіңізден жоқ болатын болса да қорқынышты емес, жаңа тіс салуға болады. Осындай мүмкіндіктерге қарамастан тіс дәрігерінің жұмысы азаяр емес. Өйткені, бүгінде тіске қойылатын талап күшейіп кетті. Тістің сау тұруынан бастап, оның түп-түзу, әрі көркем болуына дейін аса қатты зейін салып, емдеп жүрген Аманкелді Жамалбекұлының еңбегі зор. Сондықтан ине мен пышақты өмірлеріне серік еткен ақ халатты, алтын қолды дәрігерлер қауымына бесіктегі баладан есіктегі қартқа дейінгі адамдардың айтар алғысы шексіз екендігіне күмәніміз жоқ.
      Кейіпкеріміз 2020 жылы бойына жан біткенде парыз болатын мұсылман үшін болған бес парыздың бірі - Мекке қаласына умра қажылыққа барып келді. «Ақын намаз оқыса, хақты танып, Алдымен аузындағы сөз түзелер» деп Мұхаметжан Тазабеков айтпақшы, дәрігерлік қызметі мен бес уақыт намазын қаза қылмай, кейінгі ұрпаққа өмір тағылымынан сабақ беріп келе жатқан Аманкелді Жамалбекұлына зор денсаулық, кәсібіне табыс, отбасына амандық тілейміз!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...