Искендиров Ернар Мұхтарұлы

Рейтинг:

Көптің алғысын алған білімді маман
   
  Тіршілікте түрлі адамдар кездеседі. Қанша адам болса, сонша мінез-құлық болатыны рас. Мәселен, жарығы алысқа түсетін жандар болады. Олар әрдайым жарқын жүзімен, өзгеден ерек парасаттылығымен, ісімен көпшілік арасында сыйлы да қадірлі болады. Ондай жандар қандай кезде болмасын «Мен өйттім, мен бүйттім» деп жасаған ісін міндетсінбейді. Керісінше, оның жасап жүрген әрбір ісін ел біліп, көріп отырады. Табандылығы мен ілкімді ісі ауыздан-ауызға айтылып жүреді. Пендешілік деген де бар ғой. Кей адам өзінің қара басының қамын ойлап, тапқан-таянғанын қонышына тығады, ал екіншісі көппен бөліседі. Өзінің білгенін басқаға да үйретіп, білім білігін тек игілік жолына жұмсап жүретін жандарға расымен де сүйсінесің. Елі үшін басқаның бақытты болуы үшін еңбектеніп, тер төгетін жандар расымен де үлкен марапатқа лайықты. Кейіпкеріміз Ернар Мұхтарұлы өз ісін жетік білетін, жан-жақты ізденімпаз азамат.
      Искендиров Ернар Мұхтарұлы 1981 жылы 22 маусымда Шымкент қаласында қарапайым қазақы отбасында дүниеге келді. Ата-анасы ауыл-еліне сыйлы, көзі ашық, көкірегі ояу, қарапайым отбасында дүниеге келген, адамгершілігі зор білімді жандар. «Ата көрген оқ жонар» деген емес пе қазақ бабамыз. Әкесі – Искендиров Мұхтар Әмзебекұлы 1959 жылы 25-ші наурызда Шымкент облысы, Созақ ауданы, Қызылкөл елді мекенінде дүниеге келген. 1975-1980 жылдар арасында Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медицина институтында білім алған білікті азамат. Анасы – Отыншиева Мәуе Тұратқызы 1960 жылы 29-шы тамыз айында Шымкент облысы, Кентау қаласында дүниеге келген. Әкесінен адамгершілік қалыптарын бойына сіңіріп есейген ол, халыққа етене жақын болып, игілікті еңбек етуді үйренді. Бала күнінен елгезек болған Ернар айтылғанды ұғып алатын, тапсырылған істі жауапкершілікпен алып шығатын. Қайсыбір іске болмасын бейімді болатын. Әсіресе, кейбіреудің шыдамы жете бермейтін, ұсақ-түйек шаруаларға да ата-анасына көмектесетін. Оқу-білімге жақын, шығармашылық қабілеті де байқалатын. Қазақ ақын-жазушыларын көп оқитын Ернар Мұхтарұлы күні бүгінге дейін кітаппен айнымас дос.
      Ол 1987-1998 жылдары қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Қызылкөл елді мекенінде М.Әуезов атындағы орта мектепте оқып, оны ойдағыдай жақсыға бітіріп шықты. Мектеп кезінде өзінің белсенділігімен үнемі сыныптастары арасында көш бастап жүретін. Ұйымдастырушылық қабілеті де бар болатын. Мектепте не сыныптың ішінде қандай да бір іс-шара болмасын ұстазына, сыныптас қыздарға көмектесіп жүретін. Қабырға газетіне де атсалысып, көркемдеу жағына мән беретін. Оқуда озат, қатарластары арасында белсенді болған жас түлек 1998-2004 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Медицина Академиясына оқуға түсіп, студенттер арасында өзінің озық білімімен көзге түсіп, жоғарғы оқу орнын да өте жақсыға бітіріп шықты.
      Адамның өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, бағыт-бағдарын айқындауға жәрдем беретін, адамдық пен надандықтың, адалдық пен арамдықтың ара-жігін ашып көрсетіп, кісілік пен кішіліктің қадірін ұғындыратын ол әрине ұстаз. Атақ пен даңқты мақсат етпей, бере-тін білімін шексіз сүйетін адам шын мәнінде мықты маман болып табылады. Алдына білім алуға келген оқушылары үшін жаны күйген адам нағыз ұстаз болып саналады. Ернар Мұхтарұлы 2004-2008 жылдар аралығында сол оқу орнында мұғалім болып жұмыс істеді. Жылдар бойы алған білім білігін өзі секілді арман қуып келген жастарға үйретуден жалықпады. Аз ғана уақыт болса да сол жұмысынан көп тәжірибе жинақтады. Жеті жыл бойғы оқыған білімін тағы бір қайталады. Осы мамандықты жан-тәнімен сүйген жастардың жігерін шыңдап, қолдау білдіріп, қажет кезінде ақыл-кеңесін айтып, әрбірімен жақсы дос бола алды. Мінсіз қызметі үшін басшылық тарапынан мақтау естіп, марапаттарға ие болды.
      Одан соң Алматы қаласына қоныс аударып, 2009-2015 жылдар аралығында «Евродент» тіс емдеу клиникасында хирург-стоматолог болып қызмет атқарды. Өз ісінің білгірі, антына адал, өте жақсы маман екенін әр кез дәлелдеп жүрді. Күн демей, түн демей науқастардың жанынан табылды. Жылы сөзімен-ақ мазасызданған науқастарды тыныштандырды. Көптеген науқас жандар оның шипалы емінен кейін алғыстарын жаудырып, күні бүгінге дейін тұрақты емделушісі болып отбасымен бірге келіп емделіп жүреді.
      Қазіргі таңда Ернар Мұхтарұлы жеке кәсібін қолға алып отыр, яғни, өзінің «Райана Дент» тіс емдеу клиникасының директоры болып қызмет атқарады. Клиника заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Онда үш дәрігер стоматолог, екі ассистент, бір медбике, бір санитарлық тазалықшы, екі әкімшілік қызметкер және үш тіс протездерін жасайтын тіс техниктері жұмыс жасайды. Сондай-ақ, клиникамен қатар тіс протездерін жасайтын лаборатория да ашты. Мықты мамандармен жасақталған білікті ұжым қашанда елдің сұранысына ие болатыны рас. Медицина саласын таңдаған дәрігер үшін ең бірінші, жұмысына деген ұқыптылық болуы қажет. Тіс ауруының да түрлі дәрежесі болады. Науқастардың дені әрқалай, мінез-құлқы да түрліше болады. Сондықтан да дәрігер үшін адамдармен психологиялық түрде де жұмыс жасай білуі қажет. Шыдамдылық пен сыпайылықты да қатар алып жүруі тиіс. Науқас толығымен ем қабылдамайынша тыным таппайтын Ернар Мұхтарұлы қашаннан өз емделушілеріне құрметпен қарайды. Осындай еселі еңбегінің арқасында «Қазақстан Стоматологтарының ассоциациясының мүшесі» болып табылады. Оған қоса, 2019 жылы «Қазақстан стоматология ассоциациясы» атынан «Қазақстан стоматологиясының үздігі» медалімен марапатталды.
      Ернар мырзаның әкесі Мұхтар Әмзебекұлы балаларының жоғарғы оқу орнында оқып, білімді азамат болуына барын салды. Өнегелі тәрбиесімен қатар еңбекке де баулыды. Сондықтан да Ернар мырза өзінің жеткен жетістіктері үшін оқытып, тоқытып, жол көрсетіп, өсірген әкесіне, мейірім берген марқұм анасына айтар алғысы шексіз.
      Жігітке қандай қасиет керек болса сол қасиеттің барлығы бір бойынан табылатын мақтаулы азаматтың жұмысынан қолы қалт етсе өзінің отбасына көңіл бөледі. Бүгінде мерейлі отбасында Алла қосқан қосағымен бірге 2 ұл, 2 қыз Әділхан, Әмірхан, Баянсұлу, Райананы тәрбиелеп, өсіріп отыр.
      Көптің алғаусыз алғысын иеленіп отырған ақ халатты абзал азаматқа абырой биігінен 
көріне беріңіз дейміз.
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Последние комментарии

13 апреля 2026 12:45
Салиха
Саламатсызба доктор сізге анамды көретейін деген едім. Қабылдауыңыз қалай жазыламыз...
12 апреля 2026 00:26
Майра
Біздің ең үлкен мақтанышымыз — ата-анамыз. Олар бізге өмір сыйлап, ақыл мен тәрбие беріп, әрдайым қолдау көрсеткен асыл...
12 апреля 2026 00:20
Майра
Әкеміз Арапов Қаби мен анамыз Арапова Күмісжан – біздің жүрегіміздегі ең асыл жандар. Біз олармен әрдайым мақтан...